Жұма, 4 Қазан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5573 17 пікір 12 Желтоқсан, 2017 сағат 13:37

Ресейдің арандатушы арналарына тыйым болмай тұр

Тәуелсіз Қазақстанның ақпарат алаңында Ресейлік БАҚ емін-еркін ақпараттық-идеологиялық саясат жүргізіп отырғаны бесенеден белгілі. Бұл өте қауіпті үрдіс.

"Айта, айта Алтайды..." демекші, Кремльдің төңірегіне топтасқан орыс ақпаратына тыйым салу керектігін біз айтып та, жазып та келеміз. Себебі, орыс ақпараты  ең сенімсіз, негізі бұрмаланған ақпарат.

Оның үстіне Кремль маңайындағы саржағал саясаткерлердің сала-құлаш сөздері мен идеологиясын Қазақстан азаматтарына еріксіз таңу - қылмыс.

11-желтоқсан. Ресей арналары трансляциясын тоқтатты

Астанадағы ақ жағалылардан жақсы жаңалық желіп жетті. Орыс телеарналарының бірсыпырасына Қазақстанда ақпарат таратуға тыйым салынады екен. Бәрекелді!

Сонымен, "Қазақтелеком" (ID TV) мен "Алма TV" 11-желтоқсаннан бастап Ресейдің  "НТВ-Мир", "РТР-Планета", "Россия-24", "Россия-Культура" арналарының ақпарат таратуын тоқтату туралы шешімге келген.

Бүкілресейлік мемлекеттік теле-радио компания қарамағындағы бұл арналар  "Қазақтелеком" (ID TV) мен "Алма TV" желісінде ақпарат тарату құқы болмаса да, трансляция жасаған. Сөйтіп, тәртіп бұзған. Анығында өзім білемдікке басып, рұқсатсыз ақпар таратқан.

Бір ұққанымыз, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен РФ Ақпарат және бұқаралық коммуникация министрлігі арасында келіссөздер жүріп жатыр.

Демек, Ресейдің арандатушы арналары алдағы уақытта эфирге қайта оралуы әбден мүмкін. Бұл 11-желтоқсанда жария болған ақпарат.

12-желтоқсан. Ресей арналары Қазақстан аумағында ақпарат таратады

Бүгін 12-желтоқсан. Айтып ауыз жиғанша болмады,  "НТВ-Мир", "РТР Планета", "Россия 24", "Россия Культура" арналары Қазақстанда ретрансляция жасайтын болды деген ақпарат тарады. Сөйтсек, екі жақтың ақпарат министрлігі өзара келісіпті.

Келіскенде де, 2018 жылдың 1-наурызына дейін жоғарыдағы бір жабылып, бір ашылған орыс  арналары Қазақстан аумағында ақпарат таратуға, ретрансляция жасауға рұқсат алыпты.

Қазақты отқа итерген Ресейлік арна

Жә, сонымен, кеше кабельдік жүйеден тоқтатылған арналар, бүгін жұмыстарын қайта жалғастырып жатыр. Бұл бірінші кезекте, Тәуелсіз Қазақстанның билігі орыс ақпаратына  тәуелді дегенді ұқтырады, әрине. Әйтпесе, әлем жұрты Ресейлік БАҚ-тың дезинформациялық саясат ұстанатынын айтып, тіпті БҰҰ Ресей дезинформациясын шолумен айналысатын арнайы агенттік ашып жатқанда, біздікілердің жабылған арналарды қайта қосып бергенін қалай түсінуге болады? Жасыратыны жоқ, мұның артында үлкен ақша да бар. Ресей арналары Қазақстан аумағында ақпарат таратқаны үшін ақы төлейді.

Бір ғана факт. Про-путиндік Ресейдің ақпараты дезинформациялық саясатқа әбден жаттығып алғаны жайлы біз түгілі Халықаралық ұйымдар айтып жатыр.

Естеріңізде болса, Ресейдің "Еуразия" арнасы өткен жылғы Жер дауы кезінде қазақтың намысшыл ұл-қыздарын нақақ қаралап, "АҚШ-тың аз-маз ақшасына Отанын сатқандар" деп айыптаған еді. Халыққа дәлелсіз ақпарат таратып, елдегі наразылықты қоздырды.  Әлде бір 5 калона басшылары ереуілге шыққан әрбір адам үшін 150 доллардан үлестірді деп ақпар таратты.

Ақыры не болды? Ресейлік арна жауапқа тартылды ма? Жоқ, Смықып пен Шәукентаева дегендер қызметінен кеткені болмаса, Ресейлік арна көпе-көрнеу жала жапқаны үшін жұрттан кешірім де сұраған жоқ. Сұрамайды, себебі, бұл орыс дезинформациясының әдеткі тірлігі.

