Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3913 0 пікір 16 Қаңтар, 2011 сағат 21:02

Дәулет Сейсенұлы. Абайдың асыл шәкірті

1858 жылдың шілде айының 11 жұлдызында қарт Шыңғыстың сыртындағы Құнанбай әулетінің жайлауында шекесі торсықтай бір ат­ұс­тар дүниеге келді. Жал­ғыздың бәй­бішеден туған жалғызына Шаһ­кәрім деген ат берілді. Жалғыздың жал­ғ­ызы деп отыр­ғанымыз Құнанбай Өс­­­­кенбайдың Зере есімді бәй­бі­шесінен туған жалғыз болса, ал сол Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден Құдайберді жалқы туған-ды.

Шаһкәрім!.. Шаһы түсінікті десек, ал Кәрім деген сөз арабша мәрт, жо­март, қайырымды, ізетті деген ұғымды біл­діреді екен. Сәби сол атына сай бала кезінен ізетті, сезімтал боп өседі.

1858 жылдың шілде айының 11 жұлдызында қарт Шыңғыстың сыртындағы Құнанбай әулетінің жайлауында шекесі торсықтай бір ат­ұс­тар дүниеге келді. Жал­ғыздың бәй­бішеден туған жалғызына Шаһ­кәрім деген ат берілді. Жалғыздың жал­ғ­ызы деп отыр­ғанымыз Құнанбай Өс­­­­кенбайдың Зере есімді бәй­бі­шесінен туған жалғыз болса, ал сол Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден Құдайберді жалқы туған-ды.

Шаһкәрім!.. Шаһы түсінікті десек, ал Кәрім деген сөз арабша мәрт, жо­март, қайырымды, ізетті деген ұғымды біл­діреді екен. Сәби сол атына сай бала кезінен ізетті, сезімтал боп өседі.

Ал бозбала Шәкәрім орыс тілін ағасы Абайдың ықпалымен үйренеді. Бір жылы бұлардың еліне жер өлшеу мақсатымен орыс инженері келеді. Абай оны әрі орыс тілін, әрі өнерін үйренсін деп әлгінің жанына қосып жібереді. Сол үш ай уақыт бұған жылға бергісіз үлгі-өнеге болады. Яғни, Шәкәрім орысша тіл сындырып қана қоймайды, ғылым сырына үңіліп, геометрия заңдарын үйренеді. Оның ғылым, білімге деген құштарлығына сүйсінген ана инженер болса кетерінде көп құралдарын, дүрбісін беріп кетеді. Одан кейінгі жерде Абай ағасы Дол­гополов, Михаэлис сынды орыс дос­тары елге келгенде Шәкәрімді арнайы шақыртып алдырады екен. Абайдың бұған керекті кітаптарды оқытып қана қоймай, өлең, өнер жөніндегі берген кеңестері өз алдына. Соған аса риза көңілмен ағасына арнап өлең жазғанда мұның жасы жиырмадан енді ғана асса, ал ағасының жасы сол шақта отыздың ортасына да жетпеген-ді.

Шәкәрім жасынан түрік, араб тілін үйреніп, Абайдың кеңесімен орыс тілін де ерте бастан меңгеруге ден қой­ғанмен де, ешқашан өз өзіне сон­шалықты көңілі толмаған. Яғни, ол жасында ауыл арасынан ұзап шыға алмай қалғанына, Ресейдің небір қамал-қалалары түгіл, іргедегі Семейде білім теңізінен қанып ішіп, сусындай алмағанына өкінген секілді.

