Аялдар Күнтуған. «Мен өлмеймін ешқашан...»
Уақыт ағзамның әділеттілігінде шәк бар ма?! Бойында туабітті жағымпаздық, жандайшаптығы бар жанды қандай қоғамға, қандай дәуірге салса да, оның о бастағы болмысы әркез көрініп тұрады. Кеше кеңесшіл болған біраз ақсақалдарымыздың бүгін бейкеңесшіл болып көрінгенімен, сүтпен біткен мінездері бәрібір кетпейді екен. Бұрын «Кеңес халқы жасасын» деп ұран көтерген, «күн көсемнің» сақалына «періштелер ұялағанын» дәріптеп аттандаған қарттарымыздың мың жерден құдайшыл болып көрінгісі келсе де, дарвиндік ілімнің дағуасын ойларынан жуа алмайтынына талай куә болдық. Мәселенки, бүкіл қазақ ақындығын құрметтеп, ақсақалдығын әспеттеумен келе жатқан Тұмағаңды - Тұманбай Молдағалиевті алайықшы. Кеңес одағы кезінде сол жүйеге қарсы пікір айтпақ түгілі, «ыңыршақ шаққанын» естісек, құлағымыз керең болсын. «Студент дәптерінен» басталған лирикалық нәзіктіктің Иличті жырлауға келгенде талай қатарластарын сан соқтырғаны жасырын емес. Әуелі, «күн көсемге» арнап жеке жыр жинағын шығару науқанында да елден озғандардың бірі осы кісі. Арнау өлең жазудың «хас шебері» саналатын Тұмағаң Тәуелсіздіктен бері «күн көсемнен» көрген жақсылығын мүлдем ұмытты да, президентті жырлауға барын салды. Мұнда да оңай-оспақ, жөншепкім мадақшылдарға дес бере қойған жоқ, әлі де «қара үзіп» келеді. Жаңалық жаратты десек, артық, он бесінде қалай жыр жолын бастаған болса, солай. Баяғы сарын, баяғы ырғақ.
Уақыт ағзамның әділеттілігінде шәк бар ма?! Бойында туабітті жағымпаздық, жандайшаптығы бар жанды қандай қоғамға, қандай дәуірге салса да, оның о бастағы болмысы әркез көрініп тұрады. Кеше кеңесшіл болған біраз ақсақалдарымыздың бүгін бейкеңесшіл болып көрінгенімен, сүтпен біткен мінездері бәрібір кетпейді екен. Бұрын «Кеңес халқы жасасын» деп ұран көтерген, «күн көсемнің» сақалына «періштелер ұялағанын» дәріптеп аттандаған қарттарымыздың мың жерден құдайшыл болып көрінгісі келсе де, дарвиндік ілімнің дағуасын ойларынан жуа алмайтынына талай куә болдық. Мәселенки, бүкіл қазақ ақындығын құрметтеп, ақсақалдығын әспеттеумен келе жатқан Тұмағаңды - Тұманбай Молдағалиевті алайықшы. Кеңес одағы кезінде сол жүйеге қарсы пікір айтпақ түгілі, «ыңыршақ шаққанын» естісек, құлағымыз керең болсын. «Студент дәптерінен» басталған лирикалық нәзіктіктің Иличті жырлауға келгенде талай қатарластарын сан соқтырғаны жасырын емес. Әуелі, «күн көсемге» арнап жеке жыр жинағын шығару науқанында да елден озғандардың бірі осы кісі. Арнау өлең жазудың «хас шебері» саналатын Тұмағаң Тәуелсіздіктен бері «күн көсемнен» көрген жақсылығын мүлдем ұмытты да, президентті жырлауға барын салды. Мұнда да оңай-оспақ, жөншепкім мадақшылдарға дес бере қойған жоқ, әлі де «қара үзіп» келеді. Жаңалық жаратты десек, артық, он бесінде қалай жыр жолын бастаған болса, солай. Баяғы сарын, баяғы ырғақ. «Капитал» мен «Құранның» арасын бір-ақ аттаған» (Тұрсынжан Шапай) ағаларға таң қалудың қажетсіздігі осындайда ойға оралады.
