Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Аласапыран 6925 3 пікір 23 Қараша, 2017 сағат 09:34

Ұлттық идеология "шала қазақ" Қасымовқа ғана қажет пе?

 

Бірден ашып айтайын, құрметті оқырман, аяқ астынан «Бас десе, құлақ» деген әңгіме айтпақ емеспін. Әйтсе де, соған жақындау екен-ау десеңіз және өзіңіз білесіз. Бірақ әңгіменің негізгі өзегі солай сияқты болып көрінгенімен, шамалы-шамалы басқашалау. Дәлірек айтатын болсақ, біздің бүгінгі кейіпкерімізді Сіз жақсы білесіз. Қай жағынан дейсіз ғой? Бұл кісі – егемен еліміздің президенттігінен бірнеше мәрте үміттенген кісі. Парламенттің Жоғарғы палатасына да біраз уақыт жайғасқан кісі.

Есіңізге түспей жатса айтайық, бұл кісінің тіпті әншілігі де бар.

Есіңізге түсті ме?

Әрине-әрине, түсті. «Құдай-ау, кім-кім деп отырғаныңыз, қазақша жақсы білмесе де қазақ елін басқармақшы болып, кезінде президенттіктен үміткер болған атақты Ғани Қасымов қой!» - дерсіз күлбілтелемей, күрт көңілденіп. Дәл таптыңыз, айналайын ақкөңіл оқырман. Алайда сіз ғана емес, әжептәуір саясаткер ретінде танылып қалған бұл кісінің кезінде кеден қызметінің генералы болғанын, тіпті біраз уақыт Бас кеденші де болғанын бүгінде біраз адам ұмыта да бастаған. Рас қой?

Бұл рас енді.

Өкпе жоқ, әрине, ешкімге. Өйткені «көзден кетсе, көңілден болады ұмыт», - деп Абай жарықтық бекерге айтпаған шығар?! Мемлекеттік тілде «акцентпен» сөйлеп, «маңызды-маңызды» мәселелерді мемлекеттік тілде ойлайтын, бірақ сол ойлағандарын ресми тілде ғана көпшілікке көлденең тартатын осы кісіні кейбіреулер ойлайтын шығар: «Қанына тартпаған», - деп. Әйтсе де, «Қанына тартпағанның қары сынсын», - демей ме, Қасымов осы мәтелді ойдағыдай дәлелдеп те тастаған болатын. Сона-а-а-у, 2012 жылы. Өткенімізді әредік-әредік есімізге түсіріп отырмасақ, болашағымыз бұлыңғыр болмақ, әсілі. Ендігі әңгімеміз осы турасында болмақ.

Ұмытпаған болсақ, сол екі мың он екінің мамырының соңына қарай сол кездегі генерал-сенатор Ғани Қасымов мырза Жоғарғы палатаның кеңейтілген мәжілісінде өзінің премьерге (ол кезде премьеріміз Мәсімов-тұғын) жолдаған депутаттық сауалымен біраз жұртты әбігерге салды да қойды. Әбігерге түскендер, әрине, үкіметтің ағымдағы мүшелері. «Патриоттар партиясының» көсемі, әділін айту керек, сол жолы өзінің нағыз патриоттығын көрсетіп еді. Ол былай деген-ді:

- Я проехал около 8 областей за полгода, и везде наши граждане умоляют, чтобы мы навели порядок. Что у нас за кино, что за телевидение? Невозможно смотреть! Насилие, разврат, чужие криминальные истории заполнили наши кинотеатры, телевидение, радио – везде убийства. И мы уже сегодня видим на примере нашей молодежи: разборки, 90-е годы, романтика, рейдерство, убийство, рэкетирство! Кто этим занимется? Никто не занимается!

Еліміздің Бас патриоты мұнымен тоқтаған жоқ. Ол өзінің премьерге жолдаған депутаттық сауалында Идеология, мәдениет және тарих істері жөніндегі вице-премьер лауазымын «өмірге келтіруді» ұсынды. Анда-санда «Бүйректен – сирақ» шығарып, айналасын бір «дүрліктіріп» қоятын генерал-сенатор бұл жолы тура «ондыққа» тиді. Егемен елімізде идеологияның жоқ екенін биік мінберден именбей ашық айтқан бірінші адам да осы кісі, жасыратыны жоқ. Айтылғандары ғаламтор беттерінде бірден қызу пікірталастар туғызды. Елімізге Бас идеолог дегеннің керек екенін Қасымовтың парламенттегі әріптестері де, жаппай болмаса да, қолдағандай сыңай білдірді. Ал енді тіке мәдениет мәселелері мойнына ілінген сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Дархан МЫҢБАЙ мырза бұған байланысты өз пікірін:

- Мұндай вице-премьерлік тек телевидениелер мен кинотеатрларда көрсетіліп жатқан дүниелерді қадағалау үшін ғана керек болатын болса, бұл үшін жұмыс істеп тұрған заңдар бар, - деп шорт кесті, - мүмкін, Қасымов мырзаның бұған байланысты басқадай дәлел-дәйектері бар шығар? Алдымен түсіндіріп берсін, мұндай вице-премьерліктің не үшін қажет бола қалғанын!