Ал енді жасы жиырмадан асып бара жатқан жігітке не істемек керек? Ол кезде біржола таза шығармашы­лықпен айналысу дәстүрде жоқ. Оны айтасыз,атасы жуаннан шыққан жандарға өлең шығару, ақын екен деген сөз мақтан емес, қайта сүйекке таңба. Соның бір айғағындай, Абай­дың да өлеңді көпке дейін Көкбайдың атынан шығарып келгені мәлім. Сөйткен Абай Шәкәрімді жыр әлеміне қайтып бірден итермелесін! Иә, сонда не істемек керек? Абай жетпісінші жылдардан өз сөзін, билігін жүргізе бастады дейді Мұхаң "Абайдың туысы мен өмірі" деген деректі еңбегінде. Соның айғағындай, 1873 жылдан бастап інісі Ысқақты ұдайы үш сайлау бойы тоғыз жыл болыс сайлатады... Тобықты ортасында қажы (Құнанбай) баласының билігі орнайды.

Мұхаң солай дей келіп, Абайдың төртінші сайлауда "болыстықты енді Бәкемнің орнына беремін" деп жасы жиырмадан енді асқан Шәкәрімді болыс сайлатқанын баяндайды. Мұнан кейін ол тағы бір рет Шыңғысқа, ал жасы келген шағында алты айдай көршілес сыбан елінде болыс болады. Бірақ, Абайдың ақылымен әкімдікке соншама құмарланбайды. Абай оған: "Әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жанжалға кіріспей отыра алмайды. Кіріскен адам ардан айырылады, білім қуудан қалады", - депті деген де сөз бар.

Шәкәрімнің кейінде жазған бір өлеңінде: "Шаранамен туып едің, боз оранып өтесің. Бір сағымды қуып едің, Қай уақытта жетесің? Қанша дәулет жиып едің, Бәрі қалды нетесің? Мал үшін жан қиып едің, Қайтып алып кетесің", - дейтіні де сондықтан. Қалай болғанда да Абай мұнан кейінгі жерде оны әкімдікке итермелемеген. Бәлкім ол өзінің ерекше жара­ты­лы­сымен, сезім-түйсігімен қай мәселеде болсын өзін өкшелей басып келе жатқан немере інісінің аты алты алашқа жайылса, ақындығымен жайылатындығын түсінген де шығар.

Өмір өзендей лықсыса, әкімдік жағалауынан өз еркімен алыстаған Шәкәрім ақындық жағалауына жете алмай қатты малтыққан. "Әкем жасы отызға келген шақта бір айдай тілі байланып, сөйлей алмай қалыпты, - дейді Ахат, ­- сонда өз өзінен қыс­тығып, жеті жасынан бастап жазған өлеңдерін өртеп жіберіпті. Артынан әкеме Абай ұрсыпты. Өзі де соған өкінген көрінеді".

Бұған Шәкәрімнің өзі ғана емес, Абайдың да өкінгені анық. Бір тәуірі, сонда ағайын-туыстың бәрі шошы­нып, қатты үрпиіп қалғанда, оның емі не екенін жан ағасы ғана білген. Біл­ген соң ренжігенін жасырмай,  адас­­қан қаздай қаң­қылдатып жыр ай­дынына қайта оралтқан. Ал Шәкәрім­нің өз санасына құран хадисінде айтылған "қайдан болсын білім ізде, оқы" деген қасиетті сөздер жыл құсындай орала берген. Содан кейінгі жерде Шәкәрім ғылым мен білімге бұрынғыдан да қатты ден қойған. Осыдан бастап бұл шығар­машылық тұрғыдағы ұстаз Абай тапсырмаларын елгезек шәкірт есе­бінде мүлтіксіз орындауға жанын да, барын да салған.

Мұхаң хакім ақынның шәкірттері жөніндегі еңбегінде: "Мұндай ақын -төртеу. Оның екеуі - Ақылбай, Мағауия, Абайдың өз балалары. Қалған екеуі - Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері", - деген болатын. Әуезов солай десе, Тұрағұл әкесі туралы естелігінде: "Осы жылдар мәжілісінде ілім сөзінен басқа сөз жоқ болды, бастығымыз Шәкәрім болып, шәкірт секілденіп, сөзін тыңдап, медре­седегі шәкірттерге ақиқат олай емес, бұлай деп бір-бірімізбен дауласып жатушы едік"- дейді.

