Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Біртуар 5658 5 пікір 9 Наурыз, 2018 сағат 14:45

Мінез

 (Теміржан Базарбаев хақында)

Қолыма "Парасат падишасы" деген кітап түсті. Атақты Асқар Сүлейменов туралы. Кітаптағы естеліктерді бас алмастан бір-ақ түнде қотардым. Оқып шықтым да, ойландым. Расында, Тәңір бір адамға соншама талант дарытса, соншама кереғар мінез беретіні несі екен?! Әлде таразы басын теңестіріп отыра ма? Қараңызшы, біртуарлар: Бауыржан, Нұрғиса, Шәмші, Асқар Тоқпанов кешегі Мұқағали, Сәкен сері, Жұматай... Соншама дарынды, - өмірлері де, мінездері де соншама күрделі.

Композитор Теміржан Базарбаев деген адамды естуіңіз бар шығар? Есіңізге түсірейін.    Қайырмасы "Жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылым" деп келетін атақты "Ауылым", "Қаздар қайтқанда", "Тамаша", «Айналайын, анам, туған күніңмен» деген сияқты басқа да көптеген жан тербетер сыршыл әндері мен күрделі классикалық шығармалары бар. Ол кісі  біздің Алакөлдегі кішкентай ғана Жағатал деген ауылдан шыққан. Айтпақшы, күміс көмей Зейнеп Қойшыбаева да - сол жердің тумасы.

Айтайын дегенім, жайшылықта сазгер - тым қарапайым ғана адам, ал тұла бойы қайшылықты...

Ретімен бастайын. Тоқсаныншы жылдардың ортасында ауданнан шыққан бір топ өнер адамдарын шақырдық. Жұртшылықпен кездесу өте әсерлі өтті.

Кешкісін ағыл-тегіл дастарқан. Аудан әкімі  резиденциядағы тамаша отырыстың тізгінін өз қолына алған. Емен-жарқын әңгіме: сағыныш, туған жер, парыз, өнер тақырыбы өрбіген. Кенет, көзіңізге елестетіңізші, жаздың бір әдемі күнінде  күн күркіреп, аяқ асты найзағай жарқылдамай ма? Құдды сондай болды. Қонақтардың арасында елеусіз ғана отырған ағамыз орнынан атып тұрып, әкімге:

- Сен бүкіл аудандағы зираттарды қоршатқанда, сонау Әлеш жақта жатқан менің бабамның зиратын неге қоршатпағансың?

Қолында рюмке, тура жіберейін деп тұр. Бәріміз өре түрегелдік. "Қой-қойға" басып жатырмыз. Тыңдамайды. Отырыстан сән кете бастады. Көкемізді құшақтай, қарсыласқанына қарамастан далаға алып шықтым. Қой, шаршаған шығар, әлде ащы судың да әлегі ме, қаладағы қонақ үйге тарттық.

Жақындай бергенде Темкең сабындай бұзылып, кілт айныды. "Мен Ынталы ауылындағы қарындасыма барып, амандасуым керек,"- деп, көліктің басын амалсыз басқа жаққа бұрғызды.

Қара іңірде  иттерді шулата-мулата ауылға ендік. "Қарындасыңыз қай көшеде?"- деймін қонағыма. Білмейді. "Есімі кім еді қарындасыңыздың?" деймін, - көкем үнсіз. Ары сұрадым, бері сұрадым, - ағамыз қарындасының есімін жадына түсіре алмай-ақ қойғаны.

Көшелерді айқұш-ұйқыш бір аралағаннан кейін: «Кері қайтайық»,-деймін. Темкең келіспейді. Қойшы, ұят болса да бір-екі үйдің есігін қағып жүріп, оятып:

- Композитор Теміржан Базарбаевтың қарындасы қайда тұрады?- деп сұраймын.

- Аты кім еді?- дейді жазғандар.

- Білмеймін.

«Білмесең неге сұрайсың?" дегендей, тұрғындар иықтарын қиқаң еткізіп, ұйқыларын беймезгіл бұзғанды жақтырмай, есіктерін тарс жабады.

Ұят болды. Алақандай ауылдан ағамыздың қарындасын таппадық. Есімін білсек, әңгіме басқа ғой, туыс қарындасының атын ұмытқан көкеме не дерсің...

Арада жылдар өтті. Темкең алпыс-асқарға көтеріліпті. Не сыйласақ екен, «Ауылым» деп, Алакөлді асқақтатқан асыл ұлға? Ақыры ойладым, ақбоз ат! Ақтаңгер азаматқа, әйгілі композиторға сол ғана жарасатын шығар.

