Мөлдір Бекжан. Болмасам да ұқсайын деп Абайға...
Жүрегім менің не дейді?
Кемеңгер Абай Құнанбаев толғау, өсиет түріндегі қара сөздерін жасы ұлғайып, егде тартқан шағында жазған. Ең бірінші қара сөзінде дүниенің сан-алуан белестерінен өткенін айта келіп, ендігі өмірінде ғақлиялық даналық сөздерді қағазға жаза бастағанын баяндайды. Ондағы ойы, келешек ұрпақтың бір керегіне жарасын дегені шығар. Мен де өз сырымды, ішкі жан тебіренісімді бүкпесіз қағазға түсіру арқылы ой-толғаныс жазғалы отырмын. Алайда, мұны ақын тәрізді қартайғанда жазып отырған жоқпын.
Бар мақсатым - Абайдың ұлағатты шығармаларының ішінде «мен мұндалап» тұратын тағылымы терең, танымы зор қара сөз жазу өнерін түп-тамырына дейін зерттеп, өз ойымды оқырмандарыма, құрбы-құрдастарыма жеткізу арқасында Абай тағылымының жүзеге асуына өз үлесімді қосу.
Тәрбие тағылымы
Жүрегім менің не дейді?
Кемеңгер Абай Құнанбаев толғау, өсиет түріндегі қара сөздерін жасы ұлғайып, егде тартқан шағында жазған. Ең бірінші қара сөзінде дүниенің сан-алуан белестерінен өткенін айта келіп, ендігі өмірінде ғақлиялық даналық сөздерді қағазға жаза бастағанын баяндайды. Ондағы ойы, келешек ұрпақтың бір керегіне жарасын дегені шығар. Мен де өз сырымды, ішкі жан тебіренісімді бүкпесіз қағазға түсіру арқылы ой-толғаныс жазғалы отырмын. Алайда, мұны ақын тәрізді қартайғанда жазып отырған жоқпын.
Бар мақсатым - Абайдың ұлағатты шығармаларының ішінде «мен мұндалап» тұратын тағылымы терең, танымы зор қара сөз жазу өнерін түп-тамырына дейін зерттеп, өз ойымды оқырмандарыма, құрбы-құрдастарыма жеткізу арқасында Абай тағылымының жүзеге асуына өз үлесімді қосу.
Тәрбие тағылымы
Халқымыз ежелден бала тәрбиесіне аса мән берген. Ұлының ұлағатты, қызының инабатты болып есейіп, ер жетуі ата-анасы мен туыс-туғандары үшін әрі қуаныш, әрі мақтаныш.
Бұрынғының жігіттері ер тұлғалы, кең маңдайлы, жолбарыс жүректі, мінездері тастан ауыр, атына заты сай, елім деп туған ер-азаматтар болатын. Аттың құлағында ойнайтын, өлімнен ұятты артық көріп, ар-намысты ту еткен адам қызығарлық қасиеттері тағы бар еді. Ал қыздары
Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған, -
- деп ақан сері суреттегендей қыпша белді, алма мойын, қолаң шашты, бір сөзбен айтқанда көрген жан көзайым боларлықтай. Тал бойынан үлгі өнеге, тәлім-тәрбие көргендігі көзге ұрып тұратын. Ол кез ата тұрып ұл, ана тұрып қыз сөйлемейтін заман еді. Аға-әпкелеріміз үлкенді сыйлап, кішіні аялап, әке-шешесінің қас-қабағына қарап, ымымен жүгіретін. «Қызға қырық үйден тию» демекші, қатаң тәртіптегі шолпысы шылдырлап, күлкісі сыңғырлап қана ақырын естілетін қыздар апа-жеңгелерінсіз сыртқа бес адым аттап баспайтын. Көбінесе алтын қолдарымен ана тағылымынан үйренген ою-өрнектерін салып, кестелерін тігіп, құрақтарын құрайтын. Ұлдары болса, он үште отау иесімін деп, ата ұлағатынан үлгі алып, үй шаруасын жүргізіп, басқаруға икемдене бастайтын еді. Соған қарағанда, «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген том пішер» деп дана халқымыз текке айтпаса керек.
Ал енді өзіміздің ХХІ ғасырлық жастарымызға көз жүгіртсек бесіктен белі шықпаған баласынан бастап, қызыл тілі мен талмас жақтарына сүйенген.