Шәкәрім, міне, осылайша өз жолын тауып, көздеген мақсатына қарай арманын жалау етіп, біртіндеп жақындай түсіп келе жатқан-ды.

Күндердің күнінде жақсы ағасы тағы да ақылына ақыл қосты. Сөз түйінінде "Осы ел мен жерге қатысты нақтылы тарихи оқиғаларды өлеңінде өзек етіп неге жазбайсың?", - деген ой айтады. Сол кездің өзінде сан-саққа жүгіртілген Қодар мен Қамқа оқиғасы Қаражартас маңында өткен екен. Кешегі Еңлік пен Кебек те алғаш рет осы маңда кезігіп, танысқан. Одан әрі тереңдеп Қалқаман-Мамыр оқиғасын жырласа, бұған кім қой депті. Тек шындықтан аттамауыңды біл, халықтың сыншы екендігін ұмытпа!

Шәкәрім "Қалқаман-Мамыр" дас­танын 1888 жылы отыз жасында, ал арада үш жылдан соң "Еңлік-Кебекті" жаз­ғанын ел айтады. Ақынның "Қодардың өлімі" атты баллада типтес өлеңі қай жылы шыққаны беймәлім. Айтқандай-ақ, Шәкәрім дерекке негізделген осы үш шығармасында да тарихтан алшақта­маған. Қодар-Қамқа оқиғасында Құнекең ел арасын бұзбауды ойлағандықтан қатыгез шараға амалсыз барған. Бұл сонау Әнет баба заманынан қалған ата жолы еді. Шәкәрім айтқандай, "ар сүймейтін бір қылғанда" аталарымыздың кесімді билігі осылайша қатал болған.

Қалқаман-Мамыр мен Еңлік-Кебек туралы дастандары жазылған беттен Шәкәрім есімі қазақ сахарасына бірден жайылып кеткені анық. Рас, бұл дас­тандар сол шақтың өзінде ауыздан-ауызға тараған. Бірақ, солай дей тұрғанмен, кітаптың аты кітап. Сол екі дастан 1912 жылы Семейдегі "Жәрдем" баспасынан қатар шыққан.

Оның жасы қырыққа жақындағанда ұстаз тарапынан және бір тосын ұсыныс айтылды. Яғни, Абай өзінің жасында білім қуа алмай қалғанын, сол арманын енді інісі арқылы орындағысы келетінін білдіреді. Шығыс тіліне жетіксің, енді орыс тілін үйрене түс. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, соған келісесің бе? Келіссең, афин-грек білімі Ыстамбұлда жинақталған. Араб білімін Мекке мен Мединадан табасың және Мысырдағы Александрия кітап­ханасына барасың дейді.

Аға тарапынан айтылған орнықты сөзге Шәкәрім неге келіспесін, келіседі. Бірақ, өкінішке қарай, 1901 жылы ағасы Шәке қайтыс болады. Шәке өлгенде Абай бірнеше күн болып, зиратын қалатып, қырқын бергізіп қайтады. Ал қазақтың өлген адамды үш жыл жоқтайтын дәстүрі бар. Яғни, адамы өлген ауыл үш жылға дейін қаралы болады. Сөйтіп жүргенде 1904 жылы алдымен Мағаш, Мағаштан соң Абай, Абайдан соң Ақылбай қайтыс болып, біржола сорым қайнап қалды дейді екен Шәкәрім.

Бірақ ол іле бекініп, ағасының жыл­дығын өткізісімен,  ағасының ама­натын орындау мақсатымен алыс сапарға аттанып кете барады.

