Жұма, 22 Қараша 2024
Өмірдің өзі 6588 12 пікір 30 Мамыр, 2018 сағат 10:10

Бастық қатынның әрекеті

Айналайын қазағымның «Он пәленің тоғызы – тілден» деп қалай дөп кесіп айтқанына соңғы кезде өте-мөте тәнтімін. Өзім қызмет ететін ұйым жетекшісінің әйел бірінші орынбасарына ауызға келіп қалған уәжді мәкүрік қылып қайта жұта алмай ақтара салғаным басыма қып-қызыл кесір болып жабысатыны әуелде, сірә, кәперіме кірмепті. Әйтпесе, ойлап үлгерсем, білдей дөкейге нем бар еді қарсы сөз айтып. Тағы бұл кесепат әлі күнге қан тамырыма аш кенедей қадалып, бір ажырар емес. Буынсыз тілдің ырқымен кетіп, душар болған бұл қырсықтан енді қайтіп құтылудың амалын таппай, дал болып жүргенім. Шатыр, шапшаң мінезімнен тапқан «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері шығар бұл деп те қоям. Жә, бәрін басынан тарата айтайын...

Облыстық жол құрылысы  мен көлік қатынасын қадағалайтын мекемеде жұмыс істеймін. Бастығымыз – еркек. Оның оң қолы – әлгі әйел. Келесі қанаты – ер кісі. Менің бөлімім бірінші орынбасардың құзырына қарайды. Есімі де ерекше – Айару.Шынында да ажары толған айдай аппақ. Піскен қарақаттай мөлдіреген көздері қандай. Қарағанда денені дір еткізер бәденді. Тоқ етері – керемет, көркем . Менен жасы кіші мезереттігін сақтап, әйтеуір «кейде Сәке, кейде Сіз» деп сынаптай сызылып тұрады. Үш таған биліктің бір-бір бұтын ұстағандардың жалғыз төмен етекті болған соң ба, әлде басқа себептері бар ма, екі ер әріптесінің ортасында өзін еркін, ерке ұстайды.

Бір күні жазда сол қатын бастық мені іс-сапарға жіберді. Жоғарыдан қабылданған бағдарламаның жергілік жерде жүзеге асырылуы барысын тексеріп қайту жүктелді. Бардым. Көрген-білгенімнің есебін екі парақ қағазға жазып, тікелей басшыма өткіздім.  Бір сағат өтер-өтпесте «келіңіз» деп шақырды. Кабинетіне кірдім. Дайындап апарған жаңағы анықтамам үстелінің қақ ортасында жатыр. Осыған дейін оқып, танысып шықса керек. Қарсы алдындағы орындыққа енді жайғасып жатқаным сол еді, Айару бастық қолындағы қаламын қағаз бетіне сарт еткізіп тастай салды да, менің бетіме аялы көздерінен от шаша қарап:

 – Ұжым тыңғылықты ұйымдастыру шараларының нәтижесінде тапсырманы келте уақыттың ішінде бітірді дегеніңізді түсінбедім? Қалыпқа сай «қысқа мерзімде орындады» деп жазсаңыз болмай ма? - деп салғаннан дүрсе қоя бермесі бар ма?

 – Онда тұрған не бар? Келте мен қысқа туыстас сөздер емес пе. Осындай мағыналары жуық ұғымдарды ғылым тілімен айтқанда синонимдер, – деп өзімнің еңбегімді сыпайылықпен қорғадым.

 – Сіз неменеге менімен айтысасыз. Маған сіздің теорияңыз керек жоқ. Анықтама стандартқа сәйкес жазылуы тиіс. Осыны біліп қойыңыз, - деп дікеңдеген әйелдің әдеттегі әдемі әпті әнтек бозарып шыға келді.

Жәудіреген жанары кенет жарылып кетердей шатынады. Ашуланғанда адамның беті әдетте қызарып кетуші еді, ал оның кәдуілгі айдай ажары долданғанда жауар бұлттай сұрланды. Лауазымы жоғарылығымен әрі көріктілігімен сүйкімді көрініп жүрген келіншектің осылай тосыннан тұлан тұтқанда түрі сұмдық өзгеріп кететінін алғаш көргенде таңданыстан аузым ашылып қалыпты. Жан дүниесіндегі алай-дүлей құбылыс бұрқ етіп сыртқа тепкенде бұрынғы сұлу ақ жүзі ай тұтылғандай бірден сұрғылт тарта жөнеледі екен. Іштегі астаң-кестең бұрқасын сезімін анық білдірген аппақ жүзі басшының маған бұрқан-талқан ашуланғанынан бастапқыда тосырқап қалғаныммен ыға қойған жоқпын. Өйткені өзімді кінәлі деуден мүлдем аулақ едім.

