Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Асқанға - тосқан 11500 36 пікір 7 Ақпан, 2018 сағат 09:33

Әмірхан Меңдеке, әдебиет сыншысы: Оразалин 23 жыл басқарған Жазушылар одағы күйреп тынды

Әдебиетті өсіретін – әуесқойлық емес, профессионализм

– «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдым, жақында, нақтырақ айтсам, 12 ақпан күні қазақстан жазушылар одағының пленумы өтеді екен. былайғы жұрт «осы пленумда ұйымдастыру мәселесі қаралады екен, қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы ауысады екен...» деп гу-гу етеді. қазақстан жазушылар одағының мүшесі ретінде осы жөнінде не айта аласыз?

– Пленум мүшелерінен сұрап білдім, бұл пленумда Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайы қашан өтеді, осы мәселе қаралады екен. Қаламгерлердің кезекті құрылтайы шамамен сәуір айында өтетін көрінеді.

– Неге шұғыл?

– «Шұғылы» несі?! Жарғы бойын­ша қаламгерлердің құрылтайы әр­бір 4 жылда бір рет өткізіліп тұруы керек. Бірақ қаламгерлердің құрылтайы ешуақытта өз уағында өткен емес. Қазақстан Жазушылар одағының басшылары сағыздай созып, діңкелетіп, төрт жылда бір рет өтуге тиісті құрылтайды бес жарым жылда, кейде алты жылда бір өткізеді. Нұрлан Оразалиннің Қазақстан Жазушылар одағын басқарғанына 23 жылға таяп қалды. Қаламгерлер құрылтайын ұдайы осылай кешіктіріп өткізеді. Сәуір айында өтуге тиісті соңғы құрылтайымыз да Жарғы бойынша осыдан бір жарым жыл бұрын өтуі керек еді, енді мінекей...

– Мұның себебі неде?

– Шамасы, Қазақстан Жазушылар одағының басшылары: «Құрылтайды неғұрлым осылай кешіктіріп өткізсек, соғұрлым орынтағымызда   ұзағырақ отыра тұрамыз» деп ойлайтын болуы керек. Әйтпесе, басқа қисынды көріп тұрған жоқпын...

(Суретте: Жазушылар Одағын ширек ғасырға жуық уақытқа дейін басқарып келе жатқан ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сенатор - Нұрлан Оразалин)

 

– Өзіңіз айтқандай, Н. Оразалиннің Қазақстан Жазушылар одағын басқарғанына 23 жылға тақап қалыпты. Бұл аз мерзім емес. Дөңгелектеп айтсақ, ширек ғасыр ғой! Қазақстан Жазушылар одағын Н.Оразалинге дейін басқарғандардың ішінде ширек ғасыр басқарған жазушылар болды ма?

– Болған жоқ. Болған да емес. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев және т.б. Бұлардың әрқайсысы жазушылар ұйымын 6-7 жылдан артық басқарған жоқ. Әрі кеткені – 9 жыл.

Біздіңше, жазушылар ұйымының басшысы әрбір 6-7 жылда ауысып отыруы керек сияқты. Қанша дегенмен, жаңа басшы өзіндік жаңалығымен, жаңа идеямен келеді ғой. Жаңа басшымен бірге жазушылар ұйымының басшылығына жаңа кадрлар келеді. Ал бұл белгілі бір дәрежеде әдебиетке азды-көпті серпіліс әкеледі.

– Осы 23 жылдың ішінде Н.Оразалин бір рет ҚР Сенатының депутаты да болды. Солай бола тұрса да, ол жазушылар ұйымының төрағалығынан кеткен жоқ. Екі қызметті қоса атқарды. Бұ қалай болғаны сонда?..

– Бұл енді... Бұл – таза жаны ашымастық. Жазушыларға, жазушылар ұйымына, әдебиетке жаны ашымастық. ҚР Сенаты депутатының жұмысы – науқаны да мол, төтеннен киіп кетер қарбалас шаруасы да көп қауырт жұмыс. Бұл жұмыстың бір кісіні шаршатып жығатыны да белгілі. Соған қарамастан Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағалығын қоса атқарды. «Қоса атқарды» дегенде, оның жазушылар ұйымының төрағалығын қағаз жүзінде ғана атқарғанын айтып отырмыз. Ал іс жүзінде Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы қараң қалды...

ҚР Сенатының депутаттығына  кетерде Н.Оразалиннің өз орнына бір жазушыны сайлап кетуіне болатын еді ғой. Жазушылар тарапынан мұндай ұсыныс айтылды да. Бірақ Н.Оразалин бұған көнбеді.

– Сонымен, сіз жазушылар ұйымын бір адамның 23 жыл басқарғанын қаламайсыз. Солай ғой?

– Әрине, солай. Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар одағын 23 жыл басқарды. Ал не болды? Қазақстан Жазушылар одағы күйреп тынды.

– Қойыңызшы?

– Қоятын түгі де жоқ. Онда енді бәрін басынан бастап айтайын. Н.Оразалин 1996 жылы жазушылардың кезекті құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағының басшысы болып сайланды. Н.Оразалинге дейін Қазақстан Жазушылар одағының басшысы марқұм Қалдарбек Найманбаев болатын.

Қазақстан Жазушылар одағының ең басты, ең негізгі, ең шешуші міндеті не? Ол – мүшелікке адам қабылдау. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне кімді, кімдерді қабылдадыңыз, жазушылар ұйымының беделі мен абыройы да, қала берді әдебиеттің тағдыры да соған байланысты.

