Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық-қанығы 8243 12 пікір 17 Қараша, 2017 сағат 12:33

Сағадиевтің статистикасы кері кетіп барады

Бүгін біз Ерекеңнің, Ерлан Сағадиевтің екі мәлімдемесі жайлы сөз қозғаймыз. Атап айтсақ, бюджеттің, оның ішінде Ұлттық қордың ақшасын 2018-2020 жылдарға трансферттеу жөніндегі Мәжіліс жиынында депутат Сергей Ершов деген кісі министр Ерлан Сағадиевке ескерту жасап, ағылшын курстарына жұмсалатын қаржының тиімді игерілуіне күмән келтіріпті. "Ratel.kz" сайты солай деп жазады.

"Республикалық бюджеттен 2018 жылы біліктілікті арттыру, мамандар даярлау, пәндерді үш тілділікке өткізуге 6,9 миллиард теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде осындай курстардан өткен 16,5 мың мұғалім химия, биология, физика, информатика пәндерін үш тілде беруге қауқарлы. Ал, енді, шағын курстардан өткен мұғалімдер ағылшын тілінде сабақ өте ала ма? Бұл күмәнді дүние."

Бұл жаңағы депутат Сергей Ершовтың Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға қарата айтқандары.

Ылғи нөпір сынның төпесінде жүретін бас ұстаз Ерекең, Ерлан Кенжеғалиұлы, ағылшын тілінде сабақ беріп жатқан мұғалімдер туралы ресми дерек айтыпты.

"Біз биыл үлкен экспериментті бастадық. Биылғы жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы жыл соңында шығады. Сонда кеткен кем-кетіктерді ескеріп, келер жылы ағылшын тіліне өтудің жаңа графигін әзірлейміз. Айта кетейік, қазірдің өзінде 1500 оқытушы ағылшын тілінде сабақ бере бастады".

Бұл Ерлан Сағадиев мырзаның сөзі. Айтылған уақыты: 2017 жылдың 16-қарашасы.

Бір қызығы Ерекең биылғы жылдың наурызында дәл осы мәселеге қатысты мүлде бөлек дерек айтқан.

"Тіпті, биылғы күздің өзінде 100-ден аса сынып ағылшын тіліне ауысады деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде еліміздің 120 мектебінде 2700 мұғалім ағылшын тілінде сабақ беріп жатыр".

Бұл да Ерекеңнің сөзі. Айтылған уақыты: 2017 жылдың 28-наурызы.

Сөйтіп, Ерлан Кенжеғалиұлы айтқан 2700 мұғалім айналдырған 8 айдың ішінде екі есеге қысқарып қалған көрінеді. Әлде, шатып-пұтып жүретін Ерекеңнің кезекті статистикалдан жаңылысты ма? Жоқ, әлде Сағадиев басқаратын министрлік онсыз да ағылшынша сарнап тұрған 1200 ұстазды ағылшынша үйреттік деп, Үкіметтен тағы ақша қарпымақ па? Басқа-басқа емес, бас мұғалімнің екі сөйлеуі, Сағадиев статистикасы кері кетіп бара жатуы жақсылықтың нышаны емес...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3611