Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 6168 2 пікір 9 Сәуір, 2018 сағат 09:48

Азаматтық алатын адамға ықтиярхаттың не қажеттілігі бар?

Соңғы кезде шетелдегі қазақтардың ата жұртқа бет алған ұлы көші саябырлап қалғаны белгілі. Бірнеше жылдың алдында қазақ елі көшіп келген шетел азаматтарына азаматтық беруді қиындатып, "Қазақстанда тұрақты төрт жыл тұрғандарға ғана азаматтық беріледі" деген заң шығарған еді. Бұл заңның ішіне ата жұртым деп келген этникалық қазақтар да қамтылып, қазақ көш түбегейлі тоқтауға тақаған болатын.

Құдайға шүкір, осы заңды қоғам белсенділері, ұлтшыл қауым, көзі ашық қайраткерлер бірлесе дабыл қағудың арқасында күшін жойып, азаматтық қайтадан беріле бастады. Енді айтпағымыз мынау. Қазір түрлі əлеуметтік желілерден қытай қазағының ашық қысымға ұшырап жатқанын көріп, естіп, біліп отырсыздар . Сол қысымға қарамай амалын тауып елге келіп, табан тіреуге ниеттенген ағайынға азаматтық алу əлі де əуре-сарсаңға толы болып тұр. Қағазбастылық пен жасырын кедергілер әлі бар. Елге аман жетіп, "азаматтық алсам болды" деп үркіп-қорқып жеткен жұртқа: "Тұрақты тіркеу шықсын" деп үш ай күткізеді. Ол шыққан соң, "ықтиярхатқа" (вид на жительство) шыт жаңа құжаттар жинап, оны күтіп және екі-үш ай жүреді. Содан кейін "ықтиярхат" қолға тигесін барып азаматтыққа құжат рəсімдей бастайды.

Осы жарты жыл аралықта арғы бетке екі рет өтуге тура келеді. Себебі, ол жақтан бері қарай қытай азаматтары Қазақстанға тек үш ай көлемінде жүріп-тұруға рұқсат алып зорға шығады. Осы үш ай ішінде қайтып бармасаң, арта қалған туыс бар, туған бар солардан қайта-қайта қузатқызып, тіпті келмейтін сыңай танытсаң сол туғандарыңның бірін кепілдікке аламыз деп қалайда Қытайға келтірудің айла-шарғысын істетеді. Сосын бармай көр. Осылай барады да, сенімсіздер қатарына қосылып, жеңіл болса, он бес күн, ауыр болса "саяси үйрену" деген лагерге аттанып кете барады. Жарайды, "ықтиярхат" шықты делік, бірақ оны алған адам əлі қытай азаматы. "Ықтиярхатты"  алғанымен оның ешқандай пайдасы жоқ. Еркін, кең кезде шекарадан кіріп-шығуға көп жеңілдігі бар шығар. Ал қазіргідей қысылтаяң уақытта оның пайдасынан зияны көп болып тұр. Яғни, келген ағайын тездетіп азаматтық ала алмай, уақыттан бір ұтылса, бұл жақтағы кесімді уақыты бітіп Қытайға барып келеміз деп тағы бір ұтылып жатыр.

Осы жерде қоғам белсендісі, қазақ көшінің оңалуына үлкен септігін тигізіп, азаматтық танытып жүрген Ауыт Мұқибек ағамызға жəне шеттен келген қандастар мəселесімен айналысып жүрген Абзал Құспан, Ұларбек Дəлей сынды ағаларымызға сауал қойғым келеді. "Азаматтық беруді көпке созбай, "ықтиярхатсыз-ақ" бірден беруге қазақ елінің құзіреті жетпей ме?"

Бұрын арғы бетте жүргенде бір көз, бір құлағымыз осы ата-жұртқа елеңдеп тұратын. Енді қазір елге келген соң, арғы беттегі ағайынның қазіргі халін көріп, ұйқымыз қаша бастады. "Қай жерің ауырса, жаның сол жерде" деген сөз тегінде рас екен. Ұлтты да тұттас бір тұлға десек, қыспақтағы Қытай қазағы ұлтымыздың үлкен бір бөлшегі, тұтас бір ағзасы ауыр хәлдің астында жатыр деуге болады. Сол ауырған жеріміз Қытайдағы қандастар үшін сəлде болса қам жемеген, уайым шекпеген алаңсыз қазақтың қазақтығына да сын болар.

Сөздің тоқетері көшіп келген қазақты сандалта бермей, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге көшіп келуші ұлттармен тең санамай,  өзгеше статус беріп, жылдам азаматтық алуға, ертерек сіңісіп кетуге жағдай жасалса екен дейміз.

Құрметпен: Жақсыбек Қақан

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048