Осы білуімізше, Тұмағаңның алмаған биігі, аспаған асуы (атақ пен даңқ тұрғысынан) кемде-кем. Марқұм Әбдіраштың Жарасқаны Т. Молдағалиев туралы әзіл өлеңінде өмір бойы жетіммін деп бәрін алдыңыз деуші еді. Кеңестің қызығын бір кісідей көрген қазақ осы Тұмағаңдай-ақ болар. «Ленин-комсомолдан» басталған марапаттар шеруіндегі сөлкебайлардың бәрін кеудесіне қадар болсақ, ақынымыздың өңірі «сылдырмақтардан» көрінбей, оның сылдырына шомылып тұрмаса, арғы қолыңызды бері әкеліңіз. Лениннің «басынан» қаншасын қадағанын бір құдай білмесе, біздің он саусағымыз жетпейтіні белгілі. Ал тәуелсіздіктен кейін де талай «төс белгіні» кеудесінде «кісінетті». Тіпті жастармен бірге талай мүшәйраларда да «топ жарды». Қызғанған біз жоқ, қартын сыйлайтын халықпыз. Ел бергесін алады да...
Жуырда ғана сондай марапаттың кезекті бірін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды. «Ұлтаралық татулық пен достыққа қосқан айрықша үлесі үшін» І дәрежелі «Достық» орденін иеленді. Достық пен ынтымаққа қандай үлес қосқанын кім білсін? Бірақ... Астанаға «құр қол» бармапты қартымыз. Қашанғы үйреншікті әдеті бойынша қалтасынан «сиясы кеппеген» жырын Президентке оқып берді. Қандай дейсіз ғой. Кәдімгідей өлең. Баяғы Тұмағаңның «күн көсемге» ертеректе жазып қойған «циклдарының» орны ауысқанымен мәні өзгермейтін сарыны. Сенбесеңіз, қысқаша сөзбе-сөз келтірсек, былай:
«...Мен өлмеймін ешқашан, шыным осы,
Көкірегім толғанша ордендерге!...»
Ал айтыңыздаршы, мұны не деп ақтаймыз, не деп мақтаймыз?
Біз баяғыда-ақ бұл кісінің көкірегі ордендерден көрінбейтін шығар деп жүрсек, олай емес екен... Тұмағаң осы өлеңінің түйінін «Нұреке, Сіз қандай марапат ұсынсаңыз да ала берем, ала берем» деген сыңаймен алдағы уақытқа да «емеурін» танытуды ұмытпады. Тіс қаққандық демей көріңіз мұны.
Осындай кезде атақ пен даңқтың соңына шам алып түскен ағалар туралы амалсыз ойға батасың; құдай-ау, тым құрыса осындай марапат ұсынған халқым үшін әлі де еңбек етіп, ұзақ жасағым келеді деудің орнына қайдағы бір темір үшін өмір сүргім келеді дейтіндей бастарына не күн туды екен? Аштан өліп, көштен қалып жатқан әдебиеттегі шал-шауқанды көрмедік. Баласының, олар түгіл немересінің қамын жей ме дейін десек, Абай хакім айтпақшы, ойларына сәуле бермесе, аталары алған марапат пен жиған дәулеттен оларға қайыр болар-болмасын кім біліпті? Осы сарпалдаң тірлікте атақ пен даңқтан да жалығар кезі болмаушы ма еді пенде баласының. Шау тартқан жан «маған бәрін бер» деп емес, «халқыма не бердім» деп ойласа керек-ті. Жоқ, біздегі үлкендер одан ада. «Не берсең де алам, не ұсынсаң да маған лайық, менен кейінгілер бүл болмаса күл болсыннан» тайынбайды. Бұл - ауру. Әдебиеттегі, мәдениеттегі ауру. Енді сол ауруды жұқтырған жастар өсіп келеді. Олар да қазірден дайындықты бастап кетті.
Алда қызыл қырман, аламан, бәйге...
«Абай-ақпарат»
Р. S.
Осыдан тура 16 жыл бұрын президент түрлі дәрежедегі мемлекеттік ордендер туралы қаулыға қол қойған.