Енді осы жерде еріксіз жазушылар ұйымы туралы ежелден мәлім әліппелік қағиданы тағы да ежіктеуге тура келеді. Қазақстан Жазушылар одағы әдебиетті әуес көретіндердің, әдебиетпен әуестенетіндердің, зейнет демалысына шыққаннан кейін ғана әдебиетпен айналысатындардың, бір сөзбен айтқанда, әуесқойлардың одағы емес, әдебиетті жасайтындардың, әдебиетті жасап жүрген шығармашыл тұлғалардың, кәнігі сөз шеберлерінің одағы болуы керек. Бұдан да нақтырақ айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағы – шығармашылықпен дендеп һәм шындап айналысатын кәсіби мамандардың, яғни профессионал ақынның, профессионал жазушының, профессионал әдебиетшілердің одағы. Мұндай орталықта әуесқойлар болмауға тиіс. Әуесқой жүрген жерде, әуесқойлар тым көбейіп кеткен жерде әдебиетке қатысты мәселелердің барлығы да әуесқойлық тұрғыдан таразыланып, әуесқойлық деңгейден бағаланады. Әуесқойлық талғаммен екшеліп, әуесқойлық таныммен өлшенеді. Ал бұл өз кезегінде әдебиетті қатты әлсіретеді. Кері кетіреді. Әдебиетті өсіретін – әуесқойлық емес, профессионализм. Қаламгердің профессионализмі, кәсібилігі. Іргелі, өнерлі елдердің жазушылар ұйымы секілді Қазақстан Жазушылар одағында да әдебиетке қатысты тек кәсіби әңгімелер айтылып, кәсіби мәселелер көтеріліп, талқыланып, шешіліп жатуы тиіс.

Мұны бір деңіз. Екіншіден, шығармашылық – ой азабы, жан азабы, танымды жетілдірудің азабы, талғамды кемелдендірудің азабы және т.т. Азаптана алмайтын, азаптана білмейтін адамның өнерде жүруі – бекершілік. Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне осындай шығармашылық бейнеттің азабын белден кешкен дарынды, талантты қаламгерлер қабылдануға тиіс. Бұл не үшін керек?  Жазушылар одағына даярлығы мол, дайындығы жетік дарындыларды топтастыру арқылы әдебиеттің көркемдік-интеллектуалдық деңгейін зау биікке көтеру үшін. Сөз өнерін биіктету үшін.

– Оған сөз бар ма?!

– Мінекей, қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағына қабылдауға қатысты осы аса зият әрі биік қағидат бұрындары сақталды ма? Біздіңше, сақталды. Ғабит Мүсірепов те, Ғабиден Мұстафин де, Ілияс Есенберлин де, Әнуар Әлімжанов та, Жұбан Молдағалиев те қолдарынан келгенінше, шамаларының жеткенінше осы қағидатты бұзбауға, сақтауға тырысты. Сақтағаны емей немене, ол кездері Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдану тәртібі аса қатаң болатын. Бір ғана мысал. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің ең алғашқы әңгімесі жарық көрген кезде-ақ әдеби қауым «қазақ әдебиетіне бір мықты прозашының келіп қосылғанын» айтып шуылдасқан екен. Бірақ соған қарамастан Қ.Жұмаділов Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне бақандай екі кітабы жарық көргеннен кейін барып әзер өткен.

Бір күнде 80 адамды мүшелікке қабылдады

– Ал енді бұл қағидат қай кезде бұзылды?

– Қалдарбек Найманбаевтың тұсында бұзылды. Қ.Найманбаевты жағалап, ағалап-көкелеп жүріп, көр-жерді жазатын біраз әуесқойлар Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп алды. Өлеңін өзі жазғансығанымен, өзгелерге бастан-аяқ өңдетіп, жөндетіп алатын бір бикештің Жазушылар одағының мүшелігіне өткені де – осы кез.

– Аты-жөнін атай аласыз ба?

– Аты-жөнін атамай-ақ қояйын... Қазіргі күні осы жайттар әңгіме бола қалса, біраз әріптестерім «Қалдарбек көкеміз көңілшек еді ғой...» деп жуып-шайған болады. Бұл енді көңілшектіктен де, көңілжықпастықтан да емес, айналып келгенде жауапкершіліктің жоқтығынан ғой...

Содан 1996 жылы Қ.Найманбаевтың орнына келген Н.Оразалин, Н.Оразалин бастаған Жазушылар одағының басшылығы (Н.Оразалиннің шығармашылық жөніндегі орынбасары Темірхан Медетбек, шаруашылық жөніндегі орынбасары Ғабиден Құлахмет және т.б.) бір жылға мораторий жариялады.

– Бұл не қылған мораторий?

– «Біз дәл 1 жыл Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне ешкімді қабылдамаймыз!» деген мораторий. Бұған жазушылардың бәрі қуанды: «Бұлар Қалдарбек Найманбаев ағаларының Жазушылар одағының мүшелігіне бірталай адамды көзжұмбайлықпен қабылдап жібергеніне орай осындай мораторий жариялап отыр. Өте дұрыс!».

Шынында да, бұлар 1 жыл­ға дейін мүшелікке адам қабыл­дамады. Сонымен бірге жазушылар ұйымының жаңа басшылығы «Бұдан былай әр жыл сайын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданатындардың саны оннан аспайтын болады» деп уәде етті.

– Сол тұста Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерінің саны қанша еді?

– Шамамен алғанда, 400-дің о жақ, бұ жағында еді.

– Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің қазіргі саны қанша?

– 800-ден асады. Осы 800-дің барлығы да профессионал жазушылар болса, ләм-мим демес те едік қой. Мұның 600-ден астамы – таза әуесқойлар. Әдебиетті әуес көретіндер. Әдебиетпен әуестенетіндер. Менің өз шамалауымша, профессионал ақын-жазушылардың ұзын саны – 200-ге жетер-жетпес. Тіпті бұдан да аз. Және бұлардың басым көпшілігі, дені – баяғыдан келе жатқан байырғы қаламгерлер.

– Сонда қалай, Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне әуесқойларды шұбыртып ала берген бе?

– Солай болып тұр. Қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы – кәсіби деңгейі, кәсібилігі биік әдебиетшілердің одағы емес, әуесқой әдебиетшілердің одағына айналды. Ал енді бұл күйреу емей немене?

– Жазушылар одағы мұндай күйге қалай жетті?

– «Егер жаңылыспасам, 2000-шы жылы ғой деймін, – дейді ақын Темірхан Медетбек, – Жазушылардың кезекті құрылтайы жақындап қалған кез. Іссапармен облыстарға шығып қайтып келсем, Нұрлан Оразалин бір күнде 80 адамды(!) Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдап жіберіпті. Н.Оразалиннің шығармашылық жөніндегі орынбасары ретінде күйініп:

– Нұрлан-ау, мұның қалай? Осы 80 адамның көпшілігін сен де, мен де мүлде білмейміз ғой... – дедім. Нұрлан болса:

– Мен осылай шештім. Мұнда шаруаң болмасын! – деді...». Міне, Темірхан Медетбек осылай дейді.