Бұл асылық асқан заманда,
Ұл туады атаменен егесіп,
Қыз туады анаменен теңдесіп,
Баласы кетті тыюдан, - деп Шортанбай Қанайұлының айтқанындай, қазіргі жастар үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетуден жұрдай, ата-анасын қадірлеу дегенді атымен білмейді. Қылт етсе, егесіп, тайталасып шыға келеді. Одан қалса, жоқтан жағаласып, жерден алып, жерге салатын әдеті тағы бар. Бұрынғы кездегі үкісін үлбіретіп, қос етек көйлек киген әпкелеріміздің сыпайы жүріс-тұрысынан, байсалды іс-әрекетінен кісіге көрсеткен сый-құрметтері, әдепті көзқарастары бірден аңғарылушы еді. Ал бүгінгі өыздарымызда бір тамшы кішіпейілділіктің ұшқыны қылаң бермейді. Киім киістері де, сөз саптаулары да өрескел. Өзін-өзі ұстау, үлкендерден қаймығу дегенді ұмытқан, мінездері жеңілтек, ұшып-қонған көбелектей еркін, жүрістері де ашық-шашық.
Сонымен қатар, салмақты да сабырлы, аз сөйлеп, көп іс тындыратыын серілеріміз де бүгінгі таңда серілігін жоғалтқан. Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені десек, онда жігіттеріміз күніне мың рет өліп, мың тірілетін шығар. Ар, ұят, ынсап деген адамгершілік туралы сөздерге аға-буындай терең үңіліп, ұзаұұа бойлап, ақыл-ой өлшеміне салып, салмақтамайды да, үстірт қарайды. Әрине, жалпыға бірдей топырақ шашпаймын. Қазіргі таңда да істеріне орнықты, жұмыстарына тиянақты елімізді де, ата-анамызды да, ағайын-жұртымызды да көкке көтеріп, мерейін өсіріп, қадір-қасиетін білетін қаншама ұл, қыздарымыз, ақылды, парасатты жастарымыз бар десеңізші?! «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, менікі тек жағымсыз жақтарымызды аша көрсетіп, оны болашақта қайталамауға, сонымен бірге, түзетуге тырысуымыз керек деген ой ғана. Еліміздің кемел келешекте өсіп, өркендеуі мен гүлденуі біздер, жастардың қолында. Ал жастарымыз жатыпішер, кеудесіне нан піскен, сана-сезімсіз, ақыл-ойсыз болса, онда еліміздің дамуына қалай өз үлесмізді қоса аламыз. Отан отбасынан басталады. Дүниеге шыр етіп келген әрбір баланың елі мен жерін, тілі мен дінін, халқы мен салтын шексіз сүюіне де, қадірлеп, қастерлеуіне де тәрбиелейтін, әсер ететін ата-анасы. Халқымыздың тәлім-тәрбиеге де көңіл бөлетіні де сондықтан. Ата салтын ардақтаған, ағайын, еліңнің ертеңін ойласаң тағылымыыңды түзе! Тәрбиеңді түзе!
Өзіңе өзгенің көзімен қара
Әркімнің өзіне деген көзқарасы мен өзгеге деген көзқарасы әр түрлі. Өзін қалай бағалайтындарына қарап, өзге туралы не ойлайтынын білуге болады. Мұндай жағдайда: «Өзіңе өзгенің көзімен қара»,-дейді. Ал қалайша бұлай істеуге болады? Біреулер өзін жоғары, биік дәрежеде, тәкаппарлықпен маңғаздана ұстайды. Басқалар оған маңызды адамдай қарайды. Енді біреулер ұшқалақ, бір орында тұрмайтын ешкі сияқты зыр жүгіріп жүретін пысық болады. Бұларды шошақай деп атайды. Ал үшінші топқа жататындарын түсіну қиын. Бір қарағаннан нені ойлайтынын, нені көздейтінін білу мүмкін емес. Тіпті, өмірі таныс адамдардың өзі түсіне алмайтын, қалай тіл табысуды білмейтін жағдайлар болады. Олар көп үндемейтін, сыр шашпайтын тұйық жандар. Жақсысы да, жаманы да ішінде. Өмірге деген көзқарасы алдыңғы екі топтағы адамдардан мүлдем бөлек. Ал енді айналаңдағылардан өзің жайлы не ойлайтындығын білудің ең жақсы тәсілі өзіңе өзге адамдай баға беру керек.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім
