Қытай қысымы қаншалықты рас?
– Ассалаумағалайкум!
– Уағалейкумуессалам!
– Елге барып келіпсің, ел жұрт қалай екен?
– Естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді айтайын ба?
– Естігенің өтірік болар, көргеніңді айтшы.
– Өмірімде отырып көрмеген қытайдың ерекше сақшы отрядының көлігіне де отырып көрдім, қонақ боп емес, қылмыскер ретінде... Олар шетел азаматын әсіресе Қазақстан азаматтарын жансыз не жау ретінде қарайтыны айдан анық болды. Тексерді, сұрақтың астына алды...
Елден тыныштық кеткен. Үрей мен қысым астындағы жұрт абайлап сөйлеп, әр қадамын аңдып басатын болған. Қазақстаннан келген туысқанын қонаққа шақырудан, ас беріп әңгіме сұраудан қалған. Шетелдікті, әсіресе Қазақстандықты қонақ етіп шүйіркелескен адам аты шулы «идеясы дұрыс емес» деген қалпақ киіп кетері анық. Ондай жандар аты «саяси үйрену» болғанымен, заты «түрмеге» айдалары хақ. Мен де туыстарымның сол аты шулы айыптауға ілініп кетуінен қауіптеніп үйлеріне де бара алмадым...
Аптаның басында ту шығарып, әнұран айтуға мемлекет қызметкерлері ғана емес, қарапайым ауыл тұрғындары да міндеттелген. Кім сол рәсімге кешіксе, не бармаса, «идеясы дұрыс емес» деп айыпталып, сұраусыз темір торға қамалады.
Қытайда жолаушылап жол жүру де қиынның қиыны болып тұр. Екі аттам жердің бәрі тексеріс, қытай азаматтары жеке куәліктерімен тексеріс функтеріндегі арнайы аппараттардан өтсе, шетел азаматтары төл құжаттарын тіркеу орындарына барып сағаттап күтіп, тексеріліп, тіркеліп өтуі шарт (олар жәй тіркемейді, сұрақтың астына алып, қауіппен қарап, жау көргендей жиырылады). Жол бойы басып өтетін аудан, ауыл, елді мекеннің бәрінен осылай өтесіз...
Ол жерде өзіңді бейне бір қылмыскердей сезінесіз, қала көшелері, мемлекет мекемелер, мектеп, балабақша, базарлар тіптен алаңдар тікен тормен торланып, биік қоршаулар салынып, кірер ауыздарында тексеріс аппараттары қойылған. Әр қадам сайын тексеріс, «ойбайлатып» шырағын жаққан сақшы машиналары сес көрсетіп, үрейіңді алады. Ең қиыны әр қазақ отбасына бірден қытай ұлтынан «туыс» тағайындағаны (жансыз деп атағымда келеді) діні, тілі, ділі бөлекті, былайша айтқанда үш қайнаса қазаққа сорпасы қосылмайтын қысық көзді туғаныңдай көріп, барыс-келіс жасау, дастарқандас болу (қытай отбасынан, қытай дастарқанынан дәм тату қазақ үшін, мұсылман үшін өліммен бара бар еді) керек. Қазақ ұлтынан болған мемлекеттік қызыметкерлерді, қытай мейрамханаларына әдейлеп қонақ ету, бармаса аты жаман «саяси үйренуге» жіберу, мұсылманша амандасқандарды, ас қайырып бет сипағандарды, үйінде әруақтарға арнап құран бағыштағандарды, «идеяң дұрыс емес» деп сұрақсыз, сотсыз, темір торға қамай беру, бұл қазаққа қасақана жасалып отырған қастандық екені белгілі.
Діни сенім еркіндігіне, азаматтық құқығына қол сұғып, үй-үйді аралап Құран кітаптарды, жайнамаздарды, құран жазуы бар кртиналарды тәркілеу, мешіттерді қирату, не күмбезін күйретіп, айбелгісін алып, есігін құлыптау, мұсылманша жерлеу рәсімдеріне шектеу қою белең ала бастады.
Қытай Қазақстанды 26 қауіпті елдің қатарына енгізгенінің белгісі ретінде Қазақстаннан келген әрбір азаматты қатаң тексеріс жасап, оның басқан ізін, жүріс-тұрысын аңду; тіркелмеген үйден басқа үйге барса сол үйдегілердің жауапқа тартылуы; этникалық қазақтардан төлқұжаттарының тартылып алынуы: үйінде Қазақстан заттарының (электрпеш, самаурын, кәдесый бұйымдары...) тәркіленуі; базардағы шетел тауарларын сататын дүкендерден Қазақстан өнімдерінің жаппай тәркіленуі; Қазақстандағы туыстарымен телефонда, не әлеуметтік желіде байланыста болуына түбегейлі қарсы болуы; Қазақстанда оқитын студенттердің ата-аналарының қыспаққа алынуы; Қазақстанға шығатын паспорт жасатуды ұлты қазақтарға тоқтатуы (моңғол, қытайлар еркін жасатып жатыр); Қазақстан азаматын алған қазақтардың қытайдағы тіркеуін өшіру үшін қан сараптама (DNK), көз жанары, бармақ іздері, дауыстық жазбасын алуы, әрі не кәсіппен айналысатыны, мекенжай, телефон нөмір, қандай әлеуметтік желіге тіркелгені, қандай туысқандарының бар екені, тіпті ЖСН-ге дейін сұратуы тегін емес...
Қытайдан елге жүрегім қан жылап оралды, екінші Қытайға бармастай болдым, бірақ ондағы қазақтар менің ет жақын қандастарым, қапасқа қамалған даланың тағысы, рухын Қытай түрмелері мен қыспақтары өшіре алмаған сансыз қазақтың Алладан үмітін үзбеген, тілін де ұмытпай, жаратушының ұлық есімін жүрегінде сан мәрте қайталап жатқанын іштей сездім. Шетте жатса да, шекараның арғы бетіндегі бізден бір үміт күтетіндей, еркін өскен түз тағысының темір торда жатып ұяластарынан ұлып-ұлып көмек сұрағанындай көрінді...
Мен журналист болмасам да осындағы қандастарымның бұл жағдайға көз жұма қарап, өтірікке балағаны, әсіресе бірнеше журналистердің сенімсіздікпен сайқымазақ сөздерінен кейін өз көзіммен көріп, жаныммен сезген ақиқатты айтуды өз борышым деп санадым! Журналистер қауымына осы тақырыпта неге журналистік зерттеу жүргізбеске дегім келеді. Шетел ақпарат құралдары осы мәселені көтеріп зерттеу жүргізгеніне бір талай уақыт болды, ал отандық тілшілеріміз бұл зар жылап, запыран құсқан ел тағдырына неге көз жұма қарап, кекетіп сөйлеп, күмәнда болатынына таңым бар?!
Дәлел Жанатұлы
Abai.kz