Мұхтар Шерім. Күйеуім «көрнекі құрал» екен...
«Отыз ұлың болғанша, осырақ шалың аман болсын!» деген сәл нелеу мақал бар, жасырып қайтейін, күйеуім елуден енді асса да, иегінде сақал бар... Қазекемнің мақалынан да айналайын, күйеуімнің жібектей сақалынан да айналайын, жұрт жеті балаға жете алмай жым-жырт отырса, ауылда не қызық бар дейсіз, «ішіміз пысқан» соң, балалар санын жиырмаға жеткізіп қойғанымызды байқамай қалыппыз... Екі рет егіз болды, алдымызда төрт баламыз бар еді, барлығын қосқанда, сегіз болды. Егіз ұл тапқандарға қаладан пәтер беруші еді, «Жағдайларыңыз қалай?» деп әкімдер келуші еді, тырс еткен тысыр естілмеген соң, ауыл әкіміне өзіміз бардық.
- Неменеге келдіңіз?-деп бұрқылдады Қатипаш әкім.
- Егіз ұл тапқандарға қаладан пәтер берілмей ме екен?
- Сендер немене, қалада «пропискада» ма, едіңдер?
- Қалада танысқанбыз.
- Үкімет үшін туатындай, бірдеңе сұрауға құмар екенсіңдер!
- Поштаға барсам, балаларыма жәрдемақы шықпапты... Қайда арыздансам екен?
- Осы сен-ақ жыбырлап туа береді екенсің! Күйеуім сені мысалға алып, мақтайды да отырады. «Жалғыз баламыздың бетіне қарап отыра береміз бе, не ойлап жүрсің? Жиналыстан жиналысқа кетесің, өзіңді күте-күте шаршадым!» дейді. Пәле болдыңдар ғой!
- Алтын алқаны күткелі алты ай болды...
- Астанадан келмей жатса, жата қалып, жылайын ба?

Құлайын деп тұрған үйімізді сылайын деп жатқан күйеуіме келіп, әңгімеге тарттым.
- Тоқтатайықшы,--дедім.
- Тоқтайық,--деді ол.
- Ақша бер, спирал салдырамын, егер көтеріп қойсам, қалаға барып, алдырамын...
Еркекте ес жоқ, менде «тыныш жатшы!» дейтіндей сес жоқ, тағы да жүкті болып қалдым. Айтпақшы, ауылдың бұрынғы мал дәрігері, бүгінде «гинеколог» болып істейтін Ішкішбекке барып, «бала көтеруді тоқтатып беріңізші!» десем, түкке түсінбейтін топас: « Оны күйеуіңізге айтыңыз. Менің қандай қатысым бар?» деп тұр. Әне, біздің ауылдың маманы! Жас мамандарға «біздің ауылға кел, алтын береміз!» десе, келеді, келеді де, алтынды алып, кетіп қалады. Ит байласа тұрмайтын ауыл ғой, біздің ауыл! Аудан әкімінің аузы албастыны да жұтып сала береді дейді білетін жұрт. Астанадан ауылға бөлінген қаржы қарынға кетеді дейді, ал біздің бала -шаға кәртөшкенің қабығын да жейді...
Құдай-ау, қазақтың санын көбейтуді біздің ғана маңдайымызға жазып қойған-ау деймін, келер жылы төртем туып, төртемнің жөргегін күнде жуып, төрт қызым төртеуін таласа көтеріп, күйеуім болса, «бұлардың бәрін қалай бағамын?» деп күрсіне жөтеліп, ақыры он екі балалы болдық. Балаларымның аттары да қызық, өзім мектепте қазақ тілінің маманы болғандықтан, Тырнақша, Қайырма, Есімдік, Етістік атты қыздарымыз, Лепбелгі, Сұраубелгі, Жақша, Одағай, Шылау есімді ұлдарымыздың көздері жайнап, тұра сала сағыз шайнап, шапқылап жүр, Құдай өзі кешірсін, көршіміз «балаларың біртіндеп жыламай ма, жаппай жылағында, құлағымыз тұнып кетеді, итімізге дейін қорыққанынан ұлып кетеді» деп ала көзімен атқылап жүр... «Енді елден ұят болар» деп жүргенімізде, көрпеден «ұят кетіп», ек рет төртем туып, «ой, Алла бұдан кейін керегі жоқ!» дедік. Менің күйеуімнің ата-бабалары ылғи егізден, үшемнен туғызатын асыл тұқымдылар генетикасына жататындар екен. Қойшы, не керек, балаларымыз жиырмаға жетіп, бір баламыздың атын Нүктебай қойдық. Нүкте.Точка. Бұдан кейін керегі жоқ... «Балалы үй базар» деген сөзді біз «балалы үй парламент мәжілісі» деп өзгерттік. Өйткені, анау жетпейді, мынау жетпейді дегендей, үймізде күнде мәжіліс... Тілшілер де күнде келеді. «Қалай туып жатырсыз?» деп сұрайды. Сұрағының сиқын... Мен бір көлденеңдетіп туып жатқандай...
