Дәурен Қуат. Бегімайдың «жыры»
(Постмодернисттік әңгіме)
Түн жарымында жазушы досым қоңырау шалды. Қашанғы әдеті осы оның: шабыт қысып шарықтаған шағында, кейде, әлдебір шығармасының соңына нүкте қойып тыныс тапқан рахман сәтінде менің ұялы телефонымды безілдетіп отырып жарты ауыз сөз айтады: «Электронды жәшігіңді қарай сал». Мен де мәселенің мән-жайын сұрап, артық сөзге уақыт шығындаған емеспін. «Мақұл» деймін де электронды жәшігімді ақтаруға кірісемін.
Жазушы досым маған әл-әзір ғана жазып біткен әңгімесін жіберіпті. 12 қаңтар, 20... жыл. Сағат түнгі 03:27. Көпке ұзатпай пікірімді, оқыған-оқымағанымды сұрап тықақтайтын жазушымның талапшылдығын білетіндіктен мен «Бұрыннан сыралғы достар А. қаласындағы мынау деген мейрамханада кездесті» деп басталатын әңгіменің алғашқы жолына үңіле бердім.
ххх
«Бұрыннан сыралғы достар А. қаласындағы мынау деген мейрамханада кездесті Екеуінің бұл кездесуі кездейсоқ кездесу емес, алдына ала келіскен, уағдаласқан кездесу еді. Ауқан Жанбозға қоңырау шалды да, көңіліне желік біткендегі әдетін аңғартып, ақтарыла сөйлеп, лекітіп күле берген.
-Бойыңда әлдебірдеңенің буы бар сияқты ғой? - деді досының көңіл-күйін алыстан танитын қагілез Жанбоз. Кейінгі кездері Ауқан етжеңді, толық адамдардың дауысында болатын майлы, маңғаз мақам тауып жүр еді, сол мақамына салып Жанбозға алдымен:
-Әй, - деп алды. - Әй, ненің буы екенін өзіміз әредік жолығысатын мейрамханада отырып білсеңші. Әлгі бір қысқа жауаптасудан соң достар мейрамханада қашан, қай күні, қай сағатта бас қосатындарын нақтылап алысқан
Ауқан расында ауқымды іс тындырғанға ұқсайды. Бетінің безеуден қалған ойлы-шұңқырынан жылт қызыл тер теуіп, жүзінде сәуле ойнайтын секілді. Абажадай жарықты қойып қалғанда, Ауқан сияқты шойын қаралардың кенеттен, тап қасыңнан табыла кеткендей жарқ етіп көрінетіні бар деп ойлап үлгерген Жанбоз сәл езу тартты.
-Оператор жолдас, қалайсың? – деді Ауқан амандық сұрап жатып, - не, жүдеп кеткенсің бе? Қақшаңдап үйде тұрмайтын қатының дұрыс тамақ бермейді-ау деймін осы сенің?
-Таңнан кешке дейін тапырақтап шабамыз да жүреміз...сондықтан шыр жұқпайды да біздейлерге. Ал, тамақ жағын талғамаймыз, бірақ, қара суға қарын байлайтын сіздей бола алмадық, Ауқа.
Осыны айтып Жанбоз Ауқанның ақтарылып кете жаздап тұрған қарнын үзіп алды:
-Немене, буазсың ба, таңқитпай тартшы әрі құрығырды. Содан соң шынымен таңқалғандай сыңай танытып:
-Бегімайдың беліне артып қоймасаң мына шертиіп шеңбірек атқан пәлемен еркектік міндетіңді атқару саған қиынның қиыны шығар? – деп сұраған. Ауқан ырсылдай күлді:
-Адамнан айла артылған ба, қажет емес сәтінде бұ қарынды жоқ қыла саламыз.
Алдымен осылайша аз-кем қаржасып, қақтығысып барып табысатын достардың құшақтары айқаса кеткен.
-Иә, амансыңдар ма?
-Аманбыз.
-Бегімай бегім былқ-сылқ етіп үйде отырған шығар?
-Айтпа, апталап үйден шықпайды. Жүзімді шаң қабады дейді. Өзіңде бәрі жақсы ма? Досыңды шақырып шанда бір эфирден көрсетіп қоюды да білмейсің?
-Ой, оны продюсер, редактор дегендер бар, солар шешеді. Біз не, «бар» деген жеріне барамыз, «түсір» дегенін түсіреміз. Болды.
-Жә, сөзден жалтарма. Кім еді әлгі... Ауқан жорта ойланып, тілін бұрап сөйлеген: «Прәидюсер» дейтін бәстық «әператор» тәспаға тәртқанді тегіс сыпырып тәстайды дегенді естісем құлағым тас керең болсын.
Ауқан мен Жанбоздың мәслихаты түн жарымына дейін созылған. «Отты судан» молырақ жұтып, алдындағы асқа жапыра кіріскен Ауқанның аузы әңгімеден де босар емес. Жанбоз – ерқара кісі, табаққа көп қол сала бермей, тартынып отырған оның көңілінде алаң бар сияқты.
-Әй, сен же, же де, ішіп ала бер. Қасыңда мен барда құлаштап сілте, - деді Ауқан Жанбоздың жабыраңқы жүзін жадыратпаққа барын салған дос пейілмен дабырлай сөйлеп. Әйткенмен де әріқарайғы айтпағы мүлде басқа екен: – Ауқаң өткенде бір істі қолға алып еді, соның соңы жұныттай «Джип» болып келді. Бүгінгі отырысымыздың мәнісі сол, Жанбозым. Ал, көрімдігіңді дайында. Тоқта, көрімдігің «көк қағаздан» болсын. Өзім соны ырым етіп едім. Сенде доллар жоқ шығар. Жоқ қой, әрине, оны білемін. Сондықтан жыртық теңгеңді жылтыңдатпа маған. Ұқтың ба? Қане, жүр, «Джип» дегеннің қандай болатынын көрсетейін саған.
