Жексенбі, 24 Маусым 2018
Жаңалықтар 1368 0 пікір 16 Сәуір, 2018 сағат 10:59

Өзбекстанда Алматы облысының күндері өтті

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған аймақтың басшылары, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері Ташкентке ресми сапармен барды деп, хабарлайды меншікті тілшіміз.

Делегация алдымен Төле би кесенесінде болып, осыдан кейін Амандық Баталов «Ташкент трактор зауыты» Ашық Акционерлік Қоғамында «Узагротехмаш» холдингілік компаниясы шығарған ауылшаруашылық техникаларымен танысты.  Алматы облысының аграрлық бағытын ескере отырып, өзбек кәсіпкерлері ауылшаруашылығында пайдалануға болатын трактор машиналарының барлық түрлерін көрсетті. Өзбекстанның вице-премьері Надыр Атажанов  пен «Узагротехмаш» ШК басқармасының төрағасы Мұрат Кәрімовпен болған екіжақты кездесу барысында облыс әкімі Жетісу аймағындағы астық жинау желісін ашу жөніндегі пікірімен бөлісті. «Қазақстан – Еуразия экономикалық одағының мүшесі, сонымен қатар, біздің өңіріміз  Қытай Халық Республикасының нарығына кіретін үлкен қақпаның бірі. Біз, сіздерді барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған

«Талдықорған» индустриалды аймағында құрастыру цехын ашуға шақырамыз. Ескере кететін жағдайдың бірі ТМД арасында құрғақ порт тек біздің өңірде орналасқан, бұл сіздердің өнімдеріңізді шет мемлекеттерге қысқа уақыт мерзімінде жеткізілуіне өз септігін тигізеді», - деді Амандық Баталов. Осы орайда, Өзбекстан вице-премьері Надыр Атажанов облыс әкімінің айтқан ұсынысына қызығушылық таныта отырып, бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендігін білдірді.

«Біздің Қазақстанмен бірігіп жүзеге асырғымыз келетін бірқатар жобаларымыз бар және Алматы облысының басшылығынан алынған нақты ұсыныстар, оларды іске асыруға негіз болады. Мысалы, зауыт өткен жылы 1,5 мың техника бірлігін өндірсе, биыл бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті. Бұл сыртқы нарыққа шығудың да қажеттігін көрсетіп отыр. Ол үшін біздің елден арнайы өкілдер жақын арада Алматы облысына барып, нарық мүмкіндіктерін бағалап көрмек», - деді вице-премьер.

Іскерлік қауымдастық екі ел арасындағы инвестициялық әлеуетті талқылаумен жалғасты.

«2018 жылды екі елдің  басшылары «Өзбекстанның Қазақстандағы   жылы» деп жариялады, бұл екі ұлт арасындағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтеруге және жаңа көкжиектерін ашуға өз септігін тигізеді. Алматы облысы - Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарға бай, әрі инвестиция саласына климаты қолайлы аймақтың бірі. Осы кездесу арқылы екі жақ   туысқандық әрі бауырластық қарым-қатынасты орната отырып, кәсіпкерлер өзара тиімді серіктестік қатынастарын дамытудың жаңа бағыттарын ашады деген үмітте.

2017 жылы  Алматы облысы Өзбекстанмен сыртқы тауар айналысында 36 млн. АҚШ долларын құрағанын атап өту керек. Алматы облысынан   Өзбекстан мемлекетіне   экспорт 15,8 млн., ал импорт - 20,2 млн. АҚШ долларын құраған.

Өзбекстаннан біз минералды тыңайтқыштар, автомобильдер, жемістер мен көкөністерді және басқа да ауылшаруашылығы өнімдерін аламыз. Мемлекеттер арасындағы бауырластық, көршілік қарым-қатынастардың жарқын мысалдары экономика, ғылым мен мәдениет салаларында да бар. Бүгінгі кездесу Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасының көпқырлы байланыстарын одан әрі нығайтып, кеңейтеді деген сенімдемін»,- деді облыс әкімі.

900 орынға арналған «Түркістан» концерт залында жетісулық өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.

Сонымен қатар тұрғындарға Алматы облысының туристік әлеуеті  танытатын көрме мен қолөнершілердің бұйымдары, қылқалам шеберлерінің туындылары ұсынылды.

Концерт соңында сөз алған Өзбекстанның Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Озодбек Назарбеков Жетісу өнерпаздардың жоғары кәсіби деңгейлігі мен өңірдің рухани байлығын көрерменге ерекше шеберлікпен паш еткендерін жеткізді.

Айта кетейік, Алматы облысының делегациясы өз сапарларын сәуірдің 15-не дейін жалғастырмақ. Облыс өкілдері Өзбекстанның бірқатар қалаларын аралай отырып, Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырады.

Рүстем Қанапиянов

Abai.kz

0 пікір