Асқар Омаров. Сөзде бірлік
Ежелгі дәуірден бізге дейін жеткен Ұлы түркі қағандары Білге мен Бумынның тасқа қашалып жазылған Сөздері - ең алғашқы бұқаралық ақпарат құралының бір түрі болып табылады. Олар сөзге тоқтаған, сөзді қастерлеген. Егер өз сөзін тасқа қашаса артындағы ұрпаққа жететініне кәміл сенген. Бұл сөздерде түркілік ұлылықты жоғалтып алмау, ел бірлігі мен тарихи сананы сақтау аманат етілген. Алайда, атақты қағандардың үкілі үміті ақталған жоқ. Түркі суперэтносы жік-жікке бөлініп, бір-біріне жат бірнеше халыққа айналды. Жалғыз қалғанды жау алады демекші, көпшілігі ірі империялардың қоластында қалды. Қағанат құлағаннан кейінгі замандағы түркілердің тарихы бауырлас тайпалалардың бір-біріне жауығып, бір-бірін өлтіретін шайқастарға, сатқындыққа толы. Бұл көбіне бәз біреулердің айдап салуымен, от тастап, айтақтауымен болған ұрыстар. Ақсақ Темір мен Баязиттің текетіресі, қазақ пен бұқар хандығының, бұлғар мен хәзәр арасында қан төгілгені трагедия емей немене? Мұндай мысалдар шаш етектен. Соның бәрі «Бөліп ал да билей бер» деген сұрқия саясаттың салдары. Сол саясаттың иелері отқа май құйған сайын бауырлас түркілер бір-бірінен алшақтай түсті. Ақыр соңында 20 ғасырда бір ғана тәуелсіз түркі мемлекеті қалды. Ол - Түркия.
Білге қағанның айтқаны айдай келді:
Мен меншігінде мемлекеті бар ел едім,
Сол мемлекет пен оның жер жарған атағы қайда қазір?
Ежелгі дәуірден бізге дейін жеткен Ұлы түркі қағандары Білге мен Бумынның тасқа қашалып жазылған Сөздері - ең алғашқы бұқаралық ақпарат құралының бір түрі болып табылады. Олар сөзге тоқтаған, сөзді қастерлеген. Егер өз сөзін тасқа қашаса артындағы ұрпаққа жететініне кәміл сенген. Бұл сөздерде түркілік ұлылықты жоғалтып алмау, ел бірлігі мен тарихи сананы сақтау аманат етілген. Алайда, атақты қағандардың үкілі үміті ақталған жоқ. Түркі суперэтносы жік-жікке бөлініп, бір-біріне жат бірнеше халыққа айналды. Жалғыз қалғанды жау алады демекші, көпшілігі ірі империялардың қоластында қалды. Қағанат құлағаннан кейінгі замандағы түркілердің тарихы бауырлас тайпалалардың бір-біріне жауығып, бір-бірін өлтіретін шайқастарға, сатқындыққа толы. Бұл көбіне бәз біреулердің айдап салуымен, от тастап, айтақтауымен болған ұрыстар. Ақсақ Темір мен Баязиттің текетіресі, қазақ пен бұқар хандығының, бұлғар мен хәзәр арасында қан төгілгені трагедия емей немене? Мұндай мысалдар шаш етектен. Соның бәрі «Бөліп ал да билей бер» деген сұрқия саясаттың салдары. Сол саясаттың иелері отқа май құйған сайын бауырлас түркілер бір-бірінен алшақтай түсті. Ақыр соңында 20 ғасырда бір ғана тәуелсіз түркі мемлекеті қалды. Ол - Түркия.
Білге қағанның айтқаны айдай келді:
Мен меншігінде мемлекеті бар ел едім,
Сол мемлекет пен оның жер жарған атағы қайда қазір?
Мен хан басқарған халық едім,
Бірақ сол хан қайда қазір?
