Сөз қылып жаза бердім жоқтан-бардан, Далаға от жақтырдым қалап қардан. Бір нақыл, жұртқа таңсық жәдігер сөз Хазірет Ғайса рухолла пайғамбардан. Бос сөзді ауызға алып айтпаймыз біз, Ынсапты шын құлақпен тыңдаңыз сіз. Базарға жұрт жиылған келе жатқан Лағынға жол үстінде ұшырапты кез. Қысқа айттым, қылмай мылжың сөзді ұзартып, Тыңдаушы кетпесін деп жалқау тартып. Ол малғұн келеді екен жолмен айдап, Он қашыр, бес есекке жүгін артып. -Жаныңа шын сөйлесең пайда,-дейді,- Дінің қатты, құр тілің майда,-дейді. Сұрады тақсыр Ғайса тұра қалып: -Барасың,-Лағынға айтты,-қайда?-дейді. -Сен шықтың тура жолдан асып,-дейді,- Біздерге жол қисығы нәсіп,-дейді.- Жалпақ жұрт бара жатқан ду базарға Барамын мен де қыла кәсіп,-дейді. -Топыраққа бас ұрмаймын деп қылып ар, Бұрынғы дәуреніңе сен болдың зар. Басқа жұрт тері-терсек, жүн сатады, Сататын, малғұн, сенің не пұлың бар? -Жүгім бар, көрмеймісің, он бес көлік, Келемін айуанға артып екі түлік. Жұрттың тыныштық, бүтінін ойламаймын, Саламын көп бас қосқан жерге бүлік.
Ең көп оқылған
0 пікір
Үздік материалдар |