Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3586 0 пікір 12 Қаңтар, 2011 сағат 06:39

Бауыржан Бабажанұлы. Ниетқабыл

Ниетқабыл

поэма

Әлқисса, сөз бастайын бүгінгіден,

Дей алман: «Заманымның сырын білем».

Білерім, дәмдес болған көп шалымның

Бүгінге көзқарасы қырын кілең...

 

Бойымды билесе де аз ғана мұң,

Мен кейде болмашыға мәз боламын.

Мәз болмай, күйінгенде не табамын,

Жақсы-жаман болса да - өз заманым!

 

Бабамның сүйенгені өрлік екен,

Атамның көргені көп қорлық екен.

- Заман қиын боп кетті! - деп жылайды ел,

Ай, өзі жеңіл заман болды ма екен?

 

Жандарда жақсылыққа жаны құштар,

Өмірге деген мәңгі сағыныш бар.

Атомнан әлдеқайда күрделірек,

Адамның ішіндегі жарылыстар.

 

Талайдың тасқа соғып... мұзбалағы,

Кеудесі жұмыр жердің  сыздағаны...

...Ақынның жүрегіне малып алған,

Қаламнан әр заманнан  із қалады.

 

Бойжеткен, көмкерілген гүлге етегі,

Тыңдаңыз, бозбаламен бірге тегі.

Естіген біреулерден әңгіме емес,

Өзімнің көзім көрген сурет еді.

 

* * *

 

Бір ер бар Шамалғанда, аты - Түгел,

Мәрттігін жақын түгіл, жаты білер.

Содан ба, қалтасының түбі тесік,

Ешқашан болған емес, заты түгел...

 

Бұл емес, төр толтырар жайсаңыңыз,

Жер  қозғалса қозғалмас байсалдыңыз.

Ниетқабыл

поэма

Әлқисса, сөз бастайын бүгінгіден,

Дей алман: «Заманымның сырын білем».

Білерім, дәмдес болған көп шалымның

Бүгінге көзқарасы қырын кілең...

 

Бойымды билесе де аз ғана мұң,

Мен кейде болмашыға мәз боламын.

Мәз болмай, күйінгенде не табамын,

Жақсы-жаман болса да - өз заманым!

 

Бабамның сүйенгені өрлік екен,

Атамның көргені көп қорлық екен.

- Заман қиын боп кетті! - деп жылайды ел,

Ай, өзі жеңіл заман болды ма екен?

 

Жандарда жақсылыққа жаны құштар,

Өмірге деген мәңгі сағыныш бар.

Атомнан әлдеқайда күрделірек,

Адамның ішіндегі жарылыстар.

 

Талайдың тасқа соғып... мұзбалағы,

Кеудесі жұмыр жердің  сыздағаны...

...Ақынның жүрегіне малып алған,

Қаламнан әр заманнан  із қалады.

 

Бойжеткен, көмкерілген гүлге етегі,

Тыңдаңыз, бозбаламен бірге тегі.

Естіген біреулерден әңгіме емес,

Өзімнің көзім көрген сурет еді.

 

* * *

 

Бір ер бар Шамалғанда, аты - Түгел,

Мәрттігін жақын түгіл, жаты білер.

Содан ба, қалтасының түбі тесік,

Ешқашан болған емес, заты түгел...

 

Бұл емес, төр толтырар жайсаңыңыз,

Жер  қозғалса қозғалмас байсалдыңыз.

Әйтеуір, заты - қазақ...

Қимасаңыз:

«Қаңғып келген оралман» - дей салыңыз.

 

Ісі жоқ, патшада да, басқада да,

«Шүкірі» - жақын қонды астанаға.

Біреудің  үйін қалап, малын сойып,

Табады нәпақасын қасқа бала.

 

Кейде шын деп түсініп әзілді де,

Құрбылардың тыңдайды  назын күле.

Ешкімнің де көңілін қалдырмайды:

«Иә, мақұл», «Е, жарайды...», «Қазір, міне...»

 

Бек сеніп жапырағын жаярына,

Әкесі құда түскен баяғыда.

Зайыбы ұялшақтау бала  еді бір,

Ныспысын атамай-ақ қоялық, ә?.

 

Үйі бар адамдарға қызығысып,

Кей-кейде көңілдері бұзылысып...

Қабағы қисайса да қожайынның,

Қисық тамның түтіні түзу ұшып.

 

«Қосылып қалған екен бастарыңыз,

Ал, қане, ашық болсын аспанымыз...»

