Түркіменстанда коммуналдық қызмет ақысын бір жылға төлеуді талап етті
Түркіменстанның солтүстігіндегі Дашоғыз уәлаятының тұрғындарынан әлі көрсетілмеген коммуналдық қызмет үшін ақша жинай бастады. Елде бұған дейін мұндай қызмет ақысын жыл соңында жинайтын.
Билік бір жылдың коммуалдық қызмет ақысын алдын ала жинау себебін түсіндірмеді. Азатлык радиосы дереккөзінің мәліметіне қарағанда, аймақтардағы коммуналдық қызмет өкілдері жоғарыдан түскен ауызша тапсырманы алға тартып отыр.
Газбен қамту, өрт сөндіру қызметі, электр, сумен қамту қызметтері үйді-үйді аралап, 2018 жылдың ақысын жинап жүр.
Жергілікті билік өкілдері әрбір отбасынан газ үшін 20 манат (шамамен 6 доллар), суға 24 манат және электр қуатына 30 манат талап етті, деп хабарлады Азатлыктың аймақтағы дереккөзі.
"Ешкім сенің жағдайың мен шағымыңа құлақ аспайды. Төлей алмасаң, 100-ден 420 манатқа дейін айыппұл салады", - деді Дашоғыз тұрғыны.
2017 жылдың аяғында Түркіменстанда халықтың 25 жыл бойы тұтынған жеңілдіктерінің барлығы алып тасталынды. Бұған қоса 1 қарашада Түркіменстанда коммуналдық қызмет тарифтері көтерілді.
Abai.kz