Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 9399 0 пікір 5 Қаңтар, 2018 сағат 14:54

Ықылас Шалғынбай. Қамал

 

Бір перделі пьеса

 

Қатысушылар:

Кеңес - шекара күзетіндегі әскер.

Кеңес - шекара күзетіндегі тағы бір әскер.

Айтбай - шекара күзетіндегі командир.

 

Таң атып келе жатқаны, не кеш батып бара жатқаны белгісіз беймезгіл шақ. Шекара аймақтарының біріндегі екі елді бөліп тұрған ескі қорған. Қорғаннан кейін биік қарауыл көрінеді. Оған шығатын баспалдақ баяғыда қираған.  Қарауылдың маңайында кішкене үйшік тұр. Оның есігі шалқасынан ашық жатыр. Сахнаның алдына таман окоп орналасқан. Окоп арқылы жертөлеге баруға болады. Әр жерде қираған қирандылар байқалады.

 

Бос сахна. Окоптың оң жақ шетінен иығында автоматы бар Кеңес шығады. Есінеп, керіліп-созылып тұрады. Біреуді іздеген адамша жан-жағына қарағыштайды.

Кеңес (окоптың ішіне қарап айқайлайды). Кеңес жолдас!

Жүгірген дыбыс естіліп, окоптың сол жақ шетінен екінші Кеңес шығады. Екеуінің сыртқы түр-тұлғалары, жүріс-тұрыстары, киген киімдері бір-бірінен аумайды.

Кеңес ( есінеп, керіліп- созылып). Қанша уақыт ұйықтағамыз?

Кеңес. Сені не қара басып жүр. Былай ұйықтасақ ел мен жерді кім қорғайды?

Кеңес ( аспанға қарап). Таң атып келе ме?

Кеңес (аспанға қарап). Кеш батып бара жатқан секілді.

Кеңес. Қанша уақыт ұйықтаған болдық?

Кеңес. Сағат тоқтап қалыпты.

Кеңес ( жерде жатқан газет қиқымдарын алады. Газетке шұқшиып, ежіктеп оқиды). Сирияда өздерін Ислам халифатымыз деп атаған ұйым пайда болыпты.

Кеңес. Олар туралы естігенмін. Олар адам етін де жейтін болуы керек.

Кеңестің қасына келіп, газетінің бір бетін алады.

Кеңес (ол да газетке шұқшиып, ежіктеп оқиды ). Украинада Лениннің ескерткішін құлатты дейді.

Кеңес. (газетін түсіріп. Шошына). Жұрт жынданайын деген екен.

Кеңес. Бәрібір олар жазасыз қалмайды.

Кеңес. Құдай бәрін көріп тұр ғой.

Кеңес. Ол бұған қапаланатын болу керек.

Кеңес. Кеше ғана радиодан көсем жолдас өзі сөйлеген.

Кеңес (түсінбей). Қайдағы радио ол?

Кеңес. Қайдағы радио деймісің?

Кеңес. иә.

Кеңес ( ойланған болып).  Он жылдықпен құттықтап сөйледі ғой.

Кеңес ( газеттің екінші бетін аударып). Берлин қаласының ортасынан қамал тұрғызып жатыр екен.

Кеңес. Қамал тұрғызғандары дұрыс болған екен.

Кеңес ( Кеңестің әрекетін айнытпай қайталап, газеттің екінші бетін аударып). Кеше, яғни, он бірінші қыркүйек Америкада ірі сауда орталығы жарылыпты.

Кеңес (газетін шиыршықтап). Оны оқып алғанмын.

Кеңес. Міне мында анекдод бар екен, оқып берейін саған.

Кеңес. Тыңдағым келмейді.

Кеңес.  Қызық екен..

Кеңес. Менің етігімді қайда қойдың?

Кеңес ( түсінбей ). Қайдағы етікті айтып тұрсың?

Кеңес. Кеше саған бердім ғой.

Кеңес. Сенде етік болған емес.

Кеңес. Кеше саған су жаңа етік бергем сыйлыққа. Қасымызда Сұлтан қарап тұрды.

Кеңес. Қай Сұлтан?

Кеңес. Екеуміздің досымыз.

Кеңес. Менде Сұлтан деген дос жоқ. Мында екеуміз ғанамыз.

Кеңес ( ренжіп)  Сен мені түсінбей-ақ өтетін болдың.

Кеңес.  Мен сені түсінуге тырысып келем.

Кеңес. Шекараны шарлап келуіміз керек.

Кеңес. Таң атсын.

Кеңес. Таңның атуын күтсек кеш қаламыз.

Кеңес ( айналасына үңіліп қарайды). Мында бір нәрсе тұр ма?

Кеңес (ол да үңіліп қарайды). Қараңғылық шығар.

Екеуі сахнаның сол жағына келіп, биік қорғанға тіреліп, ары- бері жүреді.

Кеңес ( таңданып, қабырғаны  сипап). Бұл не ?

Кеңес ( қабырғаны сипап) Қорған ба, әлде жартас па?

Кеңес. Соқыр тұман ба?

Кеңес. Жоқ, қорған екен

Кеңес.  Бұл мұнда қайдан пайда болған?

Кеңес. Мен сенен сұрайын деп тұрмын.

Кеңес. Шынымен қорған көріп тұрмысың?

Кеңес. Иә, кәдімгі қара тастан қаланған қорған екен.

Кеңес. Түнде мен күзетте тұрғанда жоқ еді.

Кеңес. Ұйқыдан өліп пе едің. Таң ағарғанша тұрмаймысың?

Кеңес. Таң атпай кетті. Сосын...