Пейілі мұндай үйдің кең болады,

(Пәтерде тұрған кезді еске алыңыз...).

 

Қонағынан түгі жоқ  аяп қалар,

Келген кісі ылғи да жай аттанар...

Бұл үйге келген жанның тілегі де:

«Шілдехана болсын...» деп аяқталар.

 

Осы сөз әкелердей оларға бақ,

(Саған қарап, біресе оған қарап).

«Әмин, әмин...», - дей бере...  қысылып қап:

«Құдай берсе...» - дер сосын төмен қарап.

 

Әуелде деген де жоқ мұны - қайғы,

Ай артынан қарсы алар күліп айды.

...Күмістей тұяқтарын жалтыратып,

Жанынан киік-күндер зымырайды...

 

* * *

 

Ал, енді не істейсің, қасқа Түгел?

...Бұл енді кешегіден басқа Түгел.

Жанашыр, ақылшы да көбейіп тұр:

«Тумайтын бұл қатынды таста, Түгел!».

 

...Әлгі сөз бойындағы күшті ап қалып.

Кеудесін әлсін-әлсін ұстап, налып.

«Түс қыла гөр, құдайым...» дей береді,

Махамбет атасына... ұқсап бағып.

 

Жұрт құсап жүре алар ма жайнап енді,

(Қарамай қойды тіпті айнаға енді...)

...Түсі емес, өңі екенін айтып-ақ тұр,

Қарасұр келіншектің қаймақ ерні.

 

Дәрігер (...мейірімнен жұрдай ма екен?..)

Көңілге қарап тіпті тұрмайды екен.

Бұл Түгел түсінбейтін көп сөз айтты,

Түсінгені: «Қатыны тумайды екен...».

 

Ышқынып, орынынан түрегелді,

«Болашақта... Бәлкім... Кім біледі, енді...»

Жаутаңдап, әрі-бері қарап еді,

-Үміт жоқ! - деп бұрылып жүре берді.

 

Ал, енді не істейсің, қасқа Түгел?

...Бұл енді кешегіден басқа Түгел.

Жанашыр, ақылшы да көбейіп тұр:

«Тумайтын бұл қатынды таста, Түгел!».

 

Түбіне жете алмайды сан ойлана,

...Құшағына енетін арайлана.

Талай жыл тату-тәтті тұрып келген,

Келіншегін қияды қалай ғана?

 

«Қараман, дұшпан түгіл, дос күлгенге,

Мінеки, осылай деп шештім мүлде!»

...Бұл ойдың да шегесі босай берер,

Көрші үйден сәби даусы естілгенде.

 

Санасын селт еткізбей жайнаған бақ,

Салады сосын тағы  ойға қармақ:

«Ал, жақсы, бұл үйленсін... (Жұртты ырза ғып)

Қыздай алған жар сонда қайда бармақ?»

 

Артында қалғаннан соң әйел жылап,

Алдынан күтер дейсің қай ерді Бақ.

(«Еркектер сүйе алмайды!» - дейтіндер бар,

Ай, шіркін, не демейді әйел бірақ...).

 

...Сырт көзге  ештеңе де байқалмайды,

Көрген жан өп-өтірік майпаңдайды.

«Үкімін» дәрігердің естігендер,

«Шілдехана болсын...» деп айта алмайды.

 

Үзілмейді екен ғой ой ішегі,

Төзімі бұл Түгелдің қайыс еді...

Кіріп-шығып жатпайды ел бұрынғыдай,

Шоңқиып екеуі үнсіз шай ішеді...

 

* * *

 

«Балам менің қайда екен?,

Қыздарменен тойда екен,

Тойда неғып жүр екен?,

Өлең айтып жүр екен...»

 

Бұл үйде ертелі-кеш ән тынбайды,

Жүздері жұбайлардың жарқылдайды.

«Түгелдер бала асырап алыпты...» - деп,

Үй сыртында қарғалар қарқылдайды...

 

Ал іште... басталғандай Хақтан бір іс,

Шашу шашар, сәуледен,  ақ таң, күміс.

Пейіштің бір бұрышы сияқтанар,

Бесікте бала іңгәлап жатқан бұрыш.

 

Басылып жүрегінің сыздағаны,

Бесікке бір барғанда жүз барады.

Жұпар исі аңқыған періштені,

Бірінен-бірі кейде қызғанады.

 

Дүниені енді ғана танығандай.

Боғы да көрінетін... сары балдай,

Шақалақ сәл түшкіріп қалса егер де,

Екеуі жүгіреді жаны қалмай.

