Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жалқы сұрақ 5141 6 пікір 6 Наурыз, 2018 сағат 09:25

Жолда тұрған жанбағушыларға әкімдердің неге жаны ашымайды?

Мынау тұрған картина біреулер үшін күлкілі көрінетіні рас. Ақпанның саршұнақ аязында бет қаратпас боранмен алысып, шілденің шіліңгір ыстығында күн астында қақталып тұрған осынау кісілер үшін бұл көрініс жан бағудың амалы. Аты дырдай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік маңызы бар жолда осынау жабайы саудамен күн көріп жатқан Арал ауданы Аралқұм ауылының көптен бергі жан айқайын жоғары жақтағылардың құлағына жеткізу туған ел алдындағы перзенттік парызым деп білемін.

Құмдауыт мекеннің ежелден кәсібі мал шаруашылығы. Табиғаты тосаңдау, жазы қапырық ыстық болса, қысы өңменіңнен өтетін өкпек жел мен долданған боранға бұл ауылдың тұрғындарының еті әбден үйреніп кеткен. Біздегі сананың кемдігі ме әлде өз құқымызды қорғаудағы надандығымыз ба, көп жерде ауыл адамдары арыз-шағымға келгенде кежегесі кейін тартып, үй ішінде сыбырмен өмір сүреді. Жә, бәрін қойшы...

Екі мыңға жуық тұрғыны бар Аралқұм ауылы қашаннан қарапайым, жұрт секілді әкімін түйе үстінде сабамайды. Керісінше, қанағат деген тенденциямен көп жерде жақ ашпайды. Құқығы тапталып жатса да жалпақшешейлікке салынып, кешіре салатынына таңқаласың.

Егер жолың түсіп осынау автотрассамен Ақтөбеге, не Қостанайға бет алсаңыз онда Аралқұм үстін өтпей қоймасыңыз анық. Көлігің алыстан көрінгеннен бастап бір топ бүрсеңдеген әйелдердің балық көтерген сұлбасы алыстан менмұндалайды. Бір қолында қатып қалған балық, екінші қолында қаусап қалған шұбат қауырсыны кімді де болсын елең еткізері анық. Кейбіреулер осынау жанбағып тұрған жандарды мазақ қылғандай, суретке түсіргенде ішіңнен «әкеңнің» бір боқтап аласың. Егер алда-жалда көлігің шиқ етіп тұра қалса, жапатармағай сізге қарай жүгіреді. Сондағы, бар ойлары бала-шағаның бүгінгі напақасы. Қолдарында тізбектелген түйе жүнінен жасалынған шұлық одан қалса шұбат, пар-парымен балық, тағысын тағылар. Ия, бір қарағанға аянышты кадр. Бірақ бұл жандардың ешкімге өкпе-назы жоқ. Қалт-құлт еткен өмірлеріне шүкірлік айтып жазда темір бөшке көлеңкесін паналап, қыста жол жағасында от жағып «шықпа жаным шықпамен» күн көріп жатқан жайы бар.

Бір қызығы сол, әшейінде ат басын тіреп, халық жағдайын сұрамайтын әкім және оның шабармандары ауылға комиссия не аудан әкімі келгенде осынау жандарды дорба-дорбасымен тым-тырақай таратып жібереді. Аудан әкімі келсе, өтірік есеппен қағанамыз қарқ болып жатыр, халық ықылық атып отыр деген желеумен шығарып салады. Ал, кеткесін жағдай басқаша. Біздегі, көпекөрнеу алдаудың шағын эпизодын осынау істен байқауға болады. Жалған цензураның ауылдағы көрінісі бұл.

Бұған дейін осынау жабайы сауданың кесірінен екі рет көлік оқиғасы болып адам өлімі тіркелді. Бүтіндей бір отбасының асыраушы әкесі осылай балық көтеріп тұрған сәтінде ажал құшты.

Енді бұл жағдайға құқықтық көзқараспен қарап көрсек. Біріншіден, үлкен автодәліз қозғалыс жолында мұндай жабайы сауда жасау құқықтық заңнамаға   томпақ. Екіншіден, халқын тентіретіп трасс жағалатқан әкімнің осынау істі көріп тұрып тиісті жұмыстарды жүргізбеуі ақылға сыймайды. Мен білетін бұл ауылда жиырма, не отыздан астап отбасы осынау трассадан напақасын айырып отыр.  Неге аталған отбасыларға мемлекет тарапынан шағын несиелер ұсынып, жеңілдетілген көмектер беру жағын әкім қолға алмайды. Болмаса, осынау қойдың құмалағындай шашылып тұрған жандардың бастарын қосып, талап-тілектерін тыңдамайды. Үшіншіден, мұндай маңызы бар мемелекетпен мемлекетті жалғайтын автожол нағыз бизнестің көзі. Әкім спонсар жағын қарастырып, жеке кәсіпкер есебінен болса да әр көлікке жәутеңдеп тұрған жандарға арнайылап базар салып бермейді. Әлде, өзінің ұйқысы тыныш, қарны тоқ болса болды ма?!

Төртіншіден, Аралқұм ауылының көп жастары қазір жұмыссыз отыр. Қолдарында білдей дипломдары болса да жолда балық  дорбасын арқалап дүниенің кеңдігін көре алмай келеді. Ал, негізгі күш жастар жағы тентіреп жүрсе, ауыл болашағы туралы сөз қозғаудың өзі артықшылық болар...

Қорыта келгенде,  аспаннан киіз жауса кедейге ұлтарақ та тимейді дегендей, момын жұрттың мойны ырғайдай, биті торғайдай аянышты күйіне құлақ түретін кез келді. Әкім жуық арада нақты іске көшпесе Қазақстан Республикасының азаматы ретінде аталған мәселеге үлкен жақтың араласуын сұраймын.

Қалилаев Қонысбай

Abai.kz

 

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052