Абайтану, шәкәрімтану, одан қала берсе әуезовтану ілімінің білгірі Қайым Мұхамедханов Шәкәрімнің Мекке-Мединаға шариғат мұсылман қауымына міндет еткен 5 парызының бірі - қа­жылық борышын өтеу үшін ғана барма­ғандығын айтады. "Осы оймен Мекке барғанмын, әртүрлі кітап алғанмын. Ақылға сыймас жалғаным, Алмадым сынай келгенде", - демей ме Шәкәрімнің өзі де. Қажы келесі бір ұзақ өлеңінде Меккеге бара жатқанда пароходта тыныш ұйықтап, шай іше алмағандығын, Ыстамбұлда 13 күн болғанда керек кітаптары табылып, ерекше қуанғандығын, Парижде түрік, шеркес, үндіс, араб, башқұрт, қызыл­бастармен сөзбен керісіп, соқыр көз ауыр тұманнан ашылғандығын, осы сапарда ойға түйгендерін инемен құдық қазғандай бес жыл жазғандығын жыр­лайды. Ендеше, Шәкәрім қажылыққа не үшін барды, ол осы сапарда Парижде болған ба деген мазмұндағы қайта-қайта қойылып жататын сұрақтар басы артық әңгіме. Оның: "Абайдың ақырғы кеңесі - осы сапарым менің көзімнің ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себін тигізді", - дейтіні де сондықтан. Баласы Ахат хатқа түсіріп кететініндей, Шәкәрім сол сапарда неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, өзіне қажетті кітаптарды сол жақтан Семейдегі Әнияр­дың атына жіберіп отырады.

Одан әріде әкесі баласына Ыстам­бұлда тарих қорларын сақтайтын орын­дарда болып, 13 күн кітап ақтарғанын, ертедегі шығыстың ақын-жазушы, ойшыл­дары­ның шығармаларын түгелдей, сонымен бірге Гомерден бастап, гректің, арабтың, түріктің батыстың, Американың ойшыл-философта­рының, жазушы­ларының шығарма­ларын алғандығын айта келе Мы­сырдағы Александр атындағы кітапханаға бара алмағанына өкініш білдіреді. Солай дей келіп, парсы тіліне жетістігінің арқасында парсы, үнді дәрігерлерімен сөйлесіп, адамды емдеу тәсілдерін үйренгендігін айтуды да ұмытпайды.

Әкесінің осындай ұлағатты сапардан кейінгі жан сырын кейіннен бізге жеткізген Ахат ақсақал одан әріде өзінің әкесін 5-6 жастан бастап жақсы білгендігін, қаладағы туыстары Әниярдың қажы жіберген кітаптарды қалашыдан ауылға аттандырып жататыны есінде қалғандығын айтады. Мұндағылардан: "Бұл не?" деп сұрасақ: "Атаң жіберген кәмпит, өзі келген соң береді", - деп бізді қуантып қоятын. Әкей келіп ашқанда бір-ақ көрдік, бәрі кітаптар болып шыққанын. Әкей Меккеден жаз­ғытұрым көк шығып, жер кебер кезде келді. Біз арбамен 15 ша­қырымдай жердегі Шәкен ауылынан алдынан шықтық",- дейді ол.

Дүниенің бір түкпірі - Мекке - Медина сапарынан оралған соң Шәкәрім қажының бүкіл жан-дүниесі, болмыс-бітімі біржола өз­геріп кетті десе де болады. Оның үстіне ердің жасы елуге тақап қалған-ды. Жер көріп, ел көріп ақыл тоқ­татқан, білім нәрінен молынан сусындай бастаған Шәкәрім ендігі жерде өлеңге де, ойға да жүйрік еді. Дін ислам тарихына жетіктігі, мұсылман әлемінің арғы-бергі заман­дардағы ұстанымдарына жүйріктігі, әлем ой­шылдарының пәлса­палық шығарма­ларынан хабардар екендігі бірден аңғарыла бастаған.

Ол осы тұста алыс сапардан көңіліне түйіп, санасына жиып қайтқан білімі мен білігін кәдесіне жарату жайын ойлады. Сөйтіп, ағасы Абайдың ақыл-кеңесімен сол кезден жинастыра бастаған ше­жіресіне қайта оралды. Ол еңбегі ақыры 1911 жылы "Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі" деген атпен Орынборда жеке кітап болып басылып шықты. Осы орайда қажының баспа жүзін көрген алғашқы кітабы сол шежіре екендігін айта кеткен жөн болар.