 

Соңғы рет көз қысқанда таңда  Ай-сұлу,

Қандай ғажап... ұйқың сәл қанбай шығу.

...Япыр-ай, бұрын қалай  байқамаған,

Жаялық жуған әйел қандай сұлу!

 

Екеуі күнде көкте қалықтайды...

Баланы қолға алудан жалықпайды.

Бұлардың бәйек түрі ене ме екен,

Түс көріп жатып, сәби шалықтайды.

 

Баланың көңілінің хошын табар,

Жанды көрсе шаттанып, жошиды олар.

Жолаушым, жер мен көктен іздеп жүрген,

Бақытты көргің келсе, осы үйге бар.

 

* * *

 

Ай, нені шақырады, мына байғыз,

Немізбен ол байғұсқа ұнамаймыз?

...Кететін болса енді кетпей ме екен,

Мазаны ап, күні-түні жыламай күз.

 

Асылық іс қылмап ек, Хаққа налып...

Аспан жақтан келді ме... ақпар алып,

Керуен-керуен боп келіп, иіріліп,

Түнеріп тұрып алған қап-қара бұлт?

 

Не хал бұл?

Түгел толық ұғынбайды,

Бірде ысып, бірде... бойы жылынбайды.

Ішегін тартып байғыз шақырғанда,

Жүрегі әлденеге суылдайды.

 

Жүрегі әлденегі суылдайды,

Бірде ысып, бірде... бойы жылынбайды.

Бір тамшы... ешкі сүтін ауызға алмай,

Дамылсыз бала неге шырылдайды?

 

- Ағайын, еркегің бар, қатының бар,

Айтыңдар, бізге қандай ақылың бар...

- Ай, мынау күйіп-жанып барады ғой,

Дәрігер қайда, ойбай, шақырыңдар...

 

Дәрігер апай неге үндемейді,

Жақсы сөз айтып, көңіл бірлемейді?

«Қорықпаңдар, суық тиген... әшейін» - деп,

Үміттің шоғын неге үрлемейді?

 

Ісінен жеңгесінің шошып қалды,

Ол неге әрі қарай... бесікті алды?..

... Соңғы рет иек қағып, шар етті де,

Дауысы нәрестенің өшіп қалды...

 

Тағы да тағдырына қарсы аққан ба...

Осылай болар балық сең соққанда.

(Егер мені шын сүйген құлым десең,

Еркектің жылағанын көрсетпе, Алла).

 

Барады көз алдында жер дөңгелеп,

Тәңірім көмектесер желмен... демеп.

...Молдекең төніп келіп, не айтып тұр,

«А, иә, дұрыс....дұрыс... жерлеу керек...»

 

Осы ойдан Түгел кенет тірілген-ді,

Басына тағы бір ой шұғыл келді.

Көз жасын сүртуді де ойламастан,

Шегебай ағасына бұрылды енді.

 

- Ай, Шәке, үзілгенін көрдің балам,

Түбі бір қайтарамын сенгін маған.

Ұлымды лайықты жөнелтейін,

Союға сиырыңды бергін маған.

 

Көзінен Түгелжанның жас тамады,

Қарауға Шәкең оған жасқанады.

Берер-ау...

Қайтер, бірақ сол сиырдың,

Емшегіне қараған бес баланы.

 

...Былайғы жұрт көңілге қарамайды, ә,

(Бұны әлде шын қазаға санамай ма?):

«Ірі қара  не керек... нәрестеге,

Тоқты-торым сойса да жарамай ма?»

 

Бұларды Түгел бірақ тыңдамайды,

(Жүрегін сан түрлі ойлар жұлмалайды).

Бір жылы сөз айтар деп үміттеніп,

Елге бір, ағасына бір қарайды.

 

...Сиыр берген ағаның көңілі ірі,

Еріккен жұрт сөз қылар оны-мұны:

- Бұнысы дарақылық! - деді біреу,

- Е, құдай аясын де,  - деді бірі.

 

Бірі аяп, екіншісі кетті кейіп,

(Сонымен бұл жаназа өтті дейік...).

- «Садақа қабыл болсын!» - деп жатыр жұрт,

Аллаһу қабыл қылсын деп тілейік...

 

* * *

 

Үзілмейді екен ғой ой ішегі,

Төзімі бұл Түгелдің қайыс еді...

Кіріп-шығып жатпайды ел бұрынғыдай,

Шоңқиып екеуі үнсіз шай ішеді...