Өмірде ақыл, насихат, өсиет айтатын адамдар өте көп. Ұлы ғұламалардан бастап қарапайым халықтың өзі бір-біріне білгенін үйретіп, өмірден түйгендерінен кеңес беріп келеді. әйтсе де, сол ақылды айтушы бар да тыңдаушы аз. Абай Құнанбаевтың ойын терең етіп тарқатып айтсақ, би-болыстар басынан сөз асырмайтындар екені баршаға мәлім. Билік, бірлік дегенді өздері ғана айтады. Соншама дүниеден хабарлы адамдар өздерінен дәрежесі төмен жандардың сөзін қайдан тыңдасын? Екіншісі, ұры-қарылар. Бұлар біреудің қара терге түсіп, қиналып тапқан адал малын арам жолмен табушылар. Жеңіл өмірді көздейтін, «алма піс, аузыма түс» дейтін жандар жақсылықты тыңдап қайтсін? Үшінші топтағы «қой аузынан шөп алмас» момындарға келсек, олар көрмейін, білмейін, естімейін демейді. Дүниенің бәріне көзайым болғысы-ақ келеді. бірақ өмір шіркін олардың тағдырына еңсесін басып тұратын көкірегін жоғғары көтергізбейтін жоқшылық, таршылық деген азапты жазып қойған. көрер күндеріне зар болып жүрген жұрт мұрындарына су жетпей қара терге түсіп, тіршілік етудің орнына ақылгөй, данышпандардың арасында жайбарақат отырып қалай насихат тыңдасын? Тіпті сол оқымыстыларға да жете алмайды ғой. Сонда айтушылар бар да, зерделі ойға зер салушылар жоқ болғаны ма? «ұқпасқа айтқан сөз жетім» деп Төле би айтпақшы, сондағы нәрлі, мәнді, сырлы, сұлу сөздердің желге ұшқаны ма?
Бала деген бауыр ет
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ,
Бәрінен де сол қиын,
Артында жанған шырақ жоқ.
Әйтеке би
Дүние есігін ашып, тәй-тәй басқан сәби болып, одан жетіге жеткенше жерден таяқ жеген бала болып, оқу оқып, білім алып, ержетіп есейген соң, отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергеннен кейін барлығының да тілейтіні ұрпақ жалғастырып, артындағы дүниеге ие болатын перзент сүю. Сонда байлар дүние-мүлікке ие болатын ұрпағым болса деп тілесе, кедейлер не деп тілейді? Өмірде ең бастысы дүние емес. Ол сылдырлаған судай бірде бар, ал бірде жоқ. Шындығына келгенде бай болсын, кедей болсын, әркімнің бала сүюге қақысы бар. Жинаған тергеніне сан жетпеген ығай мен сығайлар ұрпағына сол барды дұрыс пайдалануға, өз қажетіне жаратуға жол сілтеп, тәлім-тәрбие беру керек. Білім-ғылым сияқты жемісті іс үшін барын аямай шашса да өкініш жоқ. Себебі, ақыл-ойы толып, балалықтың еркелігімен есін жиғаннан кейін, жоғалтқан нәрсесін он есе, жүз есе етіп қайтарады.
«баланың бас ұстазы - ата-анасы» демекші, қолында тышқақ лағы жоқ кедейлер баласына оң ақыл-кеңес беріп, қолынан келгенінше оқытып, білімін көңіліне тоқытып, жоқтың жыртығын жамауға үйретсе, ер-азамат етіп жеткізсе, дүниені өзі-ақ таппай ма? Сондықтан шама барда бірінші оқыту керек. Кейін шаңырағыңды ұйытар, қартайғанда қадіріңді біліп, алақанына салып әлпештер, үмітіңді ақтар сол перзентің болар
Асқақ арман аңсаған
Арман деген асқақ,
Өмір сүрем аңсап,
Ұстауға оны келмейді,
Аңшылықта құс сап.
