Роза Әлқожа: «Бәйгеге өзімді емес, әндерімді баптап жүрмін»
- Роза, жол жүріп бара жатқаныңызға қарамастан, редакциямызға уақыт тауып келгеніңізге рахмет. Жалпы, сапарға шыққанды жақсы көресіз бе?
-Жол жүрмесем, ауырып қалатын сияқтымын. Өйткені жол шығармашылығыңа көз жіберіп, өзіңе-өзің үңілуге, ойлануға жағдай жасайды. Сондықтан ұшақ пен автокөліктен гөрі, пойызбен ел аралағанды дұрыс көремін. Сұлу табиғатты, шексіз даланы армансыз тамашалап, бір рақаттанып ораласың. Әндерімнің басым бөлігі пойызда, жол үстінде туады десем болады.
- Пойыздың титтей терезесінен сыртқа қарап отырып, не ойлайсыз?
- Шыны керек, қазан-ошақтың басында шығармашылықты ойлауға мүмкіндік бола бермейді. Нәзік жандылар мұны мойындайтыны сөзсіз. Үйде отыра берсең, қарайып қаласың. Артық дүниеге «бас қатыруға» мұршаң келе бермейді. Ал пойызға отырсаң, Отардан асқаннан кейін өз-өзіңе келіп, өткен-кеткеніңе көз жіберіп, бүгінгіңді саралап, таразылай бастайсың. Айналаңдағы адамдармен тілдесесің. Көп жағдайда болашаққа жоспар құрамын. Тәтті қиялдың құшағына еніп кететін сәттерім де болады. Пайғамбарымыз өз хадисінде «Сапарға шықсаңдар, несібелерің артады» дейді. Сондықтан сапарға шыққанда үлкен қуанышпен шығамын. Үйден ұзаған сайын, әсіресе, ұзақ уақытқа кеткен кездерде отбасыңның, тұрып жатқан мекенің - Алматының қадірін екі есе түсініп қайтасың.
- Болашаққа қандай жоспар құрасыз?
- Роза, жол жүріп бара жатқаныңызға қарамастан, редакциямызға уақыт тауып келгеніңізге рахмет. Жалпы, сапарға шыққанды жақсы көресіз бе?
-Жол жүрмесем, ауырып қалатын сияқтымын. Өйткені жол шығармашылығыңа көз жіберіп, өзіңе-өзің үңілуге, ойлануға жағдай жасайды. Сондықтан ұшақ пен автокөліктен гөрі, пойызбен ел аралағанды дұрыс көремін. Сұлу табиғатты, шексіз даланы армансыз тамашалап, бір рақаттанып ораласың. Әндерімнің басым бөлігі пойызда, жол үстінде туады десем болады.
- Пойыздың титтей терезесінен сыртқа қарап отырып, не ойлайсыз?
- Шыны керек, қазан-ошақтың басында шығармашылықты ойлауға мүмкіндік бола бермейді. Нәзік жандылар мұны мойындайтыны сөзсіз. Үйде отыра берсең, қарайып қаласың. Артық дүниеге «бас қатыруға» мұршаң келе бермейді. Ал пойызға отырсаң, Отардан асқаннан кейін өз-өзіңе келіп, өткен-кеткеніңе көз жіберіп, бүгінгіңді саралап, таразылай бастайсың. Айналаңдағы адамдармен тілдесесің. Көп жағдайда болашаққа жоспар құрамын. Тәтті қиялдың құшағына еніп кететін сәттерім де болады. Пайғамбарымыз өз хадисінде «Сапарға шықсаңдар, несібелерің артады» дейді. Сондықтан сапарға шыққанда үлкен қуанышпен шығамын. Үйден ұзаған сайын, әсіресе, ұзақ уақытқа кеткен кездерде отбасыңның, тұрып жатқан мекенің - Алматының қадірін екі есе түсініп қайтасың.
- Болашаққа қандай жоспар құрасыз?
