Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Құйылсын көшің 9017 0 пікір 28 Наурыз, 2018 сағат 09:14

Қазақ бәбісектей емес, қарлығаштай өз Отанына ұя салу керек

Адамның келте ғұмыры тым ғажап. Парағы судыр қаққан уақыт-ай, десеңізші! Күн, ай, жыл болып суыртпақталып, шылбырын сүйретіп кете барады. Екпіні арқырап аққан ақжал өзен тәрізді өмірге кім тосқауыл бола алады дейсің. Қаншама ғасырлар құмға сіңіп кетті. Олар тек бүр жарған қызғалдақтармен сәлем жолдап тұрғандай сезіледі.

Өмір болған соң ақ пен қара, шындық пен өтірік алмакезек жолығып тұрады екен. Кейде  үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін оқиғалардың жүз беруі жақсылыққа айналса, кейде мүлдемге түсін өзгертетінін қайтесің. Санаңа  жүк, жаныңа салмақ салып, жүрегіңді езетін жағдайлар да болады. Сондай кездерде шуылдап жүрген алпыс ата, қырық жездеңнен біреуі жаныңда қалмайды. Тірлік кешкен жұмыр  басты пенденің көрер күні осындай.

Қиыншылық атаулының бәріне төзіп, оларды мойыныңмен көтеруге болады. Алайда, адам баласы сағынышты ешқашан жеңе алмайды екен. Сағыныштың ұлысы туған анаңа деген сағыныштан бастала ма, қалай? Кеудең қызыл жалынға оранып, алпыс екі тамырыңның қуырылатыны да сол сағыныштың салдарынан.

Ата-ана мен туыс-бауыр,  дос-жаранның қасынан кеткелі де біраз жылдың жүзі болды. Қаңбақ сүйретіп көшесін шаңдатқан бала күніміздің балғын елесі қалған Өндірқара, жар жағалап жүгіріп шабағын терген қарт Үліңгір ана бәрі-бәрі көз алдымнан сағымдай сырғып өткенде тұла бойымды суық тер басып, қос жанарға ерік беремін. Әттең, қол қысқа, ауыл алыс, жер шалғай.

Аяулы анамның әжім торлаған шүңірек көзі, әкемнің тамырлары арсиып сидаланған долананың тамырындай саусақтары, күнге күйген көнетоз шапандары  бәрі-бәрі менің көз алдымда ғой. Олар да сағынып жүрген болар. Қашан шүйіркелесіп, арқа-жарқа болып жолығар екенбіз. Жаратушыдан жалбарынып тілейтінім – асқар тауым мен мөлдір бұлағымның ғұмыр жасының ұзақ болуы.

Мен жиырма бес жасқа толған шағымда, кіндігімді кесіп, кірімді жуып өсірген туған топырағымнан Атажұртқа біржола қоныс аудардым. Себебі жетерлік. Қайран  ана топырақ жат біреудің табанының астында қалып бара жатыр, күн-күн сайын жымысқы саясаттың жеміруімен қасиет сөгіліп барады.

Қыстың қысқа күнінің бірінде кешқұрым ел орынға отырған шақта әкем: «Ұлым, бәбісек дейтін құс барын білесің, көріп те жүрсің. Сол бәбісек  ұясын тамдар мен дуалдардың қуысына, кейде үйдің іргетасына, жертөленің бұрышына сала салады. Өзі жаратылысынан аңқау һәм жалқау. Сол бейшара құс өзінің  аңқаулығынан көп зиян шегеді. Балапаны мен жұмыртқасы құрт- құмырсқаның, сумаңдаған жыланның аужалына айналады. Ал ана айырқұйрық  ақтөс қарлығашты қарашы. Биікке,  киіз үйлердің шаңырағына ұя салады. Ешнәрсенің оған  қолы жетпейді, оны алуға батылы бармайды», –деген сөзі бастапқыда маған соншалық әсер ете қойғаны шамалы еді. Жай кеңес қой деп қоя салғам.

Бірақ уақыт өткен сайын сол сөз мені қатты толғандырды. Жігерімді жанып, рухымды ширатты. Солай да солай, менің Алтайдан атажұртқа ат басын бұруыма тура келді. Атамның ақ батасын алып, сондағы жасап жатқан халықтың сәлемін арқалап, Ұлы Дала еліне алқынған ақ бұлақтай асықтым.

