Сенбі, 23 Қараша 2024
Дей салдым-ау 4468 26 пікір 18 Сәуір, 2018 сағат 09:47

Бүгінгі қазақ жазушысының беделі күзетшіден де төмен

Турасын айтайыншы: осы ширек ғасырда көп қадірлімізден айырылып қалдық. Сол қадірлілердің – ең қадірлісі – сөз болатын!

Сөзден қадір кетті, жұрдай болуға айналды. Қазіргі әкімің – кешегі ұры, бүгінгі бастығың – кешегі барымташы болса, сөздің қадірі кетпей қайтеді?..

Жаужүрек жазушы Қабдеш Жұмаділов қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлінің еске алу асында: «Қадырмен бірге бір дәуір кетті, әдебиеттің алтын ғасыры» – деп еді...

Қалай дөп айтқан?!. Қалай дәл тапқан?!.

Мен жек көретін, намысымыз өлмегеніміз өлтіре жамандайтын «кешегі кеңестің» кезінде қазақ әдебиетінің алтын ғасыры жазармандарының кітаптары 40-50 мың данамен шығып тұратын. Соның өзі бәрімізге жетпей, бір-бірімізден жалынып-сұрап алып оқитынбыз...

Қазіргі қазақ жазушысы – диуана. Көкірегі сайрап тұр, жүрегі алтын қазына, таланты шартарапқа шабады, қалтасы тесік, кигені жұпыны, жігері жұқалған, беделі мұқалған...

Есесіне, елді алдап-арбаған, ұрымтал ұрлаған алаяқтар жуанқарын болып, байып алған. Әлгі диуана байғұсқа топқа кіріп көрмеген жалаңпұт жеті атасын мақтатып, жаздырады. Жазарманға да шайлық керек, амал нешік, қарап отырып өле ме?!.

Өткенде менің бір жерлесім (әлгі елді алдап-арбаған, ұрымтал ұрлығын айта беретін алаяқтың бірі) өзінің марқұм анасы туралы кітап жаздырыпты. Сонда айтады дейді: «Менің анамды бұл кітапта Домалақ Анадан асырмасаң, кем қылмай жаз» деп...

Бүгінгі қазақ жазушысының беделін – күзетшіден де төмен түсіріп алдық. Өйткені, күзетшінің өзі ары-бері өткенге едіреңдеп, ақыл айтып қояды. Ал, жазушымыз – жезөкшенің етек жағында жұмған аузын аша алмайды...

Жалпы, қолында өткір қалам-қылышы бар жазушыға тым жатағандау, тым көнбістеу, тым тәртіптілеу болу – жараса ма?!. Сосын шығар, биліктің аузына келгенін айтып, «орысша айтқанға – қазақша жауап берсең, жұмыстан тайдырамын» деп қоқи қоразша қоқаңдайтыны?!..

Абыройы абдыратқан Әуезов, мысы басқан Мұқанов, есін кетірген Есенберлин, қабақ-жанарымен жауратқан Жұбан Молдағалиевтер қайда?..

Неғып өңшең қоянжүрек қорқақтар қалды? Неге жазушы жасып кетті? Жазарман жасыса, оқырман ойсырайды...

«Ұят болмасын» десек, дүр сілкінуі керек, жазарман қауымның...

Қажымұқан Ғабдолла 

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417