Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Ел іші... 6189 30 пікір 25 Мамыр, 2018 сағат 11:58

Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесін одан әрі арттыру өзекті мәселе

Бұл туралы Қазақстан Парламенті СенатыныңТөрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау халқымен кездесуде айтты.

"Қазақ тілін қоғамдағы лайықты орнына көтеріп, мәртебесін одан әрі арттыру өзекті мәселе. Тәуелсіздік жылдары ана тілімізді дамыту жолында едәуір оң өзгерістер орын алды, осы үрдісті жалғастыра беруіміз қажет.  
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл мәні жағынан өте орынды, заман ағымына сай өркениетті таңдау.
Жаһандану көшіне қосылған жастардың әлемдік тілдерге, ең алдымен ағылшын тіліне деген қызығушылығын ынталандырудың маңызы зор.

Осылайша әлемдік үздік тәжірибеге, алдыңғы қатарлы жетістіктерге және жаһандық коммуникацияларға кеңінен жол ашылатын болады. Уақыттың талабы – осындай",- деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасының қазақ тілінің қоғамдағы рөлін көтеру туралы пікірін қолдаған "Светоч" славян этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Р.Биткова "Мемлекеттік тілді білмей өзіңді тәуелсіз елдің еркін азаматы ретінде сезінбейсің.Тілді білмей халықты тани алмайсың. Біз жастарды ортақ отандарын, тілін сүюге үйретуіміз керек", деді.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы жаңа идеяларды жас ұрпақ әкелетінін, жастардың жалыны мен дарынында ғаламат күш-қуат бар екенін айта келіп, болашақ өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін инновацияға бейім жаңа буынның қолында екенін атап өтті.

Әділбек Қаба

Abai.kz

30 пікір