– Темірхан Медетбектің Нұрлан Оразалинмен сыйыса алмай, Қазақстан Жазушылар одағынан кеткені туралы естігенбіз. Бірақ менің осы жерде түсінбей тұрғаным, 80 адамды бір күнде мүшелікке қабылдау Н.Оразалин үшін неге керек, не үшін керек?

– Бұлар Н.Оразалинге дауыс беру үшін керек. Жоғарыда Т.Медетбек айтып тұрған жоқ па: «Жазушылардың кезекті құрылтайы жақындап қалған кез еді» деп. 80 әуесқойды бір күнде мүшелікке қабылдап жіберсе, мұның бәрі де Н.Оразалинге қарыздар боп шыға келмей ме. Содан бұлар кезекті құрылтайда тек Н.Оразалинге ғана дауыс береді. Әрине, бұл жөнінде оларға оңашада жеке-жеке ескертілетіні де мәлім.

Менің өз болжауым­ша, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне әуесқой­лардың есепсіз көп қабылданып кетуінің арғы астарында да осындай бақай есеп, жеке адамның ішкі есебі жатқан сияқты.

Әлі есімде, жазушылардың кезекті бір құрылтайында дауысқа төрт жазушы түсті: Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқай, Темірхан Медетбек, Асқар Егеубаев. Баққожа Мұқай – 31 дауысқа, Темірхан Медетбек – 44 дауысқа, Асқар Егеубаев – 1 дауысқа ие болды. Ал Нұрлан Оразалин ең көп дауыс жинап, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағалығына қайта сайланды.

– Егер құпия болмаса айтыңызшы, сол құрылтайда өзіңіз кімге, қай жазушыға дауыс бердіңіз?

– Темірхан Медетбекке.

– Неге?

– Темірхан Медетбек – аса талантты ақын. Реформатор ақын. Профессионал әдебиетші. Өте білімді. Білікті. Жан-жақты. Адал. Турашыл. Әдебиетті, қазақ руханиятын өте терең біледі. Мәселен, Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы туралы осы күнге дейін 30-40 мақала жазылса, солардың ішіндегі ең тереңі, ең мықтысы – Темірхан Медетбектікі. Біздің ортамызда әдебиетке адал адамдар өте сирек қой, сол сиректің бірі – тағы да осы Темірхан Медетбек. Азаматтығы да биік. Жаңаөзен қырғынында «Азаттық» радиосынан сөз сөйлеп, ереуілшілерді ең алғашқылардың бірі болып қорғаған кім? Темірхан Медетбек.

– Сіз неге «әуесқой» деген сөзден соншама шошисыз? Әуесқой болса да әдебиетші ғой, әйтеуір. Бірте-бірте...

– Осы жерде енді маған ұзақтау сөйлеуге, ұзақтан қайыруға тура келеді. Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне 20 мен 30-дың аралығындағы әуесқой әдебиетшілерді қабылдап жатса, онда да ептеп ойлануға тура келер еді. Егер таланты болса, талапшыл, ізденгіш болса, әуесқой жастың кәсіби жазушыға айналуы да қиын емес. Бірақ бұл үшін ол түрлі таным сатыларынан, шеберлік баспалдақтарынан өтуі тиіс. Атап айтсақ: арнайы әдеби конкурстар, шынайы әдеби сын, әдеби шеберлік курстары, Ресей Жазушылар одағының жанынан құрылған Әдебиет институты сияқты Қазақстан Жазушылар одағының жанынан ашылуға тиісті Жоғарғы әдеби курс, шынайы шығармашыл-бәсекелес орта, әдеби гильдиялар, түрлі әдеби цехтар, әдеби пікірталастар, әдеби-теориялық конференциялар және т.т. Осының бәрін Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруына болады ғой? Болғанда қандай? Бірақ Қазақстан Жазушылар одағында мұның бірде-бірі жоқ. Бірде-бірі ұйымдастырылмайды. Өйткені, ниет жоқ. Ниет болса, мұндай игі шараларға қаржы да, кадр да артығымен табылар еді...

Қазақстан Жазушылар одағындағы аяғы арақ ішумен жалғасатын «тұсаукесерлердің», былайғы жұрттың, не болмаса жоғарғы жақтың «ештеңе істемей отыр...» деп айтпасы үшін, яки көзбояу үшін ұйымдастырылатын жасанды шараларының қалай өтетіні әдеби қауымның баршасына да белгілі. Мұндай «әдеби-мәдени» шаралардың әуесқой қаламгердің кәсіби жазушыға айналуына титтей себі де, ебі де жоқ.

Тағы да қайталап айтамыз, Қазақстан Жазушылар одағы – әуесқойлардың емес, кәсіби қаламгерлердің ордасы, орталығы. Десек те, Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы мүшелікке әуесқой жастарды қабылдап, олардың профессионал жазушыға айналуы үшін қам-қарекет жасап, жағдай туғызып жатса, біз де үндемеген болар едік. Алайда, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып жатқандардың басым көпшілігі –  егделік жасқа дендеп енген әуесқойлар. 50 мен 90 жастың аралығындағы адамдар. «Кәрі орыс мұсылман болмайды», өз басым 55-тегі, 63-тегі, 69-дағы, 70-тегі, 71-дегі, 72-дегі, 75-тегі,  87-дегі әуесқойларды Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданғаннан кейін кәсіби, профессионал қаламгерге айналып кетеді дегенге сене алмаймын.

Жазушылар одағының есігін ашпағаныма 10 жыл болды

– Апыр-ай, ә... Кімдер сонда бұлар?..

– Естелік жазатын кемпір-шалдар. Күнделік жазатын әртістер. Тиіп-қашып өлең жазатын ақсақалдар.  «Құдағиыма», «Қарындасыма», «Кентаудағы ініме», «Баршатастағы бауырыма» деп, туған-туысқандарын, жекжат-жұратын өлеңмен түгендеп шығатын көксақалдар. Зейнетке шыққан бұрынғы министр, бұрынғы обком хатшысы. Автобус паркінің бұрынғы директоры. Базардың бастығы. Бұрынғы прокурор. Бұрынғы әнші, күйші. Айтпақшы, бұрынғы спортшылар да бар. Мұнайшы, бұрғышы. Өлеңмен әуестенетін депутаттар да жүр...