- Әуелі Алланың дегені болады ғой. Бірақ адам да армансыз емес. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға» дейді ғой, Мұхтар Шаханов ағамыз. Армандай білмеген адам - тоқмейіл, өзіне-өзі көңілі толған, өсуге ұмтылмайтын, талпынбайтын, құлшынбайтын адам. Күнделігімде «Өзімді емес, бәйгеге баптадым ән» деген өлең жолдары бар. Мен бәйгеге өзімді емес, әндерімді баптап жүрмін. Сондықтан тағы да әдемі әндер жазсам деп армандаймын. Құралай Омардың өлеңіне жазылған «Жүрек назы» деген әнімді өңдетіп, бейнеклип түсірсем деген жоспар құрып жүрмін.
- Жүрек не деп назданады?
- Жүректің назы көп қой, егер оны тыңдай білсек... Басқалардың жүрегі ет шығар, бірақ менікі өзіме шыны сияқты көрінеді. «Жүрегім шытынаса шыны мына» деп, кейде жүрек шытынап кетеді. Адамдарға оңай нәрсе, маған ауыр тиеді. Кейде өзім ғана жүрегіммен бүкіл ғаламның, күллі қазақтың мұңын арқалап жүргендей боламын. «Шым етпейтін кезі жоқ, жүрек деген байғұстың» деп Бақытжан Алдияр айтқандай, жүректің шымырламайтын кезі жоқ. Кейде мұңданып, кейде өкініп, кейде қуанып, ауыр салмақ салып жатамыз. Ерлан деген досымыздың осындайда «Сәл нәрсеге күйініп, болмашыны уайымдап қаласың. Композитор дегендер осындай болады екен ғой» деп күлетіні бар. Құдай мұндай әсершіл жүрек бермесе, табиғаттың құбылысын, адамдардың бір-біріне деген сезімін, көңілдің жабырқау кей сәттерін сезіне алмасам, ән жаза алмас едім.
- Мен әннің мәтіні жайлы сұрап едім...
- Есімі жыр сүйер қауымға жақсы таныс, жас ақын Құралай Омарды бірде жалынғандай болып үйге қондырған едім. Екеуміз түнімен сөйлесіп, ой бөлістік. Таңертең «жеткізіп салайын» деп көлігіммен үйден шықтық. Қасымызда менің кіші інім болатын. Қалаға жақындағанда інім «менің баратын жерім бар еді, қай жерден түсіп қалсам екен?» деп сұрады. Менде үн жоқ. Ойымды бөліп алмайын деп, өзіммен-өзім арпаласып отырмын. Содан ешқандай сөзге келместен, Медеуге бір-ақ тарттым. Өзеннің жағасына тоқтай қалып, екеуіне «Ана жаққа барып, қыдырып келіңдерші» дедім. Сосын жалма-жан диктафонымды қосып, қағаз-қаламымды алып, сүйкей бастадым. Жаңа әуенді жаттап, сіңіріп алып, құрбым мен бауырымды қайта шақырдым. Інім ашуланып тұр. Құралай түсініп, «ән туды ма?» деп күлді. «Иә, кіндік шешесі өзің боласың» деп інімді апарып салып, қайтадан Медеуге келдік. Көк шөптің үстіне отыра қалып Құралайға «Екі сағат уақыт беремін. Мәтінін жазбасаң, үйіңе бармайсың» дедім.
- Жаным, жырақтамашы,
Көзіңнен сыр ақтарғансың.
Сен сөйтіп ұнап қалғансың, жаным,
Келдің ғой, кетем демеші,
Бәрі де бекер демеші,
Жүректе мекендегенсің, жаным, -
деп жазып берді.
- Сіздің әндеріңізде осындай жауапсыз махаббат мұңы жиі кездеседі... Мұндай дүниелер неден туындайды?