Дегенмен, әр заманда да түркілер ішінде ағайындар арасындағы татулықты, халықтар бірлігін ойлағандар табылатын. Және ол ойшылдар өткен өмірді қайта оралту мүмкін еместігін түсінетін, тек тарихи жадыны жаңғыртып, көзқарасты өзгертуді, санаға сәуле құюды мақсат тұтатын.
Сөздің жаңғыруы
Қырымнан шыққан ең алғашқы кәсіби түркі-журналист Исмаиыл Ғаспыралы Сөздің құдіретті екенін мойындаған. Тек Сөз арқылы ғана, маңызды да мағыналы Сөз арқылы ғана - түркінің суперэтностық санасын жаңғыртуға болатынын түйсінген. Оның «Dilde, iste, fikirde - birlik» деген тұжырымы жалпытүркілік интеграцияның ұранына айналды. И. Ғаспыралының пікірін сөз жүзінде қалдырған жоқ, іспен де дәлелдеді. Ол түркілерге ортақ «Терджиман» (немесе «Тәржіма») деген газет шығарды. Өйткені тек ортақ ақпарат қана, ортақ ақпараттық кеңістік қана түркі халықтарын біріктіре алады, бір бүтіннің бөлшектері екенін сезіндіре алады. Ғаспыралы көзі тірісінде арманына жете алмады. Бірак ол рухани бірігудің жай сөз жүзінде емес, үлкен әріптен басталатын Сөздің құдіретімен орындалатынын дәлелдеді. Бабалырымыз «жақсы Сөз - жан азығы» бекер айтпаған.
Ғаспыралының ізін басқандар да жоқ емес. Мәселен, Мұстафа Шоқай түркі эмигранттарына арнап «Yas Turkestan» журналын жасады және бірқатар журналистер бірігіп Түркістан легионының жанынан «Milli Turkestan» журналын шығарды. Артынан осы тектес басылымдар шығаруға Түркия мен Әзербайжанда да әрекет жасалды. Алайда геосаяси жағдайға байланысты, дәлірек айтқанда, Иран, Ресей мен Қытайдың түркі интеграциясын қаламауына байланысты барлық бастамалар орта жолдан тоқтап қалды. Мысалы, 1925 жылы Бакуде өткен советтік түркілер құрылтайында, Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен, ортақ әліппи жасау, жаңа терминдер қалыптастыратын комиссия құру және ортақ газет шығару туралы келісілген болатын. Бірақ, осыдан көп уақыт өтпей-ақ пантюркизммен күрес шарасының аясында бұл бастамаларға тыйым салынды, ең танымал түркі танушылар ату жазасына кесілді, шағатай жазуы жойылды.
КСРО саясаты түркі халықтарын бір-бірінен алшақтатуға бағытталды, туыс халықтарға әр түрлі атаулар таңып, айрықша сипаттамалар берді. Нәтижесінде, кеше ғана бір-бірімен еркін сөйлескен бауырлар аудармашының көмегінсіз түсініспейтін жағдайға жетті. Өзге түркілер туралы мағлұматтан мақұрым болды. Ал Түркияда Ататүріктің атышулы түркі реформасынан кейін жағдай өзгерді. Түріктер әлемдегі барлық түркілер жайындағы ақпаратты мектеп бағдарламасына енгізді. Дәл осы уақытта КСРО мемлекетіндегі қазақ оқушы мүлдем керісінше тәрбиеленді. Олар «зұлым осман түркілерін» қырған жауынгерлердің ерлігіне тәнті болып, «сауық-сайраншыл қайсақтарды», «поганый татарларды», «жабайы якуттарды» жек көрді. Өкінішке орай, осындай көзқарас әлі күнге дейін орыс тілді және «советтік» түркілердің санасында сақталып келеді.
