Халық шуламай қайтеді?
Ауылдағылар қорасындағы азын-аулақ малының арқасында күн көріп отыр. «Малым жанымның садағасы» дейтін нағыз қазақтар солар. Бірақ жылы кабинетте отырғандар оны қайдан түсінсін.
Кеше Ойыл ауданындағы бруцеллезге шалдыққан ірі қараның етке арзанға өтіп жатқанын айттық. Бірақ әкімдікке осы мәселені талқылауға жиналған шенеуніктер «Бруцеллез бұрынан келе жатқан індет. Соншама дүрлігіп не керек?» дейді. Неге солар осы індетті жоқ қылуға қам қылмайды? Мұндай сұрақ қойсаң, керсінше ауыл тұрғындарын жазғырады. Кім өз малынан айрылғысы келеді? Неге халықпен жөнді жұмыс істеп, етке өткен малының орнына ауылдағыларға сау мал алып бермеске? Қазір бруцеллезбен ауырған мал үшін мемлекеттен 30 пайыз өтемақы береді екен. Оның ақшасы мал салмағына байланысты есептеледі. Ақпанда малдың арықтап, күйі болмайтынын жауапты адамдар білмей ме? Тайөгізді етке өткізіп, өтемақы алған күннің өзінде ақшасы баспақ алуға жетпейді. Халық шуламай қайтеді?
Кеше Ойыл ауданындағы Қаратал ауылының тұрғындары бір күнде 78 бас ірі қарасынан айрылды. Ашуланған халыққа басу айтудың орнына ауыл әкімі құндыз тонын киіп, көлбеңдеп өз шаруасымен жүр. Аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева Қараталда бруцеллезге қатысты сход болғанын айтты. Сход деген тұрғындарды клубқа жинап алып, баяндама оқу. Ол болмайды. Неге үйді-үйді аралап түсіндірмейді?
Былтыр көктемде Мұғалжар ауданының Бірлік ауылына бардық. Ондағылардан бруцеллез жұқтырған ешкіні 900 теңгеге, шыбышты 500 теңгеге, қойды 5-6 мың теңгеге етке алған. Бұл ақшаға ұсақ мал тұрмақ құстың балапаны да келмейді.
Мәртөк ауданында «Қазақстанның 13 жылдығы» деген ауыл бар. Ондағылардың да малынан жаппай бруцеллез табылды. Ал жайылымы бір болса да, көрші жатқан кәсіпкердің қожалығының малы сап-сау болып шықты.
Осы бруцеллез ауылдарды жаппай жою үшін әдейі таратын кесел емес пе екен деп ойлаймын. Себебі, әкімдердің ешқайсысы бас қатырмайды. Құр жиналыс. Ал мал дәрігерлері індетті емдеу үшін емес, бруцеллез шыққанда ғана белсенді. Бар білетіндері «Жоқ қылу керек!».
Жаңалық Ахаш
Facebook-тегі парақшасынан