Дүйсенбі, 16 Шілде 2018
Осы ғой енді... 1910 17 пікір 14 Мамыр, 2018 сағат 10:00

Қазақтың сыртқы қарызы 14,8 триллион теңге

Қазақ елінің сыртқы қарызы 2018 жылдың наурыз айында 14,8 триллион теңгеге жеткен, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Әрине, 14,8 триллион аз ақша емес. Оны ерте ме, кеш пе, қазақ төлейді. Қалай? Қайтіп?

Қарыз алушы мемлекеттің төлем қабілеті мықты болуға тиіс. Біз Еуразиялық һәм Кедендік Одаққа мүше болып, әлемнің сансыз санкцияларының қысымында қалған елміз. Енді бұл қарыздан қалай құтылмақпыз?

Экономистер сыртқы қарызы көп елдердің рейтингінің көшбасында дамыған мемлекеттер тұрғанын, сыртқы қарыз елдің кедей не бай екендігін көрсетпейтінін айтады.

Осы орайда Грецияны еске алуға тура келеді. Олар шеттен Олимпиада өткіземіз деп 10 млрд $ алды да қайтара алмай әбден қиналды. Біз ше? Түрлі халықаралық саяси шаралар өткізіп шабылдық. Бүкіл мемлекеттің идеологиясын ЭКСПО секілді әлемдік оқиғаларға байлап, елді біраз жыл алдаусыратып келдік. Енді соның бәрінің өтеуі жақындап келеді.

Қазақстан сыртқы қарызы ел экономикасының мұнай-газ саласына тәуелді екені айдан-анық дүние. Ертең мұнай тиын болып қалса, көрер күніміз не болмақ?

Ресми деректер мемлекеттік қарыздың 20,9 пайызға (12,3 триллион теңге болатын) өскенін айтады.

Елдің мемлекеттік қарызының жиынтығы — мемлекеттік қарыз — 14,3 триллион теңге (бір жылда 20,1 пайызға артқан), кепілдендірілген мемлекеттік қарыз — 428,5 миллиард теңге (59,4 пайызға өскен) және мемлекет кепілдігімен алынған қарыз — 37,8 миллиард теңге.

Сонымен қатар, мемлекеттік қарыздың өсуіне негізгі себеп — ҚР үкіметінің ішкі қарызы (салыстырмалы үлесі — 39,5 пайыз). Бір жылда ол 30,9 пайызға өскен — 4,4-тен 5,7 триллион теңгеге дейін. Ал сыртқы қарыз айтарлықтай өзгермеген — 0,1 пайыз немесе 5 миллиард теңге. Соңғы бес жылда мемлекеттік қарыз 3,7 есе (10,8 триллион теңге) артқан — 4-тен 14,8 триллион теңгеге дейін.

Қарызға қызмет көрсетуге 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 156,7 миллиард теңге бөлінді, бұл былтыр көрсеткішпен салыстырғанда 21 пайызға артық (129,5 миллиард теңге болған).

Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны — 2,4 триллион теңген (бір жылда13,5 пайызға артқан). Қарызға қызмет көрсету шығыны 6,5 пайыз (былтыр 6,1 пайыз болатын).

Соңғы бес жылда мемлекеттік қарызға қызмет көрсету 3,5 есе (328,4 миллиард теңге) арқан, 130,5-тен 458,9 миллиард теңгеге дейін.

Бұл сандар тек үкіметке ғана тиесілі емес. Өзін осы елдің азаматы санайтын бәріміздің қарызымыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік борыш 13,5 трлн теңгені (40,6 млрд АҚШ доллары) немесе жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құраған. Араға екі ай салып, ол сомма 14,8 триллион теңгеге жеткен. Осыдан-ақ, берешегіміздің Толағайдай күн санап өсіп жатқанын көруге болады.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

17 пікір