Тәжікстанның көрші елдермен шекарада ақша айырбастау орындары ашылады
Тәжікстан Ұлттық банкінің Соғды облысы бойынша өкілі таяуда Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аймақта валюта айырбастау орындары ашылады деп мәлімдеді.
Ұлттық банк өкілдігінің басшысы Навруз Валиев айырбастау орындарымен несие беру ұйымдары айналысады деді. Тәжікстанда жекеменшік айырбастау пунктерін ашуға заңмен тыйым салынған.
Ұлттық банк шенеунігі шекарада айырбастау орындарының жоқтығынан, азаматтар "қара базар" қызметін пайдаланады дейді. Сенбі және жексенбі күндері банк пен несие беру орталықтары демалып жатқан кезде, шетел валютасын айырбастау өте қиынға соғады.
Навруз Валиевтің сөздерінше, банк және несие беру ұйымдарына түнгі 10-11-ге дейін жұмыс істеуге бұйрық берілген екен.
2015 жылдың көктемінде Тәжікстан Ұлттық банкінің нұсқауымен елдегі барлық жекеменшік валюта айырбастау орындары жабылған.
Abai.kz