Содан екі жыл бұрын, яғни 1909 жылы Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы Петерборда басылған-ды. Және оны шығарған Ысқақтың Кәкітайы деп келдік. Иә, ол солайы солай. Бірақ оның жанында Абайдың өз ұлы Тұрағұлдың жүргендігі, Шәкәрімнің осы игілікті іске ақылшы болғандығы айтылмай келді. Дұрысы айтқызбады. Сол шақтағы ұлт көсемі Әлиханның да осы тұрғыда Абайдың балаларына хат жазып, жақсы іске қозғаушы болғандығын да біле тұра, білмегенсідік. Шәкәрім шежіресі жеке кітап болып шыққан соң оған алғаш баспасөз бетінде пікір білдірген де осы Әлекең. Хакім Абай әбден кемеліне келген кезде батысым шығыс, шығысым батыс болып кетті демеуші ме еді?! Шәкәрім қажы да алыс сапардан оралған соң осындай күйді басынан кешірген секілді. Соның айғағындай, бірде Физулидің "Ләйлі-Мәжнүн" оқиғасын өзінше жырласа, енді бір кезекте Қожа Хафиздің ғазелдерін аударумен шұғыл­данады. Одан орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің "Дубровский" хикаясын қайтадан қолға алады. Қайтадан деп отырғанымыз, Ахат ақсақалдың айту­ынша, ол "Дубровскийді" өлеңмен аударуды Абайдың көзі тірісінде, нақтылап айтсақ, 1903 жылы бастаған.

Пушкин болсын, Толстой болсын Абай арқылы Шәкәрімнің құлағына ертеден сіңісті болған. Мәселен, Л.Н.Толстойдың "Три сказки" деп аталатын бір жинағы 1903 жылы, Абай заманында жарық көрген. Кітап десе ішкен асын жерге қояр дерлік халге жеткен Абай оны көріп, оқуы бек мүмкін. Ал солай болса, осыларды сен аудар деп Шәкәрімге ұсынуы әбден ықтимал. Кейінде Шәкәрім осы кітаптан "Асархидон-Лаэли", "Үш сауал" әңгі­мелерін аударған. Оның Пушкиннің "Боран" ("Метель") атты әңгімесін аударатыны да осы тұс.

Шәкәрім жиырмасыншы жылдары Тостойдың басқа шығармаларын да аудара бастаған. Өзінің Толстойдың шәкірті екендігін айта келіп: "Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа, Сопының бара қойман құрбанына. Хақиқат сырымды айтсам, Толстойдың, Алмаймын мың сопыны тырнағына", - дейтіні сондықтан.

Ал енді Шәкәрім Толстоймен хат алысып тұрыпты деген сөз ел арасында бүгінге дейін аңыз болып айтылады. Білеміз дейтіндер Толстой өкпе ауруына шалдығып, науқастанып қалғанда Шәкәрім оны қазақ сахарасына келіп, қымыз ішіп, емделіп қайтуға шақырған деседі. Тіпті, оны айтасыз, соған орай бұл осындай тілекпен сонау бір қиырдағы Ясная Полянада жатқан графқа өзінің шабарманын арнайы жіберген де көрінеді. Қалай болғанда да, Толстой алыстағы Шыңғыстауға жете алмағанмен, Шә­кәрім­­нің ақылымен башқұрт еліне барып, қымыз ішіп емделгені тарихи шындық.

1912 жылы Шәкәрімнің үш бірдей кітабы жарық көреді. Дәл осы жылы ол елден оқшауланып, бұл шақта қаңырап бос қалған Кеңқоныс деп аталатын жайлауға кетіп қалады. Қар қатқанша қасында бір аң қағушысы мен бір бақыршысы болады. Қар қатып, аңға шығудан қалған кезде, қағушыны қай­тарып, бақыршы екеуі ғана қалып, енді тек кітап оқып, жазумен ғана шұғыл­данады.

