Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 4966 54 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 11:32

Әлікбек Жекшенқұлов: Саясаттан дұрыс кете білу де керек

Жуырда Алматыға Қырғызстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Әлікбек Жекшенқұлов мырза келіп қайтты.  Abai.kz ақпараттық порталының тілшісі Жекшенқұловпен жеке кездесіп, сұхбаттасып қалды.

-Әлікбек мырза, сіз Қырғыздың билігінде болдыңыз. Сыртқы істер министрі деген лауазым өте маңызды қызмет еді.  Қателеспесем, Бакиевтің тұсында өз еркіңізбен отставкаға кеттіңіз. Содан қайтып келмедіңіз. Неге? Уақытша Үкіметпен, содан кейін биліктің тізгінін ұстаған Атамбаевпен келісімге келе алмадыңыздар ма?

-Мен Бакиевпен де келісе алмай, отставкаға кеттім. Жасым қазір 60-та. Енді маған саясатқа араласып керек пе? Бұл сұрақты өзіме жиі қоямын. Меніңше, керек емес.

Иә, Бакиевпен келіспей отставкаға кеткеннен кейін Отынбаевамен де, Атамбаевпен де кездестім. Тіпті, Атамбаев маған бұрынғы қызметіме, яғни Сыртқы істер министрлігін басқаруға ұсыныс жасады. Ойлана келе бас тарттым. Себебі, маған ұсынған шарты ұнаған жоқ. Мен қолбала емеспін, «үйт-бүйтпен» жүре алмаймын.

Ал қазір мен саясатты сырттай бақылап отырғанды жөн деп есептеймін. Саясаттан дұрыс кете білу де керек. Мені біреу кетірген жоқ. Өз еркіммен кеттім. Солай болып қалғаны дұрыс та болды.

-Жаңа Президент жайлы не айтасыз? Бізден гөрі Жиенбековті сіз жақсы танисыз ғой. Біздің білуімізше, Жиенбеков - Атамбаевтың адамы...

-Дұрыс айтасыз, Сауранбай Жиенбеков көп жылдан бері СДПК мүшесі болып келген.  Атамбаевтың досы. Оны өзі де айтып отыр. Бірақ, бірдеңені алдын ала болжап айту қиын. Себебі, кезінде Горбачев та коммунистерге уәде беріп, коммунизмді жалғастырамын деп билікке келді де, ақыр соңында ат басын қалай бұрғанын білеміз ғой.

Не дегенмен Президент деген Президент те. Адам өзгереді. Жиенбековтің де өзгерері анық. Енді сол қай жаққа қарай өзгереді? Міне, осы маңызды.

-Жақсылы-жаманды Атамбаев қырғыздың алты жыл басқарды. Әуелде тәп-тәуір бастап еді, ақырында айнып шықты. Көрші-қолаңмен қарым-қатынасты бүлдіріп кетті. Сіз қалай ойлайсыз, Атамбаев қырғыз тарихында қандай басшы болып қалады?

-Қырғызды Атамбаев басқарған мезгіл – Қырғызстанда популизм, авантюризм, жауапсыздық белең алған кезең болып тарихта қалады.  Де-факто – Атамбаев кетті. Жиенбеков - Президент. Енді ол Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасын ретке келтірудің жолын қарастыруы керек. Бұны мен бірінші кезектегі мәселе деп ойлаймын.

-Бір кездері мен «Атамбаев тарих алдында Текебаевтан жеңілді» деген мақала жаздым. Оны қырғыздың сайттары көшіріп басыпты. Алмасбек Атамбаев сайлауда Жиенбековтің жолын тазалауды әуелі Текебаевтан бастағаны қалай? Текебаев қырғыздағы мықты азаматтардың бірі еді ғой?

-Атамбаевтың оппозиционер Өмірбек Текебаевты түрмеге қамауы – оның әлсіздігін көрсетті. Анығында Текебаев пен Атамбаевтың мықтап айқасуы – Текебаевтың Мәскеуге мінез көрсетіп, айыптап сөйлеуінен басталды.  Сондықтан, оның қамалуының артында Мәскеу тұруы әбден мүмкін.

Мен Өмірбек Текебаевпен жиырма неше жылдан бері жақын доспын. Мен Өмірбекке кезінде талай айттым, ескерттім. Ол өзі бір тік мінезді адам ғой.  Анығында ол да Атамбаев секілді қызба адам. Алған бетінен қайтпайтыны тағы бар.

