Оғыз Доған сотта жеңіске жетті
«Эйр Астана» әуе компаниясын сотқа берген Оғыз Доған жеңіске жетті. Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында әуе компаниясы мен Оғыз Доған арасындағы мемлекетік тіл дауының нүктесін сот төрағасы қойды. Оғыз Доған жеңіске жетті.
– Бұл менің емес, бүкіл қазақтың, қазақ тілінің жеңісі. Қазақ тілі – менің ана тілім. Біз баяғыдан жеңуіміз керек еді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды. 26 жыл бұрын жеңіске жетуіміз керек еді, – деді Оғыз Доған соттан кейін.
Айта кетейік, сот процессі кезінде Оғыз Доғанды белгілі заңгер Абзал Құспан қорғап шықты.
Ол бұған дейін әлеуметтік желіде «Егер Оғыз Доған сотқа берсе, жеңіске жетуіне кепілдік беремін» деп мәлімдеген болатын.
Енді сот шешіміне сәйкес «Эйр Астана» компаниясы Оғыз Доғанның талабы бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін қазақ халқынан кешірім сұрайды. Сот «Эйр Астана» қызметкерлеріне мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттеді. Сонымен қатар олар Оғыз Доғанға моральдық өтемақы ретінде символикалық 1 теңге төлейтін болады.
Осы істің басы қасында жүрген заңгер Абзал Құспанның пікірін білген едік.
– Мен халықтың наразылығын жеткізіп ұлт араздықты қоздырды дегенді алға тартып Эйр Астананың акционерлеріне ағылшынша хат жазамын. Айта кетейін, Оғыз Доғанды қолдап келгендердің қарасы көп. Елу, алпыстай адам сотқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді. Шымкенттен, тіпті сонау Оралдан келгендер бар. Бұл халықтың рухын көтеретін шара болды деп есептеймін.
Abai.kz