Ауқан Жанбозды жетелей жөнелген. Сыртта, мейрамхананың автокөліктер тұрағында, бағаналардың басынан төгілген шамның жарығына шомылып мақпал қара «Джип» тұр екен. Алқымы зор, еңсесі биік, тап қазір гүрр етіп отала кетсе, алдындағының бәрін жапырып, тапап тастардай бойынан алапат сес аңғартады. Қатарындағы өзге көліктерге мұрнын шүйіре, аспандап қарайтын секілді: терезесінің әйнегі шытынап, әлдебір жанды мақұлықтай ыңыранған дыбыс білдіреді. «Расында ол алып қоңызға айналып кетсе, қайтер еді?» Жанбоздың көз алдында қап-қара «Джиптен» қап-қара пәле түтеп шыға келгендей елес жүгіріп өтті.
-Ай, не болды сонша көзіңнің сұғын қадап? Машина көрмеп пе едің? Дос деген бұндайда қуанушы еді, құтты болсын айтушы еді? Сен неме тіліңді жұтып қойғандай мелшидің де қалдың ғой! Бұныңыз жарамайды, жолдас оператор! Жүр енді, машинаны жақсылап «жуайық». Сен тост айт.
-Ит те, итке итаяқ үшін керегі шамалы темір көлік те иесіне ұқсайды екен-ау, - деп күлді Жанбоз. – Мына «Джипің» осы тұрғанда: «Мен – Ауқанмын» деп ісіп-кеуіп тұр. Сенбесең қарашы өзің. Ауқан автосалоннан суырып алған су жаңа «Джипіне» қарап мәз болды:
-Рас-ей, өзіме ұқсайды!
-Көрген бетте тілімнің байланып қалғаны шын. Өнерді бағалай білетін адам алдымен мен сияқты үнсіз тұрып барып тілге келеді. Сен оған айып етпе, Ауқа. Мысалы, әйел затында асқан сұлуды көрсең сенің де аузың ашылып, таңдай қағуың мүмкін ғой?
-Жанбоз, мен сұлулыққа таңдай қақпаймын, қанша тұрады екен деп ойлаймын.
-Ал, онда айта қойшы, Бегмай сұлу қанша тұрады?
-Бүгінге дейін қырғын ақшаға келген көйлек-көншегін, опа далабын, иіс-суын қосып бір есептеу керек екен. Сол кезде қанша тұратынын айтамын.
-Сен енді мынаған қара, - деді Ауқан Жанбоз екеуі мейрамханға оралып, ілкідегі орындарына жайғаса бере, - 2 мың долларға сатып алдым. «Айфон». Соңғы үлгі. Сенің иығыңдағы зілбатпан камерадан әлдеқайда күшті. Міне, иненің көзіндегіні көреді.
-Ауқан-ау, сен өзі дүниедегі бардың бәрін сатып алғансың ба, қалай? Бүгінгі әңгімеңнің бәрі «сатып алдым» болды ғой.
-Керек десең мен сен қызмет етіп жүрген телеарнаны да түгел сатып аламын. – Ауқанның көзі ақшиып, әукесін әуелетіп сөйлейтін кезге таяп қалған екен:
-Жә, болды, - деп тоқтатты оны Жанбоз, - бөсе берме. Менің жаурынымды жауыр қылған телеарна кімді екенін білесің бе? – Жанбоздың сұқ саусағы құлағының түбінен антенаға ұқсап қылтиып шықты да, көкке қадалып тұрып қалды. – Мына сөзіңді менен өзге пенде баласы естімесін. Естісе.., ана жаққа.., - сұқ саусақ мейрамхананың шаңырағында ойнаған қызылды-жасыл сәулелерге ілініп, құйын үйіргендей құбылыс аңғартты, - біреу-міреу жеткізіп қойса, сені тақымыңдағы «Джип-мибіңмен» қоса құрдымға бір-ақ атады, білдің бе?.. Сен кімсің? Сен жанқалтасына кешелі-бері жармақ түскен жартыкеш біреусің. Сондықтан, достым, ауыздағы сөзге әркез абай болған абзал.
-Солай ма-ей, Жанбоз? Шынымен солай ма-ей? Жарайды, мен мас боп қаппын. Көп сіміріп жіберсем керек. Мен қайттым. Үйге қайттым. Ақшамның бар-жоғын да білмеймін. Әмияныма қол салғым келмей тұр. Шашып алатын сияқтымын. Осы мен байлығымды шашып алатын сияқтымын. Жақош, ренжімеші. Сен төлей салшы бүгінгі отырыста ішіп-жегенімізді.
Осыны айтып Ауқан ауыр денесін теңшей алмай, ырғала басып сыртқа беттеген. Жанбоз даяшы қызбен есеп айырысып қала берді.
ххх
Студияда кезекті бір бағдарламаны түсірудің қарбаласы басталар тұста ұялы телефоны әуендетіп қоя берген. Жанбоздың жанына жағатын әуен. Асығып телефонның түймесін басты: таныс нөмір, таныс дауыс. Бегімай!
-Жаке, привет! Қалайсың? Это – Бегимай. Извините, что пришлось вас прервать от музы.
-Қайдағы муза, Бегім? Біздікі кәдімгі қара жұмыс. Пашим. Никакой удоволствие. Шабыт та жоқ, шаттану да жоқ.
-Қойыңызшы. Не делайте себя жертвой сами. Сақ ханзадасы туралы деректі фильм түсіріп саңлақ шыққан, алда кең тынысты көркем дүниеге құлаш ұрмаққа дайындалып жүрген болашақ режиссеріміз қайда?
-Менің бар ғұмырым сол «кең тынысты көркем дүниені» түсіруге дайындықпен өтетін шығар? «Сақ ханзадасынан» кейін иығымызға қара камераны қайта іліп, «оператор» дейтін орнымызға аман-есен оралғанбыз.
