Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4766 0 пікір 23 Мамыр, 2018 сағат 13:18

Қайта түлеу

Идеялар. Өмірді өзгертетін идеялар. Жақсы жаққа өзгертетін. Көпшілікке таратуға, баршаға жар салуға әбден лайық идеялар. Олар өте көп. Қай саланы алсаң да, «адам өмірін жақсартуға ұмтылған» жандар бар. Тіпті кейбіреуі өз кәсібіне қатысты болмаса да, жалпыға тән озық ойымен бөліседі. Мұндай белсенділер ешкімнен ешнәрсе сұрамайды, ешкімнен ешнәрсе күтпейді, олар бір нәрсеге ғана тәуелді – өз идеяларына! Күн демей, түн демей, ойдағысын жүзеге асырмай қоймайды, тынбай тер төгеді. Ең бастысы – олар ұсынған амалдар адам баласының проблемасын шешудің жолын ұсынады. Иә-иә, мәселе осыда – олар ұсынған идея өмір сапасын оңтайлы өзгертеді. Елімізде проблемаларды көтеретін алаң қаптап жатыр, алайда проблеманың шешу жолын, іс жүзінде тексерілген тәсілін ұсынатын ерекше алаң бар – ол TEDxAstana. TED – технология, ойын-сауық пен өнерге қатысты көпшілікке таратуға лайықты идеяларды ортаға салатын конференция. Х – конференцияның дүние жүзінің түкпір-түкпірінде, аймақтарда өтетінін білдіріп-ақ тұр. Астанада үшінші рет ұйымдастырылғалы тұрған ой-талқы «Қайта түлеудің» бірегей жолын ортаға салмақшы.

«Орда бұзар» жасқа жетіп қалған еліміз өзінің рухани азығын салмаққа салғанына бір жыл толды. Тұманда адасып жүргендей күй кешкенде, күндей жарқ еткен «жаңғыру» біреудің өтін жарып жібере жаздаса, сол жарықты көптен күткен енді бір жанға үміт сыйлады. Қалта толып, қарын тоқ, көйлек көк болса да, жанымыздың азып-тозып кете жаздағаны бар...

Адам баласы бұл өмірге келгенде, білмек үшін сұрақ қойса, сол сұраққа жауапты тек өзі – тек іздену арқылы тапса керек. Табиғатында білімге, рухани азыққа тәуелді адамзат, өзіне өзі сын көзбен қараудан қалмағаны, өз әрекетін өзі саралап отырғаны жөн. Өйтпесе, «біз сияқты» құндылығын шатастырып алады. Басымдық біржола материалдық жаққа ауып кетпей тұрғанда, етек-жеңді жинау қажет. Оны жинастыруға TEDxAstana конференциясының спикерлері көмектесері сөзсіз.

Бүгінде Астана бес жыл бұрынғыдай – мен алғаш келгендегідей емес. Қаланы тірілтетін, сөйлететін, өзгертетін – адамдар, қала тұрғындары. Елордаға алғашында отандастарым күн көріс қамымен келсе, ендігі жерде бір-біріне үйренісіп, жас қаламен бірге өсіп-өніп, ортақ істерге бел буатындай күйге жетті. Олай болса, күллі Қазақстан жүрегінің «тамырына» айналған елордалықтар TEDxAstana спикерлерін – өнертапқыштарды, ғалымдарды, түрлі сала мамандарының ойын қабылдауға, білуге, олармен танысуға дайын. Осы тұста тек бір кілтипан бар – мұндай «ерекше» спикерлерді ұғыну үшін, Сіз де дайын болуыңыз керек. Өзгеруге дайын болуыңыз керек! Өзіңіз өзгеріп қана қоймай, айналаны, өмірді – қоғамды өзгерту мүмкін екендігіне спикерлердің тәжірибесі арқылы көз жеткізуіңіз қажет! Эмоция энергия тудырса, TEDxAstana атты білекке біткен энергия қоғамның ең мықты қозғаушы факторларының біріне айналады. Солай емес пе?!

Ендеше, кездесуге дайын болыңыз! 10 маусым «Қайта түлеу» күні! Сіз бен біздің бас қосып, түрлі ғылымда: медицина, технология, білім, өнер және басқа саланың өнертапқыштары мен бірегей идея авторларының не ұсынатынын тыңдап, өмірге жаңа серпін беретін күн! Тыңдайтын құлақ болса, айтылар ой да пісіп жетілді!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377