Астында жарамды аты, жүйрік тазысы, қыран бүркіті, оған қосымша кезінде Абай ағасы сыйлаған винчестер мылтығы бар Шәкәрім бұл шақта өз еркімен Шыңғыстаудың Робинзон Крузосына айналған. Қарт Шыңғысқа сыртынан қарасаңыз, көзге қораш жатаған тау сияқты көрінеді. Бірақ бұл алдамшы көрініс. Оның барлық болмыс-бітімін білгіңіз келсе, ішіне кіріңіз. Қажының: "Оңаша ойға түссең, таудың басы, дүниенің таусылмайды оңашасы" дейтіні сондықтан.

"Шәкәрімнің өмірі - өлеңінде" дейтін еді абыз ақсақал Қайым Мұхамедханов. Шәкә­рімнің осы шақтағы ішкі жан сырын: "Жапанда жалғыз жаттым елден безіп, Жалықсам аң аулаумен тауды кезіп. Оңаша жатқанды ұнатамын, елімді ел қылмасын ерте сезіп, Жауға қатын, жақынға жалмауыздар, Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп", - деп келетін бір ғана өлең шумағы айғақтап тұр емес пе?!

Қажы бақыршы бала Әупішпен Кеңқоныста алты жыл өмірін бірге өткізген. Кейіннен мен сенің еркіңді байлап жүр екенмін деп, бала оған қанша көнгісі келмесе де елге қайтарған.

Тура мағынасында да, ауыс­палы мағынасында да бұл шақта Шыңғыстың бір биігіне шығып алған Шәкәрім біржола оқшау­ланып, етекке түспеген екен деген ұғым тумауы керек. Айталық, 1914 жылы ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар Семейде хакім Абайдың өмірден өткеніне он жыл толуына орай өткізген кешке ақынның бел баласы Тұрағұлмен бірге, Шәкәрім, Кәкітайлар да белсене атсалысқан. Ал, 1917 жылдың жазында Ойқұдықта жас Мұхтардың "Еңлік-Кебегі" дала сахнасында қойылғанда, қазақ сахарасына жыл құсындай келіп жеткен жақсы жаңалықтың жан­ашыры Шәкәрім мен Тұрағұл болған. Абайдың тапсырмасымен қос мұңлықтың қайғылы халі туралы дастан жазған Шәкәрім мұндай тосын жаңалықтан неге сырт қалсын! Болашағы зор Мұхтарға ақыл-кеңес айтудан аянбаған.