Кеңес. Бір жамандық болса, басщтабқа жауап бересің.

Кеңес (сахнаның оң жағын нұсқап) Былай барып көрелікші.

Екеуі сахнаның оң жағындағы қорғанның қасына келеді. Қорғанның қасында ары-бері жүреді. Қорғанды итереді.

Кеңес (таңданып, қабырғаны сипап). Мұнда да қорған тұрғызылған екен.

Кеңес ( шекараны бөліп тұрған қорғанды нұсқап). Мына қорғаннан басқа қорған жоқ еді ғой.

Кеңес. Бұл қалай болғаны?

Кеңес. ( Таңданып, қабырғаны сипап). Қара  жолдың үстінен тұрғызғаны несі?.

Кеңес. (қабырғаны сипап). Жалықпай қара тастан қалап шығыпты.

Кеңес ( айналасын шолып). Айналамызға түгелдей қорған соғылыпты.

Кеңес( айналасын көзбен шолып). Қалай ғана тез өзгеріп кеткен?

Кеңес. Көзді ашып-жұмғанша басқа әлемге айналып сала берді.

Кеңес. Бір күннің алдында  ғана жазық дала болатын

Кеңес. Алысқа қарасаң көзің талатын  кең дала еді ғой.

Кеңес. Төменде ағып жатқан өзен де көрінбей қалыпты.

Кеңес ( ойланған болып) не айтуға болады?

Кеңес. Дұрыс болған. Енді бізді  ешбір жау ала алмайды

Кеңес. Жынданғанбысың?

Кеңес. Үрей, қорқыныш дегенді ұмытамыз.

Кеңес. Бірақ біз қамалып қалдық ғой.

Кеңес. Бір жерінде шығатын қақпасы бар шығар.

Кеңес. Онда іздеп көрелік.

Екеуі қорғанды  жағалап, қақпаны іздеп сахнаның сол жағына шығады.

Кеңес. (үрейлі бейнеде). Айналамыз түгелдей қорған, не шығар қақпасы да жоқ.

Кеңес. Сығалайтын тесік те қалдырмағандары несі?

Кеңес. (Таңданып). Кәдімгі қытай қорғаны секілді.

Кеңес. (қабырғаны сипап) . Берлин қамалынан аумайды.

Кеңес.  Бітеу жұмыртқа дерсің мұны.

Кеңес. Кәдімгі терең қазған көр десең де болатындай.

Кеңес. Келші, итеріп көрелік.

Екеуі бар күштерімен қорғанды ұзақ итереді.

Кеңес (итеруін тоқтатып). Құлату мүмкін емес.

Кеңес (итеруін тоқтатып). Мызғымастай етіп тұрғызғаны көрініп тұр.

Кеңес. Құлататын бірдеңе алып келші.

Кеңес үйшіктен үлкен балға алып келеді. Балғамен ұзақ соққылайды.

Кеңес (соққылауын тоқтатып, ентігіп). Құрып кетсін,  шағылатын түрі жоқ.

Кеңес. Темірден балқытып құйған секілді.

Кеңес (қорғанның  басына қарап). Асып түссек қайтеді?

Кеңес ( қорғанның басына қарап). Біздің қолымыздан келе ме?

Кеңес (қорғанға жармасып). Кел, мені демеп жіберші.

Кеңестің артынан көтерген болады. Кеңес қорғанға жабысып, өрмелемек болып ұзақ арпалысады. Бірақ бір орыннан қозғала алмайды.

Кеңес (қолын жоғары қарай ербеңдетіп). Көтер, бар күшіңді салсаңшы.

Кеңес (Кеңесті көтерген болып). Көтерілсеңші, маған  мініп алмай.

Кеңес. Ұстайтын жер жоқ.

Кеңес. Иығымды ауырттың, құрып кеткір.

Кеңес. Болды, жібер!

Кеңес ( жерге түсіп, қорғанның басына қарап). Мынадан асып түсу мүмкін емес.

Кеңес ( қорғанның басына қарап). Биіктігіне көз жетпейді ғой.

Кеңес. Аспанға барып тіреліп қаған ба?

Кеңес (қорғанның басына қарап). Қорған емес, құдық секілді.

Кеңес (күбірлеп, қайғылы үнмен). Сонда бұл не қылған қорған?

Кеңес (күбірлеп, қайғылы үнмен) Сонда бұл не қылған  құдық?

Кеңес. Командирге мәлімдесек қайтеді?

Кеңес (үрейлене сыбырлап). Менің оған айтуға дәтім жетпейді.

Кеңес. Қайтсек те оған айтуымыз керек.

Кеңес. Үш басты итіне талатып, отқа күйдірсе қайтемін?.

Кеңес. Алжасқаннан саумысың, үш басты ит болушы ма еді?

Кеңес. Әне, сенбейсің сен.  Аңыздарда солай айтылған.

Кеңес. Осы командирдың аты кім деп айтқан еді?

Кеңес (ойланып). Бізге ол туралы айтқан ба еді?

Кеңес. Баяғыда осында келе жатқанда қайықшы шал ескертіп еді ғой.

Кеңес.  (ойланып)  Қаһар деген болуы мүмкін.

Кеңес. Қаһар емес. Әмір деген секілді еді.

Кеңес. Мүмкін, Рахман?

Кеңес. Мүмкін,  Рахим?

Кеңес. Әлде, Мейір ма еді?

Кеңес (шамданып). Көрші ауылдағы наубайшы қатын ғой ол.

Кеңес. Бейбіт шығар онда?

Кеңес. Әлде, Берік па еді?

Кеңес. Мұрагер болуы да мүмкін?

Кеңес. Қадыр деп айтқан жоқ па?

