Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 9002 1 пікір 2 Наурыз, 2018 сағат 13:46

Қарагер тай

(әңгіме)

Бір құлағының кем еститініне ыңғайсызданып, әңгімеден құр қалып қоймау үшін ауызы жыбырлағанның бәріне бас изеп, күле беретініне қарап танымайтын біреулер ақыл есінде де ақау бар деп ойлап қалуы мүмкін. Өзіне қадалған сұқ көздерден одан сайын ыңғайсызданып өз жасына сай келмейтін ақ басқан шашын алақанымен ұйпалап, әбігерленіп қалатыны бар. Әсіресе, әйел тұқымы жанына жақындап кетсе Тұрардың көзі жыпылықтап, жүгіріп қан қыздармай-ақ өн басын тер асып, бір қызарып, бір бозарып, темекінің ысына сарғайған тістерін  көрсетіп, ебедейсіз жымыңдай беретін қылығын біліп алған  қуақы жеңгелер жанынан өтіп бара жатып бүйірінен түртіп, қаймақ толы бүйендей іркілдеген омырауларымен түйіп кетеді. Бұндай кезде Тұрардың түрін адам аяғандай.

Сол Тұрардың қу әйелдердің тырнағынан құтқарып алмақ болған атам алыстан балдыз болып келетін Жарбагүлмен таныстырмақ болды. Әжеме қыстан қалған сүр етті қазанға салдырып, өзі Жарбагүлді алып келу үшін үш аяқты мотоцикілін мініп алды да, аудан орталығына кетті. Темекісінің күлі бір қарыс болғанша түсірмей қалың ойға кеткен Тұрарбектің жан толқынысын іштей сезіп-ақ жүрміз.

Шоқалақ жолға соғылған сайын қалақтай басын қалтылдатып, мотоциклдің люлькасына салып Жарбагүлді алып келді. Төңкерілген шелектей алып бас сүйегіне жұп-жұқа өрілген шашы, еркек пішіндес қара қожыр әлпетіне сым сырғасы, томардай жуан аяқтарына шілтерлі үлбіреген етегі сәйкес келмейтін жаратылысы ерекшелеу нағашы апамыздың бар екенін білмеппіз.

Дастархан жиналғанша Тұрардың езуі де жиылмады. Көзі жыпылықтап, айтылған әңгіменің бәріне бас шұлғи береді. Есік алдында топырлап жүрген бізге де қызық керек, Тұрардың кірпік қаққанын қалт жіберместен аңдып жүрміз. Атам мал шаруалаймын деп, әжем құрт сығамын деп, жеңгелер кино қараймыз деп сыпырылып үйден шығып кете барды. Жай кеткен жоқ, есік алдында жүрген өңшең біз сияқты бала-шағаны жетектей кетті. Кеш түсе Жарбагүл үйіне қайтатын болды. Бір аяғымен теуіп мотоциклді оталдырып алған атам Жарбагүлдің шыбықтай жіп-жіңішке бұрымын алпамсадай арқасында солқылдатып жолға түсіп кете барды.

«Тойға дайындаламыз!» деді Тұрар езуін жимаған күйі тістерінің ортасына шылымын қыстырып жатып.

Ертеңіне біздің үйдің шарбағындағы талға тай әкеліп байланды. Жалғанда тапқан жалғыз қуанышы Жарбагүл үшін Тұрардың атама берген сыйлығы бұл. Өмір бойы сиыр өсіріп келген атам үшін тайлы болу айтарлықтай қуаныш еді. Тайдың кекілін тарап, қызыл жіп байлап, ер-тұрман жасатып, ауданнан қап-қабымен сұлы алдыртып аяқ астынан әбігерленді де қалды. Өзі құралпы шалдармен кәукілдескенде сиыр бағудан көз ашпаған атам жылқы баптау туралы әңгіме айтатын болды. Үйір-үйір жылқы бағып отырғандай «Жылқыға су берілді ме?» «Тұсауы дұрыс па екен?» «Сұлы салынған қапты тышқан тесіп кетпесін» деп сөз арасында айтып қалу дағдыға айнала бастады. «Күзге таман ер салып, мінуге жарап қалады» деп күн санауға көшті. Құлағын қайшылап, кекілі желбіреп, кісіге танауын көтеріп оқырана қарап тұратын тай да алаңдауға тұратын дене бітімі сұлу мал болатын. «Қарагер» деп атап алдық.

Жарбагүл бір-екі рет келіп кеткеннен кейін той дайындығы басталды. Әжем бұрқыратып жүн сабалады, жеңгелер базар аралап көрпе тыстауға мата іздеді. Тұрар жақ есік, терезе сырлап үй жаңартуға көшті.

