Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 6049 8 пікір 19 Қаңтар, 2018 сағат 10:22

Ислам діні отанды сүюге үндейді...

Елбасымыз Н.Назарбаевтың тарихи құжатқа айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» - деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталады.

Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» - деп бекер айтпаған ғой.

Расында,  сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Әйгілі Бейбарыс бабамыз  шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды иіскеп, туған жерге деген сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін  сақтау керек.

Тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыздың атажұртқа қайта оралып, туған жерге ту тігуі елге, жерге деген зор махаббаттың белгісі. Біз алыстан ата жұртын аңсап келген ағайындарға зор құрметпен қарауымыз керек.

Біз тәуелсіз Отанымыз Қазақстан деген елде бақытты өмір сүріп жатқан елміз. Алланың нұрына бөленген бақытты халықтардың біріміз. Әлемде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін  ғасырлар бойы күресіп келе жатқан халықтар бар. Солардың  көпшілігі үшін азаттық таңы қол жетпес үлкен арманға айналып отыр. Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет  етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек. Біріккен Ұлттар ұйымының төріне шығып, Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз осы ел азаттығының жемісі.

Қоршаған ортасына, ата-анасына, туған-туысына деген ыстық ықылас Отанға деген сүйіспеншілікке ұласса, ол адамның рухани деңгейінің биіктігі. Ұлтымыздың әйгілі шешені  Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған.

Сондықтан әрқайсымыз Отанмызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек. Және де жас ұрпақтың бойына ел тарихын, шежіресін сіңіру аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Несін жасырамыз, әлі де болса арамызда жеті атасын білмейтін егде адамдар бар. Шежіре білу рушылдық емес, тектілік болып табылады. «Жеті атасын білген жеті рудың қамын жер», - деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой.

Бауыржан Момышұлы: «Опасызда - Отан жоқ» деген екен. Отанын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тәрк етіп, басқаның жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да  кездеседі. Біздің ортамызға от тастап, бірлігіміздің шырқын бұзуға тырысатын сырт күштер бар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қазақ дінге, тілге бөлінбеу керек. Бұл баяғыдан келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» деген шеттен келген басқыншылардың  тәсілі. «Біріңді қазақ бірің дос,көрмесең істің бәрі бос»,- деп айтқан хакім Абайдың даналығын  бүкіл қазақ ту етіп ұстағаны абзал.

Дініміз Ислам туған жерді, Отанды ардақтауға шақырады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Отанды сүю – иманнан», - деп бекер айтпаған.

Төл дініміз – Ислам  бес нәрсені – Отанды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді көздің қарашығындай сақтауға шақырады.

Отанға, туған   жерге деген құрмет отбасынан бастау алады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Басшы еліне, отағасы жанұясына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», - деп ата-ананың ұрпақ алдындағы міндетін айрықша айқындап айтқан.

Өкінішке орай, біздің ата-аналар жұмысбастылықты сылтау етіп, бала тәрбиесін уысынан шығарып алды.  Қазір немересіне ертегі айтатын әже, ел шежіресін баласына жаттатын ата некен саяқ кездеседі.

Елбасымыз мақаласында туған жерге тағзым ету мәселесін өте орынды қозғап отыр. Егемендігіміздің арқасында елімізде қаншама кәсіпкерлер, қалталы азаматтар пайда болды. Сол азаматтар Алла берген дәулетін ел игілігіне жұмсаса, нұр үстіне нұр болар еді. Дегенменде, көп жағдайда өреміз жетпей, қолға келген мол қаржыны далаға шашатын жайымыз бар.