Ендігі бір «қызық», зейнет демалысына шығып, сонан кейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өткен қарияларымыздың біразының балалары – белгілі кәсіпкерлер. Еріксіз Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы «Кәсіпкерлердің әкелері Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдансын!» деп арнайы қаулы шығарып алған жоқ па екен деп ойлағандайсыз...

– Жастар мүлде жоқ па сонда? Мүшелікке өткен жастар...

– Жастар бар. Бірақ көп емес. Әдебиет сыншысы болғаннан кейін ұдайы әдеби процесті бақылап жүресің ғой, қаламы төселген, ойы да нық, білімі де бар, талантты, шығармалары әдебиеттің көркемдік-теориялық шарттарына толық жауап бере алатын, ішкі мәдениеті де жоғары біраз жас жігіттерді білемін. Сұрастырып көрсем, неге екені белгісіз, бұлар мүшелікке өтпепті. Оның есесіне, әдеби жиындарға жаман орыс секілді ұдайы мас боп келіп, даурығып сөйлеп, екпіндеп өлең оқитын бір едіреңбай бар еді, сол мүшелікке өтіп алыпты.

«Мүшелік» дегеннен шығады, осы биылғы жазда «Жалын» журналының бас редакторы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа сәлем бере барған едім. Әңгімеден әңгіме туындап, біраз бөгеліп қалдым. Сол кезде Мұқаң маған бір пәпкіні көрсетті. Бұл пәпкіге Мұқаң қазақ ақын-жазушыларының Елбасын мақтаған, дәріптеген өлеңдерін, балладаларын, поэмаларын жинайды екен. Соның біразын Мұқаң маған ерінбей оқып берді. Төбе шашым тік тұрды. Әлгі мыжыма өлеңдердің пәруайсыздығына, парықсыздығына. Қалай ерсі! Қандай жиренішті...

Тәңірге теңей ме-ау, пайғамбарға теңей ме-ау, «әулие» дей ме-ау, «әнбие» дей ме-ау, өздерінше Елбасын көкке көтеріп бағады. Бұлар өздерінің тар түсінігі, тайыз танымы бойынша «Біз Елбасын көкке көтердік» деп те ойлайтын шығар. Шын мәнінде, бұл өлеңшілеріміз бен ақынсымақтарымыз өздерінің теңеулерінің – өте ерсі әрі жосықсыздығымен, мадақтауларының – шектен шығып кеткендігімен, өлшеулерінің – мөлшерден тыс қисынсыздығымен Елбасын көкке көтеріп тұрған жоқ, керісінше келекелеп тұрғандай.

«Әр нәрсенің өлшеуі болады. Өлшеуінен асырмау керек» дейді Абай. Жаңағы өлеңшілердей өлшеуінен асырып жіберсек ше? Онда не болады? «Өлшеуінен асып кетсе, боғы шығады» (Абай).

Ал енді мына өлеңге не дейсіз (жатқа білмегендіктен тек мазмұнын ғана беріп тұрмын): «Қазақстанды ғана басқару Сіздің тақияңызға тар келеді. Әттең, шіркін, Сізге бүкіл дүниежүзін, күллі жер шарын басқартып қояр ма еді?!». Мұның кекетуден қандай ­айырмасы бар?!..

– Мұндай өлеңдерді Мұхтар Шаханов неге жинап жүр?

– «Неге жинап жүрсіз?» деп сұраған жоқпын. Іштей «ТЖ»-лар (туфли жалағыштар) туралы мақала жазбақ болып жүр-ау деп шамаладым. Шынында да, бұлар – өлең де емес, шығармашылық та емес, туфли жалау. Жағымпаздану. Жәреукелену. Әдебиетке он қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл өлеңдер тек блокнотқа түскен, күнделікке жазылған өлеңдер емес. Тегіс тасқа басылған: газет-журналдарда жарияланған, кітапқа кірген, өлеңдер жинағына енгізілген. Және өзім анықтап шықтым, мұны жазғандардың бәрі де – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері. Тегіс!

– Кәсіби жауапкершілігі құлдыраған жекелеген жазушылар үшін жазушылар ұйымын, яки Қазақстан Жазушылар одағын жазғырғалы отырған жоқсыз ба өзі?

– Кәсіби жауапкершілігі жоқ, кәсіби біліктілігі жоқ қаламгерлерді мүшелікке үйіп-төгіп қабылдап жатқан кім? Қазақстан Жазушылар одағы. Сондықтан да бұған ең алдымен Жазушылар одағы кінәлі.

150 болсын, 200 болсын, 250 болсын, Қазақстан Жазушылар одағы өзінің кәсіби біліктілігі де, кәсіби жауапкершілігі де жоғары мүшелерімен қалуы керек еді. Мұның үстіне 600-ден астам (!) білімсіз, біліксіз, жартыкеш жазармандарды мүшелікке қабылдаған соң, не оңсын? Тіпті профессионал жазушылардың өзі бір шетке ысырылып қалды. Көп әманда көпшілігін жасайды емес пе, қазіргі кезде Қазақстан Жазушылар одағында тек кәсіби жазушылар ұйымдастыруға, атқаруға тиісті әдеби шара-шаруалардың бәрін әуесқойлар ұйымдастырады, әуесқойлар атқарады. Өзгені көлденең тартпай-ақ, мен өз басымдағы жағдайды айтайыншы.

Мен – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін. Демек, Қазақстан Жазушылар одағы – менің екінші үйім. Солай ғой?

– Әрине.

– Міне, менің сол екінші үйімнің, яки Қазақстан Жазушылар одағының (Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105 үй) есігін ашпағаныма дәл 10 жыл болды.

– Неге?