Бекжан Мөлдір
Адамның арманы ешқашан да бітпейді. Кедей абйлықты, бай құдайлықты аңсайды. «Әттең, шіркін-ай!» деп тамсанып тұрып аңсайтындарда шек жоқ. Біреулердің түкке тұрмайтын затқа аңсары ауады. «Па, шіркін! Осылардың киімін киіп, үйлерінде уайым-қайғысыз тұрып, байлыққа белшемнен батсам ғой, арманым болмас еді»-деп таяз ойлайды. Ал үйі бар, күйі бар байбатшалар: «мына ығай мен сығайдың арасында мен ғана жарқырап тұрсам, бәрі маған бас исе, арманым болмас еді» деген ойдың жетегінде кетеді. Мұның бәрі барға қанағат, жоққа салауат айтпайтын, сана-сезімі орташа немесе төмен адамдар.
Әрине, армандау керек, десе де, құр қиялдан гөрі, жүзеге асатын нәрсеге ұмтылып, сол үшін аянбай еңбек етіп, жалықпай талмай іс-әрекет жасау керек. Себебі, ешнәрсе де, еш уақытта еңбексіз келмейді. Ал еңбек - адамзат баласының тұлға ретінде қалыптасуында зор рөл атқарады.
Ұрлық түбі қорлық
Ұрыларды «алма піс, аузыма түс» деп жататын оңай жолмен арам болса да, мал табатындар дедік. Ал олардың не себепті мұндай іс-әрекетке баратынын ойлаған біреу бар ма? Сонда өмірдің жеңілін таңдаса болғаны, еріншек, жалқау, ақымақ болып шыға келгені ме? Жоқ. Олай емес, себебі, олардың кез-келген нәрсені ұрлау үшін жоспар құруы, терең ойлануы, адамдарды бақылауы керек. Міне, осының бәріне ақыл-парасат, сана-сезім қажет болады. Демек, баукеспелер ақылсыз да, ақымақ та емес. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, сол құрған жоспарларының, іс-қимылдарының сәтті жүзеге асуы үшін, мұқияттылық, ерен еңбек, орасан зор күш керек. Сондықтан бұлар жалқаудың да, еріншектің де қатарына жатпайды. Бұған көзіміз жетті. Енді бұдан қандай сұрақ тууы мүмкін? Егер олар ақылды, еңбекқор болса, не үшін мұндай іспен айналысады? Неге қарапайым халық сияқты өз күштерімен, табан ет, маңдай терімен, ақыл-еңбегімен күн көрмейді деген кез-келген жанды терең толғанысқа салатын ең басты сауал туады. Сөзіме назар аударсаңыздар, бұл адамдар сол күштерін, қолынан келетін істерін, ақыл-парасаттарын қайда жұмсау керектігін білмейді. Бұның жалғыз себебі, бұрынғы кезде де, қазіргі заманда да жұмыссыздық деген бір ғана ауыз сөз соңымыздан қалмай келе жатыр. Міне, бір ауыз сөз сұрағымызға мың ауыз жауап. Егер еңбексіз болса қалай жан бағады? Ақысын бермейтін, еңбектерін зая ететін байларға өр кеудесін бастырып, малай болғысы келмейді. Сондықтан да амалдың жоқтығынан асы іске барады. Мұным ұрыларды ақтағаным емес, бар болғаны өмірде ешнәрсе де оқыстан болмайтынын айтқым келген. Олардың зұлымдықтарына түсініктеме бергенім. Ұрылар тек осындай себептен ғана ұрлыққа бармайды. Ішінде шынымен де қарындарын қампитып, аяқтарын талтитып алып жалқаулықтың кесірінен, санасының төмендігінен бір жұтым арақ үшін ғана арамдыққа баратындар да бар. Оларға кешірім жоқ.
Қорыта айтсақ, «Ұрлық түбі - қорлық» дегендей, ішерге ас, киерге киім таппай, аш-жалаңаш қалсаң да ұрлық-қарлыққа, зұлымдық-зорлыққа бармау керек. Біреудің көз жасына, қарғысына қаласың. Қарғыс өрге бастырмайды, көз жас жауапсыз жібермейді. Өзгенің бақытын тартып алып, өзің бақытты бола алмайтыныңды теріс жолға түсейін деген жандар өмірдеріңді өксітетін қателікке бой бермеңдер. Абай Құнанбаев:
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан! -
деп айтқандай, әркім өз өмірін жалғандыққа, жауыздыққа құрмай, шынайы бақытқа, адал еңбекпен құрса екен деймін.
Мөлдір Бекжан
Алматы облысы
Жамбыл ауданы
Қарасу орта мектебінің
11 сынып оқушысы
«Жас қазақ үні» газеті