- Біреулер шығармаларының барлығын «туған әйеліме немесе күйеуіме арнадым» деп жатады. Оған күлкім келеді. Менің жарыма арналған жарыққа шықпаған бес-алты әнім бар. Егер ойымдағы адам - күйеуім болмаса, онда оған тұрмысқа шықпас едім. Дегенмен кез келген адамның өз музасы болады. Оны сен қиялыңда сомдап алуың да мүмкін. Өмірде жоқ адам шығар... Бірақ сол адамға мұң шағасың. Соған қарап әсерленесің. Сол бейнемен сырласасың. Шайырлардың барлығының музасы бар. Жүректе жылылық пайда болмаса, Алла-тағала ғашықтық сезім сыйламаса, өлең жазылмайды. Оны жақауратып, жасырудың қажеті шамалы. Шығармашылық - қиялдың еркіндігі. Қалай болғанда да... Жазушы да қиялдағы дүниесін өмірмен сәйкестендіріп жазады. Әрине, барлық әннің мәтіні менің идеямнан туған деп айта алмаймын. Бірде ақылдасамыз. Кейде бағыт-бағдар беремін. «Сағынға-ным болмаса» деген әнімнің «Жалынбаймын, жыламаймын, енді саған ұнамаймын» деген жолдарын Есенқұл Жақыпбеков толықтырып берді. «Ардағым» әнімде де «Мәтіннің ішінде осы сөз болсыншы» деп өтіндім. Өйткені «ардағым» деген жан жібітер жақсы сөз ғой. Жалпы, тақырып іздеп жүретін адаммын. Елдің жазып кеткен дүниесін қайталағым келмейді. Әдетте елдің бәрі «сағынамын» дейді ғой... Мен марқұм Бекет Есентаевтың бір әнін ұнатып, Бауыржан Әлқожа деген ініме «Сағынбаймын» деген мәтін жаздырдым.
- Жоғарыда айтқандарыңызға күйеуіңіз өкпелемей ме?
- Менің жұбайым әу баста кімге үйленіп жатқанын білді. Әнші-композиторлығыма жақсы түсіністікпен қарады. Кейде бір ер-азаматтардың әйелдері жанын қоймай, қызғанып, жазған-сызғанының барлығын аңдып, «кімге арнадың?» деп есін шығарып жатқанын көргенде, оның қасында менің жұбайым маған көп еркіндік беретінін түсініп, Құдайға шүкіршілік айтамын. Мәселен, сіз журналиссіз. Еркін жазғыңыз келеді. Ал жан-жағыңыздан шекара қойып тастаса, қалай жазасыз? Өнер адамын қыспақтай берсе, ол бар өнерінен айырылады. Ол осыны жақсы түсінетін азамат. Алғашқы кезде қызғанышы болғанымен, қазір көзқарасы өзгерді. Әндерімді ең бірінші бағалайтын сол кісі. Талғамы өте жоғары тыңдарман. Үнемі ақыл-кеңесін беріп отырады.
- Күнделікке сыр ақтарғалы қанша уақыт болды?
- Екінші сыныптан бері түртіп қоятыным бар. Бірқатар күнделіктерім сақталған. Бір күні уақыт бөліп, бұрынғы жазғандарымды қайтадан қарағым келеді. Мен де ел сияқты алғашқы кезде «Бүгін не бітірдім?» дегенмен шектелетінмін. Студент атанғаннан кейін ойларымды түсіре бастадым. Мұның бәрі өзің үшін естелік. Асанәлі Әшімов ағамызға ұқсап «Менің жанрым - күнделік» деп күндердің күнінде күнделігімді өңдеп, жариялайтын шығармын.
- Ал өлең кітабыңызды оқи аламыз ба?
- Мен ақын емеспін. Бірақ Фариза апам «ақынсың» деп айтты. «Досыма» деген өлеңімді оқып беріп едім: «Мен сыйға тартқан орамал» деген әнді радиодан естіп жүруші едім. Бүгін Розаны көріп отырмын. Осындай сіңлімнің барына қуанамын. Сен өзі жақсы ақын да екенсің» дегенде, сол жолы Астанадан ұшақ емес, мен ұшып қайттым-ау деймін. Қанат біткендей болды.
- Сол өлеңді бізге де оқып берсеңіз...
- «Саған күйеу болудан сақтасын» деген досым, «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан Байтілеске арналған.
- Қалжың білем, астарында қайғы бар,
Қаңқу сөзге жан емес ем қаймығар.
Ұяласқа үндей алмай, іркілдім,
Мұңдас қой деп мендік мәжнүн жайды ұғар.
Аңсағанға арман жолы қашықта,
Досым мені қаралауға асықпа.
Өлеңінен ажырамас әйелмін,
Баласының бұтын жуып жатып та.
Маған күйеу болу бақыт білсеңіз.