-Тууу, осы өнер тудырамын деп жүрген еркектерді-ай... жанына жақындап кетсең болды, әйелден әрмен жылап-еңіреп, көзінің жасын көлдетіп шыға келеді. – Бегімай Бегімайға ғана жарасатын сыңғыр күлкісін үзіп, сынық сөйлеуге көшті:
-Сонымен қайта табысатыңдар ма?
-О, не дегенің, Бегім? Әредік бір-бірімізге керек болған кезде ғана табысамыз. Некелескен емеспіз. Оны өзің білесің. Сонымыз бір есептен дұрыс шықты: жұптасып бірге тұрудан жұлқысымыз көп.
-Жанбоз мырза, сіз бүгін көңілссіз сияқтысыз.
-Сенімен сөйлескенде осылай ақтарылып кететінім бар, Бегім. Әйтпесе...былайғы жұртқа томаға-тұйық біреумін. «Әйел жаны құпия» деседі. Жо-жоқ, құлыптаулы құпия мына біздерміз.
-Бәрің емес, - деді Бегімай, - біздікі мысалы қотыр ешкінің қорасы секілді – аңғал-саңғал бірдеңе. Кеше тойлапсыңдар ғой?
-Тойладық. Арқыраған арғымақтарың құтты болсын!
-Да, ладно. Рахмет. Анау саған мақтанып «айфонын» көрсетіп пе еді?
-Көрдік.
-Көрсең сонысын жоғалтыпты. Қалтасынан түсіп қалған ба, әлде ресторандағы жылпостардың бірі жып еткізіп қағып кетті ме, білмейді.
-Табылады, - деді Жанбоз, - алаңдама, табылып қалар. Бегімай күлді.
ххх
«Осы да дос па? Дос болса, бұнікі қандай достық?» Бегімай адам сұлбасы бейнеленген суретке сүзіле қарап отырып ой аулайтын әдет тапқан. Жиегіне алтын жалатқан, күміс шашқан, зүбаржат төккен, гауһардың буына боялған дүние-мүлік, асыл жихаздарды күнде қыдырыстап өтетін Бегімайдың көзі осы бір түсініксіз картинаға таяғанда байланады да қалады. Былайынша алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Керілген кенептің бетін әлдебір кемдарын суретші майлы бояумен ары сүйкектеткен, бері сүйкектеткен, сөйткенде аузын ашып аңқиған домалақ басты пендені долбарлап жасай салған. Оның өзінде де әлгі бәкене бойлы бәле бояулардың тасқынынан әрең көрінеді. Тек аузы, қашан қарасаң да аңырайып ашық тұратын аузыннан алапат айқай естілердей кей-кейде Бегімайдың жанын ышқынтып жіберетін. «Үй қызметшілерінің біріне айтып қоқысқа лақтырта салса қайтер екен?» Бегімай бұрында бұл ойға талай бекіген, талай бекіп, талай айныған. Бүгін де сөйтті. «Дос па осы?»
Жанбоз бен Ауқан бірге оқыпты. Айтуларынша, «құшақтары жазылмай балалық шақтан бері бірге келе жатыр». Бегімай, бірақ, Жанбозды Ауқанмен бас құраған тойларында ғана көрген. Содан бері құлағынан Жанбоз аты бір кеткен емес. Ызыңдайда да тұрады. «Менің жауым да – Жанбоз, досым да – Жанбоз, - деді алғашқы неке түнін өткерген Ауқан ентігін басып, екпінін тежеген бір уақытта, - байқа, ол сезіп қалып жүрмесін». Жанбоздың есімін екеуара құпияға қосақтап отырып Ауқан Бегімайдың бар күнәсін осылайша бетіне басқан-ды. Сол кезде Бегімай Жанбоз дейтін сұмырайдан жаман шошынып, қорыққан еді. Бұның бұрынғы сылқым жүрістерін, көңілдің шымылдығын толқытқан дулы кештерін, келісті, келбетті жігіттердің белінен ләззат тауып құмыққан құшаққа құмар түндерін Жанбоздың анау суық жанары тінтіп табардай тітіреніп кететін. Сөйткенде Бегімай Ауқанға: «Жанбозыңды жаныңа бұдан былай жолатпа», - деуге сан оқталған. Бірақ, әйелдік түйсік әлгіндей бұйрыққа ырық бермеді. Ал, айтсын. Ал, бұйырсын. «Жолатпа, көрмесім Жанбозың болсын» десін. О, онда еркектің қызғанышын, қызғанышын ғана емес, күллі күдік, күмәнін бұрынғыдан бетер қоздыра түстім де. Ауқандар тегі арланбайды ғой. Күндердің күнінде ыбырсып отырып: «Сені жек көреді, соған қарағанда менің қатынымның өткен-кеткені туралы бірдеңе білетінге ұқсайсың?» -деп бұл айранбас Ауқан жылым Жанбоздың өзінен сұрауы мүмкін. Содан соң жанықса, Жанбоз жанықсын. Әрі досы: досы ретінде Бегімайдың белден төмен, белден жоғары бар мүшесін жіліктеп әкеліп Ауқанның алдына ақтарып тастай салады. Әрі жауы: жауы ретінде Бегімайдың белден төмен, белден жоғары бар мүшесін жіліктеп әкеліп Ауқанның алдына ақтарып тастай салады да айызы қанады. Бұндай достық қызмет пен бұндай дұшпандық табаның соңы – Бегімайдың көз жасы, Бегімайдың ғана тағдыры. Сондай сұмдықты ішінен бек түйген Бегімай Ауқанның Жанбоз жайындағы сөзін әркез пікірсіз қалдыратын. Әйткенмен де Ауқан бұны бұғағы толып, әукесі салбырай бастаған иегінің астына алып жатып: «Жанбоз - Жанбоз» дей бергесін бір отырыста Жанбозға байыптап зер салған. Бірден аңғарды: зерек жігіт екен. Оқығаны, түйгені, білгені, біле түскісі келетіні байқалып тұр. Бойын ортадан оқшаулау ұстайды. Ешкімнің жүзіне тура қарамай, бір жақтан біреуді іздеп отырғандай сөйлейтіні де оны мына ортадан өзгешелеп тұр. Иә, ешкімнің жүзіне тура қарамайды...