Өзбекстан мен Қырғызстан арасында төрт жолаушылар автобусы қатынайды
Өзбекстан мен Қырғызстан үкіметі төрт мемлекетаралық жолаушылар автобусын іске қосуды ойластырып жатыр деп хабарлайды өзбекстандық БАҚ.
Өзбекстанның автомобиль транспорты агенттігінің төраға орынбасары Шаалим Шавахабов көлік қатынасына қатысты екі ел арасындағы келіссөз аяқталуға жақын деп хабарлады.
«Біз бірер айдың ішінде Ташкент – Бішкек, Ферғана – Ош, Әндіжан – Ош бағыттарында жолаушылар автобусын іске қосамыз. Сонымен бірге маусымдық Ташкент – Ыстық көл бағытында да автобус қатынайтын болады», – деді ол.
Ислам Каримов өмірден озып, орнына Шавкат Мирзияев келгеннен кейін, он жылдан бері тұралап қалған қырғыз-өзбек қарым-қатынасы қайта жандана бастады. 2017 жылы жоғары деңгейде екіжақты бірнеше кездесулер өтіп, экономикалық, мәдени ынтымақтастықты дамытуға арналған келісімдерге келген.
Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, қырғыз-өзбек шекарасынан тәулігіне шамамен 12 мың адам өтеді.
Abai.kz