Мен ауылдан Атажұртқа аттанған күн әлі есімде. Ол өзінше бір хикая болатын. Анам құшақтап маңдайымнан иіскеп, төсіне басып тұрып: «Аман бар, құлыным», – деп аялы алақанының жылуын жонымнан өткізіп, екі көзіне ерік берген сәтін қалай ұмытайын. Біздің босап тұрған кейпімізді көріп, әкем қатты назаланған болса керек, тосыннан: «Қойыңдар, ботадай боздап не болды. Әкесінен кетіп атасына бара жатқан жоқ па. Қаны бір қазақтың даласы оған жаттық қылмайды. Ол өзінің атасының қара шаңырағына бізден сәлем алып кетіп барады», – деп басу айтып тоқтатты. Бұл жағдайымызды  сыртымыздан көрген бәз біреулер мазақ етіп тұрған болса, өз еркі.  Кекесін күлкілер де естілді. Қайтсін оларға қызық керек.  Ештеңені түсінбейді ғой...

Мен анама: «Жыламаңыз, ауырып қаласыз. Үйге қайта беріңізші», – деп қоямын. Анамның созылмалы қан қысым ауруы мен жүрек сырқаты бар болатын, сол үшін аяп кеттім. Әкем болса, мына өмірді ерте түсініп, қатарластарынан бұрын есейген адам. Олай дейтінім, жастайынан жетімшілік пен жоқшылықтың тауқыметін тартып есейген бір жан. Бейне қарлы  боранда қасқайып қаз тұра білген бір түп емен ағашы тәрізді. Сан түрлі  қиыншылықтарды көре тұра, сенімі сетінеп, бағытынан адасып, жүрісінен жаңылып көрген емес.

Ол  кісінің жан сүйінер қасиеті – кітап оқуға қатты  құмарлығы, әрі кітапты аса талғампаздықпен оқып, баға беріп, ой безбеніне салып екшей алатыны. Бізге үнемі кешқұрым ап-сап басылып, төңірек тыныштыққа шомғанда оқыған қызықты әңгімелерң мен лездік мақалаларды шәй үстінде байыппен әңгімелеп беруден жалықпайды. Қазір де жетпіс жасқа желкен жайса да, сол дағдысынан жаңылмай, қолы босай қалса томдарды парақтап отырады. Біз  үшін  әкеміз қазына кеуде тау мүсін деп айтуға тұрарлық. Анам екеуі бірі – асқар тау, бірі – мөлдір бұлақ болып мәпелемегенде, біз бұлай шолжаңдап жүрмеген болар едік қой. Сол үшін Жаратушыдан күн сайын жалбарынып тілейтінім, екеуінің ғұмыр жасының ұзақ болуы.

Анам бізді мектепте ел қатарлы оқытпақшы болып ала таңнан, күннің батқанына дейін күндікші болып жұмыс істеп, қытай шаруаның егістігінің арам шөбін отап, саусақтарының көбесі сөгіліп, еті сылынып, сүйегі көріп қалған сәттерінің де куәсі болғанбыз. Бізге ыстық тамақ әзірлеп құя алмай, шілденің шіліңгір ыстығында қолына сырма қолғап киіп алатын. Сөйте тұра шаршағанын сездірмей, кешкісін кір-қожалақ болған үсті басымызды жуып, өзі ішпесе де біздің ас-суымызды даярлайтын. Өзі біздің тойып секіргенімізді көріп шаршағанын ұмытып, қуаныштан құрсағы ашқанын білмей қалатын... Сабаққа баратын бір үйдің тұңғышы болған маған әкемнің ескі шалбарын қысқартып, кішірейтіп кигізіп қоятын. Алтайдың ақ аю үсіп өлер қақаған аязында, бір тышқақ лақ соғым соймай, көже-көлмекті талғажау етіп, қыстан шыққан кезіміз де болды.

Біз өскен ауылдың қақ ортасын үлкен күре жол кесіп өтіп жатыр. Бұл  жолмен қаншама жандар сапарлап кеткенін кім тізімге алып отырды дерсің.  Біз де міне, «Үйде туып, түзде өлу» деген қағидадан аса алмай аттанып кеттік. Ауыл бұйығы қалпында түкті сезбестен ұйқыда жатыр. Тек мосқал моржалардан будақтаған түтіндер ғана ауылда тіршілік иесінің бар екенін айқындап тұрғандай.

