Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 9093 49 пікір 2 Наурыз, 2018 сағат 09:02

«Ұлттық код». Абылай, Әлихан, Нұрсұлтан...

Жалғанға Жаратқанның қалауымен келген екі аяқты, жұмыр басты пенденің ғұмыр бойғы жасап кететін амал-әрекеттерінің  барлығы оның пешенесіне әлмисақтан-ақ жазылған. Кер заманның кесірі мен кесапатынан қайыспағаннан соң ба «қайратты ерге бақ тұрар», - депті алысты айнытпай болжай білген дана қазақ. Бақсам, «қайратты ер» деген тіркесті есімізге Тәңірдің өзі түсірді ме, кім біледі? Менің түсінігімдегі бұл атау Абай әкемнің «Есті адам» атты ұғымымен ұштасып кететіндей. Сонымен «есті адамға» сипаттама берген сыншы Абай не депті? «Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойлантса көңіл сүйсінгендей болады екен» деп түйіпті. Көңіл сүйсінудің бір сыры Құнанбайдың баласы айтқандай ақыл, қайрат, жүрек деген дүниелерінде жатыр. Шынында да со үшеуін («ақыл», «қайрат», «жүректі») тең ұстаған пенделерге қарап бағамдасаң, қамыққан көңіл шіркінің бір сүйсінгендей болады екен. Неге дерсіз, таңданып. Өйткені, тағы да сол данышпанның айтқанындай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Міне, айтқымыздың келгені, адамшылықтың қарызы үшін еңбек еткендер – сол «ақыл», «қайрат», «жүректі» бір арнаға ұйыстырып, ұлтымның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын деп елінің ертеңіне алаңдаған Алаштың біртуар азаматтары еді. Олар әділ басшы ғана болып қойған жоқ, бір ғана сүретін ғұмырын туған халқына бақыт сыйлауға  арнады. Қара басының қамын емес, қара қазақ, сары баланың ертеңгі күніне алаңдады. Қаламын алды, қала берді қаруын сайлады. Осындай кемелді, көреген көшбасшыларды Құдайым қазаққа тарту етті. Шүкір. Тарихта есімдері қияметке дейін алтын әріппен қашалған дара тұлғаларға деген біздің құрметіміз шексіз, әлбетте. Әйткенмен, жүректегі ұлтқа деген махаббатты сезінгенде, үш қайраткерді дәріптеуді өзімнің азаматтық борышым деп санадым. Көргенді кісі көргенін айтар демекші, көргеніміз көп болмаса да, түйгенімізді тарқатсақ деген ниет қой біздікі. Олар: Абылай хан, Әлихан, Нұрлы Сұлтан - Нұрсұлтан Назарбаев.  Бірі: кешегі көшпелі уақытта қазақ халқы жоңғар мен қалмақтың уысында умаждалып, бүйідей тиген орыстың боданына тап келіп, «ақтабандай шұбырып, алқакөлдей сұлаған» дәуірде тарыдай шашылған үш жүздің баласын бір тудың астына жиды. Мақсат: «қорлық өмірден, ерлік өлім артық». Бұқарша айтсақ:

Жиырма беске келгенде,

Бақты берді басыңа,

Тақты берді астыңа.

Отыз жасқа келгенде

Дүниедей кең едің.

Елу жасқа келгенде,

Үш жүздің баласының

Атының басын бір кезеңге теңедің.

 Бұл Абылайдай алыптың Бұқар жырау дүниетанымындағы болмысының бір ғана тамшысы. Айта берсең таң таңға жалғасады, қаламымыздың қуаты жетпейтін де шығар, бәлкім. Заманы алмағайып болған соң бес қаруын сайланды. Хан деген биік дәрежеге батырлық аты сыңар болды. Қысқасы, саф ақылы һәм даңқымен шартарапқа мәшһүр хан атанса, қынындағы қылышымен шапқыншы Шарыштың басын шауып, қас-дұшпанын қалтыратқан мүйізі қарағайдай батыр болды.

