Халықаралық ұйымдар қамаудағы өзбек журналистері мен белсенділерін босатуды талап етті
Беделді он екі халықаралық ұйым Өзбекстан үкіметінен қамаудағы журналист Бобомурод Абдуллаевты, блогер Хаетхан Насреддиновты және жас ғалым Акром Маликовты тез арада босатуды талап етті.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының (Amnesty International, «Орталық Азиядағы адам құқықтары» Қауымдастығы, «Азаматтар құқықтарын қорғау» ұйымы, Журналистерді қорғау комитеті, Freedom House, Human Rights Watch, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік, Норвегиялық Хельсинки комитеті, «Шекарасыз тілшілер», Freedom Now, ARTICLE 19, «Өзбек-Германия Форумы») 13 қаңтарда жариялаған жолдауында ресми Ташкенттен журналист Бобомурод Абдуллаевты абақтыда азаптаған құқыққорғау органы қызметкерлерін жауапқа тартуын сұраған.
«Өзбекстан үкіметі арнайы қызметін реформалауға талпынып жатқан уақытта, қамаудағы журналисті азаптағаны туралы шағымды тез арада тексеріп, тиісті жазасын беруі керек», – деді Хьюман Райтс Вотч (HRW) ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Стив Свердлов.
Еске салайық, ташкенттік адам құқығын қорғаушы Сурат Икрамовтың 8 ақпанда өзінің дереккөздеріне сүйеніп хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің екі офицері – подполковник Нодирбек Туракулов және тергеуші Александр Веселов өткен жылдың қыркүйегінен бере қамауда отырған журналист Бобомурод Абдуллаевты азаптағаны үшін қызметтен шеттетілген.
Абдуллаевты интернетте сыни мақалаларын жариялағаны үшін ұстады. Бұл іске тағы төрт адам тартылған. Солардың бірі - 27 жастағы ғалым Акром Маликов мақалаларында Өзбекстанның қазіргі басшылығын ашық сынаған.
Блогер Хаетхан Насреддиновты өткен жылы қазанда ұстады. Оған да Өзбекстанның конституциялық құрылымына нұқсан келтірді деген айып тағылған.
Abai.kz