Түркі әлемі жетімсіреп қалды
Бүтін Түркінің қазіргі «Рухани көсеміне айналған» десек артық болмайтын, ғажайып адам дүние салды! Көңілге демеу болатыны, ол кісі ашық жол көрсетіп кетті. Өшпес еңбектері қалды артында! Міне, сол еңбектері бағыт беруші бағдаршамдай жарқырай бермек! Әрине, Түркі әлемі данышпандарға кенде болған жоқ, алайда, ондай алып тұлғалардың әрбір кезеңдерге сәйкес, өзіндік тарихи орны да болғаны анық! Мурад Аджи (1944-2018) ағамыз да сондай жанның бірі ғана емес, бірегейі!
Ол кісіні бір ғана «Құмық» халқына тән деуге мүлде болмайды, ол кісіні қазіргі бар «Түркінің Ұстазы» деуіміз керек! Ол кісі соған лайықты да!
Шовинизм, расизмдік элементтері басым евроцентризмге ашық қарсы шығып, Европа-Азия, тіпті Африка құрлықтарында түркілердің өшпес орны бар екенін, салған іздері сайрап жатқанын көрсете білді. Бар саналы ғұмырын сол бағытқа арнады. Міне, сондықтан, осы кісіні түркі дүниесінің жарқ ете қалған жарқын бейнесі ретінде бағалаймыз. Ол кісінің өмір жолы, еңбектері біздер, қазақтар үшін Ұлы Шоқанның, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Мұстафаның және т.б. көптеген асыл-аяулыларымыздың ісін жалғастырушы болып қала береді!
...Бұл естелігімде сондай әлемдік тұлғаның қарапайымдылығы туралы бірер мысал келтірмекшімін. Ұялмай сол кісіге интернет арқылы бірер рет хат жазғаным бар еді, таң қалғаным жауаптар алдым! Бірде, ол кісіден «...Халық аңыздарына көзқарасы туралы сұрағанымда, «А..., сенің туған халқыңның тарихын зерттеуіңді, атақты тұлғалар туралы мәліметтер жинақтағаныңды өте құптарлықпен мақұлдаймын. Ал халықтың ауыз-екі әңгімелеріне келсек, онда кейбір ғылыми кітаптарда жоқ мағлұматтар кездесуі әбден мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте халық сөзіне әрқашанда құлақ асуымыз қажет. Мурад Аджи»» десе, енді бірде, «Біздің қазақ тарихы туралы сұрағанымда: «Сендер қазақтар тағдырдың талауымен қиындықты өте көп көрдіңдер! Өздеріңнің аталарыңды, игі-жақсыларыңды, хандарыңды айта алмай, соларды отарлыққа түсірген басқыншыларды дәріптеуге мәжбүр болдыңдар! Әйткенмен, қазақ халқы түркілердің ішіндегі ерекше халық! Сендердің кез келгеніңнің жеті атасын білетіндіктерің, олардың жатқан жерін аса құрметтейтіндіктерің басқаларға үлгі боларлық керемет! Қазақ жері - бар Түркінің алтын діңгегі! Мурад Аджи»»,- деген еді, жарықтық!
Бұл мысалдарды келтіре отырып, сондай үлкен тұлғаның қарапайым ғана қазақ баласына алтын уақытын бөліп, жауап жазғаны, тек Ұлылардың ғана қолынан келер іс дегім келеді.
Сексенінші жылдары Олжас ағамызды қазақ жастары пір тұтатынбыз! Кездесуі болады дегенді естісек, қалайда баруға тырысатын едік! Тіпті, бір кездесуден жайырақ шығып, автобус тоқтап қалған себепті, жатақханаға жаяу келгеніміз, есік жабық болып, достардың терезесінен кіргеніміз есімде қалыпты! Ағаға сан алуан сұрақтар беріліп еді, бәрі есімде.
1983 жылы Әзірбайжанның жас аспиранттары «Азияны» тауып берсеңдер, қанша ақша болсын төлейміз деген еді. Өкінішке орай, сондай атақты түркіші ағамыз туралы кейінгі кезде неше түрлі сөздер шығып кетті. Өз басым ойлаймын да, ағамыз «әлдебір саясатқа, бизнеске араласпай-ақ қойғаны дұрыс еді-ау! Сол қалпы символ ретінде қала бергені дұрыс еді-ау деп...».
Кім білсін, барлығын да бағалайтын, ақ-қарасын анықтайтын уақыт қой, Олжас ағамыз туралы алып-қашпа сөздердің де анықталар кезі туар! Қайткенмен де, ол кісінің де ерен еңбектері ел есінде!
Ал қазіргі сөз етіп отырған Мурад Аджи ағамыз турасына келсек, бұл кісінің артында, «көзі жұмылғанша түркі əлеміне адал қалпы кетті» деген сөз қалғаны шындық...
Азкен Алтай Жетысуский
Abai.kz