Кеңес. Расул болуы да ғажап емес.

Кеңес. Әлде, Әзииз?

Кеңес. Жаппар деген шығар?

Кеңес. Жоқ әлде Халық па еді?

Кеңес. Кәрім деп айтқан сияқты ма еді?

Кеңес. Әлде Мәжиид.

Кеңес. Мүмікн, Уәли

Кеңес. Рашид болуы да мүмкін.

Кеңес (таңданып). Осының бәрі оның аты ма сонда?

Кеңес. Оның он алты есімі болуы мүмкін емес

Кеңес. Мүмкін аты көп шығар оның

Кеңес. Иә, есіме енді түсті, аты Айт.

Кеңес. Айт деймісің? Не айтам?

Кеңес (ойланған болып). Жоқ, Айт емес, Айт..Айт...  иә, Айтбай.

Кеңес. Аты Айтбай екеніне сенімдісің бе?

Кеңес. Дәл соның өзі.

Кеңес. Бар қайратымызды бойымызға жиып мәлімдейік.

Кеңес. Ол ұйықтап жатыр ғой.

Кеңес. Оятсақ қайтеді?

Кеңес. Күнәларымды сұрап, итіне талата ма деп қорқам.

Кеңес. Мүмкін ол мейірімді.

Кеңес (отты көрсетіп). Мына отқа қақтап, азаптаса қайтем?

Кеңес. Бізге  кешірім жасайтын шығар.

Кеңес. Сонда не айтам оған?

Кеңес (ойланып). Біз қамауда қалдық деп айт.

Кеңес. Ол сене қояр ма?

Кеңес. Біз азапта өмір сүріп жатқанымызды да ескерт.

Кеңес. Біз осынша тар кеңістікте жасайтындай не жаздық сонша деп айтайын.

Кеңес. Олай қатты кетпе

Кеңес ( қуанып). Өзіне атап құрбан шалатынымызды айтайын онда.

Кеңес. Біздің оны жақсы көретінімзіді де айтшы.

Кеңес. Есімізден бір сәтке шығармаймыз деп айтайын.

Екеуі окоптың қасына келіп, окопқа үңіліп қарайды.

Кеңес. Қорқып тұрмын.

Кеңес. Тәуекел етелік.

Кеңес  жасқана басып окопқа түсіп көрінбей кетеді.

Кеңес ( тағатсызданып, окопқа еңкейіп, ақырын дауыстайды). Кеңес, бармысың?

Кеңестің айқайлаған дауысы естіліп, окоптан жүгіріп шығады.

Кеңес (шошына, сыбырлап). Не болып қалды?

Кеңес (ентігін баса алмай).  К...к... командир жоқ?

Кеңес. Жоғы қалай?

Кеңес. Барлық бөлмелерді аралап шықтым. Таба алмадым.

Кеңес. Иті де жоқ па?

Кеңес. Бөлмелердің іші жылан жалағандай бос жатыр.

Кеңес. Оны осында дегендері өтірік болғаны ма?

Кеңес. Бірақ мен итінің үргенін талай рет естігенмін.

Кеңес. Мүмкін көрші ауылдың иттері шығар үрген.

Кеңес ( үрейленіп). Ұзақ жыл сенген иемізден айырылғанымыз ба сонда?

Кеңес. Біз оған күмән келтірген бе едік?

Кеңес (ойланып). Есімде қалмапты.

Кеңес. Сен осында ұйықтап жатыр дегенің қайда?

Кеңес (шамданып). Бізден бұрынғылар солай деп айтқан.

Кеңес. Бізді қорғанға қамап зытып берген екен.

Кеңес. Ауылдың жесір қатындарына кеткен болды.

Кеңес. Оны ұйықтап жатыр деп ойладық ғой.

Кеңес. Бізге бір басшы болмаса тоз-тозымыз шығады.

Кеңес. Әрине, бізге бір жарылқаушы керек.

Кеңес. Командир бар болса да біз оған қамауда қалғанымызды айта алмас едік.

Кеңес. (үрейлі бейнеде). Он алтыншы номер!

Кеңес. ( қайғылы үнмен). Он алтыншы номер тыңдап тұр.

Кеңес. (кібіртіктеп). Сонда  бі...бі...біз қамаудамыз ба?

Кеңес. (түсінбей). Байлаудамыз ба дейсің бе?

Кеңес. Жоқ, біз қамауда ма едік деймін.

Кеңес. Сен өзіңді байлаудамын, (ойланып) тұтқындамын, қамаудамын деп ойлайсың ба?

Кеңес. Мен олай ойламаймын. Бірақ...

Кеңес. Қамауда болуымыз мүмкін емес, ( екі қолын ербеңдетіп). Міне көрдің бе,  біз еркіндіктегі адамдармыз.

Кеңес. Еш күнәміз жоқ екені даусыз.

Кеңес (рухтанып). Біз тәуелсізбіз. Өзің көріп тұрсың ғой, біздің қол-аяғымыз кісендеулі емес.

Кеңес (есі ауысқан адамша). Сонда қайда тұрмыз?

Кеңес. Шекара күзетінде тұрмыз.

Кеңес. Иә, дұрыс айтасың, шекара күзетінде тұрмыз.

Кеңес. Шекара күзетінде тұрғанымызға күмәнің болмасын.

Кеңес (жыламсырап). Енді не істейміз?

Кеңес (ойланып). Мүмкін басштабқа хабарлаймыз?

Екеуі үйшікке  кіріп кетеді.

Үнсіздік.

Кеңес. Алло. бас штабқа хабарласып тұрған шығыс солтүстік шекара бөліміндегі Кеңес Сұлтанов?

