Дәурен Қуат. «Мен сізді Манхэттеннен күтемін, сэр!»
Менің АҚШ-қа барған, қайтқан сапарым туралы әлеуметтік желілерде іні-достарым жазып жатты. Рахмет. Жолсапарым туралы өзім де Abai.kz-ке азды-көпті дүниелер жариялаған болдым. Әйтсе де қарап отырсам, бір-екі нәрсе айтылмай қалған сияқты. Соны баян етейін.
Қазақстаннан АҚШ-қа барып, мекендеп қалып қоюға тырысатындар әуелде жеңіл-желпі жұмысқа ілініп күнелтеді екен дегенді еститінмін. Көбі шаштараз болып алатын көрінеді. Сонда деймін-ау, елде де олар шаш қиып, сән салондарында істеген адамдар ма, әлде Америкаға барғанда қолдарынан келетін бар кәсіп сол болғаны ма? Әрине, білім білігімен табысты, ыңғайлы қызметке тұрып жатқандар да бар. Біздің әңгімеміз олар туралы емес.
...Сонымен, шаштараз. Қызық үшін шашымды Нью-Йоркке барған сапарымда алдырайын деп аттандым. Дегендей-ақ болды. Шәкең – Шәмшиддин Пәттев, Нұрекең – Нұртөре Жүсіп және Срайл Смайыл – төртеуміз сорпа суы бар бір дәмханадан түстеніп шығып, жатын жайымызға қарай келе жатқанбыз. Жолдан шаштараз үйінің кездесе кеткені. Іздегенге – сұраған. Шәкеңдер қонақүйге бет алды да, мен шаштаразға бас сұқтым. Шаштаразға шала-пұла ағылшыншамды емес, әдейі қазақша-орысша арластырып, сөйлей кірдім. Бірі телефонды құлағына жапсырып, бірі тырнағын егелеп, енді бірі айнаға қарап, зерігіп отырған әйелдер шу-у ете түсті.
-Сіз орысша білесіз бе?
-Білетін сияқтымын.
-Шаш қидырасыз ба?
-Әрине.
-Ендеше мына араға жайғаса қалыңыз.
Сөйтіп алыстан туған бауырлары келгендей шұрқырасқан маржалар мені айналып-толғанды да қалды. Біреуі лып еткізіп сыртқы киімімді шешіп әкетті. Қайсыбірі, Құдай-ау, басымды сипалап, бас сүйегімді өлшеуге немесе шашымның әр талын санауға кіріскендей баурап, үйіріп барады. Содан, шаш қидыруға кірістік. Жасы құрығыр аяңдап алпысты алса да бәденін бермеуге, кешегі қылымсыған қыз күнін қасынан қадам ұзатпауға барын салатыны анық байқалатын Елизавета «бойжеткенге» бұйырыппыз, ол алдымен айнадағы көзіме көзін қадап, өзінше қылымсып, тәлімсіп есімімді сұрады.
-Дәурен.
-Мистер Дааурен, қай жақтан боласыз?
-Қазақстаннан.
-Мистер Дааурен, Қазақстанның халқы орысша біле ме?
-Білгенде, қызық...мысалы, Тимур, Айсултан дейтін балалардың тілдері туғаннан-ақ орысша шығады. Ал, Мырзан, Аманхан; Мұхтар Шахан дейтін қазақ балалары мүлде орысша ұқпайды.
-Қызық екен.
-Айтпаңыз, өте қызық. Елизавета ханым, енді өзіңіз жайында айтпайсыз ба?
-Мен – украинкамын.
-Уау!
-Менің есімімнің Елизавета екенін қайдан білдіңіз.
-Міне, мына табличкада жазылып тұр емес пе? Elizaveta Melzer.
-Ах, қазақ! Қазақтың жансызы. Менің аты-жөнімді біліп қойдың ба (әзілдеген түрі)?
-Бізде укариндер көп. Орыстардан кейінгі диаспора украиндар шығар.
-Мен 1979 жылы кетіп қалғанмын елден.
-А, солай ма? «Майданға» қатыспаған екенсіз ғой?
-«Майдандағы» бауырларыма жеңіс тілеймін.
Осындай әжүк-гүжік әңгімемен шашымыз қиылып болды. Қиылып болды дегеннен қидаланып болды дегенім дұрыс шығар. Elizaveta Melzer менің былайда бір-бірімен «бірлігі» кем, біріне бірі бағынбай, шашылып, шалғайға кетіп жатқан шашымды төбеме үйіп, селеудей селдіретті де қойды. Десе де, рахмет. Тhanks.
-Сізден 35 доллар, жас жігіт.
-Қанша-а?
-35 доллар, сэр!
-Ok.
Ілгішектен тонымды алып, төс қалтама қолымды салғам – жоқ. «Қой, мына қалтамда ма екен?» Бұнда да жоқ. Шалбарымның жамбас қалтасын тінттім. Жоқ. Көзім шарасынан шыға жаздаса керек, Елизавета ханым да үрейленіп кетті. Сұрап жатпастан бірден:
-Жоқ па? – деді.
