Нұртөре Жүсіп. Түркітілдес елдердің ақпараттық кеңістігі бір-біріне жақындауы тиіс
Кеше Түркия үкіметінің Ақпарат және баспасөз басқармасының ұйымдастыруымен «Түркітілдес елдердің медиа форумы» басталды. Осы басқосуда «Айқын» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіп баяндама жасады. Түркітілдес елдердің бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ мәселе көтерілгендіктен де, біз осы баяндаманы назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Кеше Түркия үкіметінің Ақпарат және баспасөз басқармасының ұйымдастыруымен «Түркітілдес елдердің медиа форумы» басталды. Осы басқосуда «Айқын» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіп баяндама жасады. Түркітілдес елдердің бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ мәселе көтерілгендіктен де, біз осы баяндаманы назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Түрік дүниясы бәрімізге ортақ. Біздің тарихымыз да, тағдырымыз да бір. Кешегіміз бір болған соң, - келешегіміз де бір. Бүгінгі үлкен Құрылтайға жиналған барлық бауырларға армысыздар, қош келдіңіздер дегім келеді.
1997 жылы Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұл қаласының әкімі болып тұрғанда, көпшілік жиында мынандай бір өлең оқыған еді.
Мешіттер - қорғанымыз,
Күмбездер - дулығамыз.
Мұнаралар - найзамыз,
Муминдер - әскеріміз.
Сол кездегі үкімет басындағы солшылдарға, Б.Ежевиттің премьер-министр кезі болса керек, мұндай өлең ұнамайды. Режеп Ердоған 1998 жылы он ай түрмеде отырып шығады. Бұл өлең Зия Көкалыптыкі ме, жоқ Ердоғанның өзінікі ме, мен білмеймін. Бірақ осы өлеңдегі сөздер түркітілдес бауырлардың бәріне де ортақ, бәріне де түсінікті деп білемін.
Біздің түркітілдес туыстар дін мен тіл бірлігін еш уақыт естен шығармауымыз керек. Дініміз - ислам, түбіміз де, тіліміз де - түрік. "Түркітектес түгел бол!" - деген бабалар аманаты қайда жүрсек те, қаперде болуы тиіс.
Өкінішке қарай, біздер қазір бір-бірімізбен тілмаш арқылы сөйлесетін жағдайға жеттік. ХХ ғасырдың басында біздің Мұстафа Шоқай мен татардың Ғабдолла Тоқайы, түрік - Инан мен Зәки Велибей Тоған, Әзірбайжан - Мехмет Әмин мен Расул Заде, өзбек - Абдурау Фисрат пен Шолпан, кешегі Сәйфи Кудаш пен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар бір-бірімен тілмашсыз сөйлесетін.
ХХІ ғасырда осындай тұтастық бола ма? Біздің Құранымыз - ортақ, ендеше, ұранымыз да ортақ болуға тиіс. "Түркітектес түгел бол!". Басқа ұран жоқ.
Биыл Түркия Республикасы өзінің 87 жылдығын тойлады. Қазақстан болса тәуелсіздігінің 19 жылдығын атап өтті.
Түркия Республикасы құрылған күнінен бастап, осы күнге дейін Мұстафа Кемаль Ататүріктің "Отанда бейбітшілік - әлемде бейбітшілік" деген қағидатына негізделген, әлемде және әсіресе, төңірегінде бейбітшіліктің орнауы мен сақталуына және тұрақтылық пен дамуды арттыруға бағытталған, жан-жақты, мақсатты, сындарлы, саналы және гуманистік саясат жүргізуде. Түркия трансатлантикалық байланыстарға үлкен мән береді және мүшесі болып табылатын НАТО одағының халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған іс-шараларына белсенді түрде үлес қосуда, көршілес елдермен қарым-қатынастарын нығайтуды жалғастыруда, Еуропалық одақ мүшелігіне қарай табандылықпен ілгерілеуде. Қазақстан да Еуропаға қарай жол тартып келеді.
2009 - 2010 жылдары Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің уақытша мүшесі болған және қазіргі күні Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы болып отырған Түркия, өз аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталып нығаюы және ынтымақтастық арқылы әл-ауқатты арттыру мақсатында жұмсалған ынта-жігерлерінен жинақталған тәжірибесін жаһандық деңгейде бейбітшілікке үлес қосу, қазіргі және болуы мүмкін проблемаларды шешуге көмектесу және өмірді барша адамзат үшін бейбіт ету үшін ең тиімді түрде пайдалануда.