Дауыс (әйел адамның даусы). Сәлеметсіз бе? сіз «Даму» компаниясына хабарласып тұрсыз.

Кеңес. Бұл бас штаб емес пе?

Дауыс. Номерден қателесіп тұрсыз. Бұл «Даму» компаниясы.

Телефон үзіліп кетеді. Екеуі үйшіктен шығады.

Кеңес (ашуланып). Құрып кетсін, құрып кеткір. Номерлерін алмастырып жіберген бе?

Кеңес. Кеше ғана хабарластық емес пе?

Кеңес. Сен номерді шатасып терген жоқсың ба?

Кеңес. Дәл сол номер.

Кеңес. Соңы жетпіс бес деп тердің бе?

Кеңес. Иә.

Кеңес. Қайта хабарласып көрелікші.

Екеуі үйшікке қайта кіреді.

Үнсіздік.

Дауыс ( әйел адамның дауысы). Сәлеметсіз бе?  «Нұрбанк» бөлімшесі сізді тыңдап тұр.

Кеңес. Алло, бұл бас штаб ба?

Дауыс.  Тұрмыстық қиыншылықтардан тығырыққа тіреліп жүрсіз бе?

Кеңес. Бізге бас штаб керек еді.

Дауыс. Өзіңіздің жеке үйіңіз болғанын қалайсыз ба?

Кеңес. Ұзақ жыл армандадым.

Дауыс. Онда бізден төмен өсімде қарыз алыңыз.

Кеңес. Сіз не айтып кеттіңіз. Бізге бас штаб керек.

Дауыс. Кешіріңіз, сіз номерден шатасып тұрсыз. Сау болыңыз.

Телефон үзіліп кетеді. Екеуі үйшіктен шығады.

Кеңес. Менің үйім жоқ екенін қайдан біліп алған?

Кеңес. Кім ол, тани алдың ба?

Кеңес. Тани алмадым. Менің тығырыққа тіреліп жүргенім туралы  да біледі екен.

Кеңес. Сен номерді қате теріп жатқаннан саумысың?

Кеңес (ренжіп). Отыз жылдан бері хабарласып келе жатқан номерді бүгін ұмытып қаламын ба?

Кеңес. Онда мен хабарласып көрейін

Екеуі үйшікке кіріп кетеді.

Үнсіздік.

Кеңес. Алло, шығыс шекара бөліміндегі Кеңес Сұлтанов  хабарласып тұр.

Дауыс ( әйел адмның дауысы). Сәлеметсіз бе? Бұл  «Болашақ» бизнес бастау орталығы. Біз сіздің жаңа мүмкіндіктерге жетіп, баю жолына түсуіңізге көмектесеміз.

Кеңес. Кешіріңіз, бұл бас штабтың номері еді ғой.

Дауыс. Жоқ. Бұл «Болашақ» бизнес бастау орталығы.

Кеңес. Қалайша өзгеріп кеткен?

Дауыс. Кешіріңіз, біз ондай сұрақтарға жауап бере алмаймыз.

Телефон үзіліп кетеді. Екеуі үйшіктен шығады.

Кеңес. Номерді қате теріп алмадың ба?

Кеңес. Дәл сол номер.

Кеңес. Қандай орталықпыз дейді?

Кеңес ( есіне түсіре алмай). Би орталығы..... жо...жоқ бизнес орталық дейді

Кеңес. Бизнес деген  не сонда?

Кеңес ( ойланып). Тамақтың аты болу керек.

Кеңес. Адамның аты секілді.

Кеңес (қайғылы үнмен). Енді не істесек болады?

Кеңес. Қайта бір хабарласып көрші?

Екеуі үйшікке қайта кіреді.

Үнсіздік.

Дауыс (әйел адамның дауысы). Сәлеметсіз бе! «Төтенше жағдайлардың алдын алу» бөлімі сізді тыңдап тұр, айта беріңіз.

Кеңес. Бізге көмектеріңіз керек.

Дауыс. Иә, айтыңыз қандай көмек керек еді.

Кеңес. Біз қамауда қалдық,

Дауыс. Кім сіздерді қамап жүрген?

Кеңес. Құдай... жо.. жоқ. Кім екенін білмейміз.

Дауыс. Қазір қайдасыздар?

Кеңес. Біз еліміздің шығыс солүстік шекара аймағында күзеттеміз.

Дауыс. Нақты айтыңызшы.

Кеңес. Қызыл ту ауылынан шығысқа қарай он бес шақырым жерде орналасқан шекара күзетіндеміз.

Дауыс. Қазір кішкене күте тұрыңыз.

Үнсіздік

Дауыс. Кешіріңіз. Картада ондай ауыл көрсетілмеген.

Кеңес. Көрсетілмегені қалай? Біздің қолымыздағы картада бадырайып тұрмай ма?

Дауыс.Біздің қолымыздағы картада Қызыл ту деген ауыл мүлде жоқ.

Кеңес. Сіз нақтылап қарадыңыз ба?

Дауыс. Біз спутникпен бақылаймыз. Бірақ сіздер айтқан ауыл мүлде жоқ.

Кеңес. Бұл мүмкін емес!

Дауыс. Мүмкін өзіңіз шатасып тұрсыз.

Кеңес. Алтынай бұл сенбісің? Мен Кеңеспін ғой.

Дауыс (еркектің күлкісі қоса естіледі). Қоя тұршы.

Кеңес. Алтынай, не дейсің?

Дауыс. Кешіріңіз, сізге емес.

Кеңес. Алтынай, қасыңдағы еркек кім?

Дауыс. Дұрыстап ойланып алып, қайта хабарласыңыз.

