Сенбі, 23 Қараша 2024
Қасиетті қазақ жері 7167 0 пікір 11 Мамыр, 2018 сағат 12:12

Жоңғар Алатауы емес - Жетісу Алатауы

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы нақты тапсырма берілгені белгілі. Бағдарламалық мақала қоғамда қызу талқыланды, пікір, ой айтылды. Ең бастысы, Президенттің болашақта Қазақстан қоғамының рухани дамуы қай бағыттарда болуы жайлы ойлары және ұсынған бағдарламалары халықтың көңілінен шықты, көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Осы орайда айта кетейік, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Тәуелсіз елміз деп жаһанға жар салғалы да біраз болыпты! Олай болса, егемендігіміз, елдігіміз өмір-тұрмыстың бар саласынан көрінуге тиіс! Алайда, елдің картасына үңіліп қарасақ, басқаша ойға қалғандаймыз...

Мен Жетісуымды ерекше сүйем, басқа ешқандай шет елге кетпесім де анық! Ойландыратыны, жеріміздегі көптеген атаулардың әлі күнге нақты өз тарихи атын қайтара алмағаны!

Жетісу тек қана, көбіне айтылып жүргендей жеті өзен ғана атауы емес, бұл – географиялық тұрғыдан алғанда алып территория! Меніңше, оның шекарасы Тарбағатай - Аякөзден басталып, Шу - Талас - Ыстықкөл өңіріне дейінгі жерлер болар деген ойдамын!

...«Жоңғар Алатауы»... шынымды айтсам, күлкілі естіледі! Баяғыда аты ғана қалып, заты жоқ болған ел атауы неге осы қасиетті тауымызға жабысып қалған? Бұл таулар ежелден «Жетісу Алатауы» болды емес пе! Неге сол әдемі атын қайтармаймыз?! Кімнен рұқсат сұрауымыз керек? «Тян-Шань» ше... неге осылай аталуы қажет?..

Тезек Төре туралы зерттеулеріміз барысында Жетісу жерінің біраз жер атауларына байланысты да деректемен таныстық. Қазір «Шаған» (Ш. Уәлихан жазбалары бойынша Цаган Бугу, яғни Ақ Бұғы. Ертеректе, қазақтар да Шаған Бұғы деген екен, кейін келе «Бұғы» сөзі түсіп, аталмай кеткен) аталып жүрген таудың көне атауы «Ықылас» екенін, ал «Мұқыры» (кейбіреулер мұқыр түркі сөзі деседі, меніңше қалмақ сөзі) өзені де «Ықылас» өзені екені туралы тарихи құжаттар бар. Бұл дегеніміз Жетісудың 150 жылдай қалмақ қолында қалмай тұрып, ежелден нағыз қазақ жері екенінің айшықты дәлелі емес пе!

Осы жерде басын ашып айтатын тағы бір мәселе, біздер атауларды ауыстырғанда «Бояушы бояушы десе сақалын бояйдыға» ұрынбауымыз керек! Барлығы да терең ойластырып барып, нанымды-түпкілікті шешімге келген дұрыс. Мысалы, «Алтын Емел» атауын алайық, қалмақша атаудың мағынасы «Алтын Ер», алайда «Алтын» сөзі де біздікі ғой! Олай болса осы қалпында-ақ қала берсін. «Қарқараны» ауыстырғаннан береке таппаспыз (өз сөзіміз екені дәлелденді), ал «Нарынқол, Байынқолдарды» сәл қазақиландарса да (Нарынкөк, Байынтау деген сияқты ма... Бишкек дегеннен үлгі алғандай) болар, ал, «Қаскелең мен Шамалған» атаулары мүлде басқаша көзқарасты талап еткендей... Кейінгі Россия-Советтік дәуірлерден «естелікке» қалған «...-ич..-пич...-овка...-совкаларды» сол «совоктардың» артынан бірге жіберген оңды болар, ойланып қажеті жоқ...

