Қымыздың қызығын немістер көріп жатыр
ӘЛҚИССА…
ӘЛҚИССА…
Жүректі шымырлатып, намысыңды тайқазандай қайнататын бұл мәселе Парламент Мәжілісінің мінберінен айтылды ақыры. Қазақтың ұлттық брэнді – қымызынан айдың, күннің аманында айырылып бара жатқаны айқындала бастаған іспетті. Енді оны жаһандық тұрғыда заңдастырып алған немістердің қолынан тартып алу қайдааа! Осындай келелі мәселелерді көтерген Мәжілістің осы сәрсенбінің сәтіндегі жалпы отырысы сәттірек болған секілді. Олай дейтініміз, төменгі палата депутаттары көптен бері министрлердің өздерінің келмей, орынбасарларын жіберетініне ренжулі еді. Бұл жолы екі бірдей министр келіп, халық қалаулыларының алдында біраз сұрақтардың басын ашып кетті. Министр болғанда, екеуі де дағдарысқа қарсы іс-шараларға тікелей қатысы бар, көп мәселеге жауапты адамдар. Олардың бірі – Қаржы министрі Болат Жәмішев, екіншісі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.
Қолдағы бар алтынды дұрыс бағаламай жатырмыз
Отырысты Мәжіліс депутаттары әдеттегідей депутаттық сауалдар жолдаумен бастаған. Көп көзге түсе бермейтін депутат Құрманғали Уәли екі бірдей сауалмен келіпті. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған депутаттық сауалында ұлттық өнімдеріміздің парқын, нарқын әлі де толық сақтамай жатқанымызды арқау етті. Депутаттың: «Өзге ел әлемдік нарықтық аламанына өзіндік құндылықтарын жарыстыра қосып жатқанда, қазақтар бейжай қарап қалмауы керек екендігін ойымыздан ешқашан шығармай, өз құндылықтарымызды өзіміз бағалай білуіміз керек», – деп сөз бастауынан-ақ мәселенің не туралы екені белгілі бола бастаған. Қазақтың қолынан шығып, өзгелердің ұлттық брэндіне айнала бастаған қымыздың жайы. Тура солай болды. Ары қарай зейін қойыңыз: «Бізден бұрын қымыздың қасиетін басқа елдер түсініп, әдемі жолға қойып, қымыздың қызығын көріп жатқан көрінеді. Анықтап айтатын болсақ, қымыздың шипалығын, ерекшілігін жете ұғынып үлгерген неміс халқы бүгінде Германияда жыл бойы, яғни 12 ай үздіксіз бие сауып, дайындайтын 40-тан астам мамандандырылған шаруашылықтар жұмысын жөнге қойып алған көрінеді. Оларда басты мәселе қымызды ұзақ мерзімінде сақтауы болып отыр және қымызды таблетка, ұнтақ күйінде де дайындауды жолға қойған. Ал біз болсақ, қолдағы бар алтынды дұрыс бағаламай қарап қалғанымыз қалай деген сұрақ туындайды?»
Өзегіңді өртейтін-ақ жағдай. Алайда, депутат Құрманғали Уәлидің жанайқайының айтылып отырғаны бір бүгін емес. Бұл жайлы талай басылым, талай маман айтып, естір құлақ болмай жетімсіреп қалып жүрген мәселе болатын. «Осы біз өзіміздің ата-бабаларымыздан жоғалмай аман-есен жалғасын тауып келе жатқан ұлттық сусындарымызды қымыз бен шұбатты көптеп өндіріп, неге біз халқымызды қарқ қылмаймыз? – деп сабақтады сөзін халық қалаулысы. – Бір жағынан емдік қасиеті бар, екінші жағынан таптырмас сусын екенін ескерсек, осы саланы шындап қолға алып, ғасырлар бойы қалыптасқан күбіні, сабаны, тобылғымен, қайыңмен ыстап, құйрық май, қазы, мейіз қосылған тіл үйірер дәмін бұзбаған нағыз қазақы қымызды бабына келтіре өндіре алсақ, күнделікті сатып алып ішіп жүрген тәтті сусындарымыздың бәрі анықтап айтсақ, умен тең екендігіне көзіміз дұрыстап жетер еді».