Тарихқа барлап отырсақ, Алла берген дәулетін ел игілігіне жаратып, ел жадында мәңгі қалған тұлғаларымыз баршылық. Мысалы 1836 жылы Семей шаһарында өз қаржысымен мешіт салдырған Тыныбай Кәукенұлының есімін әлі күнге дейін  Семей халқы зор құрметпен  еске алады. Атымтай жомарттың  салдырған мешіті екі ғасырға жуық ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Бүгінде Тыныбай мешіті еліміздегі көне ғибадатханалардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, Семей қаласында ХІХ ғасырдың ортасында мұсылман көпестері салдырған бірнеше мешіт әлі күнге дейін жамағаттарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

Арғы бетте өмір сүрген Баспай байдың жомарттығы, елге деген қамқорлығы жұрт  арасында осы уақытқа дейін аңыз болып айтылуда.Ол кісі Еміл өзенінің үстіне көпір салдырған, талай мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынған екен.

Меніңше ата-бабаларымыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-тың:   «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Олар жүріп тұратын садақасы (жол, мектеп, мешіт, көпір салу) пайдалы білім және өзіне дұға ететін салиқалы ұрпақ» - деген ұлағатты хадисін әрдайым өмірлік ұстанымға айналдырған екен.

Туған ауылға, жерге көмек көрсету үрдісі бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, бұрын мектеп бітірген жастардың өздерінің 10, 20 жылдық кездесулері кезінде туған ауылдарына, білім алған мектептеріне  материалдық көмек ұсынуы көңілге қуаныш ұялатады. Алдағы уақыттарда осындай елге көмегі бар шаралар көптеп атқарылатынына сеніміміз мол.

Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Шекараны және Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзету бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде нәпіл  намаз оқудан қайырлы» деген екен.

Тарихымызға көз салсақ, осындай ұлан ғайыр кең дала ата-бабаларымыздың  асқан ерлігімен, қанымен жеткен. Отан тарихындағы Абылай хан, Хан батыр  Қабанбай,  қанжығалы Бөгенбай, Райымбек, Шыңқожа, Боранбай сынды тағы басқа елге қорған болған  алып тұлғаларымыздың есімін жас ұрпақ ортасына кеңінен насихаттау керек. Бұл шара отбасында, мектепте, БАҚ-тарда  кеңінен үлкен өріс алса. Өкінішке орай, елге тұлға болған, ұлт  азаттығы үшін жанын пида еткен даңқты бабаларымыздың есімі тек белгілі мерейтойларда ғана айтылады. Неге қазақтың әйгілі қолбасшылары туралы көркем кинолар түсірмеске? Бұл тақырыптардың  бүгінде біз үшін тәрбиелік мәні зор.

Таяуда жұмыс барысымен  қаламыздағы бір  үлкен мемлекеттік мекемеге бардым. Мекеме ғимаратының дәлізіне  қазақтың ел қорғаған бүкіл  батырларының суретін  іліп қойыпты. Қандай ғибратты іс!

Өзім қасиетті Шыңғыстауда дүниеге келіп, өстім. Қазақтың даналары дүниеге келген елдің бір ерекшелігі жасымыздан Абайдың, Шәкәрімнің даналығын және өңірдің тарихын  жаттап өстік. Өлке тарихын бізге бастауыш сыныптардан  бастап  санамызға сіңірді. Хакім Абайдың 100-ге  жуық өлеңін жатша оқитын балаларды ауданның кез-келген мектебінен кездестіруге болады. Бұл дегеніміз тәрбие жолындағы аға ұрпақтың кейінгі толқынға жасаған  ғибратты  еңбегі. Осындай үрдіс еліміздің әрбір өңірінде қолға алынса деген ұсынысымыз бар.

Елбасымыздың: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген сөзімен мақаламды түйіндей келе, барша     отандастарымды  егеменді еліміздің жарқын болашағы жолына аянбай еңбек етуге шақырамын.

Алла Тағала сүйікті Отанымыз - Қазақстан Елін жарқын болашаққа бастап, әрдайым береке-бірліктің ордасы болуын нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин.

Мақсат  қажы Алтыбай,

ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы,

Семей қаласындағы қос мұнаралы

орталық мешіттің  бас имамы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434