Жаны бар жауап, бір жағынан алып қарасаңыз. Ал енді екінші бір жағынан пайымдап көретін болсақ, сенатордың сөздері де «Ескі жараға тұз сепкенмен» бірдей болып отыр. Өйткені, бұл жерде жай ғана идеология емес, Ұлттық идеологияның күншуағы көрінетін сияқты. Бірақ… бірақ бірінші болып ышқынып кеткен Мәдениет саласының басшысы сенаторды қолдай қоймайтынын байқаусызда ма, әлде әдейі ме, әйтеуір білдіріп алды.

Жасыратыны жоқ, депутаттық сауалда көтерілген проблемаларды алып қарайықшы! Шыңғырған шындық! Қазір көпшілік арасында «...тоқсаныншы жылдардың қылмыстық әрекеттері - рейдерлік, рэкетирлік дегендер қоғамымызда қайтадан бас көтере бастады. Идеология, оның ішінде жастар идеологиясы деген мүлде ұмытылған» деген әңгіме ішінара болса да, айтылып қалып жүр. Қай жаққа мойын бұрыңыз, көретініңіз «кәсіби» бандиттердің емес, әлі мектеп партасынан жамбасын «жұла» қоймаған жасөспірімдердің атыс-шабысы, мектеп оқушыларының өзара «разборкалары». Бүгінде қазіргі жасөспірімнің қалтасынан қаламсап емес, кастет, тапанша, құрып кеткенде қолдан жасалған «кнопкалы модный» пышақтар табылады.

Ал енді осылардың барлығы ненің әсерінен пайда болып жатыр деп ойлайсыз, құрметті оқырман? Әрине, киноның әсерінен. Кинотеатрлардағы кинолардың, «үй театрындағы» сериалдардың әсерінен. «Біз үшін өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино», - дегенді коммунистердің көсемі Ленин не үшін айтты? Идеологияның ең күштісі осы – кино дегеннің болатынын біліп айтты. Мойындайық, мойындамайық, алайда коммунистер кезінде идеология мәселесі бірінші орынға қойылатын. Мұны егемендігімізге дейін есін жиып қалған ұрпақ әлі ұмыта қойған жоқ. Ол кездегі қоғамның идеологиясын Мәскеу бақылап отырған болса, біздің қазіргі егемен еліміздің ендігі идеологиясын Астана бақылап отыруға тиісті.

Кино дегеннен шығады, дәл осы кино мәселесіне қатысты қайбір жылғы бір пікірталаста талантты жазушы, алысты болжайтын әдебиеттанушы Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: «...Кинодан артық қандай идеология керек?!» - дегенді ашына отырып, ашық айтты. Тәуелсіз басылымдардың бетінен айтты. Ғани Қасымов айтқандай, кинотеатрларымыз бен телеэкрандарымызды жаулап алған қылмыстық кинолар мен телесериалдар сол «өнімді» шығарған елдің идеологиясын біздің елімізде насихаттап жатыр. Күлімсіреп тұрып ойнағанда іші-бауырыңды елжіретіп жіберетін Кореяның («Ва-Банк»), өз ұлтының тарихын насихаттағанда таңдайыңды қақтыратын Түркияның («Сулейман великолепный»), қылмыстық оқиғаларының өзінде ұлттық мүддені көздейтін Ресейдің («Глухарь», «Человек ниоткуда», «Жуков») сияқты телесериалдары идеологияның мызғымайтын мықты фундаменті. Он жылдан асса да, баяғыдағы бір ғана «БРИГАДАның» идеологиясы қазақтардың (қазақстандықтардың емес) қанына әбден сіңіп қалған. Жасөспірімдеріміз де, жастарымыз да әлі күнге дейін «бригада-бригада» болып өзара «шайқасып» келеді. Үйде де, түзде де. Жұмыста да, мектепте де. Осы емес пе идеология дегеніміздің көкесі!

Осы жерде дау-дамай тууы да әбден мүмкін. Өйткені біздің мемлекеттік құрылымдарымызда идеологиямен айналысатын лауазым иелері бар ғой. Рас, бар. Бірақ олардың саны бар да, сапасы жоқ. Астананы айналшықтамай-ақ қояйық, ал бірақ біздегі кез келген облыс әкімдігінде «облыс әкімінің орынбасары» деген лауазым иесі бар. Оны кейде бейресми түрде «Облыстың бас идеологы» деп те айтып жатады. Ал енді осы бас идеолог немен айналысады?

Міне, мәселе осында. Олар: келімді-кетімді қонақтарды күтіп алумен, әртүрлі деңгейдегі «дежурный мероприятиелерді» өткізумен, шет елдік «әнші-күйшілерді» шақырумен, олардың өкпе-ренішсіз аттануларымен, тағысын тағы... өмірі бітіп болмайтын «бірдеңелермен» айналысады. «Біз өйттік-бүйттік», - дейді. «Өткен жылмен салыстырғанда биыл бір концертті артық өткіздік», - дейді. «Өткен жылмен салыстырғанда биыл бір теңгені ана әнші-күйшіге артық төледік», - дейді. Дейді...дейді...дейді...