-Иә, жоқ. Әмияным жоқ! Жаңа ғана бар сияқты еді.
-Қараңыз, бәлкім, түсіп қалған болар.
Сырт киімдер ілінген жерді ақтарып төңкеріп қарап жатырмын. Жоқ. Енді қайттім? АҚШ-қа алып барған бар ақшам, жол пұлым сол әмиянда еді... Осы кезде мені Елизавета сабырға шақырды:
-Мен сізден ештеңе алмаймын. Сіз оған қиналмай-ақ қойыңыз. Бірақ, Құдай үшін бізден күдіктенбеңізші. Құдай үшін, көкетайым, бізден күдіктенбеңіз. Біз суқолды тірлік жасамаймыз. Оданда бағана қайда болдыңыз, қай жерлермен жүрдіңіз, соны мұқият есіңізге түсіріңіз де, барған, жүрген жеріңізді аралап қайтыңыз.
-Сөйтейін.
-Сэр, мен сізді Манхэттеннен күтемін.
-Күтіңіз.
Аяғымды жебей басып, бағана ас ішкен дәмханаға қарай ұштым. Көңіл алай-түлей. «Қап-ай,ә?.. Бұндай ұқыпсыздығым, алаңғасырлығым жоқ еді ғой, енді қайтім? Ақшасы түскір бірдеңе болар, айналамда ел бар, жұрт бар, төлқұжатты айтсаңшы. Төлқұжатым жоғалса, не анда емес, не мында емес, қалдым ғой...» Өстіп келе жатып өзімше мырс-мырс етіп күліп қоямын. Андрей Миронов Совет милициясы болып ойнайтын фильм естеріңізде ме? Арыстанның аяғының астында қазына жатыр дегенді естіген италялықтар Ленинградқа келеді ғой. Бойын кәрілік пен айықпас дерт меңдеген кемпір көз жұмарының алдында немере қызына құпия сырын ашып, оны естіген қулар бір күнде ұшаққа отырады да тартады. Жолда бәсекелестер қастандық жасап, қазына іздей шыққан профессордың төлқұжатын ұшақтан лақтырып жібереді емес пе? Содан әлгі байқұсты Италия да, Ресей де қабылдамай «қызық» қылады. «Сол «қызыққа» енді өзім қарық болмайын» деп қоямын ішімнен. Осындайда да ойға қай-қайдағы түседі екен-ау... Алқын-жұлқын дәмханға жеттім. Жүрегім дүрсілдеп екінші қабатқа көтеріліп, жаңа әредікте түстенген үстеліге таядым. Екі зәңгі, екеуі де гүжбан қара, алдарына асты үйіп қойып, кеңірдектетіп отыр екен, жақындап бардым да, әлгінде тізе бүккен орындықты сырғытып, кейін тартып қалдым. Екі дәу «мына неме басқа орын таппағандай біздің қасымызға жайғаспақ болғаны несі?» дегендей нәумез қарады да қойды. Ал, менің екі көзім бағанағы орындығымда. Орнымнан тұрып бара жатып, әдетімше орындығымды үстелдің астына сұғындырып кеткем. Орындығым сол қалпында тұр екен. Міне, керемет! Әмияным да сол орындықтың тақтайша бетінде түк болмағандай жатыр. Үнемі жататын орыны осы орындықтың тақтайша беті сияқты. Жұлып алдым. Сол тұрған жерімде құжаттарымды тексеріп, азын-аулақ тиын тебенімді санадым. Түп-түгел.
Білуімше, америкалықтар, соның ішінде, әсіресе, афроамерикалықтар жолда жатқан оңай олжадан бас тарта қоймайды. Манағы екеу, әрине, әмиянды көрген жоқ, көрсе, ішіндегісін сыпырып алып тайып тұрар еді. Мүмкін, көрген де болар. Көрген соң иесі кеп қалар деп тимеген де шығар. Иә, бәрі де мүмкін. Құдайға қараған адамдар қайда да болсын табылады емес пе? «Әмрекеңде» басымыздан өткен бір хикая – осы. Шаштараздардың өмірін зерттеймін деп жүріп кездескен «шым-шытырық оқиғаны» осылайша баяндап бергенді жөн көрдім.
Айтпақшы, Елизавета ханымға қайтар жолда соқтым. Рахметімді айтып, мән-жайды түсіндіріп, қызметіне төлеуге тиіс ақымды бердім. Ол да рахмет айтып жатыр. Ол да мәз. Адам баласы қайда да адам баласы ғой. «Әмияныңызда соқыр тиын қалса да, түгендеп, санап жүріңіз, - деді ол, - бай боласыз!»
«Әмин, айтқаныңыз келсін» дедім мен қазақшалап.
-Сіз қазақша сөйлеп тұрсыз ба? – деді ол. Мен:
-Иә, - дедім.
-Мен Сізді түсіндім, - деді ол.
Көрдіңіздер ме, қазақ тілін америкалық шаштараз шебері Елизавета Мельцер де түсінеді.
Abai.kz