Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6021 0 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 12:18

Цэнд-Аюушийн Буянзая. Қарға

Қарға

1.
Терезенің сыртындағы қыс бұтағында ұйқылы қарға отыр. Тойып алған. Қызылға деген құмары жоқ. Анда-санда қоқаң етіп, саңғып қояды. Қарғаның саңғырығы су-жаңа мерседес бензи-дің танауын былғайды. Бензи-дің иесі күні бойы болмады. Оның қарсыдағы кафеде  сыра сапырып отырғаны анық. Неліктен десең, біздің мекеменің шағын төрт қабатты құрылысында жақсы машиналы бір де адам жоқ.
Маңаймыздағы мекеме ардагерлер қоғамы. Оларда жақсы таяқ, сәнді шіләпә болатыны болмаса, машина жоқ. Машина болса да, олар мінбейді. Себебі, олар өмірінің көп жылдарын кедей адамның бейнесінде ойнаумен өткізген. Сондықтан олар рөлдеріне әбден сеніп алған. Әлгі сигареттің бір көргенге көз сүріндірерліктей қорабы, сәнді шіләпә, жалпақ қызыл /коммунист/ мойынтақ /галстук/ дегендерің олардың ең қымбат бұйымдары, имидждерінің негізі. Әйтсе де соңғы кезде бұл ерлердің арасынан бірді-екілі ұлттық байлар шығуға шақ қалған-ды. Ардагерлер қоғамының президенті дейтін анау мәнсаптыны жас кезінде өте кедей болды дегенімен, коммунизмді мадақтаған бірнеше өлең жазып, сол арқылы тірлігін түбегейлі өзгертіп, қоғамның жоғарғы қабаттағылар қатарына кірген дейді. Әйткенмен өткен жылдан бері коммунизмді жек көретін науқасқа шалдығып, атақ-абыройы арта бастаған біреу. Сөйте тұра, мойынтағы, сигарет қалбыры, шіләпәсі сол қалпында, өзгермеген. Жетпісті біраз алқымдаған ол қартаң ерді достары «Құмай жартас» деп қалжыңдайды. Көзің көзімен түйіскенде жоныңнан жылан жорғалап өткендей суық қарасты, ішкі мінезінің түсі дерліктей қап-қара, ит жалап, ат тепкендей шалдың тұрқынан адам сескенерлік. Бірде мен онымен апақ-сапақта, ойда жоқта кездесіп қалып, талып қала жаздағанмын. Ол кезде күздің соңы, соңғы жапырақтар түсіп, қобырсып жатқан еді. Жұмыстан соң тасымал көлікке отырудан қашып, азын-аулақ бірдеңелерді ойлап, жаяу тартқанмын. Оқырман сіз де сезіп отырсыз. Күздің қоңыр салқын кешінде жапырақтар арасымен жүру қандай рахат еді. Мен де дәл сондай көңіл күйге бөленіп, жайлап басып келе жатқанмын. Сөйткенше менің қарсы алдымнан адамның бойындай бойы бар, қанаты жалбыраған қара қарға жалпаңдап шыға келмесі бар ма. Бастапқыда сенбедім. Түс көріп келем бе деп, өзімді шымшып та көрдім. Түс емес, өңім. Әлгіндегі көргенім дәл қарға екен. Екі аяғын соза тіреп, ұшуға қомданғандай қанатын жаяды. Көзі қып-қызыл. Сөйте тұра ауызы адамдікіне ұқсас, ал танауы айнымаған құстың тұмсығы. Мен қорыққанымнан не алдыға аттай алмай, не кейінге қашып кетуге шамам келмей, сілейдім де қалдым. Солай жеті-сегіз минут шамасындай сілейіп тұрғанымда, әлгі қарға біртіндеп өзгеріп, адам кейпіне келе бастады. Алдымен қарғаның екі қанаты қолға айналып, сонан соң түгел дене тұрқы адамға өзгеріп, соңында аяғының тұяқтары етікке, тұмсығы танауға ұқсай қалды. Әйтсе де көзінің қызылы өзгермеді. Сөйтіп қарға адам болып үлгергенше, мен есімді жия алмай барып, анықтап қарасам, ардагерлер қоғамының президенті киімін сілкіп тұр екен. Таңғаларлық, оның көзінің қызылы кеткенін қойсын, маған соншалықты бір кекті қараспен тесілгені... Суық жанарының сұсы өңменіңнен өтердей. Мен өзім де аңдамай: «Сіз әлгінде маған қандай қорқынышты көріндіңіз. Зәрем ұшып кеткені» деп айтып қалдым. Есесіне ол:«Хн» деп дауыстады да, ләм-мим демеді.