1917 жылдың басында ақпан төңкерісі жеңіске жетіп, патша тақтан құлағаны белгілі. Сол шақта ол әзірше сырттай тілектестікпен "Бостандықтың туы жарқырап" деген өлеңін жазды. Іле Семейде қат-қабат оқиғалардың орта­сында жүрген, өзі жақсы көретін Сұлтанмахмұт "Алаш ұраны" деген өлеңін жазып қана қоймай, "Сарыарқа" газетінің 1917 жылдың 30 қазанындағы нөмірінде ұлт көсемі Әлиханның осы жаққа келгендігін исі қазақ жұртына қуана хабарлады. Қысқартып айтқанда, 1918 жылдың басында Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен Семейде белсене іске кіріскен Шығыс Алашорда үкіметі 1919 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп, бір жарым жылдай өмір сүрді. Шәкәрім осы үкіметтің төбе биі, яғни соты болып қызмет етті. Бірақ, өкінішке қарай, ақтар тарапынан да, қызылдар тарапынан да Алашорда үкіметіне көзқарас дұрыс болмады. Одан кейінгі жерде қажы біреулер кеңес кезеңінде саясат үшін айтқандай, Алашорда үкіметінің басшыларымен сөзге келісіп, ат құйрығын кесіскеннен емес, алдағы бұлдыр болашаққа сенбегендіктен, бәрін жиып қойып елге қайтты. Алайда, ол жақта да мынадай аласапыран шақта елден бөлектеніп жата алмады. Оған 1921 жылы 24 жасында Семей губерниялық атқару комитетінің төрағалығына келген жас Мұхтар да түрткі болды. Абайдың елді қоныстандыру жөніндегі ежелгі арманын жақсы білетін Мұхтар жері қара топырақты, тартылмайтын суы мол Бақанас өзенінің маңынан коммуна ұйымдастыру ісін кешегі Кәкітайдың ұлы Әрхамға табыстайды. Сол мақсатпен бұларға мемлекеттен несие бөлгізеді. Бақанаста бірлескен коммуна тез көтеріліп, мұнда май зауыты іске қосылады, мектеп ашылады. Соның зейнетін Шыңғыс елімен бірге көршілес Шұбартау жұрты да көре бастайды. Қысы-жазы осы маңда тұратын Шәкәрім де осы игілікті шаруаның кеңесшісі ретінде Әрхамның жанынан табылды. Бірақ, амал нешік, сыныққа сылтау іздеген қызыл белсенділер "Құнанбай ұрпақтары қайтадан баюдың соңына түсіп алды" деген жаламен әлгі игілікті шаруаның тоз-тозын шығарды. Солайша Шәкәрімге елден біржола оқшаулануға тура келді. Яғни, ол 1925 жылы керей елімен жапсарлас, Шақпақтың күнгейіне балалары салып берген жаңа қораға көшкен. Жазда отынын, атқа беретін шөбін, қыста соғымын дайындап беретін де солар.

Қажы мұнда өмірінің соңына дейін алты жыл тұрған екен. Ендігі жерде ел ісіне араласпағанмен, халқымыздың игі жақсыларымен хат арқылы хабарласып тұрған. Мұхаң өз алдына, Сәкен мен Сәбит те Шәкәрімге сырттай тілектес еді. Билік басындағы Тұрар Рысқұлов болса оны Алматыға қызметке шақырған. Бірақ заманның сұсынан сескенген Шәкәрім ол ұсынысты қабылдамаған. Отызыншы жылдары Шыңғыстауға келген қазақ өкіметінің басшысы Елтай Ерназаров­пен жолыққан соң, тіптен түңілген.

Алайда, ол саясаттан бойын аулақ салып, қанша қашқалақтағанмен, билік бәрібір бұған тыныштық бермеген. Аудандық ГПУ-дің бастығы Абзал Қарасартов ұры тазыдай жылмаңдап жанынан шықпады. Өзінше өлең жазатыны бар екен. Соны сылтауратып, сыр аңдиды баяғы. Аштыққа тап бола бастаған елдің түрі болса мынау. Көтерілейік, тым болмаса тұяқ серпіп қалайық деп өрекпіп жүргендер баршылық. Тіпті, олар "шиті мыл­тықпен орнығып қалған кеңес өкіметіне не істемексің" деген қажы сөзін құлақтарына да қыстырғысы жоқ. Ал қажы, елді тура ажалға қарай қайтіп арандатсын! Сонау 16-шы жылы да босқа көтеріліп, қырылып қалмаңдар деп елге шыққаны бар. Сонда қажы Аягөз өңіріне де барған екен. Сол жолы бір үйде қона жатқанда әлгі үйдің келіні босанып, оған өзінің есімін қойып кеткен де көрінеді. (Қазірде тоқсаннан асқан сол Шәкәрім ақсақал Семейде тұрады).

Қысқартып айтатын болсақ, қажы өз басына қаншалықты қауіп-қатер төніп тұрғанын білгенмен, Қытайға өтіп кетейік дегендердің сөздеріне де ермеген. Яғни, Абай айтпақшы, "Өлген мола, туған жер" мұны да сыртқа жібермеген.