Мәжіліс депутаты Қ.Уәлидің айтуынша, еліміз қымызды шетелге экспортқа шығарамыз деп, әрекет жасап жатқан көрінеді. Дәлірек айтқанда, «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы жапондарға шығарылып, одан кейін АҚШ пен Европа елдерін қамтамасыз ету көзделіп отыр екен. Бір жағынан бұл жағымды жаңалық та. Алыс-жақын шет мемлекеттер қымызды қымыз өнеркәсібін өз елінде аяғынан тік тұрғызып жатқан немістерден сатып алғаннан гөрі, қазақтың өз қолынан ішіп жатса, несі әбестік. Бірақ депутат бұған наразы.
«Осы жерде алдымен біз бір мәселені мықтап есте ұстағанымыз дұрыс сияқты, қымызды экспорттау үшін, алдымен қымыз ішу дәстүрін өз елімізде, дұрыстап қалыптастырып алуымыз керек, – деп түсіндірді ол өзінің бұл наразылығының себебін. – Сол үшін біз саналы түрде әрбір қалада, аудан орталықтарында, Алматыда, Астанада көптеп қымызханалар ашып ішкі нарықты толықтырумыз керек. Оған нақты мысал ретінде айтсақ Қазақстан бойынша тек қана Алматы облысында толық жолға қойылған. Ұлттық сусынымыз шұбат пен қымызға қоса ұлттық тағамдарымызды облыста басқа қымызханаларды қоспағанда, тек Талдықорғанда ғана 25-тен астам ашылған қымызханалардан көруге болады».
Мәжілісменнің пікірінше, қымыз өнеркәсібін дамытуға күш салу бірнеше мәселені бірден шешіп бере алады. «Дәл қазір дағдарыс қос өкпеден қысып тұрғанда біріншіден жұмыс орны, екіншіден табыс көзі, үшіншіден салауатты өмір салты. Облыс әкімі Серік ӘбікенұлыҮмбетовтің 10 жыл бұрын Жамбыл облысында бастаған қымызхана ашу дәстүрі ешқашан толастаған емес. Ауылшаруашылығы министрі болып тұрған кезде де осы Астана қаласында боз үйлер тігіп, қымызханалар ұйымдастырғаны елдің есінде. Міне, осы, тірі тәжірибені неге барлық облыстарда ұйымдастыруға болмайды?» – дейді Құрманғали Уәли Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.
Зейнетінен бейнеті көп зейнеткерлерді тонап келіпті
Төменгі палата депутаттары бұл отырыста оннан астам мәселені қарап, біраз тер төкті. Түске дейін бәрін қарап үлгермеген депутаттар түстеніп алған соң «парламент парталарына» қайта жайғасқан. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев келіп, өткен жылғы бюджеттің есебі тыңдалды. О.Өксікбаевтың мәлімдеуінше, ай сайын 1 миллион теңгеден астам жалақы алып отырған Мемлекеттік зейнетақы жинақтау қорының басшысы қызметінен қуылыпты. Мәжіліс депутаты Виктор Рогалевтің айтуынша, қор төрағасының бір айлық еңбекақысы – 1 миллион теңгеден асса, оның екі орынбасары 850 мың теңгеден алып отырған. Ол аз десеңіз, өткен жылды қорытындылаған үш басшы өздеріне 75,5 миллион теңгенің сыйақысын жазып алған. Осылайша жұрт дағдарыстан діңкелеп тұрғанда, зейнетінен бейнеті көп зейнеткерлерді ашықтан-ашық тонап отырғандар анықталды.
Әбу ЖАҺАНШАХ, Астана
«Үш қиян» газеті 4 маусым 2009 жыл