Кеңес. Трубканы қойма. Дұрыстап сөйлеселік.  Мен сені әлі де бұрынғыдай жақсы көрем.

Телефон үзіліп кетеді. Екеуі үйшіктен шығады.

Кеңес. Қайдағы Алтынайды айтып шатып кеттің?

Кеңес. Дауысы соның дауысы ғой, байқамадың ба?

Кеңес. Мүлде басқа адам ол.

Кеңес. Бағанадан бері барлық телефонда жауап беріп отырған сол ғой.

Кеңес. Ол болуы мүмкін емес.

Кеңес (шамданып). Сен байқамайсың, әлбетте. Саған тамақ қана болса болды.

Кеңес. Осы уақытқа дейін мен сені сүйреп келе жатырмын.

Кеңес. Ол мені ешқашан сүйген емес.

Кеңес. Сен оны іздемедің ғой.

Кеңес. Мен оны іздедім, бірақ таба алмадым.

Кеңес. Штабтың номерін сұрауымыз керек еді.

Кеңес. Алтынайды айтасың ба?

Кеңес. Ақылыңнан алжасқанбысың, ол жәй бір әйел ғой.

Кеңес. (қамыққан бейнеде). Маған өкпелі секілді қасарысып тұр. Айта қояр ма екен.

Кеңес. (Кеңесті сілкілеп). Ақылыңнан алжасайын дедің бе?

Кеңес ( жерге отыра кетіп, жыламсырап). Мен сені іздеп жүрмін деп айтуға да үлгіртпеді.

Кеңес. Ол баяғыда қорадағы белағашқа асылып өлген.

Кеңес. Мені мүгедек деп менсінбеген болды.

Кеңес. Сенің бар мүшең сау тұр  ғой.

Кеңес. Оны саған айта алмаймын.

Кеңес. Менен ештеңеңді жасыра алмайсың.

Кеңес (торығып). Енді не істейміз?

Кеңес. Қайта хабарласып көрелік.

Екеуі қайтадан үйшікке кіріп кетеді.

Үнсіздік.

Дауыс ( әйел адамның дауысы).  Сәлеметсіз бе?

Телефон үзіліп кетеді.

Екеуі үйшіктен шығып, сілейіп ұзақ тұрады.

Кеңес. Жаңағы әйел кім болды екен?

Кеңес. Алтынай емес.

Кеңес. Тағы да хабарлассақ қайтеді?

Кеңес. Бәрібір бас штабтағылар телефон қабылдамайды.

Кеңес. Сонда телефон қабылдаушылар  үздіксіз өзгере беретін болғаны ма?

Кеңес. Өзгерудің шегі жоқ болуы мүмкін.

Кеңес ( таңданынп) . Мәңгі осылай өзгере беретін болғаны ғой.

Кеңес сахнаның сол жағына барып айғайлайды.

Кеңес (айқайлап). Күзетші, ау, күзетші?

Кеңес (жақтырмай). Отыз жетінші номер, неменеге сонша айғайлайсың?

Кеңестің қасына қайтып келеді.

Кеңес. Он алтыншы номер, мен  күзетшіні шақырып жатырмын.

Кеңес. Отыз жетінші номер, қайдағы күзетшіні айтып тұрсың?

Кеңес ( кеңеске сыбырлап). Бізді қамап қойды ма екен деймін.

Кеңес (түсінбей). Не үшін қамап қояды?

Кеңес. Мен де білмеймін ғой не үшін қамағандарын.

Кеңес. Мүмкін, бізді жазаға тартатын шығар.

Кеңес. Отыз жетінші номер мен ешқандай күнә  өткізбедім.

Кеңес. Сонда  түрмедеміз деп ойлайсың ба?

Кеңес (қорғанды көзімен шолып). Түрменің биік қорғандарынан аумай тұрғанын байқамадың ба?

Кеңес (қорғанды көзімен шолып). Бесінші түрменің қабырғалары секілді екен.

Кеңес. Иә, сыз тартып, ( иіскелеп) көгерген  иіс мұрныңды жарады.

Кеңес. Бірақ, бұл мүмкін емес. Біз еркін адамдармыз ғой.

Кеңес. Иә, біз шекара күзетіндегі әскерлерміз.

Кеңес. Бәлкім, істеген күнәмізді білген шығар.

Кеңес. Қай күнәмізді айтасың?

Кеңес. Қайсыбірін айтайын.

Кеңес. Бізді түрмеге қамаған болса күзет қоюы керек қой.

Кеңес. Күзетші ұйықтап қалған шығар.

Кеңес. Тағдырға көнуден басқа амал жоқ.

Кеңес. Бірақ  шекараны адалдықпен күзетіп тұрғанымызға күмәнің болмасын.

Кеңес. Қаншама ұйқысыз түндерді өткіздік.

Кеңес. Қарауылдың басында суыққа тоңдық.

Кеңес. Бір атыста иығыңнан жараланғаныңды қосып қой.

Кеңес. Күзетшіден білсек қайтеді.

Кеңес. Нені білгің келеді?

Кеңес. Бізді неге қамайды, біздің жазығымыз не?

Кеңес ( қуанып). Мүмкін өзімізді ақтап алармыз.

Екеуі сахнаның оң жағындағы қорғанның түбіне барып тұрады.

Кеңес ( айқайлап). Ей, күзетші, бар болсаң тіл қат.

Кеңес (ол да айқайлайды). Күзетші, бізді тыңдап тұрмысың?

Кеңес ( айқайлап). Ау, күзетші деймін.

Екеуі қорғанға құлақтарын тосып тыңдаған болады.

