Нұрсұлтан Назарбаев: Алматы - Тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана болашағымыздың бесігі!
Астана – Алматыдан енші алып шыққан қала.
Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрак мекен – Алматы! Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай заулау – мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат.
Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана – болашағымыздың бесігі.
Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, «Көктөбе шамшырағын» және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын…
«Дербестік!» деп шыққан дауыс алғаш Алматыда естіліп, Алматыда сезілді.
Алматы – халықаралық сарапшылардың айтуынша, ғаламдық қалалардың тізіміне кірді. Ол – Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт-Петербор, Доха сияқты әлемдік экономиканың орталығы болып отыр.
Алматы – Қазақстан мемлекеттігінің алтын бесігі. Бұл біздің Тәуелсіздігіміз көкке самғап, Қазақстанды бүкіл әлемдік қауымдастыққа танытқан ыстық ұя. Барлық қазақстандықтар Алматыны мақтан етеді және оны әрдайым мақтан ете бермек.
Үкіметтің, министрліктердің және Президент ретінде менің де алдымда айрықша міндет – Алматыға бұрынғыдан да көбірек қамқорлық жасау міндеті тұр.
1993 жылдың соңында мен өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде Қазақстанның астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы айтып, аңысты аңдадым. Сол кезде мені жаңылып кетті не шамалы шаршаған болар деп ойласа керек. Осы жерде Шарль де Голльдің «Жоғары билік адамды жалғыздық пен мұңға батырады» деген сөзін еріксіз еске түсіресің.
…Қиып кететіндей қала ма Алматы?! Тәуелсіздігіміздің тал бесігі емес пе, ол! Желтоқсанның ақ қарына алау жаққан ұл-қыздарымыздың азаттықты аңсап алаңға шыққан қаласы емес пе ол?
…Туған ауылыма тиіп тұрған жер емес пе Алматы? Арқа жерінде жиырма жылдай жүргенімде қанша рет түсіме кірген аяулы мекен ғой ол! Алғашқы немерелерім дүниеге келген қала ғой ол! Осылардың бәрін ойлайсың. Күндіз күлкің, түнде ұйқың бұзылады.
Алматы – ғаламдық кеңістікте өзінің сара жолын таңдаған көне қала.
Алматы – туып-өскен жеріміз. Алматы – махаббат, Алматы – жастық шақ. Алматы – зиялы қауымның ортасы, ғылым мен мәдениеттің ордасы.
Қазақстанның мәдениеті мен ғылымының, саясатының басты орталығы Алматыға қашан да шығармашылық пен еркін ой ахуалы тән болатын.
Қала өмірі 24 сағат бойына тоқтамайды. Алматы Орталық Азияның қаржы орталығы, ТМД-ның ең сұлу қаласы. Алматы үшін мақтануға негіз көп.
Тұңғыш Президент және Ұлт көшбасшысы ретіндегі менің борышым – халқымызды Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен алып өту.
Кез-келген мемлекеттің қуаты – халқында.
ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін.
Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қалтқысыз қызмет атқарудан артық бақыт болған емес.
Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.
Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан.
Отаныңа деген сезім мен мақтаныш оның рәміздеріне деген құрметтен басталады.
Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүниежүзі білетін республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.
Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық. Сөйтіп, үмітімізді үкілеп, болашақты бетке алдық.
Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қарашаңырағы.
Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі.
Астана – Қазақстан халқының келешегі үшін баршамыз бірігіп салып жатқан көпір.
Abai.kz