Немесе, күні кеше ғана біздің билік (ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі) арнайы рұқсат беріп, қайта ашқан ВГТРК - Бүкілресейлік мемлекеттік теле-радио компаниясының арналары Қазақстанның Тәуелсіздігіне шүйліккен, Лимонов, Жириновский, Богдасаров, Соловьев, Кисилевтер мен кеше ғана өктем сөйлеп отырған Милионовтардың сала-құлаш сөздерін Қазақстан аумағында таратып отыр. Бұған неге тыйым салынбауы керек?

Ресейлік арналардың арандатушылық әрекеті

Ресейлік арналар (Қазақстандағы және өзге мемлекеттердегі) жалған және ақпараттық негізі бұрмаланған хабар таратып, Про-ресейлік позицияны нық ұстанатынын біз жақсы білеміз. Әсіресе Ресейдің Батыс пен Украинаға және Орталық Азия елдеріне жасап жатқан гибридтік соғысынында дезинформациялық саясатты берік ұстанатыны да жасырын емес.

Путиндік дезинформация – бүгінде солтүстіктегі көршілердің ақпараттық саясатының негізіне айналып, шынайы ақпаратты бұрмалау арқылы, халыққа шын ақпараттың анологын даярлап көрсетеді. Ондай мысалдар аз емес.

Мысалы, 2005-2010 жылдардағы Қырғызстандағы жалпы халықтық төңкерістер кезінде алаңға шыққан қырғыздарға АҚШ ақша беріп отыр деп хабар таратқан да дәл осы ресейлік арналар еді.

Немесе Ресей мен Украина жанжалдары кезінде айқын көрініс тауып, Украина қақтығыстарына АҚШ пен Батыс елдерін ашық айыптады. Майданға шыққандарға Батыс күніне 100 доллардан үлестіріп жатыр деген ақпарат Еуразия арнасы бастаған бірқатар Путиндік БАҚ-та күн сайын қайталанып жатты.

Немесе күні кеше Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ жанжалы қайта өршіген түні қандай жолмен екені белгісіз ресейлік БАҚ Қарабақта жүріп, ақпаратты бұрмалап көрсетуге кірісті.

Еуропа Одағының сыртқы байланыс орталығының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, ресейлік БАҚ-тың жалған ақпарат тарату саясаты мұнда ашық сынға ұшыраған.

Еуропа одағы жанындағы сыртқы байланыс орталығы «Дезинформацияларға шолу» деп аталатын апталық талдауларды жариялауға көшіпті. Онда ресейлік «Russia Today», «Еуразия арнасы» (Воськресное время бағдарламасы), «Россия 1» телеарналары мен "Комсомольской правды", «LifeNews» газеттері және «Sputnik» агенттіктеріндегі жалған және негізі бұрмаланған ақпараттарға шолу жасалған.

Қарап отырсаңыз, ресейлік арналардың, соның ішінде кешегі жалған ақпарат таратып, халықты арандатуға әрекеттенген «Евразия» арнасының ұстанып отырған саясаты  тұтас бір елдің рухани санасын, қоғамдық болмысын жаулап алу, тек жаулап қана қоймай түбірімен жою болса керек.

Бүгінгі таңда АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты мен әдiстемесiн Ресей ұрымтал пайдаланып, оны Қазақстанға сәтті қолданып отырғаны да жасырын емес. Мұны тура мағынасында да, бейнелi мағынасында да «постимпериялық» әдiс деуге әбден болады.

Ресейлік ақпарат құралдары біздің елде ақпараттық монополия құрып алғаны да шын. Нарықтық экономикалық қатынас пен демократиялық зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымыз рас болса, монополияның кез келген түріне тосқауыл қойылуға тиіс. Тіпті, ол аз болғандай телеарна арқылы ұлттық мүддемізге, еліміз бен жеріміздің бүтіндігіне елеулі нұқсан келтіретін, арандату мақсатындағы мәлімдеме жасалса, белгілі бір ақпарат құралдары оған жол берсе, оны ел көлемінде таратпай тастауға толықтай құқылымыз. Бұл тұрғыдан келгенде, ресейлік «Евразия» арнасын бұғаттап тастауымыздың еш сөкеттігі жоқ.

Әрбір қазақ үшін ел тәуелсіздігін нығайту, ұлттық мүддені алға қоюдан қымбат құндылық жоқ. Ал, оған көрші елдің көлделең көк аттысы қол сұқса ондай телеарнаны неге біз ел аумағында көрсетіп бейғам отырады екенбіз?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

17 пікір