Кеңес (күрсініп). Тіл қатпайды.

Кеңес.Ұйықтап жатқан болар?

Кеңес. Күзетті иен қалдырып, қыдырып кеткен секілді.

Екеуі сахнаның сол жағындағы қорғанның түбіне келіп тұрады.

Кеңес (айқайлап). Ей, күзетші, бар болсаң тіл қат.

Кеңес. Ей, Мұра. Сенбісің күзетте тұрған?

Кеңес.(айқайлап). Не үшін қамағандарыңды түсіндіретін уақыт жетті.

Кеңес. Колхоздың қойын ұрлаған мен емеспін. Әсет болатын.

Кеңес. Нан ұрлап жеген үшін қамау қай заңда бар екен?

Кеңес. Тіл қатар түрі жоқ.

Кеңес (ашуланып). Қандай қырсық еді өзі.

Кеңес (айқайлап). Ей, күзетші, тыңдап тұрмысың бізді.

Кеңес ( ол да айқайлап).  Бізді неге қамадыңдар?

Кеңес. (айқайлап). Қамайтындай қандай қылмыс жасадық ?

Құлақтарын қорғанға тосып тыңдайды

Кеңес. біреу жүрген секілді ме?

Кеңес. аяқ басқан дыбысы естіліп тұр.

Кеңес (бас киімін шешіп, құлағын төсеп). Шынымен аяқ дыбысын естіп тұрмысың?

Кеңес. соған оқсайды.

Кеңес. гуілдеп соққан жел ғой.

Кеңес. жаңа біреу жүргендей болған.

Кеңес. ұшып өткен құс секілді.

Екеуі үйшіктің қасына қайтып келеді де, көрерменге қарап ұзақ үнсіз тұрады.

Кеңес (қайғылы үнмен). Қайда тұрғанымыз жәйлі қуанарлық бір нәрсе айтшы.

Кеңес. Шекара күзетінде тұрғанымызға еш күмәнің болмасын.

Кеңес (қуанып). Біз түрмеде емес болдық қой сонда?

Кеңес. Қамауда болсақ күзетші болар еді.

Кеңес. Демек біз еркіндікте жүргеніміз шындық болды.

Кеңес. Мен саған біз еркіндіктегі адамдармыз деп баяғыда айтқан болатынмын.

Кеңес. Неге бұлай тығырыққа тіреліп қалғанымыз туралы ойланалық.

Кеңес (ойланған болады). Мен ойлана алмаймын.

Кеңес. Неге ойлана алмайсың?

Кеңес. Мен осы уақытқа дейін ойланып көрген емеспін.

Кеңес. Тыныштал, сәл ойланайын.

Екеуі  үнсіз тұрады.

Кеңес (айқайлап). Ау, кім бар мұнда, қорғанның сыртында адам бар ма?

Кеңес. Біреу болса тіл қатар еді.

Кеңес ( айқайлап).  Сыртта тірі пенде болса тіл қатыңдар!

Кеңес ( айқайлап). Кім бар мұнда?

Кеңес (айқайлап). Ей, тіл қатыңдар!

Үнсіздік.

Сахнаның түбіндегі шекараны бөліп тұрған қорғанның арғы бетінен думанды  музыканың үнімен  бірге әйелдердің күлкілері,бокалдардың сыңғырлаған дауысы қатар естіледі. Көңілді кеш болып жатқан секілді.  Екі Кеңес те мылтықтарын кезеніп, жерге жата калады.

Кеңес (сыбырлап). Бұлар қайдан жүр?

Кеңес ( сыбырлап). Көрші елдің әскерлері келген секілді.

Кеңес. Қыз- қырқындарды ертіп алыпты.

Кеңес. Көңілді ғой өздері.

Орындарынан тұрып,  сахнаның түбіндегі қорғанға келеді де, тыңдайды. Музыка дауысы, әйелдердің күлкі аралас дауыстары. естіліп тұрады.

Кеңес. Қарасақ қайтеді?

Кеңес. Біліп қоймай ма?

Кеңес. Білсе, көмек сұраймыз.

Кеңес. Атып тастап жүрмесін.

Кеңес. Абайлайық!

Кеңес қорғанның  қабырғасынан кішкентай тесік ашады. Тесіктен жарық түсіп тұрады. Сығалап қарайды.

Кеңес ( таңғалған дауыспен). Мына жақ бау-бақшаға айнлалып кетіпті ғой,

Кеңес. Қойшы, кеше ғана иен, тақыр дала емес пе еді.

Кеңес. Жап- жасыл шалғын, жапырағы жайқалған жеміс  ағаштар өсіп тұр. Ұшып жүрген Құстарды қара!

Кеңес (тыңдаған болып). Сыңғырлаған  Бұлақтың дауысы естіліп тұр.

Кеңес. Бақшаның арғы бетінде  екі қабатты зәулім үй көрініп тұр.

Кеңес (қуанып). Біз армандағандай ма?

Кеңес. Ас толы дастархан басында  бір ер адам отыр.

Кеңес. Командир емес пе?

Кеңес. Теріс қарап отыр. Тани алмадым.

Кеңес (қомағайланып). Қандай тағамдар тұрғанын айтшы?

Кеңес. Алма, алмұрт. Бір табақ қақталған қой еті, тауық еті, манты, арақ- шараптар тұр.

Кеңес (кеңесті итеріп). Мен де көрейінші.

Кеңес. Күте тұршы

Кеңес. ( кеңесті итеріп жіберіп, қарайды, таңданып). Қандай көркем жер, қандай күшті жарық!

Кеңес. Кәдімгі жәннаттың өзі десең де болады.