Жаздың жаңбырлы күні ауыл шетінде мал қайырып келе жатқан Тұрар жігіт абайсызда электр бағаналарынан үзіліп қалған сымның шетін басып кетіп, денесі қап-қара болып күйіп, бақилыққа кете барды. Денесін қарауға барған үлкендер «Марқұм екі езуі екі құлағында ыржиған күйінде жүріп кеткен екен» десті. Жарбагүлді ойлап күлімдеп келе жатқаны не тоқ соққанда жанталасып тістегенгені белгісіз.

Отызға келгенде сыңсу айту бақыты бұйырмады Жарбагүлге. Еркек пішіндес ебедейсіз жаратылған бетіне мөп-мөлдір тамшылар жол тастап жыламсырап бата етуге келіп кетті.

Қазаның қарбаласы басылған соң қолында арқан жібі бар Тұрардың ағасы Сайлау кіріп келді үйге.

«Тайды алып кетуге келдім, Қабеке!» деді. Бұл сөзге іштей көп дайындалса керек, дауысы саңқылдап, нық сенімді шықты.

«Қай тайды?» Үйір-үйір жылқы ұстап отырған кісіше аңтарыла қарады. Төбесіндегі қонжиған қоңыр қалпағы да басымен бірге шалқайып, Сайлауға кегжие қалды.

«Тай біздікі, Тұрардың сізге беремін дегенін өз басым естіген жоқпын» - деп Сайлау шырт түкірді. Ақ көпіршіктеніп жерге тамған түкірікке бір, Сайлауға бір қарап абдырап қалған атам: «Қаракерді бермеймін» деп шорт кесті.

«Сотта кездесеміз»

Сайлаудың соңғы сөзі осы болды.

Жалына қызыл жіп қосылып өріліп, дене бітімі таралып, ажары кіріп, қол-аяғы ұзарып қалған Қаракерді сипап ұзақ күрсінетінді шығарды атам.

Сотттан шақырту келісімен-ақ мотоциклін бір теуіп оталдырып, қалпағының күн қағары желге қарай қайқиып ауданға шапты.

Ортада тай берілгені жөнінде ешқандай қолхат жоқ, тай иесі Тұрар марқұм ыржиып күлімсіреген күйі жұмақта жүрген шығар. Амалы құрыған атам «Тайды асырауға мынанша шығын кетті, мынанша жем, сұлы кетті, менің еңбегім, күш-қуатым кетті. Маған келгенде жабағы болатын, қазір жал-құйрығы таралған тай болды. Шығын өтелсін» деді. «Тай Сайлауға, кеткен шығын есептеліп Қабекеңе» деп сот балғасымен үстелді бір қойды.

Үйге келген соң тайдан айрылып қалған пәс көңілін жұбатқысы келгендей «Соттың өзі Қабекеңе шығынды өндіріп беріңдер деді» деп дауысын әуелете созып дастархан басында бір желпініп алды.

Бір қолында соттың үкімі жазылған бір жапырақ қағазы, бір қолында арқан жібі бар Сайлау алшаң басып тағы да жетіп келді. Атамның қоңыр қалпағы көтерілмеді. Төмен қарай шұқшиған күйінде жағын ашпады.

Жал-құйрығы самал желмен сусылдап, тұяқтары ақ тақырды тықылдатып Қаракер Сайлаудың жетегінде кете барды.

Ат жетектеген әлгі алысқа ұзаған соң ғана басын көтеріп «Келер жылы жорға сайысқа апарса бәйге алар еді» деді.

Аз уақыттан соң бір қолында соттың үкімі жазылған бір жапырақ қағазы бар, бір қолында жетектеген Қаракер тайы бар Сайлау тағы да келді. Атам аңтарылып, қалпағы қаңтарылып қарап қалған. Тайға өңгеріліп тиелген төрт қап жемді шаңын бұрқ еткізіп, есік алдына тастай салды.

- Мәтериел шығын мынау, қалғаны мында, - деп төсқалтасынан желімі мұқият жапсырылған конвертты атама ұстата салды да Қаракерді бос жетектеп кері кетті.

Басындағы қоңыр қалпағы қалбалақтап барып орнынан оқыс көтерілген атамды дәл қазір Сайлаудың артынан жетіп барып, қамшымен арқасынан бір осып, Қаракерді мініп алып, айдалаға шаба жөнеледі деп болжағанбыз. Қателестік, қазан басындағы түтіннен жаулығы ағараңдап күйбеңдеп жүрген кемпірін итеріп жіберіп, қып-қызыл шоқтанып жанып жатқан қи үстіне қолындағы конвертті тастай салды. Жемнің қасына келіп аз-кем ойланды да «Сиыр қораға апарыңдар» деді де үйге кіріп кетті.

Бақытгүл Сәрмекова

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551