Сенбі, 23 Қараша 2024
Апат 3307 0 пікір 20 Сәуір, 2018 сағат 10:25

Cенат депутаты Үкімет басына жеделсаты мәселесіне қатысты сауал жолдады

 

19 сәуір күнгі Сенат отырысында депутат Марат Тағымов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

 

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Депутаттық сауал жолдауға ақаулы лифт салдарынан Ақтөбе қаласында жас әйелдің қайғылы қазаға ұшырауы себеп болып отыр. Қазаның мән-жайы жұртшылықты қатты толғандырды.

«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лифтілер қауіпті техникалық құрылғыларға жатады және оларды пайдалану қауіпсіздігі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай болуға тиіс. Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган болып табылады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы № 898 Жарлығына сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде бекітілген лифтілерді бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырына қалалық тұрғын үй инспекцияларына берілді.

Бірақ іс жүзінде жергілікті атқарушы органдарға, атап айтқанда
қалалық тұрғын үй инспекцияларына лифтілерді жаңғыртуды, реконструкциялауды және жөндеуді қоса алғанда, оларды техникалық
күтіп ұстау бойынша бақылау функцияларын іске асыру жөніндегі өкілеттіктер берілмеген.

Жергілікті атқарушы органдарға уәкілетті орган берген штат бірліктері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспектор мәртебесін иеленбеген.

Кеден одағының «Лифтілер қауіпсіздігі» деген техникалық регламентінде лифтіні пайдалануға беру алдында объектіде бекітілген лифтінің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бағалау жүргізілуге тиіс екені белгіленген.

Өз кезегінде, Инвестициялар және даму министрлігі қауіпті өндірістік объект болып табылатын лифтілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге міндетті.

Сонымен бірге, қалалық тұрғын үй инспекциялары мен Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық бөлімшелері арасында функциялардың қайталануы өкілеттіктердің нақты аражігін ажыратудың және тұтастай алғанда лифт шаруашылығында бақылау функцияларын іске асыру бойынша жауапкершіліктің жоқтығына алып келді.

Нәтижесінде жергілікті жерлерде лифтілерді техникалық күтіп ұстауды жүзеге асыратын компаниялардың қызметіне бақылау жасалмайды, олардың қызметіне қойылатын талаптар айқындалмаған, лифт ұйымдарын сертификаттау тетігі әзірленбеген. Сондай-ақ, біздің ойымызша, лифтілерді монтаждау және оларға техникалық қызмет көрсету құқығына лицензия берудің күшін жою жағдайды ушықтырып отыр. Бақылау тетігі жолға қойылмайынша, лифтілердің адам өміріне қауіпті болып қала беретіні анық.

Қазақстан Лифтшілерінің Ұлттық Қауымдастығының деректері бойынша республикамыздың аса ірі жеті қаласында 7000-ға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді.

Астана қаласының өзінде шамамен 60 сервистік компания жұмыс істейді, олардың болмашы бөлігінің ғана шын мәнінде құзыреттері, мамандары және қажетті өндірістік-технологиялық базасы бар.

2016 жылдан бастап 2018 жылдың бүгінгі күні аралығында Төтенше жағдайлар департаментіне «112» нөміріне Астана лифтілеріндегі апаттық жағдайларға байланысты 934 қоңырау шалынған. Жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі лифтілердің де ұдайы істен шығып жататыны таңғалдырмайтын болды.

Лифтілердің апаттылығы мәселесі әртүрлі әкімшілік деңгейлерде талқыланғанымен, жағдайдың өзгермегенін атап көрсету керек.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Жоғарыда баяндалғандарға байланысты Сізден:

  1. Бақылау-рұқсат беру функцияларын ырықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан реформа жағдайларында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар арасында
    лифт жабдықтарын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялардың қайталануын болғызбау және тұрғын үй инспекциясы қызметкерлеріне
    тиісті өкілеттіктері бар мемлекеттік инспекторлар мәртебесін беру жөнінде шаралар қабылдауды;
  2. Лифтінің және лифт қауіпсіздігі құрылғысының сәйкестігін растауды сертификаттауды жүргізудің бірыңғай тетігін әзірлеуді;
  3. Лифт қызметін көрсетуге арналған бірыңғай салалық стандартты, оның ішінде лифтілердің бірыңғай электрондық тізілімін құру туралы мәселені қарастыруды;
  4. Кеден одағының «Лифтілер қауіпсіздігі» деген техникалық регламенті талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді;
  5. Монтаждау ұйымдарын, сервистік компанияларды және жабдықтарды импорттаушыларды таңдауға қойылатын талаптарды ретке келтіруді сұраймыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі  туралы»  Қазақстан  Республикасы  Конституциялық  заңының  27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен, 

Депутаттар, Г. КИМ,  Д. ҚҰСДӘУЛЕТОВ, Р. ӘБДІКЕРОВ, С. АЙТПАЕВА, В. ВОЛКОВ, М. ЖҰМАҒАЗИЕВ, М. ТАҒЫМОВ, Р. ТҮСІПБЕКОВ

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381