қараса, қарып түседі екен. Қайда барса да еркектердің жанарын жалт еткізбей қайтпайтын Бегімай өмірінде бірінші рет Жанбоздың көзіне түспеуге тырысып, тасаланып баққан. Тасаланбай қайтсін, махаббат машақатында майталман шыққан жігіттердің жетегіне желпілдей еріп кете барғанда қимай-қимай үнсіз ғана қоштасқан бала жігіттің мұңлы көзін Жанбоздың көзінен көріп отырса; еркектік ебі таусылған кәртамысқа да етегін түріп тастап, қыздай жоғалтқан қытығын іздеп жатқанда түңіле қашқан бала жігіттің үргедек жанарын Жанбоздың жанарынан аңдаса, Бегімай береке тауып отыра алсын ба, «мазам болмай тұр» деді Ауқанға. Ауқан алқа қотан отырған жұрттан рұқсат сұрады. Сосын жол бойы, үйге жеткен соң, үйге жетіп кең кереуетке жамбас батырып, жастыққа бас қойған соң да жалпылдап Жанбозды жамандай берген. Сондағы айтқаны: Жанбоз қол жетпес биікке шырқап кетуі керек екен, оқуы күшті болған екен, қай-қашанда озат аталыпты, бұлар қара базарды жағалап жүргенде ол Өнер академиясына түсіпті, бірақ соның бірін бағаламаған, басына қонған бақты тепкен, қазіргі түрі – анау. Оқу да жоқ, қызметте өсіп, өрлеу де жоқ. Арқалағаны – камера. Алатыны – қара бақыр. Бірақ, сонда да – көкірек. Кекірейіп ешкімді менсінбейді. Ауқанның жынын қоздыратыны сонысы екен. Тілі де ащы. Усойқы. Іші тар. Ауқанның байлығын, табысын, шалқыған тұрмысын, сұлу әйелін қызғанады.
-Е-е, ол досымның жайы солай де.
-Солай.
Осына айтып Ауқан алқымынан қолқа қабар тердің демін атып, ұйқыға кеткен. Бегімай күрсінді...
Міне, сол түннен бері ол: «Осы да дос па? Дос болса, бұнікі қандай достық?» дейтін сұрақтың соңына түсіп алған. Бір қызығы қымбат мүлік пен жасаулы жихаздың музейіне ұқсайтын бөлмелерді аралағанда көзі рахаттана қыдырыстап, жаны жай табатын әйел әлгі суреттің алдына келгенде ғана селт етіп, Ауқанның Жанбозға деген сырттайғы қарым-қатынасына, сөзіне қайтып оралатын. Оралатын да бояулар тасқынына көмілген суреттегі адам сұлбасынан алапат айқай естілердей шошынатын. Жанбоз сыйлаған картина.
-Ауқаныңның аулағаны дүние, байлық қой. Сол байлықтың бір бұрышынан өнерге де орын берілсін, - деген ол картинаны қабырғаға өз қолымен іліп тұрып. Бегімай бас изеп құптаған сыңай танытты. Ауқан езуіне мысқыл үйіріп: «Әй, жынды-ай, - деп қолын самарқау сілтей салған, - жындының сыйының түрін қарашы».
Жанбоздың сыйына, Ауқанның сөзіне Бегімай сонау бір жылдары пәлендей мән бермей жүрді. Жанбоздың тірлігі оған өмірде жолы болмаған адамның жұпыны тірлігі сияқты көрінетін де, Ауқанның ол турасындағы сөзі жолы болмаған жолдастың тірлігін шенеп-міней беретін пәруайсыз пенденің сөзі сияқты сезілетін. Бір кеште... иә, бір кеште бәрі анықталды. Анықталғанда... Бегімай Ауқанның кім екендігін өзіне ақтарып салды.
Жанбоздың археологтар ашқан ғажайып жаңалықты түсіріп, жаңалықтан жұрт жаппай тамашалаған деректі фильм жасағанын және осы тырнақ алды жұмысымен-ақ болашағынан үлкен үміт күттіретін режиссерлік қабілеті әйгіленгенін, оны баспасөз біткеннің жарыса жазғанын әлдекімдерден естіген Ауқан үйге жарылардай болып келген.
-Әлгі неме жетісіп қапты. Қырып-жойып жатқан көрінеді. «Сақ қорғаны» дей ме, «мақ қорғаны» дей ме, әйтеуір, алтын-гаухарлар үйіліп жатқан үңгірге барып, бірдеңе түсіріп қайтыпты. Онысын барлық телеарналар жарыса көрсетіп жатқанға ұқсайды, - деді Ауқан алқынып.
-Түсірсін, көрсетсін. Дұрыс қой. Басқа-басқа, соған алдымен сенің қуанатын жөнің бар ғой? – Бегімай Ауқанға алғаш рет сұраулы жүзбен аңтарыла қараған.
-Енді ол кекірейіп менсінбей кететін шығар бізді...
-Неге менсінбейді? Осындай сөзіңді түсінбеймін сенің? Байқауымша, Жанбоз ұсақ-түйекке мән бермейтін жігіт. Саған адал. Достыққа адал. Ол сені өзіне бәсекелес санамайды. Жалпы сол жігіт ешкімді өзіне бәсекелес, бақас санамайтын сияқты.
-Сен білмейсің оны. Білсең бұлай демес едің!
-Ал, білмедік. Білсең айтшы: сыртынан күндеп, бетіне күлетін достық – достық па? Осы Жанбоз екеуің кімсіңдер? Егер жаныңа Жанбоздың жер басып тірі жүргені бататын болса, ұмыта сал оны. Араласпа. Айтпа да.