– Қазақстан Жазушылар одағына қашан барсам да, еститінім – әуесқой әңгіме, тыңдайтыным – әуесқой талқылау, әуесқой... Айналайындар-ау, мен Көк базарға, не болмаса көкнәршілердің үйіне келген жоқпын ғой. Мен өзімнің әдеби ортама, профессионал ортаға «Ойыма ой қосайын, кәсіби кеңістігімнің көкжиегін кеңейтейін, профессионал бауырларымның ой-пікірлерін тыңдайын» деп келіп тұрмын. Ал енді әуесқой әңгіме, әуесқой баяндама, әуесқой талқылау, әуесқой жарыссөз, әуесқой ой-пікір маған не береді? Ештеңе де бермейді. Текке алтын уақытымды алғаны болмаса. Өйткені, мен өзімді профессионал әдебиетшімін деп есептеймін.

Кейінірек байқадым ғой, өзін-өзі сыйлайтын кәсіби жазушылар мұнда мүлде келмейді екен. Сіз «Есенғали Раушанов Қазақстан Жазушылар одағында жүр» дегенді естідіңіз бе? Естіген жоқсыз және естімейсіз де. «Тұрсынжан Шапай Қазақстан Жазушылар одағында жүр» дегенді ше? Естіген емессіз. Жүсіпбек Қорғасбекті... Мұны да естіген емессіз. Содан Қазақстан Жазушылар одағының есігін ашуды мен де доғардым.

Бір қарасаң, роман да жазылып жатыр, поэма да жазылып жатыр. Дастан да, повесть те, пьеса да жазылып жатыр. Тіпті бұрынғыдан да көп жазылып жатыр. Бірақ... Әдебиет құр далиып, жалпайып, жайылып барады. Түк тереңдік жоқ.

Ханның сыбағасын қайыршыға сыйлауға болмайды

– Ал енді сол әдебиетті таразылау, бағалау жағы қалай? Бұл жөнінде не айтасыз?

– «Бағалау» дегеннен шығады, мен сізге жалпы қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болмаған бір келеңсіз оқиға жөнінде айтып берейін. Жүсіпбек Қорғасбек – «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы, мен де ол кезде осы газетте жұмыс істеймін. Ж.Қорғасбектің тапсыруы бойынша, жалпы оқырмандардың да біле жүргені жөн шығар, бұл идея – бастан-аяқ Жүсіпбек Қорғасбектікі, жылдың басында кілең әдебиет сыншылары мен әдебиетшілерге, кәсіби қаламгерлерге сауалнама жолдадық. Мұнда бір-ақ сұрақ бар: «Сіздің ойыңызша, «Ғасыр халтурщигі» деген атқа қай қаламгер лайық деп ойлайсыз?». Жылдың соңында сауалнаманың қорытындысын шығардық. Ең көп дауыс жинаған «халтурщиктің» аты-жөнін толық атауға ыңғайсызданып, газетке оның аты-жөнінің тек басқы әріптерін ғана бердік. Міне, сол «Ғасыр халтурщигі» қазіргі күні ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды. Сұмдық қой! Бұл – әдебиетке, қазақ әдебиетіне жасалған сұмдық қиянат. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да. Құдайшылық тұрғысынан да. Адамшылық тұрғысынан да. Өнердің мүддесі тұрғысынан да. Өнерсүйер қауымның сұранысы мен талап-тілегі тұрғысынан да.

Әдебиетті жаны сүйетін, әдебиетті қадірлейтін зиялылардың барлығы да ішейін деп отырған асына біреу түкіріп кеткендей жиырылып, шошынып қалды. Жағасын ұстап, ішін тартқан адамдар қаншама?! Бұл, не десек те, адал, дарынды, азат ойлы, озат мұратты жазушыларға үлкен моральдық, рухани соққы болды.

– Менің білуімше, бұл кісінің шығармасын ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынған Қазақстан Жазушылар одағы емес. Облыстық газет пе, жоқ әлде бір партия ма, есіме дәл түсіре алмай отырмын, солар ұсынды...

– Кім ұсынса да, осындай қаны тамып тұрған халтураның, яғни жалған шимай, жасанды шығармасымақтың ҚР Мемлекеттік сыйлығын алып кетпеуі үшін Қазақстан Жазушылар одағы қолдан келгеннің бәрін жасап бағуы керек еді. Әдебиеттің мүддесі үшін. Ұлт руханиятының мүддесі үшін. Әрбір халтурщик ойындағысын жүзеге асыра берсе, әдебиетте не береке, не қасиет қалмақшы?! Қасиет – сақтай алсақ, қорғай алсақ қана қасиет емес пе.

Жарайды, енді Қазақстан Жазушылар одағы ұсынған дүниелерге де келейік. Қай жылы еді, Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Мемлекеттік сыйлығына бір ақынның өлеңдер жинағын ұсынды. «Ханның сыбағасын қайыршыға сыйлауға болмайды ғой... Құдай-ау, мыналар кімді ұсынып отыр?..» деп қынжылдық.

– Ұсынылған шығармамен жақсы таныссыз ғой, шамасы...

– Таныс болғанда қандай! Бұл ақынның өлеңдері – оқырманға ешқандай бәһра бере алмайтын, тасқа жауған жаңбырдай не санаңа сіңбейтін, не сезіміңе әсер етпейтін бітеу өлеңдер. Ал енді жүректің айнасына анық рәушан болып түсетін өлең жаратып, өнерсүйер қауымның жансарайын нұрландырып жүрген саңлақ, саркездік ақындар аз емес қой, неге солардың бірін ұсынбасқа?!

– Рас, бізде мықты ақындар көп...

– Мықты прозашылар да мол: Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз, Тұрсынжан Шапай, Тұрысбек Сәукетаев, Асқар Алтай, Жүсіпбек Қорғасбек, Серік Асылбеков және т.б. Осылардың кез келгені – ҚР Мемлекеттік сыйлығына лайықты тұлғалар.

Ал енді Қазақстан Жазушылар одағы үздіктерді тасада қалдырып, не кейінге ысырып, ҚР Мемлекеттік сыйлығына және өзге де әдеби сыйлықтарға (шетелдік, халықаралық) көбіне-көп орта-шарқы дүниеліктерді ұсынып жатса, мен мұның себебін тағы да Қазақстан Жазушылар одағының кәсіби біліктіліктен, кәсіби жауапкершіліктен айырылып қалғандығымен байланыстырамын. Кәсіби біліктілігін, кәсіби жауапкершілігін жоғалтпаған ұйым мұндайға ешуақытта бармайды.