Жігітте де жігіт бар,

Азаматы бір бөлек;

Жылқыда да жылқы бар,

Қазанаты бір бөлек, -

дегендей мұндай өжеттіліктің қазаққа ғана тән екенінің айғағы бұл. Ендігі әлқисса Әлекең - Әлихан Бөкейханов хақында болса, біздің мақсат – «Қыр баласының» (Әлиханның лақап аты Ә.И.) маңдай алды тұстарын там-тұмдап айту. Үш жүздің баласын бір тудың астына жинаған арғы Абылайдың ізімен сол мүддені көздеген Бөкейханов болатын. Алаш идеясымен елінің елдігін сақтап қалғысы келді, керегенің шайқалуына шырай танытпады. Қызыл империя да иттігінен жерімеді. Арманы асқақ мақсаттарға кісен салып, мүмкіндіктерін бұғаттаған кеңестік идеология өкінішке орай оған ырық берген жоқ. Қарап жатпады. Ұлтты құртудың қауіпті вирусын іздеді, тапты. Елдігіне, жеріне, дініне тотияйын тастау арқылы көздеген мақсатына қол жеткізіп отырды.  Сөзсіз неге дерсіз. Бұған жауапты Елбасының мақаласынан табамыз:

«Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.

Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.

Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экономикалық апат аймақтарына айналды».

Әлекең бастаған Алаш зиялылары осындай елдің басына келген кеселдердің алдын алуға рухани қажыр-қайрат қажет екендігін ұққан болатын. Ол дегеніміз – халықты жаппай сауаттандыру һәм қара ормандай қалың ұлтты ұйқыдан ояту. Ахаңның:

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса, -

дегініндей шырт ұйқыдағы елді оятудың құралы ол – ұлттық сананы дамыту оған сілкініс беру. Ұлттық санасы белгілі бір дәрежеде дамыған ұлт елбасы айтқандай: «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» болып қалыптасады. Сол тұғырнаманың өркендеуіне өткен ғасырдың кертартпа идеологиясы құлықсыздық танытып, тақиямызды теріс айналдырып кигізуге тырысып бақты. Келешек үшін құрылған ұлы мақсаттарға нықтап мөр басылды. Ерім деп еңіреген ерлерді шибөрі-жалмауыздар жалмап-жасқап отырды. Бұл деген көктемде көгерген мәуелі жемісті бұтағанмен бірдей шығар, сірә. Оларға керегі: «үйілген өлексені өрге сүйремеу». Байтұрсыновша айтсақ:

Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!

 Иә, халықты қыр басына шығармақ болғандарды кеңес үкіметі сол қырға лақатын қаздырды. Мәйіттерін туған топырақтан жыраққа аластатты. Елім, жерім деген абыздарымыздың көбіне біссмілә айтып, жаназа көтеріп соңғы сапарға шығарып салу, амал нешік бізге бұйырмапты, Тәңір оны тағдырымызға жазбапты.

***

Не десек те қанағат етіп, шүкір дейтін күнді де көрдік. Құдайға тәубә. Шәкәрімнің: «Бостандық таңы атты, қазағым көріңдер»,- дейтін жарқын күннің шуақты шағына да жеттік. Ендігі алға қойған мақсат, орындалар міндет – тәуелсіздігімізді қияметке дейін сақтап қалу. Мәңгілік ел болу. Қош, мұның бәрін іс жүзінде іске асырмасақ құр айғаймен долбарлаудан ештеме шықпасы белгілі. Кешегі арыстар салып кеткен сара жолды жүзеге асырамын дегенге бүгінгі таңда елбасымыз не істеу керектігін нақтылап беріп отырған жоқ па? «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».

Түсінгенге «ұлттық кодтың» негіздерін елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі атап көрсетеді. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Осы ғой «ұлттық код» деген, пайымдағанға. Тамыры терең, қуатты ел болу осындай дүниелерден бастау алады. Өйткені бұл ұғым бізге жат емес, керісінше біздің ұлттық санамыздың сыңары болуға тиіс. Ол үшін тағы да Шәкәрім ақын айтпақшы:

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,

Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.

Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,

Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.

Адамзат тарихында соның ішінде ұлттық мүдде жолында өзінің есімдерін ойып жазған тұлғалардың да айтары осы. Себеп, олар халықтың бағзы заманнан бері жалғасып келе жатқан «ұлттық кодын» сақтау жолында аянбаған нағыз күрескерлері еді. Олай болса Жаратқаннан өткенге салауат, келер күннен игілік сұрайық. Бағымыз баянды болғай!

Әзімхан Иcабек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің 4 курс студенті

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050