-Жо-оқ, олай болмайды. Мен оны ойламай тұра алмаймын.
-Міне, қызық? Неге? Не үшін?
-Иә, қызық. Соны өзім де білмеймін.
-Білмесең айтайын, сенің бойыңда Жанбоз сияқты өнерге құштар, бірақ, қорғансыз жандарды таптап, езіп-жаншып тастағысы кеп тұратын қызғаныш бар. Дүмбілез, топас қызғаныш. Одан басқа түк те жоқ. Әйтпесе, өмірде жолы басқа, мұраты бөлек Жанбозда нең бар сенің?!.
-Салдақы! Жаныңды Жанбозға беріп үлгеріпсің ғой, сайқал! Бәсе, ол анау некесіз қатынынан неге біржола айныды деп жүрсем, сені тапқан екен ғой? Табысқан екенсіңдер ғой, бұтынан азған бұралқылар!
Отау құрғаннан бері Бегімайдың бұрынғы жеңіл жүрісін аймандай етіп бетіне баса алмаған Ауқан жұдырығын аямай сілтеп бақты, бүктетіліп түскен бейшараны тепкілеуге аяғын да аямай жұмсады. Сөйтіп, ішіндегі ыза-кегін, күмән-күдігін ақтарып, Бегімайды Жанбоз қабырғаға ілген картинаның астына сұлатып тастаған соң байсал тапқан.
ххх
... Бегімай бір үйдің бұла өскен жалғыз қызы еді. Әке-шешесінің ішім-жемге, жүріп-тұруға тарықпай жететін қоңторғай тұрмысы да болды. Әкесі Университетте әдебиет пәнінен студенттерге дәріс оқитын да, анасы әлдебір шағын мекемеде «шот қағатын». Әкесі солай дейтұғын. «Шот қағады». Есепші. Есеп-қисабы көп пе, әлде жұмысы ауыр ма, Бегімайдың анасы қабағын ашпай, еңсесі түсіп жүретін жан еді. Бегімай бала жүрегімен әлдебір жаманшылықты сезінгендей анасының тұнжыраңқы жүзін көргенде үнсіз уайымға бататын. Анасымен бірге үйдің ішіндегі бар дүние күңгірт тартып, жылусыз, жүдеп тұратын-ды. Тек әкесі...мейірбан, ақжарқын әкесі есікті шалқайта ашып кіріп келгенде ғана бөлме-бөлмені аралап, нұр-жарық сәуле алақайлай жүгіріп өтетін. «Папи!» Бегімай құшағын жая ұмытылып келіп папиінің мойнына асыла кетеді.
-Папи, мен бүгін бар сабақтан бес алдым.
-Папиінің қызы бар сабақтан бес алмағанда, кім алады?
Содан кейін-ақ екеуінің әңгімесі таусылмайтын. Тек, асқа шақырған анасының дауысы естілгенде барып дастархан басына жайғасатын. Ас ішіп отырғанда анасы әдеттегі күңкіліне көшіп:
-Білдей бір Университетте сабақ бересің, елдің еркегі сияқты табысың жоқ. Бәрі байып жатыр. Біздің тұрмысымыз мынау, міне: қырық жыл бұрынғы стол, қыңырайған шкаф, - дейді.
-Ой, қойшы, Жанна Тасыбековна, келетін дүние орайымен келеді өзі. Ешкімнен кем емеспіз, тәуба! Басымызда баспанамыз бар. Қанша қазақ үйсіз-күйсіз далада, әлдекімдердің жалға ұстайтын жамау-жасқаулы тар кепесінде таршылық көріп жатыр.
Жанна Тасыбековна – әкесі Бегімайдың анасын қызмет бабымен сөйлесетін адамдарша ресми атайтын, – бұл сөзге тоқтамайды:
-Олар, - дейді қасын әнтек керіп, - мәмбеты, ауылдан келген. Біз – қалалықпыз. Біз қалалықтарға тән цивилизованны тұруымыз керек. Сен өзіңді олармен салыстырма.
-Мамасы-ай, - деуші еді сонда әкесі таусылып, - менің бар арман-тілегім Бегімайдың жарқын болашағы. Менің Бегімайым өз өмірінің, өз заманының бегімайы болса екен деп тілеймін. Жаңа заманның талғамы мен талабын ескере айтсақ, мәртебелі ортаның асқақ ханшайымы атанса, ұрпағыңның ұрпағынан дәулет үзілмей, қоғамда орны бар әулетке айналасың. Осы күндері келешек әулеттердің қалыптасу кезеңі басталып жатыр.
-Ол үшін бұл қыз байдың баласына тиюі керек. – Сөздің сыпайы сылығын ескермей сөйлей салатын анасы дастархан үстіндегі әңгімені осылайша шорт кесетін. – Байдың баласына тиюі керек.
Ал, папиі оңашада бұған әдебиет, өнер, музыка әлеміндегі әйгілі тұлғалар жайынан қызғылықты оқиғалардың баянын тарата айтып, балауса, балғын жанын қиял-ғажайыпқа бөлейтін еді. Сондағы бір әңгімесі – «Бегімайдың жыры». Есінде қалғаны: қырғыз жұртында Бегімай атты сұлу қыз болыпты. Ол өзінен жасы көп үлкен қазақ жігітіне ғашық болыпты. Ынтызар жүрегінің лебізін Бегімай сұлу сүйген асығына әнмен жеткізіпті. Бірақ, бір-бірін құлай сүйген қос ғашық арман-тілектеріне жете алмай өмірден құсамен өтіпті.
-Папи, менің атымды неге Бегімай қойдың? Менің Бегімай болғым келмейді, - дейтін сонда ол.