– Кәсіби біліктілігін жоғалтпаған ұйым ретінде, мәселен, қандай одақты атай алар едіңіз?

– Мәселен, Қазақстан Композиторлар одағын алайық. Композиторлар одағы қазіргідей қиын кезеңде, заман азып, қоғам азғындап жатқан кезеңде де өзінің кәсіби біліктілігі мен кәсіби жауапкершілігін сақтап отыр. Қазіргі күні теледидардан күндіз-түні беріліп жатқан, «хит» деп айдар тағылған әндерді естіп те жүрсіз. Осындай әндердің авторлары (тек Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәліге арнайы ән жазатын сазгерлердің өзі қаншама!), яғни көпшіліктің, әсіресе, жастардың ықыласына бөленіп, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған сазгерлердің бірде-біреуі Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі емес. Өйткені, Композиторлар одағының мүшесі болғың келе ме, сенің шығармаларыңның деңгейі кәсібилікке лайықты болуы керек. «Әлеуләйім», «қалаулайым», яғни жеңілтек әуен, жадағай әуесқойлық мұнда жүрмейді. Содан кейін сенің міндетті түрде кәсіби білімің, яки музыкалық-теориялық білімің болуы керек. Көрдіңіз бе, Композиторлар одағының талабы қандай қатал және қандай әділ?!

Осыдан 4-5 жыл бұрын-ау деймін, білдей екі композитор бірігіп, белгілі бір композитордың үстінен арыз жазып, сотқа берді. Сөйтсек, бұлардың әнін әлгі композитор ұрлап алыпты. Біріншісінен – бір ән, екіншісінен де – бір ән  ұрлаған. Әрине, ұрлағанда сол күйінде ұрлай салмайды ғой. Етек-жеңін қырқып, сақал-мұртын тұжырып, кейбір жерін өңдеп, кейбір тұсын өзгертіп ұрлайды. Ал мұны тек кәсіби, арнайы мамандар ғана ажырата алады. Содан сот сараптама жасату үшін Композиторлар одағына өтініш жасайды. Композиторлар одағы әлгі істі 6 композиторға береді. 6 композитор да әлгі екі әннің ұрлықы ән екенін кәсіби тұрғыдан, кәсіби біліктілікпен дәлелдеп береді.

Соттың қалай аяқталғанын білмеймін. Әйтеуір, осы соттың аяғы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кеткені ғана есімде. Бірақ бұл жерде мені қызықтырып отырғаны – соттың шешімі емес (біздің елде соттың күштілердің, қалталылардың сойылын соғатыны бес саусақтай белгілі ғой!), Қазақстан Композиторлар одағының өзінің кәсіби біліктілігін, кәсіби жауапкершілігін сақтап қалғаны, жоғалтпағаны. Естуімше, Композиторлар одағының басшылығына және жаңағы 6 композиторға осы сотқа байланысты сырттан қысым да жасалған көрінеді. Соған қарамастан...

– Суретшілер одағы ше?

– Қазақстан Суретшілер одағы да өзінің кәсіби біліктілігі мен кәсіби жауапкершілігіне шаң жуытпай отыр. Шығармашылық одақтардың ішінде өзінің кәсіби біліктілігі мен кәсіби жауапкершілігінен айырылып қалған – жалғыз Жазушылар одағы.

«Бандыны қуған Хамиттің» өзі – банды

– Әдебиет сыншыларының бәрі де осындай пікірде ме?

– Басым көпшілігі осындай пікірде. Бұрынғы жылдарды айтпай-ақ қояйық, соңғы жылдары «әдеби құбылыс», «әдеби-мәдени өміріміздегі айрықша мәнді һәм маңызды құбылыс» деп айтуға да, атауға да тұрарлық үш дүние жарық көрді. Оның біріншісі – Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі және көз жасы» атты әңгімелер мен эсселер жинағы (жаңа туындылармен толықтырылған). 2015 жылы «Ақжүніс» баспасынан жарық көрді. Т.Шапайдың әңгімелері – аса құнды, ғажап, келісті де кемел әңгімелер.

Екінші дүние – Герольд Бельгердің «Мереке» баспасынан жарық көрген «Тень дней минувших» деп аталатын күнделігі (1961–2009 жылдар). 48 жыл бойы үзбей жазылған, көлемі 50 баспа табақ, 608 беттік бұл күнделікте Г.Бельгердің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, айтылмаған әдеби ой-пікірлері молынан берілген. Жазушының әдеби тұжырымдары, әдеби бағалаулары қалай дәл, қалай әділ, қалай нақты, қалай терең десеңізші. Біздің ұдайы алға ұстап, аяқ-қолын жерге тигізбей мадақтап жүрген бір жазушымыздың – шіренгені болмаса шикі жазушы екенін тапжылтпай, тыпыр еткізбей дәлелдеп көрсеткені, біздің назардан мүлде тыс қалдырып келе жатқан еңбекті (М.Мағауиннің «Ұлтсыздану ұранын») Достоевскийдің публицис­тикасымен теңестіруі – өте дәл, әрі тың, әрі аса әділетті тұжырым. Біздің әдебиетшілеріміз «Бандыны қуған Хамиттің» өзі – банды екеніне әлі ден қоя алмай жүргенде, Герольд Бельгердің қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінгісіне, болашағына қатысты тереңнен қозғап, алыстан болжап айтқан қысқа да нұсқа, жүйелі, батыл да өтімді пікірлерін қайткен күнде де әдеби айналымға тезірек түсіргеніміз жөн.

Үшінші дүние – Мұхтар Мағауиннің төрт томдық «Шыңғыс ханы». Мұндай еңбек, біздіңше, бір ғасырда бір-ақ туады. Қазақстан ғана емес, күллі Орталық Азия республикаларында мұнымен деңгейлесе алатын еңбек әлі туған жоқ.

Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің жазушылар ұйымына ұқсап осы кітаптар жөнінде ең кемі екі күнге созылатын арнайы конференция өткізбей-ақ қойсын, ең болмаса, тым құрығанда дөңгелек үстел өткізуіне болатын еді ғой. Бұған кәсіби біліктілігі жеткен жоқ.

Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын бір күнде 42 адамға таратып беруі... Бұл енді ешқандай әдеби критерийге де, әдебиетті ынталандыруға да, жазушылардың арасындағы шығармашылық бәсекелестікті арттыруға да жатпайды. Бұл – әдебиеттің мәселесін таза ағайынгершілік жолмен шешу. «Сендер де Қазақстан Жазушылар одағының ая-айналасында жүрсіңдер ғой...» деп, базардан олжалы қайтқан әкенің балаларына кәмпит үлестіргені сияқты жазушылар ұйымының хатшысына да, атшысына да сыйлық үлестіріп беру.

Жазушылар оқырманнан оқ бойы озық болуға тиіс

– «Қазақ әдебиеті» газетінің де қатты құлдырап кеткенін айтып жүр жұртшылық...

– Ресейдің «Литературная газетасы» қызметкерлерінің тең жартысы – профессионал сыншылар, әдебиет сыншылары. Ал «Қазақ әдебиетінде» әдебиет сыншысы жұмыс істей ме? Істемейді...

«Жазушының жазғанына сыншы – би, сыншының сынына оқырман – би» дейді Нәзір Төреқұлов. Әдебиет газетінде жазушыларымыздың шығармалары туралы әдеби сындар жүйелі түрде жарияланып тұруы керек. Бірақ бұл газеттен сіз әдеби сын көрмейсіз. Тіпті мұнда қоғамымыз туралы да, саясатымыз туралы да ешқандай сын айтылмайды.

«Қазақ әдебиеті» газеті қоғам туралы (өзіміздің өмір сүріп отырған қоғамымыз туралы!) ашық та айқын әңгімеден ұдайы бойын аулаққа салады. Қашқақтайды. Айналып өтіп кетуге тырысады. Ал мұндай газетті «әдебиет газеті», «жазушылардың газеті» деуге бола ма? Меніңше, болмайды! «Әуесқойлардың газеті» деңіз, «Нұрлан Оразалиннің отбасылық не болмаса жекеменшік газеті» деңіз, тек әйтеуір «әдебиет газеті» дей көрмеңіз. «Жазушылар оқырманнан оқ бойы алда болуға тиіс!» (Мұхтар Әуезов), дәл сол сияқты жазушылардың газеті, әдебиет газеті де оқырманнан оқ бойы алда жүруі тиіс. Ал енді оқырман білетін нәрсені пұшайман боп айта алмай, оқырмандардың соңынан салпақтап еріп келе жатқан «Қазақ әдебиетін» сіз қалай ғана «әдебиет газеті» деп айта аласыз?!

«Қазақ әдебиетінен» кілең жоғары жаққа жағымсынған, дәмсіз, дәрменсіз, жылтыр, жылбысқы дүниеліктерді оқығанда, кезінде өзім қызмет істеген газетті өзім лақтырып жіберіп: «Құдай-ау, қазақтың сыншыл ойының иелері қайда? Түгел жойылып, жоқ боп кеткен жоқ қой. Соларға неге сөз бермейді?» деп күйіп-пісем. Айтпақшы, «Қазақ әдебиеті» де сөз береді, кімдерге береді дейсіз ғой? Кенжеғали Сағадиевке, Тілектес Есболовқа, Ғалымқайыр Мұтановқа, Рахман Алшановқа, Берік Шахановқа...

– Қазақстан Жазушылар одағында ешқандай бедел қалмағанын қазіргі күні көптеген жазушыларымыз ашық айтып жүр емес пе?

– Оның бәрін оқып жүрмін ғой, соның ішінде әсіресе Светқалидің пікірі ұнады.

– Ақын Светқали Нұржан ба?

– Иә. Енді Светқали Нұржанның былтыр жарияланған сұхбатынан бір үзінді келтіре кетейінші. Светқали былай дейді:

«Бұрынғы бір сұхбатымда Жазушылар одағын алғаш көргендегі әсерімді айтқам. «Өтежанмен өткен 1-хикая» атты балладамда да бар. Онда 1979 жылы алғаш Алматыға барғанда бір жарым ай бойы жолдың арғы бетінен сығалап, Одақтың киесінен қайбыртып есігінен ене алмай кеткенім айтылған. Осыдан 20 жыл бұрын жазған «Жастықтың жазғы жұртында» атты топтамамда:

Кеудеге бұлбұл қонақтап,

Сол жерде ғажап нұр бардай,

Енуші ек біздер Одаққа –

Мешітке кірген діндардай! – деп жаздым. Расында солай еді. Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің, Б.Момышұлы мен Қ.Қайсеновтің, Ә.Тәжібаев пен Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Бекқожин мен Х.Ерғалиевтің, Т.Ақтанов мен С.Шәймерденовтің, С.Мәуленов пен Қ.Шаңғытбаевтың, Т.Бердияров пен Ғ.Қайырбековтің, Қ.Мұхамет­жанов пен Т.Әлім­құлов­тың, Ж.Молдағалиев пен Ә.Әлімжановтың, Ж.Нәжімеденов пен С.Жиенбаевтың, Қ.Мырзалиев пен Т.Молдағалиевтің, Ә.Кекілбаев пен М.Мағауиннің, А.Сүлейменов пен З.Серікқалиевтің елестерін көрудің өзі мүршидке тәжім қылған мүрит-хәлге түсірер-ді...