Түркия және Қазақстан халықтарын ортақ тіл, тарих және мәдениет байланыстырады.
Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған Түркия болатын. Осыдан 11 жыл бұрын, 1999 жылы Ыстамбұлда өткен саммиттен кейін желтоқсанның 1-2-інде Қазақстан ЕҚЫҰ саммитін жоғары деңгейде өткізді.
2009 жылы Президент Назарбаевтың Түркияға жасаған сапары барысында қол қойылған Стратегиялық әріптестікке сәйкес жаңа бағдар алған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас саяси, сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салаларда жоғары деңгейде тұр. Бүгінде түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанға құйған инвестициясының жалпы көлемі 2 миллиард долларға жетіп, түрік құрылыс компаниялары алған жобалардың жалпы құны 10 миллиард доллардан асып түсті. Астана қаласы - түрік-қазақ ынтымақтастығының символына айналды.
Біздің бауырлас елдер арасында білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бар. Бұл қарым-қатынасымыздың маңызды өлшемдерінің бірі болып табылады. Түркияда және Қазақстандағы түрік университеттері мен қазақ-түрік мектептерінде білім алған және алып жатқан Қазақстан жастары мен Қ.А.Йассауи атындағы қазақ-түрік университеті және басқа да білім орындарында оқыған түрік жастары ортақ келешегіміздің негізін қалайды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас тек қана екі жақты емес, сонымен қатар өңірлік және халықаралық деңгейде де қарқынды дамуда. Екі ел Еуразия өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында ынтымақтасып, осы үшін үлкен ынта-жігер танытуда. Президент Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі 2010 жылғы 15-16 қыркүйекте өткен Ыстамбұлдағы саммит кезінде өз қызметін бастады. Ынтымақтастық кеңесінің алғашқы саммиті 2011 жылы Астана қаласында өтеді.
Мұның бәрі саяси саладағы бірлік пен ынтымақтастық. Бізді түбі бір түркінің ортақ мүддесі біріктіруі тиіс. Осы ретте әзірбайжан халқының ұлы перзенті Гейдар Әлиевтің Маргарет Тэтчермен арада болған әңгімесі еске түседі. Тэтчер ханым армяндарға бүйрегі бұрып, "Таулы Қарабақты соларға басыбайлы бере салмайсыздар ма?" депті. Сонда Гейдар Әлиев: "Сіздер 100 жылға жуық уақыт бойы Ирландияның заңды бөлігі - Солтүстік Ирландияны уыстан шығармай отырсыздар. Сондағы католик ирландықтарды қудалап жатқандарыңыз да белгілі. Ендеше, сіздер неге Солтүстік Ирландияны заңды иелеріне қайтармайсыздар?" дегенде Тэтчер тілін тістеген екен.
Түркі халықтарының табаны тиген жерде тұратын бауырлар бір-бірінен алыс кетпеуі керек. "Туыстықты үзбеңдер!" - делінген Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с хадистерінің бірінде.
Туысқан халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір - ақпарат. Ақпарат алу, ақпарат алмасу, ақпарат тарату мәселелерінде түркітілдес бауырлардың ешқайсысы ауыз толтырып мақтана алмайды. Түркі мемлекеттерінің өзара тығыз байланысында осы мәселеге келгенде белгілі бір тежеу бар екендігі шындық. Мәдени құндылықтарды насихаттап, өшкенді жандырып, өткенді қайта қалпына келтіру үшін құрылған ТҮРКСОЙ ұйымы жұмыс жасап жатыр. Түркі өркениеті қазіргі еуропалық өркениеттен еш кем емес.
Араб елдерінің саны - 22. Ал түркітілдес дербес мемлекеттер саны - 6 ғана. Араб елдері өзара ынтымақтасып, араб елдерінің лигасын құра алды. Түркітілдес мемлекеттер бас біріктіре ала ма? Қазіргі таңда біз Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың "Түрік бастамасы" - түркітілдес елдердің Парламентаралық ассамблеясын құру туралы идеясын білеміз. Бір-бірімізді жақындататын басқа қандай қадам бар?