Біздегі ұлттық идеологияның түрі жобамен осындай болып келеді. Тұп-тура мұндай үрдіс «облыстың бас идеологының» тіке бағыныштылары – қалалар мен аудандардағы идеологтарда да тұп-тура осылайша қалыптасқан. Ал бірақ бұлардың, яғни аудандағылардың бағыныштылары жоқ. Мүлде жоқ. Сәл-сәл сорлылау бұлар. Өйткені, ауыл-ауылдарда «местный масштабтағы» идеолог» дегендеріңіз «штатта қарастырылмаған». Ауылдарда идеологиядан да маңыздырақ мәселелер толып жатыр. Жұмыссыздық деген сияқты. Таза ауыз су деген сияқты. Қиқы-жиқы жол деген сияқты.

Енді қайта айналып, Қасымовқа келейік.

«Қылмыстық есеп айырысулар, рейдерлік пен рэкеттік, адам өлтірушілік... міне, біздің жастарымыздың айналысатын тірлігі. Кто этим занимается? Никто не занимается!», - дейді Қасымов күйіп кетіп. Бұл жерде патриот Қасымовтың «қамшысының» бір ұшы министр-генерал Қасымовқа да тиіп кетіп жатыр. Бірақ министр Қасымовтың қылшығы да қисаймайды. Өйткені ол қылмыскерлерді қуалап жүріп ұстап, байлап-матап, сотқа өткізумен айналысады. Кинолар мен телесериалдардағы «бандиттерге» генерал Қасымовтың түкіргені бар, ашығын айтқанда. «Ондай бандиттермен» идеологтар айналысуға тиісті. Дұрыс па?

Өтт-те-е дұрыс!

Бізде, сондай-ақ, кино-пиноларды қадағалайтын заңдар да бар. Бірақ олардың жұмыс істеп жарытып жатқаны және шамалы. Біздің заңдар қоғамды емес, біздің қоғам заңдарды қадағалайды, әрі-беріден кейін ашығын айтсақ. Мәселен, айдаладағы бір облыстың бас идеологы астаналық, болмаса алматылық бір телеарнаға келіп: «Ананы көрсетіңдер, мынаны көрсетпеңдер», - деп стол тоқпақтап отыра алмайды ғой? Және шындық бұл.

Сонда не істеу керек? Идеологияны, оның ішінде Ұлттық идеология дегенді қайдан аламыз? Кино шығарамыз ба? Шығарып жатырмыз ғой телесериалдарды топырлатып. Қазір әне, Бас арнамыздың бетін бермей «ПОДРУЖКИ» деген жүріп жатыр. Ойнап жатқан артистерінің тоқсан тоғыз пайызы – қазақтар. Қазақтар сонда да «қайтпайды», «орысша» сөйлейді бәрі. Телесериал толықтай орысша түсірілген. Осы ма біздің идеологиямыз? Ленин мен Айгүл айтқан идеология осы болса, онда қазақ елінің қазақтары көршілес ресейліктердің идеологиясын жүргізіп жатыр ғой. Теп-тегін. Өзбек елінің, болмаса қырғыз елінің қазақ тілінде, тіпті орыс тілінде телесериал шығарғанын өз басым естіген де, көрген де емеспін. Ресейдің немесе Францияның (кез келген басқа да бір елдің) қазақ тілінде сериал түгілі, қысқа метражды кино түсіргенін естігеніңіз бар ма? Өз басым естіген емеспін. Күлейін бе, жылайын ба? Білмеймін, есім дұрыс болса, жылайтын-ақ нәрсе сияқты бұл. Бірақ жылай алмайтын сияқтымын. Өйткені «қазақпын» ғой, өзге тілділердің «көңіліне» қарап үйренгенмін ғой.

Басқасы басқа, ал енді «Бола алмай қалған президент», «Бола алмай қалған әнші», - деп ара-арасында өзіміз де мұрын шүйіре мысқылдап қоятын патриотымыз, кеден қызметінің генералы Қасымовтың сол баяғыда, екі мың он екінші жылы Ұлттық идеология туралы айтып-айтып тастағаны бүгін аяқ астынан есіме түсіп, осындай да осындай ой орамдарының «орманында адасып» кеттім мен. Бұл «орманнан» генерал Қасымов, бұйырса, маршалл Қасымов болған күні бір-ақ шығатын шығармын мүмкін, ә, қазақтар? Әй, бірақ, осы Қасымовтың маршалл болатынына күмәнім бар-ау! Демек, мен де Ұлттық идеология туралы «ой орманынан» жуық арада шыға қоймаспын.

Марат МАДАЛИМОВ,

Алматы – Астана – Алматы.

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1526
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3306
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5933