Неге біз?
- Неге біз өз кемшілігімізді түзетпей, өзгеден кемшілік іздеуге құмармыз?
- Неге біз бөлінгенді жақсы көреміз?
- Неге біз Наурыз мейрамында ағаш отырғызып, Жаңа жыл мерекесінде қайта кесіп аламыз?
- Неге біз ата-бабамыздың мықтылығын айтамыз да, солардай мықты болуға тырыспаймыз?
- Неге біз ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне емес, тамағының тоқ, киімінің көк болуына көп көңіл бөлеміз?
- Неге біз арақ пен темекінің зиян екенін біле тұра сол нәрселерден арыла алмай келеміз?
- Неге біз өзге елдердің жаман қылықтарын тез үйреніп, жақсы жақтарын үйренбейміз?
- Неге біз смартфонның бетін сағаттап сипап, кітап оқуға келгенде уақыт таппаймыз?
- Неге біз әділетсіздікті көріп тұрсақ та үндемейтін болдық?
- Неге біз өзімізден басқа ешкімге керек емес ана тілімізде сөйлеуді ар санап, өзгенің тілінде сөйлеуді абырой көреміз?
- Неге біз «ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыяды» деп, өз қызымыздың қайтып келуіне, «екінші рет үйленгенде тұрған не бар екен» деп ұлдарымыздың ажырасуына жол ашамыз?
- Неге біз біреуді мақтасақ жер-көкке сыйдырмаймыз, ал жамандасақ жерге тығып жібереміз?
- Неге біз етек-жеңін қымтап, арын сақтаған аяулы қыздарымызды сынап, күн бермейміз де, етегін ашып, арын сатқан, үйде отырып бала тапқан, ұятсыз қыздарымыздың іс-әрекетіне бейжай қарап жүре береміз?
- Неге біз уақытым бос өтті деп уайым жемейміз?
- Неге біз, еркектер өсек айтуда әйелдерден асып түсеміз?
- Неге біз бұл дүниенің жалған екенін білсек те, осы өмірде мәңгі қалатындай тайраңдап жүреміз?
- Неге біз бетімізге шындық айтылса шеке-басымыз тырысып, мақтау естісек мәз боламыз?
- Неге бізде жемқорлар темір тордың ар жағына тоғытылып жатса да, парақорлықтың пайызы азаймай тұр?
- Неге осы біздің ертеңіміз таусылмайды?
Мені осы сұрақтар мазалайды. Ал сізді ше, қадірлі оқырман?!
Тұрарбек Сәметұлы
Abai.kz