Нұрлан Ноғаев: Бәрі білетін бренд жасап шығарыңдар!
Исатай ауданында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен көшпелі жиында жергілікті өнім сапасының мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиын барысында Нұрлан Ноғаев ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда өндірушілерді көлемді емес, өндірілген тауарлар мен қызметтердің сапасын қадағалауға шақырды, өйткені осы жағдайда ғана сұраныс пен бәсекелестік жоғары болады.
- Тұтынушылар сіздерден сапалы өнім күтеді.Оларды өнімдегі екі нәрсе қызықтырады – бұл тиімді баға және жақсы сапа. Мейлі, өндірілген тауар көлемі аз болсын, бірақ сапасы жоғары болғаны абзал. Міне, нақты мақсат. Жақсы өнім болса, оған сұраныс та жоғары болады. Сол өнімді ғана дүкендерден іздейді. Барлығы еститіндей бренд жасап шығару керек. Сапа мәселесі бүгінде басты орында,- деп Атырау облысының әкімі жергілікті кәсіпкерлерді сапа мәселесін бақылауға шақырды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті атқарушы органдар басшыларына өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту барысында тапсырмалар жүктелді.
Айта кету керек, бүгінгі күні Атырау облысы шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірістің өсу қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр. 2017 жылы өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 1 триллион 100 миллиард теңгені құрады. Бұл 2016 жылға қарағанда бір жарым есеге артық.
Abai.kz