 – Сіз кешіріңіз, – дедім бірінші орынбасарға барынша әдеп сақтап.

 – Бұл — есеп. Ал оны қайтып жазу бір ізділікті қажет ете қоймайтын қатып қалған догма саналмайтын шығар. Жоғары жаққа жіберетін ресми хатқа жатпайды. Сондықтан еркіндеу әзірлнгенім рас. Бір үлкен ақынның: «Уақыт тығыз,  уақыт тіпті келтерек, тың өлкеге келсең де ерте ентелеп» деген өлеңі де мен қолданған тіркеске жақындығын айқын аңғартып тұр емес пе?. Тіпті Сіздің қалағаныңыздай болсын десеңіз, қазір-ақ қайта дайындап берейін, - дедім  әңгімені әлі де ұшықтырудан аулақ қашып.

– Сіз маған бүйтіп данышпансып пәлсапа соғуды доғарыңыз. Әрі-беріден соң маған ақыл үйрететіндей кімсіз? Білгішсінгеннен бұрын сіз алдымен менің тапсырмаларымды орындау үшін айлық алатын адамсыз.  Бізге ең қажеттісі кеңсе тілімен дұрыс, нақты атқарылған қағаз. Ал оның қалай жазылатындығын белгілейтін, міндеттейтін, талап ететін басшылық па, әлде сіз бе! Жөніңізбен жүріңіз, – деп терісіне сыймай, тіптен екпіндеп өршеленіп барады.

Мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін. Сезім мен намыс бар. Оның орынтақтың буымен тым шектен шығып, белден баспақ болған басымдығына төзімім таусылып, шорт кетейін, шоршып түсейін.

 – Нәйеті бір сөзге бола мені жас баладай жерден алып , жерге салатындай сонша не көрінді саған, – дедім тіке «сенге» көшіп. – Дүние төңкеріліп қалатындай ештеңе бүліне қойған жоқ қой. Бұл өрекпуің жұрт назарындағы басшыға және әйелге мүлдем жараспайтын қылық. Үлкеннің уәжіне құлақ қоюға құлқың жетсе, екеуміздің арамыздағы осы бүгінгі әңгіме осы жерде қалсын, – дедім де орнымнан шапшаң тұрып, шығып жөнелдім. Тысқа беттеп бара жатып, көзінің қарашығы кішірейіп, ағы ұлғайып, маған алара қарағанын байқадым. Бірақ үндемеді. Дәсі  басылып, соңымнан жақ ашпай қала бергенін жақсылыққа жорып, кемшілігін түсінген боларға баладым. Қайдағы! Сөйтсем, ішіне ит өліп жатыпты. Бар бәлесін кейінге бүгіпті ғой бәтшағарың. Сол жолы бетіне қарсы сөз қайтарғаныма көңілі кіділеніп қалыпты. Дық алыпты дегенім бер жағы ғана екен. Сондағы кермал сөйлескенімізді құдды бұрыннан бар араздық қайта тұтанғандай қатты кек тұтқанын келесі күні айқын аңғартты.

Таңертең коридорда бетпе-бет жолыққанда амандаспай мені қасақана елемегендей кекірейген күйі жанымнан иығымен соға жаздап өте шықты. Ұжымның азанғы бас қосуында бөлімнің жұмысына  қаралып отырған мәселеге түк қатысы жоқ болса да, бүйректен сирақ шығарып, жосықсыз бір тиісті. Жөнсіз соқтығып отырғанын дәлелдеуге бір оқталдым да, іле, құрысыншы жұрттың көзінше басшымен әрі әйелмен айтысып, абырой арттырмаспын. Бәрібір өзінікін дұрыс санап, бет бақтырмайтынына кеше көзім жеткен жоқ па, - деп өзіме тоқтам салдым. Жақ ашпадым. Содан не керек, қызыл тілден тапқан «қызықтың» көкесі осылай қызу басталып жүре берді.

Тірлігімнен тырнақ астынан кір іздеп, жанұшырып бақты. Басқаратын бөлімнің іс-шара жоспарынан жанығып, ілік іздеп, екі-үш рет қайтара жасатады. Жиналыста сынап, аяқтан шалады. Жұмыс орнымда отырған-отырмағанымды ұдайы тексеретінді, мекеме шаруасымен бір жаққа кетсем, одан қашан қайтқанымды қатаң қадағалайтынды шығарды. Қысқасы әрбір басқан ізімді қапысыз аңдитын болды. Көпшіліктің алдында мені қалай да жаманатты етуге құмар. Тіпті бөлімнің жұмысын қарамағымдағы келіншек арқылы қадағалауға көшіп, мені істен шет қақпайлауға жанталасты. Қит етсе қадамымды қысқартуға құлшынғанының ақыры  мені мерекелік, тоқсандық сыйақылардан қағып қалуға апаратынан дәмелі екенін де түсінемін.Құрығы ұзындығын пайдаланып, соңымнан шырақ алып түсіп, қанша тісті бақадай жабысса да, осыншалық ызалануына негіз болған баяғы сөз қақтығысудан кейін қарама-қарсы ләм-мим демедім. Шалдуар мінезді, тілі тиексіз, шайпау сөзді адаммен тартысқанның әтуер тапқанын естімеппін. Шала бүлініп, дауласуды жауласуға айналдырған өзі. Бар білгені сол болса, қайтесің енді. Қол астында екенмін деп, құлдық ұрып, алдына жығылар тағы мен жоқ.