-Өзіңіз айтпақшы, сыртқы күштердің бар екені анық. Мысалы, қазақ пен қырғызға арбитр болмақ болған Ресейдің кешегі әрекеті соның дәлелі секілді көрінеді.

-Үшінші күштердің бары анық. Қазір сол үшінші күштердің тарапынан Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мүшелік етіп отырған ЕАЭО-ны құрту үшін жұмыс жасалып жатыр. Біздің алысты көре алмаған басшымыз солардың жетегіне еріп кетті. Ресейге қазақ пен қырғыздың арасы алшақтағаны керек емес. Ресейдің өзінің проблемалары көп. Санкция бар, экономикалық проблемалары бар... Бұл жағдайда Ресейге қазақ пен қырғыздың араздығы тиімсіз.

Мұнда айта кету керек, Нұрсұлтан Әбішұлы ақылмандық қылды. Ол қазақ пен қырғыздың арасы тату болғанын қалайтынын көрсетті. Атамбаевтың айтқандарынан кейін – бұл көрегенділік қадам. Жалпы Орталық Азияның тағдырына бейжай қарамайтын адамның ісі болды.

Тарихтан белгілі қазақ пен қырғыздың бай манаптары жеке амбиция үшін жерге таласып келген. Ал қарапайым халық тату болған.

Қасым Жомарт-Тоқаевты мен жақсы танимын. Министр кезінен, зам-министр кезінен. Қазақстандағы ең мықты жігіттердің бірі. Ол кісі бекер айтпайды (Твиттер әлеуметтік желісіндегі Тоқаевтың ресми Бішкекке қатысты пікірін айтады. - Н.Ә.). Қазақ пен қырғызға күйгендіктен өз пікірін айтып жатыр. Осы позициядан қарауымыз керек.

Атамбаев сайлауға араласып, қате мәлімдемелерін жасау арқылы өзінің саясаттағы жолын буып тастады. Тіпті, саясатта қалса да, біздің ең басты транзитіміз болып отырған Қазақстанмен ол енді қалай жұмыс жасайды?!

-Қырғыздың Президенттері неге бірінші жұмыс сапарын Мәкеуден бастайды?

-Бірінші Ресейге бару – біздің басшылардың дәстүрі болып қалған.

-Өткенде Атамбаевтың айтқандарының ішінен сүзіп алып, жас кадрлар мәселесіне тоқтала кетейікші. Шынында бұл өзекті мәселе. Қазақстанның да, Қырғызстанның да биліктік құрылымында көз тойып, көңіл көншитіндей кадр көрінбейді. Кешегі Президенттік сайлауда қазақтар аямай қолдады деген Бабанов жас кадр еді. Бірақ, оның жолын Жиенбеков пен Атамбаев тандемі кесті. Тағы кім бар сіздерді?

-Өте дұрыс айтасыз, тағы кім бар? Басқа ешкім жоқ. Сенесіз бе?.. Барының қабілеті жоқ. Қабілеттісінің мүмкіндігі жоқ. Міне, жағдай солай. Бабанов пенен Төребаев лобби. Әсіресе Төребаев.

Бабанов жас, амбициясы бар. Ақшасы мен мүмкіндігі де бар еді. Бірақ, ол саясаткер емес. Саясаткер ретінде саясаткердің нақты позициясы, ұстанымы болмай болмайды. Иә, Президенттік сайлау кезінде жұрт Бабановты қатты қолдады.

Білесіз бе, мынадай сөз бар ғой: «Екі жемқор жарысқа түссе, жұрт соның азырақ жейтінін қолдайды» деген.

Бабанов көбіне көп лоббилік жасайды. Иә, лоббилік жасасын. Бірақ, шектен шығуға да болмайды ғой.

-Түсінікті. Құдай оңдап, қазір шекара мәселесі де шешіліп жатыр.  Енді көршілес жатқан қазақ пен қырғыздың арасы тату болса болғаны.

-Енді ведомстволарды, елдік дипломатияны тығыз араластыруымыз керек. Біз түсіндік, қазақ-қырғыз бір-бірімізге керек елміз, бір-бірімізді қолдауымыз керек.

-Сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

-Сіздерге де рахмет.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

54 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616