Бүгінгі таңда жиі-жиі мемлекет басшыларының кездесулері ұйымдастырылып, интеграция жөнінде қаулы-қаралар қабылданып жатыр, бірігіп кәсіпорындар ашып жатырмыз. Бұның бәрі жақсы әрине. Бірақ, «нағыз әрекет» бұл емес.
Қазір ақпарат ғасыры. Сонау заманда Бисмарктың өзі саясатын өрістету үшін ақпараттық технологияларды қолданған, демек, бүгінгі таңда оның көмегінсіз іс алға баспайды. Қағаз, қалам, радио-теле эфир бүгінгі замандағы қарудың ең мықтысы. Әу баста ақпарат тарату құралы болып қалыптасқан масс-медиа бүгінде идеология жүргізудің, көзқарас пен менталитетке ықпал етудің, тәрбие берудің, ең маңыздысы, ұлттық дүниетаным жасаудың теңдесі жоқ құралына айналды. Әлемдегі ең ірі державалардың бұқаралық ақпарат құралдарына қомақты қаржы бөлетіні тегін емес. Тіпті кейбірінің осы салаға арналған жылдық бюджеті кіші-гірім мемлекеттердің әскери қазынасымен таразы басын теңестіреді.
Ақпарат кімнің ашса алақанында, дүние соның жұмса жұдырығында. Түркі деген Ұлы ұлыстың ұрпағы осы қағиданы өз пайдасына жарататын уақыт жетті. 1991 жылға дейін әлемде бір ғана тәуелсіз түркі мемлекеті - Түрік Республикасы болған еді. КСРО ыдыраған соң тағы 5 мемлекет қосылды: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан. Сондай-ақ Түркиядан басқа ешкім мойындамаған Солтүстік Кипр республикасы бар. Осы елдер ішінде тек Түркияда ғана БАҚ-ры тәуелсіз толыққанды даму ырғағына түсті. Өз тәжірибемнен білетінім, түрік басылымын азиялық газеттен де, еуропалық басылымнан да ажырату еш қиын емес. Өйткені өзіне тән ерекшелігі бар. Бүгінгі глобализация заманында даралана білу де өнер.
Бұрынғы кеңестік республикалар белгілі саяси себептерге байланысты ресейлік ақпарат кеңістігіне тәуелді болып қала берді. Кез-келген мақала, радио, телетаралымның астарында ресей идеологиясы жасырынып тұрады. Әсіресе, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ресей ақпараттық кеңістігіне барынша тәуелді. Ал Әзербайжан мен Түркіменстанда жағдай басқаша. Әзербайжан тарихи жақындығы бар Түркияға қарап бой түзейді, ал Түркіменстан ақпараттық кеңістігі өзгелер үшін жабық.
Ара қатынас мәселесі
Жекелеген бір іс-шаралар болмаса, түркі БАҚ-тарының арасында ақпараттық көпірлер жоқ. Бастапқыда арағайынның міндетін Түркия өз мойнына алады деп есептелген. Бұл ой тек «Zaman» газетіне түркі тілдеріндегі қосымшаларды қаржыландырумен шектеліп қалды. Қазіргі таңда бұл басылым қазақ, қырғыз, әзербайжан және ресей түркілеріне таралады. Ал Өзбекстан мен Түркіменстанға кіргізу мүмкін болмады.