Көп күттірмей көлік те келіп тоқтады. Мен жанымдағы жақындарыммен қимай қоштасып аттандым. Көлік жылжи бере ойыма өмірдің өзі бір бекет екен ғой деген ойлар оралды. Алқынған ақ бұлақтай, ұлы мұхитқа қосылып кетуге асықтық. Енді міне, асау өмір арнасында шайқалып келеміз.

2009 жылы көктемнің  қар аралас жаңбыры толассыз жауатын сәуірдің салқын түнінде Алматының іргесіндегі «Барахолка» деген базарға тұмсық тіреген автобос таңғы сағат екілер шамасында жолаушыларды түсірді. Ел  қатарлы табанымды мен де жерге тіредім. Біреулердің алдынан алқалап күтіп қарсы алатын адамдары бар, маған ше?! Бірде-бір жанашыр жақыным жоқ, желкенсіз қайықпен теңізге сапар шеккен балықшы тура мендей болатын шығар, кім білсін. Арада бірде тоқ, бірде аш, түлкіқұрсақ жүрген күндердің тізбегі басталып кетті. Жұрттың жүзі қуаныштан жайнап жүрген сыңайлы. Менде бір ұлы арман тұр, жарау жұпыны кейіппен кісі көзіне көп түсе беруден тартынып, көп уақытымды Есентай өзенінің жағасында өткердім.

Күндер аялсыз жылжып өтіп жатты. Ақыры, су шайған салындыдай сенделіп жүріп, бір күні Ташкентке бастар күре жолдың бойындағы Райымбек ауылынан бір-ақ шықтым. Сол жерде, Ерлан Сайланбекұлы есімді туысқан бір ағамды таптым, сол кісінің нұсқауымен құжаттарымды туралап, қалалық көші-қон басқару орталығына тіркеуге тұрдым. Бұрынғыдай емес, арқасүйер ағасы бар ел қатарына қосылғандай болдым. Ағама оқу іздеп келгенім туралы айттым. «Жарайды, онда күзге дейін күтуге тура келеді, дайындық курсы басталғанша қасымда тұра бер», – деді.

Аядай бір бөлмеде үш жігіт қатар тұрып жазды өткердік. Сол жылы жолым болып дайындық курсын оқу үшін Жамбыл облысындағы Тараз Мемлекеттік Университетіне жолдама алып, соған кеттім. Киелі Әулиеата топырағына табан тіреп, сол жерде өмірімнің екінші бір кезеңі басталды.  «Таразға таяқ ұстап келген, тай мініп қайтады», – деген бұрынғыдан қалған сөздің қадірін мен сол кезде түсіндім. Шынымен де, күндерім жақсылыққа толы болды. Университетке де үздік нәтижемен қабылданып, студент атандым. Алғашқы жыр жинағым жарық көрді, бауырыма қазан асып, отбасылы  болдым.

Ойда жоқ сәтте, бұйрық болып «Ақындар мен батырлар елі» атанған жыр сүлейі Сүйінбай, Жамбыл бастаған ұлы тұлғалардың табаны тиген қасиетті топыраққа қоныс аударып келдім. Мұндағы жұрттың бауырмалдығы мен жаны жайсаң жақсылардың ықыласына бөленіп, өзім аз да болса ақпарат саласына септігімді тигізіп жатырмын-ау деп ойлаймын. Бұтақты паналаған торғай халінде жүргенімде, Құдай десіп сөз беріп, қол ұстасқан қосағыммен дәм-тұзымыз жараспай екі жаққа кеттік. Көзі жәудіреп ботам кетті. Сол ма менің азаматтығым. О, тәйір-ай!

Кейде өмірдің дауылдары да соғып тұрады. Теңізге салған кемем толқындарға соғылып қалатын кездері жоқ емес. Алайда арқа сүйеп жүрген ағамның жаны ізгі, жүрегі жылы болғандығынан қатардан қалмай келемін. Осы алтын топырақтағы асылдардың ізінен қуат алып, қалдырған том-том еңбектерін ақтарып зерделесем, армандаған мақсаттарым аяқсыз қалмайтын шығар деген ойдамын.

Есболат Тілеубай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1103
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2044
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2030