 

Күндіз жұмыс - алданыш. (Нан табады ал,)

Үйге келсе...  көңілі орталанар.

Өзге түгіл бұл күні бір-біріне,

Бала жайлы айтуға қорқады олар.

 

Қайғысын айтпағасын жан адамға,

Мұңсыздай, кейде... сырттай қарағанда.

...Бірте-бірте келеді мойынсұнып,

Алланың жазғанына шара бар ма?!

 

Жұмысы - алданышы.

Сосын... бар ғой...

Арақ ішер...

кей-кейде тосылғанда... ой.

...Тек әйелі - ашушаң.

Қайтсін енді,

Жарықтық, әйел деген осындай ғой...

 

Ой жегесін әйелде... қалмайды ұсқын,

Баяғыдай көзінде жанбайды ұшқын.

Бір рет «шиден сыртқа шыққаннан соң»

Бұдан басқа кімі бар ол байғұстың?!

 

«Кетем» дері болмаса,  аяп... ерін,

Ол емес, шектен шыққан бейәдебің.

...Жыламаса, айқайлап, ұрыспаса,

Иә, шіркін, неменесі әйел оның?

 

Әйелді кім бар толық танып білген...

- Ай, Түгел, - деді бір күн, налып мүлдем, -

Ағамдарға қыдырып қайтайықшы,

Осы үйдің тамағынан жалықтым мен.

 

«Е, мақұл».

Сәлем беріп барды ағаға.

... Айтқанын қылсаң  әйел жанданады, ә:

- Қымыз ішкім келеді..., -деді бірде,

Әйел айтса, Түгелде жан қала ма...

 

Бір күні еріні сәл үшкірленіп,

Әңгіме айтып, көзіне  ұшқын... қонып.

Кенет шайын тастай сап,  атып тұрып,

Есікке жете бере  құссын келіп.

 

-Ай, жазған, сен де өзіңе  қарамайсың,

Базарды (сөмке сатып) аралайсың.

Жақпайтын бірдеңе жеп қойғансың ғой, -

Әлі күнге кішкентай баладайсың.

 

Үш күнде  өте шыққан... шақырайып,

Тек қана көзі қалды бақырайып.

- Байғұс-ау, қатты уланып қалғансың ғой,

Қой, болмас, «Жедел жәрдем» шақырайық.

 

Ләм демейтін мұқият қарап алмай,

Дәрігердің күдігі тарағандай:

- Ештеңе етпейді! - деп жымияды, -

Екіқабат әйелде болады ондай.

 

- А, не дейт!

Тұз сеппегін жарама, әкем,

Осылай қалжыңдауға бола ма екен...

- Қалжыңдап... Не деп тұрсыз? -  шамданды ол да:

«Осындай да адамдар болады екен...»

 

- А, шын ба?!

Кешір, мендей... жазған, ерді,

...Екеуі ботадайын боздады енді.

(Бұл сәтті жеткізер сөз ғаламда жоқ,

Ақыным, әрі қарай созба өлеңді...).

 

«Ай, дүние-ай, қосылдым ба, мен қатарға!»

Көңілі сыймай кетті кең жаһанға.

(...Әлгі асылық сөзімді қайтып алдым,

Еркектің жылағанын көрсет, Алла...).

 

* * *

 

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан».

 

Бабадан мирас болып қалған өлең,

Сан  ұрпақтың үмітін жалғаған ең.

Бойымда, баба, сенің қаның барда,

Қалай күмән келтірем  Аллаға мен?!

 

Сонша жүк түсіріп жан-пәруанаға,

(Тірлікте адам байғұс қарманады, ә).

Пенденікі, әйтеуір, жай алданыш,

Беретін... алатын да - Алла ғана!

 

Түгелде түтін түзу, кешегі - ұмыт...

- «Алла өзін жаратқан көшелі ғып,

Ақеден, аңқылдаған жігіт қой бір,

Ниеті қабыл болды!» - деседі жұрт.

 

Аулада үш-төрт құлын салады ойнақ,

Әйелі дауыстайды: «Әй, сәл абайлап...»

- «Біздікі емес, құдайдікі...» - дейді сосын,

Әп-сәтте қалмайын деп «жаман» ойлап.

 

Солар ғой қорғаны ертең байтағымның.

...Тыңдаушым, пейіліме сай табылдың.

Ниеті түзуге Алла беретінін,

Мен айттым, сен де енді айта жүргін.

 

Ақтөбе қаласы, 2010 жыл. Рамазан айы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407