Кеңес ( таңқалған дауыспен). Бір топ қыз билеп жүр. Қандай сұлу еді!

Кеңес (құмартып) . Жалаңаш па?

Кеңес. Жамылғылары бар.

Кеңес. Олар не істеп жүр мұнда?

Кеңес. Көңіл көтергелі келген секілді.

Кеңес. Арасында Алтынай жоқ па, қарашы!

Кеңес. Байлардың арасында оған қайдағы орын.

Кеңес ( Кеңесті итереді). Мен көрейін.

Кеңес. Жұпар иіс мұрнымды жарып барады.

Кеңес ( Кеңесті итеріп жеберіп, қарайды. қуанып). Алтынай жүр орталарында.

Кеңес. Жынданғанбысың, ол баяғыда у ішіп өлген.

Кеңес. Алтынай деп айқайласам қайтеді?

Кеңес. Ол Алтынай емес.

Кеңес. Мені кедейсің деп менсінбеді. Астында қымбат көлік. Қалада екі жерде үйі бар екен.

Кеңес. Ол да сені жақсы көрген болатын.

Кеңес. Енді міне әлгі бір шығыс ертегілеріндегідей керемет көркем бақшасы да бар екен.

Кеңес. Оның өлгеніне отыз жыл болды.

Кеңес. Дәл соның өзі. Сен оны танымайсың.

Кеңес. Олардан көмек сұралық.

Кеңес. Ол маған өкпелі, жауап бермей қояр ма деп қорқамын.

Кеңес ( тесіктің түбіне келіп, дауыстап сөйлейді). Бізге көмектеріңіз керек еді.

Кеңес ( тыңдаған болып). Естіген жоқ.

Кеңес ( дауысын көтеріп). Бізді тыңдап тұрсыздар ма?

Кеңес. Ол қырсық деп айттым ғой.

Кеңес (қорғанды ұрғылап, айқалайды). Мұнда қамалып қалдық. Бізге көмектеріңіз керек.

Кеңес (айқайлап). Алтынай, мен Кеңеспін. Тыңдап тұрмысың?

Кеңес ( айқайлап). Бізді құтқарып алыңыздар!

Кеңес (айқайлап). Маған өкпелі екеніңді білем. Біз бәрін ұмыталық.

Кеңес. Біздің дауысымыз естілмейді.

Кеңес. Ол қасақана істеп тұр.

Кеңес ( айқайлайды). Бізді қапастан шығарып алыңдар!

Екеуі  сахнаның ортасына келіп, құлақтарын басып тұрып бірлікте ұзақ айқайлайды. Музыканың дауысы бірте-бірте бәсейіп, өшеді. Екеуі баяғы орындарына барып, тесіктен сығалайды.

Кеңес ( тесіктен сығалап). Кетіп қалыпты.

Кеңес. Қайда кетті?

Кеңес. Үйлеріне кеткен болу керек.

Кеңес (үрейленіп). Енді кім құтқарады бізді бұл тығырақтан?

Кеңес. Бір  құтқарушы келіп қалар.

Кеңес. Жұрттың бәрі қамауда қалып, өздерімен әбігер болып жатқан шығар?

Кеңес (қайғылы үнмен). Енді не істеуіміз керек?

Кеңес. Бір амал табайық.

Кеңес. Жерді қазып, қорғанның астынан өтелік.

Кеңес. Қорғанның сыртында тағы да қорған болып жүрмесін.

Кеңес. Онда терең қылып қазалық.

Кеңес үйшіктен күрек алып келеді. Екеуі сахнаның сол жақ шетіне барады. Кеңес жерді қаза бастайды

Кеңес (жерді қазып жатып). Оймақтай тар жерге қамалып өміріміз өтпек пе?

Кеңес. Уайымдама, біз шығып кетеміз?

Кеңес топырақ арасынан жас баланың  аяқ киімін алып шығып Кеңеске ұстатады.

Кеңес. Біз кімбіз сонда деген сұрақ мені мазалайды.

Кеңес (аяқ киімді аударыстырып қарап). Бұл аяқ киімді жоғалтып алып, әкемнен сөгіс естіген едім.

Кеңес. Сонда не істеді саған?

Кеңес. Қараңғы бөлмеге бір күн бойы қамап қойды.

Кеңес тереңдетіп қаза бастайды. Ордың ішінен сурет алып шығады.

Кеңес (суретті көрсетіп). Мұнда сурет те бар екен.

Кеңес ( суретті қолына алып). Бес жас кезімдегі сурет ғой.

Кеңес. Бұл сенбісің?

Кеңес. Иә, менмін.

Кеңес. Қасыңдағы кім?

Кеңес (суретке үңіліп). Әкем секілді. Оның бейнесі толық есімде қалмапты.

Кеңес ордың ішінен арқан алып шығып,Кеңеске ұстатады.

Кеңес (арқанды қолына алып). Бұл әкем асылып өлген арқан ғой. шешем жылап жүріп, өз қолымен өртеп жіберіп еді бұл арқанды. Мен онда кішкенемін, еміс-еміс есімде.

Кеңес. Неге асылып өлді?

Кеңес. Неге асылып өлгені әлі белгісіз.

Кеңес. Тоқсаныншы жылдары көп адам асылып өлді ғой.

Кеңес орды тереңдетіп қаза бастайды. Ордың ішінен кісен алып шығады.

Кеңес ( кісенді көрсетіп). Мынаны қара?

Кеңес ( қорқып, айқайлап, көзін басып алады). Таста ары қарай. Көрсетпе маған.

Кеңес ( кісенді орға тастап). Неге сонша қорықтың?

Кеңес. Мынау дәл сол кісен ғой.