90-жылдардың бел ортасында қазіргідей «темір тұлпар» мінгізу дәстүрде жоқ. Енді Алакөлді айнала қарап, ақбоз ат іздедік. Шымқай ақ түсті жылқыны іздеу маяға түсіп кеткен инені іздеуден де қиын болды. Қылаң түстілерден бозғыл, бурыл, құбақан жиі кездеседі екен. Жақтырмадық. Ақыры таптық-ау, Бесағашта бір бақташының ақбозы көзге түсті. Тұрқы биік, таза ақ қылаң. Енді иесін көндіре алсақшы. Жылқысы шаруаға бап, шанаға да, арбаға жегіледі екен. Жасы бестіден асқан екі жылқы беріп жүріп, көндірдік-ау иесін. «КамАЗ»-ға тиеп, жолға шықтық. Ат, шапанымызды алып, аудан атынан Алакөл балық комбинатының директоры Жайыл Әбдірахманов, «Сарықұм» совхозының директоры Нұрлан Ниязов үшеуміз баратын болдық.

Семейдегі зиялы қауым дүр сілкініп,  салтанатты той жасады. Темкең сол баяғы қоңторғай, қарапайым қалпы. Алпысқа келдім деп алшиып тұрған жоқ. Ақ қар, көк мұзда сонау алыстан келгенімізге риза болғанмен, бауырлық танытып, жаны ашып, «қиналып қалдыңдар ғой» деп, арқамыздан қағады.

Мерейтой күні ақбозды үлкен театрдың сахнасына шығара алсақшы, әншейінде жуас жылқыны арнайы есіктен сүйрелеп енгізе алмадық. Тұяқ тіреп, тұрып алды. Сірә, қыр жылқысы қаланың тас ғимаратын жатсынса керек. Ақыры шара басталар алдында театрдың алдында кілем жабылған ақбоз атқа ағамызды мінгізіп, алай-бұлай жүргізіп, сый-құрметімізді көрсеттік.

Мерейтой кешінде шырқалған ән, романстары, симфониялық шығармалары бар 200-ден астам тамаша туынды жазған композитордың кең ауқымды классикалық шығармалары таңдай қақтырды. 150-ден астам өнерпаз хормен «Абайды», «Қалың елім, қазағымды» орындағанда бүкіл зал қол шапалақтап, ұзақ тұрып алды.  Сол кештегі жеке дауыстағы Дауыл деген әншінің қуатты үні осы күнге дейін құлағымда дауылдап тұр.

Елге қайтар кезде аға үйіне дәмге шақырды. Ескілеу, көп қатарлы үйде тұрады екен. Кәдімгі көпшілік тұратын ірі панельді үй. Альфия жеңгеміз қарсы алып, пәтерлерінің тарлау екенін, алайда көңілдерінің кең, дастарқандарының мол екендігін айтып жатыр. Дегенмен асқар таудай тұлғаға, қазақ өнерінде өзіндік орны бар композиторға одан еңселі, кең, жарық үйде тұрса, бек жарасатын сияқты еді. Пәтері тар болса да, кіріп келгенде талай тамаша ән жазған пианиносы, қос домбырасы көзге бірден жылышырай берді.

Есімі алты алашқа белгілі абайтанушы, жазушы, сыншы «Абай» музейінің директоры Төкен Ибрагимовпен осы үйде таныстық. Атымды ести сала:

- Е, Ахмет деген сен екенсің ғой, сенің «Қамшың» менің көзіме тиіп кетті ғой,- деп қалжыңдай сөйледі.

Айтып тұрғаны Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мүшәйрада жүлде алған өлеңім еді. Ішінде сол кездің, 90-жылдардың көзімен қарағанда:

...Ақын біткен ойланшы да толғаншы,

Орманында адасып жүр орманшы.

... Абай аға, кеше Сізге жұмсалған,

Бүгін елдің арқасында сол қамшы...- деген сияқты аса уытты жолдар да бар еді. Соны меңзеп тұрғаны.

-Інілерім, сендердің ағаларыңның тұрған тұрысы да осы, тұрқы да осы, тұйық, бірбеткей, етене болып, ешкіммен тонның ішкі бауындай араласпайды, руластарын да танымайды, рухтастарынан басқа жақын досы да жоқ. Шыны керек, оның жалғыз ғана досы бар, ол –ән! - деді Төкен аға.

Расында солай. Көкеміз ғұмыр бойы Семейдің музыкалық училищесінде ұстаздық қызмет атқарыпты. Әрі жерлесі, әрі рухани інісі белгілі әнші, ақын, сатирик Аймұханбет Бейсенбековтің айтуынша, Темкең омыраулап әнін еш жерге, ешкімге тықпалап көрмепті. Керек еткендерге ғана берген тәрізді. Қажетсінбесе, сандығында сары тап болып жата береді екен.