90 жылдардың ортасында түркітілді журналистердің одағын құруға жасалған әрекет белгілі себептерге байланысты тұсауланды. Ол жөнінді кейінірек. 2009 жылдың басынан бастап негізгі түркі тілдерінде таралатын спутниктік TRT-Avaz деген телеканал ашылды. Қазақстанда ең ірі түркі ақпараттық агенттіктерінің өкілдіктері жұмыс істейді. Сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Өзбекстанда «Казинформ» агенттігінің меншікті тілшілері, Анкарада «Хабар» арнасының өкілдігі бар. Түркияда Әзербайжан БАҚ-ры емін-еркін таралады. Әзербайжанда да дәл солай. Мәселен, Түркияның Samanyolu медахолдингіне қарасты «Xәzәr» телеарнасы таралады. Тек Түркия ғана емес мұнда барлық түркі ақпарат құралдарына ешқандай кедергі жоқ. Өзбек, Түркімен медиа нарығы «Сен тимесең, мен тимен» деген позиция ұстанады, ал Қырғыз ақпараттық саласына сырттан қызығушылық жоқ. Көк бөрінің көзі түгел ұрпағын бөле-жармай, барлығына бірдей жұмыс істейтін «Zaman» газетінен басқа бір де бір басылым жоқ. Қазақстандағы «Түркістан» деген газетті халықаралық деңгейге көтеруге әрекет жасалды. Бірақ, ақша тапшылығынан бұл ой жүзеге аспады.
Әзербайжанда түрік БАҚ-ры жақсы таралады, оған сұраныс та бар. Өйткені тіл ұқсас. Ал өзге түркі елдерінде Кеңестік сананың сарқыншағы сақталып қалды. Мысалы, Қазақстанда 10 ақпараттық агенттік бар, оның 5-еуі қай жағынан болса да Ресейге қатысы бар. Рейтингісі ең жоғары «Интерфакс-Казахстан» агенттігі Мәскеулік мекеменің жай ғана өкілдігі болып табылады. Ол аздай, Қазақстанда «Первый каналдың» тікелей көшірмесі бар, бірқатар телеарналар Ресейден ретрансляция жасайды, ал көрерменнің көзайымына айналған «31 каналды» ресейлік «СТС» медиатобы сатып алды. Баспасөздегі жағдайдың шекесі қызып тұрған жоқ. «Известия», «Комсомольская правда», «Аргументы и факты», «Московский комсомолец» тағы басқа көптеген ресей газеттерінің аймақтық қосымшалары шығады. Ресейдің барлық газет-журналы Қазақстан аумағында ешқандай кедергісіз таралады.
Салыстырып қарасақ, Түрік газеттерінен бізде тек қана «Kazakstan Zaman» бар және «Cihan», «Anadolu agengy» деп аталатын екі-ақ ақпараттық агенттіктің меншікті тілшілері жұмыс істейді. Алматыда түріктердың демеушілігімен таралымы шектеулі «Түркі әлемі» газеті басылады. «Dialog Avrazia» журналының қазақ тіліндегі қосымшасын да осы топқа жатқызуға болады. Осы ғана.
Түркі ақпарат агенттіктері жылдамдығы, сапасы жағынан Ресей агенттіктерінен артық болмаса кем емес. Олар нарыққа баса-көктеп кірмейді, тұтынушыны мәжбүрлемейді, бірақ неге екені белгілі, олардың рейтингісі ресейдікінен төмен. Бұдан шығатын нәтиже, түркі БАҚ-ры арасында ешқандай да интеграция жүріп жатқан жоқ. Тәуелсіз мемлекеттердің өзінде түркі әлемі туралы ақпаратқа қысым қатты, олай болса, Ресей, Қытай, Ирандағы түркі халықтары тіпті сусап отыр. Бауырлас түркілердің ақпарат алмасуын Мәскеу жіпке тізіп, жіті бақылауда ұстайды. Мысалы, Қазақстанның «Нұр медиа» холдингі мен Әзербайжанның «АРА» агенттігі арасында тікелей ақпараттық-әріптестік байланыс туралы жасалған меморандум кейбір ықпалды топтар өкілдерінің ашу-ызасын тудыры. Өйткені, олар бұрынғы бодандарын ақпараттық шеңберден шығарып алса, қоғамдық сананың өзгеретінін біледі.
Әр елдің өз мүддесі болады. Түркі әлемінің гуманитарлық ақпарат алмасу саласында өз мүддесі бар. Оны қалай жүзеге асыруға болады.