Кеңес. Қайсы кісен дейсің мұны?

Кеңес. Бала кезімде үйдің алдында ойнап жүргенде қол- аяғына кісен салған бір адамды алып бара жатты. Кісен қолдарын қиып кеткен. Ана адамның қолындағы кісен сылдыр- сылдыр етеді. Менің қасымнан жанап өтті.

Кеңес. Мынау дәл сол кісен екеніне сенімдісің бе?

Кеңес. Дәл сол кісеннің өзі. Сылдырлаған дауысы да аумайды.

Кеңес. ( ордан  тағы бір сурет алып кеңеске береді ). Мұнда тағы бір сурет бар екен.

Кеңес (суретке қарап). Мынау сол кісендеулі адамның  дәл өзі ғой.

Кеңес орды тереңдетіп қазып, әртүрлі заттарды сыртқа қарай лақтыра бастайды.

Кеңес. Мында кітап, киім, не деген көп заттар еді.

Кеңес. Менің  өмірде көрген, қолданған, естіген, дәмін татқан заттарым ғой.

(Кеңес заттарды лақтыруын тоқтапайды). Мүлде қоқысыққа толып кеткен.

Кеңес. Атамнан қалған бір мұра бар еді, оны кейін жоғалтып алдым. Иә, жоғалтып алдым. Сол жоқ па екен қарашы.

Кеңес. Ол қандай зат еді?

Кеңес ( ойланған болып). Әйтеу бір ескі зат, бабамыздан қалған мұра еді.

Кеңес. Атын айтсаңшы.

Кеңес. Атын деймісің. Аты қалай еді, құдай-ау! Атын ұмыттым, ол өте ескі зат болатын.

Кеңес (орды тінтіп). Мында ондай ескі заттар жоқ. Түгелдей жиырмасыншы ғасырдың заттары ғана.

Кеңес. Қандай өкінішті

Кеңес ордан қоқысықтарды үздіксіз қазып шығара береді.  Әртүрлі заттар араласқан қоқсық үйіліп қалады.

Кеңес. Қоқсықтарды тазалап біту мүмкін емес. Қазған сайын шығып жатыр.

Кеңес. Себебі мен өмірімде көп нәрселерді көрдім, қолдандым, тыңдадым ғой.

Кеңес. Іші қоқысқа толған, қанша қазсам да тереңдейтін емес.

Кеңес. Қоқсық деме, олар менікі ғой?

Кеңес. Сенікі болғанымен түгелдей қоқыс жиналып қалыпты.

Иттің үрген дауысы естілгендей болады.

Кеңес ( селік етіп). Ненің дауысы?

Кеңес ( айналасына қарап). Ештеме естіп тұрғам жоқ.

Кеңес. Ит үргендей болды.

Кеңес. Көрші ауылдың иттері шығар.

Иттің үрген дауысы окоптың ішінен анық естіледі.

Кеңес (шошына). Командир қайтып келген бе?

Кеңес. Мүмкін емес. Ол мұнда қалай кіреді?

Кеңес. Дәл соның итінің дауысы.

Иттің үрген дауысы тағы да қайталанады.

Кеңес (шошына). Дәл соның өзі.

Кеңес (шошына). Дәл соның өзі.

Кеңес ( Кеңеске сыбырлап). Енді не істейміз?

Кеңес ( ол да сыбырлап). Енді не істейміз?

Кеңес. Қамауда қалғанымызды мәлімдейік.

Кеңес ( қорыққан дауыспен). Мен оған айта алмаймын. Ол итіне талатады.

Кеңес. Бізді неге қамап қойғанын сұрайық?

Кеңес. Біз кімбіз деп сұрайық.

Кеңес. Біздің қандай күнәміз барын да сұрайық.

Кеңес. Бұл мүмкін емес. Олай айту да, сұрау да күнә. Осы сұрағымыз үшін азаптайды бізді.

Кеңес (қорқынышпен). Отқа қақтайды.

Кеңес. Денемізден ірің аққанша азаптайды.

Кеңес. Оған артық сұрақ қоюға болмайды.

Иттің үрген дауысы мен бірге командирдің аяқ дыбысы естіледі.

Кеңес. Шығып келе жатыр.

Кеңес ( қорқынышпен). Енді не істейміз?

Кеңес. Күзетке тұруға дайындал.

Кеңес ( түсінбей). Не қылған күзет?

Кеңес. Шекара күзетінде тұрғанымызды ұмыттың ба?

Кеңес. Шекара күзетінде тұрғанымызға сенімдісің бе?

Кеңес. Енді қайдамыз деп ойлайсың?

Кеңес. Шекара күзетінде тұрсақ неге қамауда тұрмыз онда?

Кеңес. Қамауда тұрмыз деп қалай айтамыз оған?

Иттің үрген дауысы шығып, адамның аяқ дыбысы үдей түседі. Екі Кеңес те жүгіре жөнеледі де, екеуі де қарауылдың басына шықпақ болып ұмтылады. Оларынан түк шықпайды. Ақыры екі елді бөліп тұрған қорғанның түбіне келіп екеуі екі жерге күзетте тұрған адамша қақиып тұра қалады.

Кеңес (сыбырлап). Біз қайда тұрмыз?

Кеңес ( ол да сыбырлап). Біз қайда тұрмыз?

Кеңес. Біз кімбіз?

Кеңес. Біз тұтқын быз... жоқ.... жоқ  біз шекара күзетінде тұрған әскерлерміз.

Иттің үрген дауысы мен бірге командирдің шығып келе жатқан аяқ дыбысы естіліп тұрады. Перде жабылады.

Соңы.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341