Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 3784 0 пікір 5 Қараша, 2017 сағат 23:36

Ұлты үшін жақсылық жасаушылар  Жаратушысын таныды ма?

Ұлтжанды азаматтардың сөзі қайда сөйлесе де, газетте ме, теледидарда ма, радиода ма, бір жерден шығады. Бәрі  ұлтты құтқарудың жолы – ұлттық сананы дамыту дегенге тоғысады. Олардың өздері де сол жолда қызмет етіп жүргендер. Яғни, ана тілінің мемлекеттік мәртебесіне араша түскендер, ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушылар, тарих, әдебиет сынды рухани құндылықтарды дамытушылар. Олардың бәрі осыларды дамыту арқылы ұлттық санаға жетеміз деп ойлайды. Бірақ, бізге «ұлттық сана» деген ұғым әлі жеткізер емес...

Егер ондай сана болса, соншама халық бола тұра билікке шығып алып қазақ тілін мазақ етушілерге көнпістік жасап жата бермес едік қой... «Ұлттық сана» деген ұлт өзін қорғаудың нақты көрінісі болуға тиіс емес пе, еді?!

Ұлт деген Ұлы Жаратушының  қауымға берген бір мүмкіндігі. Ал, ұлттық қасиетті қорғау – олай болса қауымдағы әр адамға аманат етілген нақты нәрсе.

Жаратушы жақсылық жасағандарға сыйлық, жамандық жасағандарға азап берем деп, ескертті. Бұл мағынада жамандық жасаушылар дегендер – ана тілін сатқандар, өзінің жақсы  дәстүр-салтынан бас тартқандар болып шығады. Біз «ұлттық сана» деген елестің соңынан қуып жүріп осы мақсатты парыз секілді бәрінен жоғары қойып алған секілдіміз.

Расында, осы ұлт қамы үшін күрескендер мен оған қастық ойлағандардың бәрінің де қатар сұралатын ортақ бір міндеті бары анық.

Ақырет күнінде, ең әуелі Алла Тағаланың парыз еткен міндеттерінен сұраламыз. Осынау ұлты үшін жақсылық жасаушы, жақсы адам – өз Жаратушысын таныды ма? Қасиетті Құран арқылы бұйырылған иман сөзін жүрегімен сеніп, тілімен айтты ма?  Сонсоң, осы сенімін пенделік нәпсіден қорғап жүру үшін бес уақыт намазға мойын ұсынды ма? Намазын ықыласпен қалтқысыз өтеу жолында, жаны мен тәнін тазартатын  ораза секілді тиісті құлшылықтарын орындады ма? Иманын дүниелік пиғылдан арылту мақсатында, дәулетінен  жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге зекет-садақа бере алды ма? Сенімін кәміл етіп, күнәсінан тазару ниетінде, жиған-терген дәулетін қажылық сапарға арнауға кісілігі жетті ме?  Осы сауалдардың алдынан шығатындығы, өзін мұсылман санайтын саналы азаматқа тосын нәрсе емес. Бірақ...

Міне, мынау ұлты үшін күрескен жақсы азаматтар, рас пенделік өмірінде, «таудай жақсылық», «тарыдай ғана жамандық» жасаған болуы, бек ықтимал.

Бірақ, бұлар бір төбе. Бұл пәни дүниеде сауап үшін жасалатын жақсылықтар – жәй құлшылықтар, делінген.

Ал, Алла Тағала үшін жасалған құлшылық – бәрінен жоғары тұрған мақсат екені белгілі. Парыз етілген құлшылықты жасау – жаратылу мақсатының  өтемі, өзінің Жаратушысына шүкір етіп, Оны танудың белгісі. Егер, осы негізгі мақсат орындалмаған болса, онда әлгі ұлтжанды  жақсы  адамның жасаған көп жақсылықтары  жақсылық болып есептеле ме?

Алла Тағаланың разылығы үшін жасалмаған жақсылықтардың тек пәни дүниенің мақсатын көздеген болуы мүмкін ғой. Өйткені, осы еңбегінің ақысына атақ, сыйлық алып, даңққа бөленген азаматтың «ұлттық санасы» жетілген адам екеніне күмән жоқ дейік.

Алайда, бәріміздің шулап, жетсек деп жүрген «ұлттық санамыздың» соңғы нәтижесі осындай сыйлықұмарлық болса, осыны кемелдік деуге келе ме?! Жетістік деп туымызды желбірете аламыз ба?!

Шынында, ондай жалаң ұлттық санамен ұлттымызды құтқарамыз, деп құр алданып жүрміз. Әлгіндей ұлттық күрескерлер «жоғарыдан» келген сыйлыққа кенеліп, төмендегі елінен сый-құрмет дәметіп, өзін марапаттатудың қамымен жүргеніне көзіміз әбден жетті емес пе?! (Дәл қазіргі қазақ қауымында осындай жағдай дерттей дендеп тұрғанын жасыра алмаймыз).

Олай десек, ұлтты шын құтқарушылар ұлттық санаға жеткендер емес, имандылық санаға жеткендер болуға керек. Имандылық сана дегеніміз, сөзі мен ісі бір кәміл мұсылмандардың үлгілі өмірінің көріністері болмақ.

Халық басына қатер төнген алмағайып замандарда атойлап шыққан ерлердің түгел кәміл мұсылман болғанына ешкім қарсы дау айта алмайды.

Қазақ орысқа бодан болып елдігінен айырыла бастаған кезеңде шыққан «зар заман жыраулары» түгел мұсылмандар, «ежелгі дұшпан ел болмайтынын» ерте біліп Он екі керейін соңынан ертіп оңаша елдік құрған әулие көсем Ақыр Жәнібек, оның ізін қуып халқын аман алып қалудың қамымен басын өлімге тіккен  Көбешұлы Асылбек, шоқындыру басталған тұста халқына қалқан болған Ыбырай мен Абай, балшабектер қазақты түп тұқианымен жоймақ болған жылдарда халқының келешегін көздеп шетелге шығып кеткен көреген көсем Мұстафа Шоқай,  құдайсыздар халықты қырмандай қырған қанды қол жылдарда Алладан ғана жәрдем тілеп тақуалық жолда болған Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім, Ақыт хажы, Зұқа хажылар, қызыл қырғыннан аман қалудың амалын іздеп атойлап шыққан Оспан батыр, Рысхан, Есімхан, Елісхандар... түгел нақ мұсылмандар еді. Олардың бәрі де атақ абырой, сый сияпат үшін емес, қолынан келген жақсылығының бәрін Алла разылығы үшін жасап, басына түскен ауыртпашылықтың бәріне сабыр сақтаған салиқ құлдар болған. Бәрі де Жалғыз Жаратушыға арқа сүйеп тәуекел еткен, келешектен  күдер үзбей, ұрпағына жақсылық тілеп кеткен ізгі жандар еді.

Демек, «ұлттық сана» деп, жалаулатып жүргеніміз - «имандылық сананың» бір бөлігі ғана екен. Яғни, имандылық сана болмай, шынайы ұлттық сананың да болуы екіталай деген сөз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343