Ал осы күні миымнан бір шықпай қойған жайт, өз пікірімді білдіргеніме тағынан тайып түсетіндей жоқ жерден дұшпан тауып, не себепті мұншалық өштескеніне аң-таңмын. Бұған дейін тәні әсем төмен етектінің жаны да ғажап болады деп ойлап келіппін. Өте қателесіппін. Ұлы бабалардың қиып айтқанына тағы жүгінсем: «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген құп рас. Сырты сылаңдаған сұлулардың да алдына көлденең келгеніме қастасып, оңтайы түссе ешкімді де аямайтын ішмерез зұлымдықтары да кездесетінін көз көрді. Жоғары жақты қолында құдіретті билігі бар әйелдердің өзіне қиғаш тұрған  еркекті амалын тауып жолынан тайдырып, су түбіне батырып кегін қайтарып жататынын кешегі, қазіргі тарихтан талай оқып, естіп едік. Біздегі бастық қатынның әрекеті сол биіктегі жағдайдың жердегі кішкене көшірмесі дәл. Егер тағдырым басы бүтін төрелігіне тисе бір пәсте мен ағаш атқа мінгізіп жіберуден әсті тайынбас. Әттең, бірінші бастықтың маған деген жылы қабағынан сол зәндемі пиғылын жүзеге асыруға қаймығып, аяғын тартатынын сеземін. Мекеме жетекшісі өзіме анда-санда тікелей жүктеген тапсырмаларын дер кезінде тап-тұйнақтай орындайтынымды көпшіліктің көзінше қошеметтеп жүреді. Әйтпегенде Айару ханымның тап мынадай аяр қысастығымен, өңештеген шүйлігуімен ұзаққа созбай-ақ мені әлдеқашан жарға құлатпай тынбайтыны кәдік еді.

Ақиқатында Айару бишікештің шілденің күнінде ішіне қатқан мұзды жібітпекке  бір-екі рет лажын қарастырып байқадым. Әлбетте алдына барып илігіп емес. Бәлкім әдемі келіншекке әсер етер деген пиғылмен ұлы ақынның әйгілі жырынан :

                              «Тіршілікте көрінеміз өлместей,

                               Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.

                               Өтейікші бірімізді біріміз,

                               Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей»-

деген үзіндіні ұжымның бір мерекені атап өткен кешінде оқып едім. Бұдан кейін де оның ашуы жұмсарып, иліге қоятын ыңғайы аңғарыла қойған жоқ.

Жалпы шынымды айтсам әуелде басшының сөзіне ілінісе кетейін деген ниетім үш ұйықтасам түсіме кірмеген қырсық еді. Әйел басымен кіжіңдеп, орынсыз өрекпіп сөйлеп, нақақтан жанымды күйдіріп, қуырып жеп бара жатқан соң мендегі қан да бұрқ-сарқ қайнап, арнасынан тасып төгілгені рас. Сонда да ізеттен аттамай, өрескелдікке баспадым. Іштегі пікірімді өшірмей қарсы келгенім алды – қар, арты – дауыл боларын алдын-ала сезсем, сау басыма сақина тілеп алам ба мен. Жақсы деп жүргенімнің күнім түскенде бір-ақ білдім.

Араздасқанымызға жылға жақындады. Мен пақырың әкімші қарындас райынан қайтар, суыған арамызды жылытуға қам жасар. Қанша дегенмен ұжымның бірлігіне сызат түспеуін ойлауға тиісті басшылардың бірі емес пе. Екеуміздің тірескеніміз былайғы жұртқа көзтүрткіге айналып, салқынын тигізерін парықтаса бірінші болып қадам жасар деп әлі де іштей дәмеленіп жүрмін. Мені қойшы, бар-жоғы қатардағы қарапайым ғана қызметкермін. Ал ол дыңдай бастық. Әрі нәзік жанды дейтін әйел. Әм мейіріммен бала өсіретін ана.

Осы үш қасиетті қисындасаң, кеңдігін танытса, кем болмасына салып, ақылға келеріне үмітімді несіне жасырайын.

 

Бақадүр Жеңіс

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297