Шын жылатам, шын күлдірем, күлсеңіз.
Менің жаным жан ашпаған жұмбақ сыр,
Жаныңызда жүреді ылғи он сегіз.
Тіршіліктің түкірем де заңына,
Жаны көркем жан іздеймін сабыла.
Сені мансап қуды екен деп сөкпеймін,
Сен де менің тие берме жаныма.
Ел ішінде дәруіштей күн кештім,
Жапырақпен, сары бақпен тілдестім.
Мақала қып ақтара бер мұңыңды,
Мендей бірақ түсінбейді сізді ешкім.
Әуселеңді әуейілер ұғар тек,
Жүректерге тағылам ән тұмар боп.
Ұлымды емес, ұлтымды ойлап мұңаям,
Ұлым соның бір бөлшегі шығар деп,
Мен анамын, қара жердей құнары,
Қаным, жаным, асқақ рухтың тұрағы.
Құрсағымда пайда болған қуаныш,
Жатырымнан жауһар алып шығады.
Қазір мені ессіз-ау деп сөгерсіз.
Қылығым да қиялымдай тәуелсіз.
Ғасыр өтер бәрін құшып құнсыздың,
Әлди болып, әнім қалар көрерсіз...
- Бұған Ержан жауап қатты ма?
- Әшейінде ауыз жаппас Ержан осы жолы үндемей қалды.
- Достарыңыз сізді жиі іздей ме, жоқ, сіз іздейсіз бе?
- Мен жиі іздеймін. Өйткені адамдарсыз өмір сүре алмаймын. Кей құрбылары-ма «Үйде отырып алып, мені шақырғаннан басқа шаруаларың жоқ. Сендердің екі балаларың болса, менің төрт балам бар» деп ұрсып жүремін. Іздеп келетіндері де жоқ емес. Достарымның барлығы ақын-журналистер. Бірі аға, бір іні, бірі әпке болып кеткен. Тығырыққа тіреліп, тұманның арасында адасып жүрген сияқты жол іздейтін сәтте соларға шер тарқатамын. Ой сергітіп қайтамын. Ешқайда шыға алмай қалған жағдайда көршілерім бар. Қоңсыластарымның үйіне шәй ішуге барамын. Жұбайым «Сол шайды үйде неге ішпейсің?» деп күледі.
- «Жолдан адасу айып емес, жол жүрмеу айып» деген . Жиі адасасыз ба?
- Бұрын менің жазбаларымда «Ей, адасқақ» деген сөз көп кездесетін. Асқар Сүлейменовтің «Адасқағын» оқығаннан кейін өзіме «Адасқақ» деген ат қойғанмын. Негізі, адаспаған адам жол таппайды. Жол іздемейді де. Адасқан адам бір рет адасуы мүмкін, бірақ келесі жолы жолын біледі. Бір ізге түсіп алып, қарабайыр тіршілік кешетіндер адаспауы мүмкін. Сосын ештеңе таппайды да. Көп дүниеден құр қалады. Сондықтан адаспаймын деп айтпаймын. Адам есейсе де жас бала сияқты. Өзі дәмін татып көрмей, ештеңені түсінбейді. Менің де өз көзім жетпейінше, басымды тау-тасқа ұрмайынша, алған бетімнен қайтпайтыным бар. Ең бастысы, адасып жүріп өзімді таба алдым. Бастапқыда журналист болдым, газетте, радиода жұмыс істедім. Соңында жаныма керек дүниенің ән екенін түсіндім. Қанша қиын болса да, осы жолды таңдадым. Әннің азабын қанша тартсаң да Алла соған төзетіндей махаббатты қоса береді екен. Осы жолға түскенімде алдымда «келе ғой» деп қолын созған жанашырым болған жоқ. Ешкім тәй-тәйлап, жетектемеді. Жол көрсетпеді. Өзіме-өзім - ұстаз, өзіме-өзім - шәкіртпін. Мені өмір тәрбиеледі. Анда бір, мұнда бір соғылып, өз жолымды салдым. Адам оймен өмір сүреді. Әркім өзін тани білуі керек. Кейде менен «балаларыңыздың кім болғанын қалайсыз?» деп сұрап жатады. Адам адамның кім болатынын шеше алмайды. Анасы баласының болашағын болжай алмайды. Оны Алла шешіп, маңдайына жазып қойған. Баланың бойында жоқ қабілетті қолдан құйып