Өткен жылы Алматы облысында 26 адам өрттен қаза болған
Өткенде Кемер губерниясында болған қайғылы оқиғадан барлығыңыз хабарсыздар. Иә, 40 сәбидің қыршын кеткен өмірі өңешімізге өксік құйып, қабырғамызды қайыстырды. Барлығы 64 адам қаза тапқан сол оқиғадан кейін іле-шала бізде де тексеріс жүргізіле бастады. Халық көп жиылатын сауда ойын-сауық орталықтарындағы, кинотеатрлардағы қауіпсіздік техникалары қаншалықты әзір екендігі сөз болды. Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген бар.
Жақында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев бастаған бір топ журналист Алматыдағы әл-Фараби мен Розыбакиев көшелерінің қиылысында орналасқан «Мега» сауда орталығында болып қайтты.
Сауда орталығының басшылығы берген мәліметті жария етпекпіз. Біле жүріңіз. Дәл, сол ғимаратта 560 бейне бақылау құрылғасы бар. Өрт сөндіру қызметінің өртке қарсы автоматты өрт дабылы; хабарлау және эвакуацияны басқару жүйесі; өрт сөндірудің автоматты қондырғысы; өрт сөндірудің дренчерлі қондырғысы (су шымылдығы); өрт сөндірудің ұнтақты және газды автоматты қондырғысы; жану өнімдерін (түтін кетірудің) жою және таратпау жүйесі; ауаны қысу жүйесі барлығы дерлік жабдықталған.
Сауда кешенінің екі бірдей қоймасында 1800 куб метр су бар екен. Ол шамамен 200 өрт сөндіру машинасы 3 сағат бойы өрт сөндіруге қауқарлы дегенді білдіреді. 4 өрт сөндіру машинасы бар. Ғимаратта өртке қарсы қорғаныс жүйесі, дабылқаққыш, түтінді жою, автоматты өрт сөндіру жүйесі де орналастырылған. Ай сайын оқу-жаттығу шаралары өткізіліп тұрады деп сендірді орталық башлығы.
«Өрт қауіпсіздігіне қатысты мемлекет бақылауындағы 140 мың нысан 29 мыңға дейін қысқартылыпты. Соның ішінде 110 мың ғимараттың өрт қауіпсіздігі мүлде тексерілмейтіні айтылды. Өткендегі Кемерде болған жағдай бәрімізге сабақ боулы тиіс. Қорытынды шығарылуы керек. Осы ретте Алматы қаласы ікімдігінің барлық сауда орталықтарында жаппай тексеріс жүргізу туралы берген тапсырмасы дұрыс деп есептеймін. Қазір сауда орталықтары ғана емес, кез келген биік үйлер мен әкімшілік ғимараттардың жоғарғы қабатынан өрт сөндіру баспалдақтарымен түсе алмайсыз. Өйткені олардың бәріне құлып салынған немесе жолда түрлі заттар үйіліп қалған. Оған қоса, 140 мың ғимарат өрт қауіпсіздігі талабына толық жауап бере алмайды. Маңыздысы, өрт қауіпсіздігін сақтау органдарының тексерістерінің мақсаты – тығырыққа тіреп, қорқыту емес, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы қажет. Және де бұл жұмыстар арада бір ай өткен соң келесі бір қайғылы оқиғаға дейін ұмытылып кететін науқандық шараға айналмауы тиіс», -дейді депутат Азат Тұрлыбекұлы.
«Мега» сауда орталығына ай сайын 1 миллион 300 мың адам келеді екен. Алматы облысында ірі сауда орталығындағы төтенше жағдай кезінде тиісті шараларды уақытымен және барынша мұқият орындай білу келушілердің сенім арттыра түседі. Толығымен жабдықталған құрылғылар, дер кезінде жасалатын қауіпсіздік шараларының барынша зор жауапкершілікпен атқарылуы алдағы уақытта өрт оқиғаларына деген күдікті сейілте түседі.
Сөз соңында мына бір дерекке назар аударғандыж өн көрдік. Алматы облысында Төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының берген мәлімдемесі бұл. 2017 жылдың толық 12 айындағы тіркелген дерек бойынша, облыста 1 964 өрт тіркелген. 26 адам қаза тапқан. 40 адам жарақат алған. Жалпы есеп бойынша 181 миллион 106 мың теңге материалдық шығын келген. Қорытындыны өзіңіз шығара беріңіз...
Көгершін Тілеген
Abai.kz