Қазіргі ахуал сендерге де, маған да белгілі ғой... Бүгінгі таңда қазақ тағдыры «бар» мен «жоқтың» арасында теңселіп тұр. Тағдыр-таразының мұнша қылтылдағаны бұрын-соңды, тіпті, кешегі Зауал мен Нәубет тұсында да болмаған шығар. Себебі ендігі төніп келе жатқан қатерлердің өңі зұлмат, салмағы зілман, лебі тым суық, жүрісі өте суыт! Қазақ ұлтына жасалып жатқан зымиян эксперименттердің өзі жан шошытады. Дін қатерін айттық. Ширек ғасырда қазақтың ұлы тілін босағадан сығалатып қойдық. Білім жүйесіндегі масқараларды айтсаң – тілің, айтпасаң ділің өртенердей! Кешегі «жер мәселесі» күллі дүниенің ішін қалтыратып отырған «Қытай қатерінің» үскірігін тым жақыннан сездірді. «Бес жыл мораторий» дегенге езуімізге күлкі үйіріле бастап еді, «51 кәсіпорын» туралы хабар алдан соғар сұрапылдың ызғарындай ұрып, жүрек-жапырағымызды дірдектетіп жібергенін кімнен жасырамыз? Міне, осының бәріне біздің «татулық пен достық лабораториясындағы» бөгде міллеттер миземегенмен, кеудесінің тіні тірі Қазақұлы өз пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Кейбіреулері ел-жұртының тәуелсіздігіне бей-жай қарай алмағандары үшін ғана айыпты болып, абақтыға қамалып та үлгерді. Тұтас ұжымдар, іштерінде Суретшілер одағы бар, Композиторлар одағы бар, театрлар бар, жан дауыстары шығып солақай саясатқа көнбейтіндерін білдірді. Логикаға салсаң, осылардың бәрінің алдында жүруге тиіс Қазақстан Жазушылар одағы осындай талайлы сәтте немен айналысты? Әуелі 443-і, іле-шала 555-і жабылып Президентке «ашық хат» жазды! Не үшін? Одақты 22 жыл басқарған бір адамның орынтағын қорғап қалу үшін ғана! Бұдан кейін осыншалықты міскін күйге түскен Одақта болудың не мәні, әлгі «қаламгерлердің» сапында жүрудің не сәні қалмақ? Сонымен, қазіргі көз алдымызда көз жұмып жатқан көптеген құндылықтарға ұқсап, менің Одағым да өлді! Ал ол қайта тіріле ме, жоқ, біржола жоқтыққа кете ме, оған сәуегейлік айтпай-ақ қояйын...».

Көрдіңіз бе, «Мен үшін Қазақстан Жазушылар одағы өлді!» дейді. Және мұны көптің бірі емес, аса дарынды, көрнекті ақынымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Светқали Нұржан айтып тұр.

«Біз саясатпен айналыспаймыз, әдебиетпен айналысамыз»

– Шынында да, сұмдық екен...

– Ал енді Светқали Нұржан қалай бұлай айтпайды?! Жаңаөзен оқиғасы кезінде де, жер мәселесі тартысқа түскен кезде де, тек жер тағдыры ғана емес, ел тағдыры туралы, тіл тағдыры туралы қызу пікірталас, ерсілі-қарсылы көзқарастар майданы жүріп жатқан кезде де Қазақстан Жазушылар одағы тыпыр еткен жоқ қой. Іннің аузындағы байғыздай бұғып жатып алды.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы:

Түбінде құруыңа елден ерек,

Мен айтайын болады жерің себеп, – десе,

Мұқағали Мақатаев:

Жалғанның жартысындай байтақ өлкем,

Білмеймін сорың ба, әлде ырысың ба?! – деп мұңаяды. Екеуінің де қайғысы, мұңы – жер тағдыры. Ал енді осы жер тағдыры шын мәнінде, іс жүзінде тартысқа түскенде Қазақстан Жазушылар одағының бұғып қалуы... Бұл – енді өте қорқынышты һәм аянышты жайт.

– «Билікке ұнамай қаламыз ба, әлде қайтеміз...» дегені шығар...

– Айтқандай, Қазақстан Жазушылар одағының әуесқой басшыларының бірі теледидардан: «Біз саясатпен айналыспаймыз, әдебиетпен айналысамыз!» деді ғой. Саясат дегеніміз не? Саясат дегеніміз – тілдің тағдырын да, жердің тағдырын да, елдің тағдырын да шешетін тетік. Сонда қалай болып шықты, Жазушылар одағы басшысының жоғарыдағы сөзін «Біз тілдің тағдырымен де, елдің тағдырымен де айналыспаймыз» деп түсінуге болады ғой?

– Болғанда қандай!

– Міне, біздің жеткен жеріміз! Тіл болмаса, ел болмаса, әдебиет те болмайды ғой. Сонда ол сабаз немен, кімнің әдебиетімен айналыспақ?!

– Қазақстан Жазушылар одағының материалдық базасы да мықты, мығым еді ғой.?

– Қазір мұның да ту-талақайы шықты. Егде жазушылардың қай-қайсысымен әңгімелесе қалсаңыз да «Менің пәленбай деген шығармам Шығармашылық үйінде жазылып еді... » дей келіп, өзінің ең мықты, ең сүйікті шығармасының атын атайды. Жазушылардың Шығармашылық үйі, шынында да, керемет еді. Нағыз құтхана еді. Орналасқан жері де әдемі, аймақ-ауқымы да кең еді. Ал енді сол Шығармашылық үйі қайда қазір? Зым-зия, ешкім білмейді...

Н.Оразалиннің кезіндегі орынбасары Т.Медетбектің айтуынша, Алматы қаласының кезіндегі әкімі В.Храпунов Қазақстан Жазушылар одағына «Базар ашып алыңдар, содан түскен пайданы жазушылар ұйымының керек-жарағына жұмсарсыңдар» деп арнайы жер телімін берген екен. Бұл жер телімін Жазушылар одағы «Аягөз» базарына жалға береді. Жалдан түскен ақшаға Жазушылар одағы екі автокөлік сатып алады. «Келесі айдың ақшасын» ардагер-жазушыларға стипендия түрінде береміз» деп отырғанда, бұл базар да дәл Шығармашылық үйі сияқты ұшты-күйлі жоғалыпты...

– Сонымен, жазушылардың осы құрылтайында не істейсіздер, тағы да «көпшілік дауыспен» Н.Оразалинді басшы сайлап аласыздар ма, жоқ әлде...

– Егер біз осы жолы тағы да Н.Оразалинді басшы сайлап алсақ, онда Қазақстан Жазушылар одағы, Светқали Нұржан айтқандай, біржола жоқтыққа кетпек. Құрдымға кетеді. Ал енді білімді, дарынды, әдебиетке жаны ашитын профессионал жазушылардың бірін сайлай алсақ, онда, әрине, сөз де, іс те басқаша болмақ.

Әңгімелескен Шәріп Құрақбай

Дерекөзі: «Жұлдыздар отбасы» журналы. № 3. 2018 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: "Жазушылар Одағы қалай күйреді?"

Abai.kz

 

36 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061