бере алмайсың. Меніңше, адамның барлығы басты рөлде ойнауы міндетті емес. Бекжан Тұрысовты оқуға қабылдағанда марқұм Шолпан Жандарбекова «Жұрттың бәрі Гамлет болуы керек пе, арамызда бір әңгүдік жүрсін де» деп айтқан екен. Мықты болмасаң, болмайды деген көзқарастың қажеті жоқ. Оның басқалай артықшылығы бар шығар. Мен жанымның, жүрегімнің қалауымен жүретін адаммын. Оған өр мінезім көмектесті. Өмірде мінезсіз, мінезін жоғалтып алған адамдардан қорқу керек. Мінезін жоғалтқандар өте қорқынышты адамдар. Олар не жағымпаз, не өсекші, не өтірікші, сатқындар. Мінезі бар адамдар ғана міндетті түрде бір биікке жетеді. Ондайлар табанды, айтқанынан қайтпайтын қасиетке ие. Бала тәрбиесінде де осыны қадағалаймын. Бала ерке болып өсуі керек. Оны кішкентайынан жасық етіп, өзіне сенімсіз етіп өсірсеңіз, ол ертең өз дегеніне жете алмайды. Біреуге-біреу бағыт беруі мүмкін емес. Адам өз бағытын өзі таңдайды. Тек оған қолдау, демеу қажет.
- Өзіңіз де ерке өскен қыздардың бірісіз ғой...
- Атам марқұм 8 айлығымда бағып алды. Ата мен әженің балалары жалғыздықты ерте сезінеді. Әке-шешем бар бола тұра, атам қайтқан соң жетімнің күйін
кештім. Ол кісінің маған деген қамқорлығы шексіз-тін. Тәрбиесі әлі күнге жаныма азық. Қазір маған сондай аталар аз сияқты көрінеді. Атаның баласы болу - баланы кішкентайынан елдің баласы болуға тәрбиелеу деп түсінемін.
- Жаны нәзік адамдар көрінген нәрсеге жылауға дайын тұрады...
- Мені кейде өсектейтіндер бар. Біреуді өсектеу - біреудің күнәсін арқалау. Сондай сөздер көңіліме тисе, жылап қаламын. Қарадай отырып көз жасымды төгетін кездерім болады. Күйзеліске жақынмын. Бірақ күйзеліске қаншалықты ұшырасам, соншалықты белсендімін. Мені ашындырса, тау қопарып жіберетін мінезім бар. Еркелетсе, менен нәзік адам жоқ. Қитығыма тисе, ешкімді де аямаймын. Өзімді де.
- Күйзелісті қалай жеңесіз?
- Көп жағдайда балаларым сеп болады. Балапандарым көбейген сайын, күйзелісім азайып келе жатыр. Оларға тамақ, киім, жылу, жақсы тәрбие керек. Егер мен өз басыммен қайғы болып жүрсем, оларға кім қарайды?! Бала мейіріммен өседі. Әр қадамын кішкентай кезінен бақылап отыру керек. Сондықтан балаларымды, армандарымды ойлап, қайтадан үміттеніп шыға келемін.
- Тағы бір-екі бала тауып, күйзелістен мүлде құтылғыңыз келмей ме?
- Жоқ, енді бір-екі бала тапсам, қайтадан күйзеліске түсіп кетуім мүмкін. Өйткені «қалада төрт бала дегеніңіз - сегіз бала. Ауылда сегіз балаңыз - төрт бала сияқты» дегенді естіген едім. Рас, ауылдағыдай емес, қалада бала тәрбиелеу қиын. Оның үстіне, біздің үш бөлмелі қуықтай жер үйіміз төрт балаға тарлық етіп отыр. Қолымда сіңлім, бала күтушім бар. Жеті адамның қас-қабағына қарау да оңай емес. Көшеге шықсаң, ағылып жатқан көлік. Мектеп алыс. Қаланың бір шетінен, бір шетіне тасимыз. Біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін оқиды. Екеуін апарып-әкелгенше бір күн аяқталады. Етегіңе оралап, мамалап жүгіретін үйде екі кішкентай тағы бар. Қазірдің өзінде көп балалы ана деген атағым бар. Құдай көп көрмесін.