... Бегімай 9-сыныпты тәмамдаған жылы жазда әкесі кенеттен, ауырмай-сырқамай дүние салды. «Жүйке жұқарған, жүрекке артық салмақ түскен» деп қортынды жасады дәрігерлер.
-Жүкең, Жүніс марқұм, Жүніс Салихұлы, турашыл, айтқанынан қайтпайтын, қылдай қиянатқа төзбейтін жан еді ғой. Біздің Университеттегі былық-шылыққа әбден ашынып жүрді. Жаңа басшымыз, ректорымызды айтамын, тойымсыз неме екен. Келе сала оқу орнының жатақханасын тегіс жекешелендіріп алды да, аш-арық студенттерді, жатақханада тұратын отбасылы, балалы-шағалы жас мамандарды айдап шықты. Апырай, ешкімнің көз жасына, шырылына қараған жоқ қой, қараған жоқ. Қазір жатақханамыздың жартысы түнгі «көбелектердің» мекені, жартысы кеңсе, сауда-саттық орны. Соған күйінген Жүкең әне-міне факультет деканы болғалы тұрғанына қарамастан ректормен жиі шарпысып қалатын. Жалмауыз ректордың дүмі мықты екен, қолдаушылары үлкен үйден дейді білетіндер, Жүкеңнің түбіне жетіп тынды ғой, - деп еді мәйітті жер қойнына тапсырып, адам аяғы басылған бір күні әкесінің ең жақын досы Мұрат ағай.
Әкесінің қазасынан соң анасы мүлде күйреп, қайғының қараңғы қапасына қамалып қалар деп ойлаған. Жоқ, олай болмады. Жанна Тасыбековна қайдан қайрат тауып, қайралғанын кім білсін, қаралы әйелге ұқсамай қайнап-жайнап шыға келді.
Сергек оянып, серпіле басып, ол әне, жұмысына ерте кетіп бара жатыр. Серпіле басып, сергек көңілмен, ол әне, жұмысынан ерте келе жатыр. Бегімай кейінгі күндері әбден аңғарды: анасы тым ажарлы екен. Қабағын жапқан қара күйедей қасын сән салонына қалдырып, сүрмелініп шығып еді, жанары жәудіреп, жасаңғырап сала берген. Киген киімнің де елең-желең етек-жеңі тартылып, талшыбықтай бұратыла қалғанын қарамайсың ба? О, міне фигура! Жанна Тасыбековна 90х60х90 стандартына сай салқы төс, сақина бел, салқам мықын Сабринаның өзі екен ғой. Дұрыс емес, Сабрина – өткен шақ. Айшвари. Нағыз Айшвари. Үндінің ең сұлу актрисасы. «Ма-мма». Бегімай анасын «мама» деуге тосылып, таңырқағандай күй кешетін. Құрбысы сияқты.
-Сен де қатар-құрбыларыңнан қалмай, жақсы киініп, боянып-сыланып жүр, - дейтін анасы. Сөйтетін де опа-далаптың түрін-түрін үйіп тастайтын. Анасының үйіп тастайтын дүниесі опа-далаптан да көбейе берген. Жаңа жихаз, жаңа мүлік, жаңа ыдыс-аяқ. Бәрі жап-жаңа. Бегімайдың да жаңаға, жаңа дүниеге бойы үйреніп, жайлы тұрмысқа көңілі біржола ауған еді. Жаңа адамдар, жаңа орта да жас Бегімайды баурай түсті. Шетінен мырза, шетінен жомарт, тоқ көңілді жандардың ду-думаны кейде Жанна Тасыбековнамен бірге үйге ере келіп, түннің бір уағына дейін жалғасатын. Сондай ду-думан әдеттегісінен ерте үзілген бір кеште Бегімай жез мұртты, жирен сары ағайды мамасы жалғыз жататын түнемелі бөлмеден көріп қалды.
Жирен сары - «Женя ағай» жүре келе Бегімайға «өкіл әке» атанып, жесір әйел мен жетім қыздың қамқоршысына айналған.
«Женя ағай, достарыммен Көктебеге барғым келіп тұр». Женя ағай жүргізушісін жібере қояды. «Женя ағай, достарыммен қыдырғым келеді». Женя ағай жүргізушісінен уыстап ақша беріп жіберді. 11 сыныпты аяқтар тұста жеткеріп отыратын Женя ағайы болғандықтан ба, Бегімайдың желігі арта түскен. Бірақ... бір күні... Женя ағайдың жетелеуімен ірі қаржыға ауыз салған анасы айыпталып абақтыға жабылғанда Бегімай түсінен шошып оянғандай тұншыға айқай салған. Сол тұншыққан айқай тұншығып ішінде қалыпты.
Кейін естіді, Женя ағай әйелі, бала-шағасы барын айтып анасына жата жалбарыныпты: «Сен бәрін мойнаңа жүкте. Тірі тұрсам темір торда жарты күн отырғызбай шығарып аламын» деп. Қайда-а, содан қайтып Женя ағайдың қарасын шалған жан жоқ. Алыс шет елге боқшасын көтеріпті де тайып тұрыпты.
... Анасы абақтыдан айықпас дерт жұқтырып оралған. Әйтеуір шыбын жаны кеудесінде. Үйге сүлдерін сүйретіп жеткен ол екі күн, екі түн тілсіз жатты да Бегімаймен қоштасты. Соңғы демін әзер жиған анасы бұған: «Бағың да, байлығың да – көркің» деп еді. Ессіз еркеліктен ойсыз опыныстың оқпанына жұтылған бойжеткен жоқшылық пен таршылықтың тақымына түскенде анасының әлгі өсиетін есіне ала тал қармап, өз көркіне өзі шындап көз салған. Айна алдында безбүйрек тағдырына безере қарап салқын жүзді жас ару тұрды.