...Жалпы алғанда атауларды ауыстыру мәселесі мәслихаттарға, жергілікті атқарушы органдарға (олардың басшылары әртүрлі мамандық иелері болып келеді) қарайтын, бағынатын «Ономастикалық комиссиялар» құзіретінен алынып, «Тәуелсіз мемлекеттік комиссия» құрылса деген ойдамын және оның шешімі заңнамаларға сәйкестендіріліп, нақты қаулы қабылданса. Осы айтқанымыз, қазіргі күндегі кездесіп отырған «қоғам белсенділері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар, жорналшы, блогер...» сияқтылардың талдауы, пікір білдіруі, сөзталастары... т.б. алып келетін дилетанттық келеңсіздіктеріне, оның артындағы қылаң беретін ұлтаралық келіспеушілік тәрізді мәселелерге шектеу қойылар еді! Ол үшін мемлекеттік комиссия мүшелері сауатты, адал болуы міндет, яғни, тарихшы-әдебиетші-археолог-өлкетанушылардан жасақталынып, басқаларға атауларды өзгертерде бұлтартпастай тарихи-дәлелдермен жауап бере алуы алдыңғы орында тұруы керек! Әлдебір ұсыныстар түссе осы комиссия қарағаны (кейбір адекваттылығы жоқ басшы емес) дұрыс. Мысалы, қалай ойлайсыздар, бір атағы жер жарған бишіден, «Осындай би-қимылы ертеде қазақта болған ба?»,- дегенді сұрауға бола ма?! Жоқ дер едім, өйткені ол билесін, билегенін білсін, ал тарихи сұраққа тарихшы-археолог-этнограф жауап берсін дер едім...

Бұндай үлкен саяси мәні бар шараларды «анау айтқандай» «айғайға аттан қосушы, әлем-жәлемдерге» тапсыруға, оларды ондай маңызды іске қатыстыруға мүлде болмайтындығына қазіргі күнде әбден көз жеткізіп отырмыз! Ондайлардың қарсы пікірлеріне «...атауларды сол кезеңде ауыстырғандар кіммен келіскен екен...» деген қарсы, ойландыратын нық талап-пікір алдыға шыққаны дұрыс болар еді.

Қазіргі әкімге тәуелді "Ономастикалық комиссиялар" соның айтқанынан шыға алмайды! Сол адам не дейді сол болады! Ал әкімдерге "тыныштық" қажет! Олардың басты мақсаты атына кір келмеу! Ал осы айтқандай, "Тәуелсіз комиссия" болса, олар да "шудан" құтылар еді...

Атам қазақтың «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп айтқанындай, көрінгеннің ырқына жүре беруге, ықпалына жығыла беруге болмайтындығы қазіргі кезеңде белгілі болып дәлелденіп, көрініп отыр!

PS: Осы айтқандарыма түрткі болған оқиғалар: Еліміздегі Қарағанды, Солтүстік, Шығыс облыстарымыздағы көшелерді ауыстыруға арналған жиындардағы айқайлар және желілердегі сорақы жазбалар. Мысалы, өткенде бір "блогерсымақ" (бізді кекетіп) - Мүмкін моншаны да қазақтар шығарған дерсіңдер?- дейді! Сұрадым: - Сен кімсің, тарихшы, этнограф, археолог, болмаса культуролог шығарсың? - Жоқ блогермін. - Олай болса, өсек блогыңды жазып жүре бермейсің бе! Моншада нең бар?.. Тіпті, білгің келсе айтайын... иә, моншаны көшпенділер "Ближний Востокқа" апарған, одан "Крестоносецтер" Европаға әкелген... одан кейін ғана Россияға келген... Бірақ, арабтар, қазақтар, европалықтар ... орыстар сияқты атасы-енесі-баласы-келіні-немере-қыздары, бәрі бірге кіріп, "париться" етпеген! Сен ақыр "баня" дедің, онда орыстар неге солай бәрі бірге кіреді? Міне, соны зертте дедім! Үні өшті... "Баня" жасасын!!!

Әзкен Алтай Жетісулық

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485