Елбасы бастамасы жастарға қамқорлықтың жарқын үлгісі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің үшінші бастамасы Қазақстанның білім беру жүйесіндегі оң өзгерістерге арналған. Атап айтқанда, биылғы оқу жылында талапкерлер үшін қосымша 20 мың грант бөлінбек. Ал бұған дейін мемлекеттік гранттар саны 54 мыңнан аспайтын еді.
Білім саласындағы Елбасы бастамасы бүкіл жастарды қуантты. Әсіресе, 2022 жылға дейін студенттерге арналып кемінде 75 мың орынды жатақхана тұрғызылатыны ең елеулі істің бірі болғалы тұр. Қазіргі таңда студенттер арасында жатақхана мәселесі өте өзекті. Шалғай ауылдан білім қуып келген жастар қалада пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Елбасы осы жолы жастардың алаңсыз білім алуына баса назар аударып отыр.
Елбасы атап көрсеткендей, бүгінде 530 мыңнан астам студент жоғары оқу орнында білім алуда. Алайда олардың 30 пайызы ғана мемлекеттік грант есебінен оқиды. Президенттің грант санын көбейту жайлы бастамасы құптарлық іс. Нәтижесінде, отандық ғылым дамып, өндіріс өркендейді әрі Қазақстанның әлемге жаңа брендпен танылуына мүмкіндік туады.
Талдықорғандағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінде бүгінде 179 бала оқиды, олардың барлығы да мемлекеттік грант иелері. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың арқасында дәстүрлі өнерімізбен алыс-жақын шетелдерді тәнті етіп, 15 оқушымыз халықаралық деңгейде жүлдегер атанды.
Бүгінгі күнге дейін колледжде жатақхана жоқ болатын. Дегенмен облыс басшылығының қолдауымен биылғы жылдан жатақхана ғимаратының жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Осы басталған игі іске Елбасының бұл бастамасы серпін қосады деп ойлаймын.
Әділхан Адырбаев, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің директоры
Abai.kz