ххх
Әйел затының айбыны да, байлығы да – бет ажары, көркі екенін Бегімай бек түсінген күннің ертеңінде-ақ дүние құлпырып сала берді. Сол кезде-ау шамасы, әлде бір бозбаланың мұңлы жанары, әлдебір боз жігіттің қимас көзі ту сыртынан қадалып қалғанын сезген. Сол мұңлы жанарды, сол қимас көзді ол Ауқан ертіп барған кештегі отырыста Жанбоздың қарашығынан көрді. Ал, Ауқан... Ауқан айранбас бұның қызылды-жасыл дүниені кешіп өтіп, «бизнес-леди» атанған тұсында жолықты. Оған дүние мен бәденді, сұлу қатын керек екен. Бұған балшықтан жасаласа да бай керек-тұғын. Екеу содан жұптасты, қол ұстасты, тілек қосты. Ауқантайы айналайын, іске епті жігіт болып шықты: қолына ұстатқанды шырқ үйіріп, шырайын келтіріп, шырқап барды. Бай. Бәрі жетеді. Аста-төк дүние. Осы аста-төк дүниенің ортасына кимелеп Жанбоз деген біреу кіргелі Бегімайдан береке қашқан. Әу баста жаман шошыды. Жаны түршіге қорықты. Неге? Не үшін? Өзі де білмейді. Ақыры онымен тілдесу қажет деп тапқан. Сөйтіп араға ұялы телефонмен байланысты дәнекер еткен-ді. Сөйлесе, сырласа келе таныды: Жанбоз әкесіне ұқсайтын жан екен! Оралмасқа қол бұлғап кеткен әкесі Жанбоз бейнесінде қайта тіріліп, бейкүнә Бегімаймен бүгінгі Бегімайды, бүлінген Бегімайды табыстыруға тырысып жүрген сияқты. Әрине, Жанбоз бұның бірін де білмейді. Бірақ ол ақ адал көңілімен, алғаусыз тілегімен, өнерге, өмірге құштарлығымен Бегімайдың жанын күнде тербетеді, бояулар тасқынына көмілген картинадағы адам сұлбасының алдына сүйреп әкеліп, ойға салатын да – Жанбоз. Бегімайдың бұл күндегі қадірлісі – Жанбоз. Оған сырттай тілекші, сырттай қамқор. Ауқанның түкке тұрмайтын ұсақ, пендауи қызғанышын бетіне басып, айтып тастағанының себебі де – сол еді.
ххх
Жанбозбен аз-кем сөйлесіп, телефон тұтқасын ұясына қондырған Бегімай оқиғасы ел жадынан көшкен «Бегімай жырының» әкесі әңгімелеп берген жіңішке бір үзігін есіне алып тұрды».
Алматы, 12.01.2017 жыл
ххх
...Біздің ортамызда қалыптасқан дәстүр бойынша ертеңінде жазушының әңгімесін талқылау үшін бас қостық. «Біздің» деп отырғаным: ауызға ілініп, аты шыға бастаған сыншымыз бар, жазушы атанудан дәмелі екі-үш жігіт... сосын мен. Мен – қарапайым оқырман ғанамын. Сондықтан «ортамыздың» әңгімесіне онша араласа бермеймін. Тек тыңдаймын.
-Жазушымыздың бұл әңгімесін бірсыдырғы жақсы әңгіме деуге келеді екен,- деді жазушы атанудан дәмелі жігіттердің бірі талқылаудың беташар сөзін ұстап.
-«Бірсыдырғы» деп дұрыс айттың, - деді екінші әлде үшінші жігітіміз пікір талқысын тап осы сөзден жалғастыру керектігін аңғартып, - бірсыдырғы болса да, осы күнгі әлжуаз әңгімелерге қарасын көрсетпейді. Кітаптардың аңдатпасында жазылатын қалыпқа салып айтсақ, шығарманың тілі шұрайлы, көркем, төгіліп тұр. Оқиғасы жүйесіздеу көрінгенімен, жалықтырмайды. Бірақ, мәре анықталмаған. Мысалы, «Бегімай жырының» әкесі әңгімелеп берген жіңішке бір үзігін есіне алып тұрған» Бегімайға Жанбоз тарапынан қандай да бір жауап болуы керек еді ғой. Ол жоқ. Әңгімедегі Жанбоз кім? Жай ғана оператор ма, әлде өресі биік өнер адамы ма?
-Жанбоздың жайы айтылды емес пе? – Енді әңгімеге әңгіме авторының өзі араласқан еді. – Айтылды ғой. Бегімайдың аузымен айтылды. Әңгімеге қайыра бір қараңдар. «Сақ ханзадасы туралы деректі фильм түсіріп саңлақ шыққан, алда кең тынысты көркем дүниеге құлаш ұрмаққа дайындалып жүрген болашақ режиссеріміз қайда?» дейді ғой Бегімай.
-Бұл аз, - деді үшінші жазуышымыз авторға шүйіле бір көз тастап. – Алдымен қатардағы жай оператордың, тіпті түсіруші топтың бас операторы болсын, оның аяқ астынан деректі фильм түсіре қоюының өзі екіталай. Нанымсыз. Мейлі түсірді делік. Содан кейін ше? Болды ма? Бегімайдың көңілін толқытатындай оның тағы бір өнері, мінезі, болмысы, тағдыры ашыла түсуі керек еді. Олай болмады. Біз Жанбозды екі-ақ жерде көрдік. Біріншісінде ол Ауқанмен мейрамханада мырғамға батып отырады. Екіншісінде Бегімай Ауқанға ілесіп барған әлдебір отырыстан төбе көрсетеді. Рас, сен мұнда Жанбоздың тегін жан емес екендігін күрделі сөйлемдермен керемет білдіргенсің. Сонда да, досым, айыпқа бұйырма, Мунгтің бояулар тасқынына көмілген «Айқай-адамы» сияқты сенің Жанбозың да сөздің тасқынына көмілген де қалған. Содан да шығар, байқұстың тіпті еш жерде үні естілмейді.