- Алматыны басқа қалаға айырбастар ма едіңіз...
- Бұл талай ақындар өлеңін, талай композиторлар әнін арнаған шаһар ғой. Кішкентай күнімде мен де «Асықтырған, аңсатқан, арманым сен - Алматы» деп өлең жазғанмын. Тіпті күнделіктерімде «Алматыға бір жетсем, сол қалада өлемін» дейтінмін.
- «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дегендей ме?
- «Тек мен ғана түсінем, бұл қаланы» дейді ғой, Есенқұл. Бұрын Астана болғаннан кейін бе, асқақ армандарға жетелейтін. Бірақ қазір ойым басқа. Егер мен ер-азамат болғанымда, ауылыма кетер едім.
- Неге?
- Өйткені әрбір қазақ өзінің туған жеріне қайтса, ауыл көркейер еді. Мұнда көптің қарасын көбейтіп, бос жүргендер көп сияқты. Ата-бабасының бейітін тастамаған қазақтың баласы жайлы жер іздеп ауылынан безіп жүр. Одан да әрбір белсенді азамат, туған жерін дамытуға үлес қоссын. Шалғайда жүріп-ақ аты алты алашқа танылып, тұлғасы таудай болып көрінетін азаматтарға сүйсінемін. Осында бала-шағасын асырай алмай, күйі болмай, не жаза алмай жүргеннен, ел шінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген әлдеқайда дұрыс сияқты. Ал Алматы - өлісің бе, тірісің бе, ешкім хабар алмайтын, қал сұрамайтын, өзімшілдердің қаласы. Ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ. Артық-ауыс сөзден ада. Өзіңмен-өзің оқшау тіршілік кешесің. Соған қарамастан, Алатауға байланып қалған сияқтымын. «Алланың шеберлігін көргің келсе, тауға бар» дейді. Барсаң ауасы ғажап, демаласың. Кейде өресі аласа адамдардың етегіңе жармасқанынан құтылу үшін, өзім Алатаудың етегіне жармасқанды дұрыс деп білемін. Тауға көп шығамын. Мүмкін, жанымды құтқарып жүрген Алатау шығар...
- Бір сөзбен айтқанда Алматыны сүйесіз...
- Алматыны жақсы көрем де, жек көрем де. Астана да ұнайды. Бірақ онда күтіп тұрған ешкім жоқ.
- Қай уақытта жек көресіз?
- Кейде тек қана күнкөрістің қаласы сияқты көрінеді. Бар тапқаныңды жұтып қояды. Бір кісінің «Алматы деген айдаһар қала. Жұтылып кетпей жүрудің өзі ерлік» деп айтқаны бар еді. Сұрқай тартып кеткенде көңіліме жақпай қалады. Дегенмен шығармашылық адамдары үшін Алматы қолайлырақ. Бауыр басып қалғанбыз. Араласатын достарымыз, әдеби орта - осында. Балаларым Алматыда дүниеге келген. Сол жағынан қымбат.
- Ел ішінде сізді қалай қабылдайды?
- Шығармашылық ізденіске енді толыққанды кірісетін шығармын. Кішкентайым өсіп қалды. Гастрольге барғанда «Теледидарға көп шықпайсыз. Әніңіз, атыңыз белгілі болғанымен, түріңізді танымайды екенбіз» деп жататындар бар. Сондықтан елмен көбірек қауышуға күш саламын. Былтыр алғашқы концертім Жазушылар одағында өткен. Одан да үлкен залда концерт жасағым келеді. Бейнеклип түсірсек деген арман бар. Үшінші альбомыма кірісіп жатырмын. Ақмарал Ілеубаеваның «Сыңарым», Ғалым Жайлыбайдың өлеңіне жазылған Серік Жанболаттың «Гүл толқын» әнін жаздырдым. Серік ағаның енді Табылды Досымовтың өлеңіне жазған «Қоштасу» әнін жарыққа шығарсам деймін.
Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА
«Айқын» газеті