Меніңше, ең алдымен, түркітілдес халықтарды бір-біріне жақындата түсудің ең оңтайлы жолы - ортақ телеарнаның болуы. Ғарыштық спутниктердің мүмкіндігін осы мақсатқа пайдалану керек. Ортақ арна ашылса - қазақ та, түрік те, өзбек те, қырғыз да, татар да, саха да, қарашай мен құмық та тіл бірлігін, рухани тұтастықты толық сезінеді. 40-қа жуық түркітілдес халықтардың өнері мен мәдениеті, тарихы мен салт-дәстүрі сақталады, дамиды.
Орталық Азия мемлекеттерінің өзара бірлігі туралы көп айтылады. Алайда сөз көп те, іс аз. Орталық Азия мемлекеттерін большевиктендіру Қазақстаннан басталды. Орыс большевиктері алдымен Қазақстанды алды. Сосын Қырғызды өзіне қаратты. Өзбек пен әзірбайжанды әзер дегенде иліктірді.
Ендігі таңда түркітілдестердің тұтасу, яғни бірлесу саясаты да Қазақстаннан бері қарай жүруі тиіс. Түркия мемлекеті бұл тарапта бірқатар жақсы қадамдар жасады. Ортақ оқу орындарын құрудан өзге, "Қазақстан-Заман" сияқты газеттер ашып, екі елдің ішкі байланысын жақындата түсті. Қазір "Қазақстан-Заман" газеті Қазақстанда кеңінен таралады, оның оқырмандарының қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Өзбекстан "ТV Markaz" деген жастарға арналған телеарна ашты. Қазір Оңтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындары осы арнаны көбірек көреді. Кейбір азаматтар жергілікті халық өзбектеніп кете ме деп қауіптенеді. Орыстанып, не қытайланып кеткеннен өзбектену немесе түркілену қауіпті емес!
Қазақстанда түрік телесериалдары кеңінен танымал. Қазақстан телеарналары түрік сериалдарын қазақшаға аударып көрсетеді. Субтитрда киноның түрікше мәтіні қоса беріліп отыратын болса, түрік тілін меңгерушілер қатары арта түсер еді.
Қазіргі таңда Қазақстанда үш тұғырлы тіл саясатына басымдық беріліп отыр. Қазақстан азаматтарына қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білу міндеттеледі. Орыс тілінің орнына түрік тіліне басымдық берілсе, құба-құп болар еді.
Түркітілдес елдердің ақпараттық кеңістігі бір-біріне жақындауы тиіс. Қазақстан азаматтары әлемде болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттарды көбінесе Ресей ақпарат агенттіктері мен теле және радио арналарынан алады. Бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінде болып жатқан оқиғаларға Ресей көзімен баға беріледі. Бұл түбірінен дұрыс емес.
Осы ретте мәртебелі мінберді пайдаланып, өзімнің бірнеше ұсынысымды ортаға салғым келеді.
1. Түркітілдес мемлекеттердің ақпараттық тұтастығын қамтамасыз ету мәселесін Мемлекет басшыларының қарауына ұсыну қажет. 2011 жылы Астанада өтетін Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі саммитінің күн тәртібіне осы мәселеге байланысты ұсыныстарды қарауды енгізу керек.
2. Түркітілдес мемлекеттердің ақпарат алмасу мәселесін жолға қою қажет. Бұл үшін әр елдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері арасында өзара меморандум қабылданса дұрыс болады.
3. Осы заманғы интернет байланысын дамыту арқылы әр елдің жетекші ақпарат құралдары арасында тығыз қарым-қатынас орнатылса деймін.
4. ТМД елдерінің ақпараттық кеңістігін қамтып отырған "Мир" телеарнасы секілді түркітілдес мемлекеттердің ортақ телеарнасын ашуды қолға алу қарастырылса.
5. Бауырлас елдердің ақпараттық бірлігін қамтамасыз ету мәселесін әрбір кезекті Құрылтайда арнайы қарап, қай бағытта не істелді, не атқарылмады деген сұрақтардың жауабын тұрақты түрде алып отыру керек. Сонда бастаған істің нәтижесі болады.
Күлтегін бабамыздың "Аспанда - күн, жерде - түркі" деген ұраны бар.
Түркітілдес түгел болайық!
«Айқын» газеті