Қарасартовтарға да керегі осы. Өзімен өзі айдалада жатқан Шәкәрім Шыңғыстау көтерілісінің ұйымдас­тырушысы болып шыға келген. "Құланның қасуына, мылтықтың басуы" демекші, көтерілісшілердің Қарауылға шабуыл жасап, аудандық РКИ-дің (жұмысшы-шаруа инс­пекциясы) басшысы Олжабай Шала­баевты оққа байлап, оның олжа атын Шәкәрімге алып келуі бұған пәле болып жабысқан. "Қытайға бізбен бармасаң, өзіміз-ақ атып кетеміз", - деп бір жақтан өз туыс­тары Бердеш, Қасымбектер тұр дікіңдеп. Ұлы Зияттікі қамқорлық болса, ал мыналар Шәкәрімді Қытайға өздерімен ала кетіп, ығына пана­лағысы келеді.

Қажы болса, екінші жолды таң­дады. Яғни, астындағы Олжа­байдың олжа атымен өз еркімен бұларды қуып келе жатқан Қара­сартовтарға қарай беттеді. Қарасартов болса, еш ойланып тұрмастан және оның "мен керекпін, атпаңдар" деген сөзіне құлақ аспастан, қарамағындағы Халитовке "ат" деп әмір берді. Солайша, 1931 жылдың қазан айының екінші жұлдызында Абай сынды халқымыздың бас ақынының басты шәкірті кереге­тастың Қызыл биігінде қызыл жендет­тердің қолынан оққа байланып, опат болды.

Аққа құдай жақ деген. Шәкәрім қажы туғанына жүз жыл толған шағында, нақтылап айтсақ, 1958 жылдың 29 қазанында КСРО бас прокуратурасының шешімімен ақталады. Өкінішке қарай, соны жеріне жеткізе алмай, өз қолымызды өзіміз кестік. Алайда 1962 жылдары бұл мәселе қайтадан көтеріліп, Абай елінде арнайы комиссия құрылады. 200-ден астам адамнан түсінік алынды. Ғалымдар тарапынан Шә­кәрім өмірі мен шығармашылығы жөнінде сындарлы сараптама жасалды. Бірақ, соның бәрінен Қарасартовтың мысы басым болды. Қажыны ат­қандардың сапында болғандардың бірі осы жолы нақты ақиқатты айтамын деп партияның орталық комитетіне барғанда, Қарасартов алдынан шыға келгенде, сөз айтуға жарамай талып қалыпты.

Одан жыл артынан жылдар өтіп, кешегі алып империяға жариялы­лықтың жылымығы келгенде Шәкәрім мәселесі тағы көтеріледі. Бұл жолғы комиссия бұл мәселеде тиянақты жұмыс атқарады. Алайда, "үндемес­тердің" сол кездегі республика бойын­ша бас басшысы соңғы шешуші сәтте бел алып, республика үкіметінің сол кездегі басшысы Нұрсұлтан Назарбаев комиссия мүшелерін қолтығынан демеп жібермесе, тағы да су аяғы құрдымға жібергендей екен. Сөйтіп, ақ түйенің қарны жарылып, әділеттілік салтанат құрады, Шәкәрім ақталады. Осы 1988 жылы қажының екі бірдей өлеңдер және әндер жинағы жарық көреді.

Ал арада жеті жылдан соң, яғни 1995 жылы Елбасының сырт елдегі беделі арқасында Абайдың 150 жыл­дық мерейтойы ЮНЕСКО кө­лемінде тойланғаны белгілі. Соған орай, осы мерейтой қарсаңында Жидебайда Абай-Шәкәрім кесенесі бой көтерді. Онда халқымыздың бас ақыны өзінің басты шәкіртімен бірге мәңгілік тыныстап жатыр.

Ал келер жылы аманшылық болса қажының 150 жылдық тойы бүкіл ел көлемінде тойланатындығына еш күмән болмаса керек.

Дәулет Сейсенұлы. Семей.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048