Бір күні күйеуім ұшты-күйлі жоғалып кетті. Қораның ішін, үйдің шатырын бала-шағамызбен қарап шықтық. Жоқ. Қорыққанымнан еңіреп жылай бастап едім, даусым естілмей қалды. Сөйтсем, жиырма балам жамырай жылағанда, бүкіл аудан жылағандай басым айналып кетті ғой. Кешке телебезерді қоссам, облыстың денсаулық сақтау департаментінің бастығы сөйлеп жатыр екен. Бір кезде күйеуімді көрсетті! Тыржалаңаш шешіндіріп тастаған! Медицина студенттерінің алдында қақиып тұр. Абыройын қос алақанымен жауып алыпты... Департамент бастығы: «Құрметті студенттер! Мына кісі Тоқтамас Өлерменов, жиырма баланың әкесі! Жиырма! Көрнекі құрал ретінде алдарыңа әкелген ректорларыңызға рахмет! Ақысына бір баласын оқуға тегін қабылдайтын болып келісіпті. Ішім-жемі нашар, көтерем қой сияқты тыриған арық болса да, еркектігі ерекше! Ал, жастар арасында белсіздік жарысып барады! Простатит патша болды! Неге? Елімізді нашақорлық, шылымқорлық, маскүнемдік тұтқынға алды... Тоқтамас аға, сіз есірткі пайдаланасыз ба?» деп сұрады. Күйіп кеткір күйеуім: «Жоқ, насыбай ғана атамын, атамын да, төсекке тез жатамын!» де-еп тұр...Департамент бастығы: «Бізде бала өлімі өте көп, көбіне бізді кінәлайды. Ал, Тоқтамас көкеміздің балаларын қораға алты күн аш қамап қойсаң да өлмейді, қойлар сияқты маңырап жата береді»-деп «керемет мысал келтірген» болды.
Ертеңіне қалаға ұштым. Медицина оқу орнына барсам, күйеуімді «Нұр Отан» бастығы әкеткен дейді. Еңіреп отырып, солардың ғимаратына барсам... Зал тола әкім-қаралар, бастықтар... «Жемқорлыққа қарсымыз!» атты акцияның отырысы екен, күйеуімнің аузын апандай аштырып, биік тұғырға тұрғызып қойыпты. «Нұр Отан» бастығы болса керек, қолында көрсеткіш таяқ, Тоқтамасымның ашылған аузын көрсетіп: «Көрдіңіздер ме, бұл кісінің де аузы сендердікіндей. Сендерде екі-үш бала, мұның жиырма баласы бар! Сонда да, мемлекет қаржысын жемейді! Жүрегі айниды! Жемқорсыңдар бәрің!» деп тұр! Жүгіріп барып, тыриған күйеуімді арқалап алдым да, залдан шыға бердім. «Бұл кімнің қатыны? Еркек ұрлағаны несі?» деген дауысқа да қарамадым. Сол арқалаған күйі автобусқа отырып, сол арқалаған күйі үйге жетіп, ентігімді бастым да: «Не, жиырма баланың авторы жалғыз сен бе едің? Соавтор емеспіз бе?!» -деп ұрыса жөнелдім... Күйеуім: «Бала асырау оңай деймісің? Көрнекі құрал болғаным үшін тиын-тебен береді» деп міңгірледі... Қалаға қайтадан арқалап апарғым келіп кетті.
- Отыр арқама!-деп бұйырдым.
- Қайда?-деп сұрады ол.
- Қалаға! «Нұр Отанға!»
- Кешіріңіздер, «Нұр Отанда» мін жоқ, ал, күйеуімде үн жоқ... Жаса, қазақ!
«Абай-ақпарат»