Орыстандырудың орнына түркілік түбірімізге оралайық
Соңғы уақытта бұл сөзді орыстанып кеткен қазақтардың аузынан жиі естуге болады. Сыртқы күштердің ықпалынан түркі этностарының ұлттық мінезі, менталитеті жойылып кете жаздады. Біздің көшбасшылар интеграция жайында әңгімелескенде ақпараттық саланы естен шығарып алады. Төрт бірдей түркі мемлекетінің басшылары қол қойған Нақышпан (Нахычеван) декларациясын өте мұқият оқымасаңыз БАҚ байланісі туралы таба алмайсыз, өйткені ол жайында қысқа ғана қайырылған. Түркі елдері сабақтастығы үшін құрылған ең ірі ұйым ТҮРКІСОЙ-дың іс-шараларының өзі тиісті деңгейде таралып, насихатталмайды. Ресейдің көптеген аймақтарындағы түркілер мұндай ұйымның бар екенін естімеген де. Демек, ақпарат алмасу ақсап тұр.
Түркілердің ақпараттық интеграциясы мәселесін ең маңызды істер деңгейіне көтеру керек. Оны барынша жылдамдатқан дұрыс, себбі, онсыз да көп уақытты жоғалтып алдық. Төмендегі шараларды қолға алу қажет:
1. Биыл өтетін түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиті аясында Түркітілді Медиафорум ұйымдастыру, онда бауырлас халықтардың БАҚ-тары арасындағы байланыс кедергілерін талқылап, оларды жою жолдарын қарастырып, ақпараттық интеграцияны дамыту туралы резолюция қабылдау;
2. Түркітілді интеграцияның жоспарын, әдіс-тәсілдерін жасайтын түркітілді Медифорумды ұйымдастырушы топтың негізін қалау;
3. Барлық басым тілдерде, орыс, ағылшын тілдерін қоса алғанда, түркітілді БАҚ-тардың порталын (ресурстық он-лайн орталық) құру;
4. Теле, радиоарналарға AzSat, KazSat-2 және TurkSat-3 спутниктері арқылы түркі тілдеріндегі хабар таратуға жеңілдіктер жасау немесе тегін тарату туралы халықаралық деңгейде шешім қабылдау;
5. Ыстамбұлда түркі журналистикасы халықаралық мектебін құру туралы шешім қабылдау;
6. Түркі мемлекеттері мен аймақтарда ірі-ірі өкілдіктері бар TURK-INFO халықаралық агенттігін құру;
7. Түркітілді медиафорумды жыл сайын түркі мемлекттерінің әрбірінде кезек-кезек өткізіп отыру туралы жариялау;
Осылай әрекет ете отырып, ешбір мемлекеттің қытығына тимей-ақ, біздің халықтардың гуманитарлық интеграциясына тосқауыл болып отырған бөгеттерді жоя аламыз. Мысалы, ақпараттық ортақ кеңістік қалыптастырсақ тілдік айырмашылықтар азаяды. Медиадағы СӨЗ - бұл жазу тілі, оны бара-бара бәрі түсінеді. Бұл жеке мемлекеттердің бастамаларын барша түркіге жеткізу тілі. Бұл іште жүрген ойды, өзекті өртеген мәселелерді, кеудені кернеген қуанышты бөлісу тілі. Ақыр аяғы, бұл - бауырлас елдердің айдаладағы біреу арқылы емес, тікелей хабарласу тілі.
Осылай болғанда ғана орта ғасырларда араб қолжазбашылары жазған мына сөз қайта жаңғырары хақ: «Аллаға шүкір, араб, парсы, византиялықтар мен рустардың жерінде соңғы Сөздің иесі түркілер!».
Ең бастысы алға ұмтылу және Сөздің уақыттан жүйрік екенін ұмытпау.
Асқар Омаров, «TURK-MEDIA» ақпарат интеграциясының түркі миссиясы» Ұйымдастыру комитетінің
Үйлестірушісі
«turk-media.info» сайт