Содан кейін ардагерлер қоғамының президенті мені қатты жек көріп кетті. Мен де ол шалға жоламауды ойлайтын болдым. Себебі, оның шақырайған қызыл көзі маған мәңгілік қорқыныш ұялатты. Мен болған уақиға туралы екі досыма ғана айтқанмын. Оларда таңданып, ондай жағдай болады дегенге сенбеген. Менің сөзіме өзгелердің де сенбесін білгендіктен өзге еш адамға тіс жармағам.

2.

Бұтақтағы қарға орнынан қозғалмастан отыра берді. Оның қарны тоғының сыртында және қызығарлық бірдеңесі бар сияқты. Неткен құс адамдарды осыншама аңдып, бақылайды екен... Мына қарға көшеде кетіп бара жатқан адамдарды алдынан аңдып қарағанымен қоймай, кәдімгі қаулаған оттай сырт желкесінен де тесіле қарайды.  Мен жасап жатқан шаруамды ысырып тастап, кеш батқанша әлгі қарғаны бақылаумен болдым. Қарға да басын қайырып алып, адамдарды бақылаумен отыр. Ақкөңіл жайбарақат адамдар төбелеріне қарға қонып алып, өздерін мұқият қадағалап отырғанын аңдамай өтіп жатты. Қарға әредік ақырын ғана таңдайын қағады. Сөйтеді де, саңғып жібереді. Әлгі мерседестің тұмсығын да айғыздап бітті. Ымырт жабылар кезде мерседестің иесі жастау жігіт сұлу бір қызды ертіп келіп, машинасына отырып жөнеп берді. Оның қарғаның саңғағына қарайтын да уақыты болмады. Маған ол сыраны асыра сілтеп, аяғына әзер тұрғандай болып көрінген. Қазір оған қарғаның саңғырығы емес, жол сақшысына қайтсе бір байқатпай, діттеген жеріне жету арман болып тұрғаны да белгілі. Ал қарға болса, оның да әрбір қозғалысын жіті бақылап, тесіле қарауда. Сонан кешікпей ымырт үйіріле берді де, қарға таңдайын бір қағып, бір саңғып тастады да мерседес мінген жігіттің соңынан сабалақтап ұшып жөнелді. Таңданысым басылмай, орнымнан тұрып желдеткішті ашып, үңіліп едім, ол көшеде сабылысқан адамдардың арасына сүңгіп, жаяу жорғалағандай болды да, жоқ болып кетті.

Моңғол тілінен аударған Жүкел Хамай

Автор туралы: 1972 жылы дүниеге келген. Моңғолия Ұлттық Университетінің түлегі. Моңғолия Жазушылар Одағының (МЖО) бас менеджері, әдебиет баспа үйінің бас редакторы, Ұланбатыр қаласындағы жазушылар клубының жетекшісі, МЖО-ның басқарма төрағасы қызметін атқарған.

 Үздік туындылары үшін МЖО-ның «Алтан-Өд» /«Алтын-Қауырсын»/ кубогын, Д. Нацагдорж атындағы сыйлыққа ие болған. 2011-ші жылы «Улаан шувууны жиргээ» / «Қызыл құстың шырылдағы»/ романы Азия құрлығының үздік романы болып танылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616