-Екі рет емес, үш рет көрдік. – Пікір талқысына сыншымыз да кірісіп кетті. – Иә, үш рет көрдік. Үшіншісінде ол Мунгтің картинасын сыйға тартып тұрып Бегімайға қарата: «Ауқаныңның аулағаны дүние, байлық қой. Сол байлықтың бір бұрышынан өнерге де орын берілсін», - деді. Меніңше Жанбозды тану үшін осы сөз жеткілікті. Осыдан кейін-ақ Бегімайдың жанын ышқынтып, ойға батырған оқиғалардың тізбегіне куә боламыз. Автор Жанбоздың кім екендігін әлгі жалқы сөйлемнің тасасына әдейі қалдырған. Сіздер, мырзалар, кейіпкерлеріңізді елпілдетіп ертіп жүріп оқырманға таныстырудан ерінбейсіздер. Соған әбден үйреніп алғансыздар. Үнемі оқырманның ыңғайын бағып отырасыздар. Әрине, әдепкі оқырманға бәрі түсінікті болуы керек. Сіздердің оқырмандарыңыз – жан қинамайтын жалқау оқырман. Сөйлемнің астарына үңілу, тереңіне бойлау, қатпарын ақтарып қарау деген мына сіздердің оқырманға бұйырмаған несібе. Анығында Жанбоз автордың әңгімесінде мүлде жоқ адам. Ол – өнер. Ал, пасықтық, тоғышарлық жайлаған ортада өнер тудыратын тұлғаға орын тимейді. Оны Ауқан сияқтылар күнде қорлайды. Қорлай алмаса да мұқатып, кемсітіп кетеді. Байлығын көрсетіп, мақтанып, есіріп жүреді.
-Жанбоз мүлде жоқ дейсің бе? – Автордың көзі алақандай болды, -- рас, әңгімені жазып отырып Жанбозды адам бейнесінде көре алмаған едім.
-Мен тылсым дүниенің бар-жоғына бас қатыратын сыншы емеспін, бірақ, жазу үстінде шығарма кейіпкерлерінің авторға бағынбай кететінін, тосын мінез танытып, кейде өзінің үстемдігін жүргізетінін білемін. Досым, сенің Жанбозыңнан соны сезгендеймін. Әңгіменің бас жағында Ауқанның қымбат телефонынан айрылғанын Бегімайдың аузынан естиміз. Сонда Жанбоз Бегімайға «алаң болма, табылады» дейді. Бегімай күледі. Әйел күлген жерде әзәзілдік басталуы керек еді. Бірақ әлгі әззәзілдіктің жолын Жанбоздың ұялы телефонында жазылған әуен кесіп кетті. Шамасы ол әуен – әйгілі «Бегімай жырының» әуені болса керек.
-Әйткенменде әңгімеде сұрақ белігісін сұрайтын тұстар көп. Сыншы досымызға салсақ, ол өзінің байқампаздығы мен білімдарлығын ортаға сала отырып бәріміздің аузымызды аңқайтып кете алады. Бірақ, мені осы жолы сыншының пікірі иландыра алмады. Міне, қараңыздаршы, Ауқан Бегімайға «қызылды-жасыл дүниені кешіп өтіп, «бизнес-леди» атанған кезінде» жолығады. Демек, Бегімай – бай әйел. «Қызылды-жасыл дүниені кешіп өткен «бизнес-ледиді», сірә, өткен-кеткені, «қыз күнінде жоғалтқан қытығы» толғандырып, ұятын оята қоюы неғайбыл. Мен сенбеймін. Сене алмай отырмын. –Пікір талқысында беташар сөзді ұстап, әңгімені бірден «бірсыдырғы» деп бағалаған жазушымыз осыны айтып тоқтаған. Өзгелері де оны қоштап, бас изесті.
-Ол енді сіздердің мәселелеріңіз, - деді сыншы күліп, - сенесіздер ме, сенбейсіздер ме – оны өздеріңіз білесіздер. Мен автор мен Бегімай жағындамын: расында, жаның ышқынып бірдеңе айтқың келеді, айғайлағың келеді. Бірақ ол кейде мүмкін емес.
ххх
Әдеби ортамыздың әлгі әңгімесінен кейін біраз уақыт өткен. Жазушы досым мені түн жарымында мазалаудан тиылды. Бір күні оған өзім қоңырау шалдым:
-Жәке, үнссіз жүрсіз ғой? Не, шабыт шалғайға кетіп, бауырын шалғынға төсеп жатып алды ма?
-Сыншының сөзі есіңде шығар. Ол дұрыс айтады. Кейде шығарма кейіпкерлері авторға бағынбай кетеді, кенеттен тосын мінез танытып, оқиға желісін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. Мен сондай халді «Бегімайдың «жырын» жазғанда кезекті рет бастан өткередім. Әлі соның соңында, сол әңгіменің әлегімен жүрмін. Кеше Бегімай маған тағы да мұңын шақты, Жанбозды іздеді. Ал, Жанбоз – «құпиясы құлыптаулы адам». Мені менсінбейді. Менімен сөйлеспейді, - деді досым жабырқаулы көңілін жабығыңқы үнімен байқатып.
ххх
... Сағат тілі 03:27-ге келіп тоқтап қалған ба, бұ қалай? Бағанадан бері едәуір уақыт өткен сияқты еді ғой. Мен не, түс көріп отырғаннан саумын ба өзі? Қаламым қайда? Қағазым қайда? Түсімде не көрдім? Жазушы досым кім? «Бегімайдың «жырын» жазған кім? Мен тегі бірдеңеге шалдықпасам игі еді...
-Осы сен жалғыз өзің күбірлеп кіммен сөйлесіп отырасың? – Шашы ретсіз шашылып, өңі қашқан сұрша әйел менің қағаздар қобарсыған бөлмеме таң шолпаны туа бере кіріп келді...
2017 жыл, қаңтар айы
Abai.kz