Тіпті атақты «Ауылым» әнінің тарихы да қызық. Әуел баста Қазақ радиосының көркемдік кеңесі «нашар ән» деп баға беріп, эфирге жібермепті. Кейіннен әннің нотасы ғайыптан тайып, атақты әнші Рашид Абдуллиннің қолына түспей ме? Бағы ашылып, содан кейін ән дәуірлеп кете барады.

Осыдан кейін ойлайсың, кез келген нәрсенің тағдыры адамның өз тағдырына байланысты ма деп. Темкең - шын мәнінде, тағдырлы адам. Жасынан жаутаңкөз атанып, жетім қалған. Сол кезде Үкіметтің қаулысы болыпты, алдымен жетімдерді жарылқа деген. Қаулыға сәйкес Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаевтар жетімдер арасынан талантты балаларды іздеп, елге шығады. Содан бұлар Семейге бара жатқан сапарларында жол-жөнекей Алакөл ауданына ат басын бұрады. Тентек өзенінің жағасындағы Қарабұлақ ауылына келеді. Ол кезде жетімдерге арналған интернат кәмпескеге ілінген Шихай байдың көк үйінде екен. Балалардың әнге деген бейімділігін тыңдаған қос тарлан әлгі интернаттан үш ұланды таңдап алады. Көлікке отырғызып, Алматыға әкеле жатқанда, үшеуі ақылдасып, қашуға бел байлайды. Сірә, бейтаныс қалаға барғылары келмесе керек. Жолда сәл дамылдағанда екеуі көліктен секіріп қашып, құтылып кетеді де, Нұрғиса ұстап қалып, әлжуаздау Теміржан тұтылып қалады. Міне, тағдыр! «Егер құтылып кеткенде онда ауылда трактор айдап, мүмкін «Социалистік Еңбек Ері» болып кетер ме едім» дейтін Темкең қалжыңға бұрып.

Консерваторияға Шәмші Қалдаяқов екеуі бірге түседі, бірге жүреді, Шәмшінің алғашқы өлеңдерін нотаға бірігіп түсіреді. Тек оқу бітіргеннен кейін Темкең Семейге жол тартады да, Шәмші  Алматыда қалып қояды.

Темағаңды соңғы рет 1995 жылы көрдім. Жанында әйгілі әншілер Тұрсынғазы Рахимов, Аймұқанбет Бейсенбеков бар, Үшаралдағы біздің үйге бас сұқты. Көлге демалуға келе жатқан беттері екен. Емен-жарқын кең отырып, әңгіме-дүкен құрдық. Темкең Алакөл туралы менің бір жырыма ән жазып әкеліпті, оны Тұрсынғазы жүрек тебірентетіндей етіп орындады. Өлеңнің өзі туған жерге деген сағынышқа толы еді, сазгер оны тіпті  мұңға бөлеп жіберіпті. Жанарымызға жас іркілді. Нотасын ұстатты. Сірә, бұл ағаның туған жерге арналған ең соңғы әні болар деп ойлаймын.

Келер жылы Темкең бес күндік жалғаннан озды. Рухани орта, жерлестері мен семейліктер қатты қайғырды, шәкірттері Жолан Дәстенов, Төлеген Мұқамеджанов, Тұрсынғазы Рахимовтар ұстаздарына деген қоштасу сөздерін айтты. Әсіресе, Аймұқанбет Бейсенбеков орталық газеттерге Темкең туралы тереңнен қозғап, сүбелі мақала, естеліктер жазды. Кейіннен ұстазы туралы жазбаларын «Өнермен өрнектелген өмірлер» кітабына енгізді.

Аға зиратындағы:

Ән-бейнең кетпес көңілден,

Әуенің ғажап төгілген.

Ән болып келіп өмірге,

Ән болып кеттің өмірден! -

деген бір шумақ өлең оның бүкіл болмысын, тұлғасын айшықтап тұрғандай.

... Әңгіменің басы Асқар Сүлейменовтен шықты ғой: шын таланттарда басқаларға, мына біз сияқты жұмыр басты, екі аяқты пенделерге, ұқсай бермейтін кіді де шатақ мінез болмаса, ортадан суырылып шығып, шоқтығы биік шоң туындылар тудыруы мүмкін емес-ау, тегі. Қой аузынан шөп алмайтын ағамыздың тағдырында асау өзендей толқынын аспанға атып жататын кездері аз болмаған сияқты.

Ақан серінің Құлагері де көргенде сұлық, шапқанда күлік болған деседі.

Ахмет Кендірбекұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2254
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3521