Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 7643 16 пікір 12 Маусым, 2018 сағат 17:57

Алматыдағы Қытай консулдығы үшін қарияларымыз "террористер" ме?

Бүгін Алматыдағы «Қазжол» қонақ үйінде Қытайдан Қазақстанға көшіп келген бір топ зейнеткер жиылып дөңгелек үстел өткізді. Жиын «Атажұрт жастары» еріктілер бірлестігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Аталған басқосуға біз де барып келдік. Бүгінде Қазақстан азаматтығын алған, сөйтіп, Қытай үкіметі заңды зейнетақыларын еш себепсіз тоқтатып тастаған зейнеткерлердің мәселесін өз құлағымызбен тыңдап қайттық.

Әуелі «Қазжол» қонақ үйінде дөңгелек үстел өтті. Оған зейнетақысын ала алмай отырған Қазақстан азаматттары келіп қатысты. Олардың ұзын саны 30-дан асып жығылады. Кейбіреулері 11 жылдан бері, енді біреулері 4-5 айдан бері не зейнетақы, не әлеуметтік көмек ала алмай отырғандықтарын айтып, наразылықтарын білдірді. Талап-тілектерін тізіп, ұжымдасқан түрде хат жазып, Алматыдағы Қытайдың Бас консулдығына тапсыру үшін консулдыққа барды.

Сағат 12:30-да консулдық алдына жиылған қариялардың үшбу хатын тапсыру үшін кезекші арқылы ішке қоңырау шалған еді, ол жақтан жөнді жауап болмады.

«Қазір елшілік қызметкерлері түскі асқа шығып кетті. Түскі астан сағат 15:00-де келеді...» деген қыздың даусы ғана естілді.

Қариялардың жасы 80-нен асқан, арты 60-қа таяған зейнеткерлер Алматы облысының әр өңірінен жиылған екен. Консулдық алдында, шыжыған күннің астында тапжылмай отырып, 3,5 сағат күттік.

Сағат 15:00 болғанда, әлгі кезекші арқылы ішке қайта қоңырау шалып едік, «консулдықтың келесі есігіне қарай барып күтіңіздер...» деген жауап қана естілді.

Содан, келесі есікке қарай барып, темір қақпаның алдында тағы 20 минуттай күттік. Біз іштен біреу-міреу шығып қалар деп тұрғанда, консулдықтың бір қызметкері (ер бала, нәмі қазақ) шығып, хабарландыру тақтасына бір жапырақ қағаз қыстырып кетті.

«ҚХР Алматыдағы Бас консулдығының Консулдық бөлімі қауіпсіздік себептерінен құжаттарды қабылдау және беру қызметтерін тоқтатады» деп жазылған екен. Дәл осы мазмұндағы хабарландыру қазақ, орыс және қытай тілдерінде жазылыпты.

Осыдан соң, кезекшінің домофоны арқылы ішке қайта қоңырау шалдық. Консулдықтың бұл әрекеті ашықтан-ашық арандатушылық екені айтылды.

«Ешкім сіздерді қабылдайды деген жоқ. Біз түскі ас сағат 15:00-ге дейін екенін айттық. Ал сіздерді бүгін ешкім қабылдамайды...» деп жауап берді домафонның арғы жағындағы қазақ қызының дауысы.

Әбләз Сатышұлы, зейнеткер:

- Біз отбасымызбен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу ауылында тұрамыз. Өзім 75 жастамын. 2018 жылдың мамыр айында Қазақстан азаматтығын алдым. Толыққанды Қазақстан азаматымын. Мен осы ақпан айына дейін Қытайдағы заңды зейнетақымды алып келгенмін. Осы 2018 жылдың ақпанынан бері зейнетақым тоқтап қалды. Не себепті тоқтатып тастағанын білмейміз. Не үшін тоқтатқанын білейік десек, ол жаққа телефон соғуға болмайды.  Өзіміз бара алмаймыз.

Қазір енді Қазақстан азаматымын ғой. Бұл жақтың үкіметінің жәрдем ретінде беретін ақшасы бар. 13 мың теңге. Біз бұл жаққа еңбек сіңірмегеніміз үшін бізге берілетіні 13 мың теңге ғана екен. Басқа көмек алып жатқанымыз жоқ. Үйде 7 адамбыз. Үлкен балам ғана жұмыс істейді. Кіші балалар оқуда. Кемпір бар. Ол да - зейнеткер. Ол 7 бала туғаны үшін 30 мың теңгедей алады. Балалардың да тұрақты жұмысы болмаған соң, кейде тапқаны ас-тұзға жетеді. Кейде жетпей қалады.

Нәдия Махат, зейнеткер:

- Мен 60 жастамын. Қазақстан азаматтығын 2017 жылдың қазан айында алдым. Алматы қаласы, Әуезов ауданында тұрамын. 2017 жылдың қараша айынан бері Қытай үкіметі зейнетақымды тоқтатып тастады. 8 ай болды, мінекей. Қазақстаннан ешқандай көмек, тиын-тебен алмаймын. Ешкім ештеңе берген жоқ. Менің екі балам, күйеуім бар. Барлығымыз Қазақстан азаматымыз. Балаларым біреуі биыл оқу бітереді. Үлкенім былтыр оқу аяқтаған. Қазір жұмыс істеп жүр. Үйімізде тұрақты кіріс көзі жоқ. Шалымыз екеуіміз үйде отырмыз. Балам анша-мұнша тіршілік етіп тиын-тебен табады.

Менің сұрайтыным, не қазақ ие болса бізге, не арғы жақтағы зейнетақымызды реттеп берсе екен. Қартайғанда балаларға да салмақ салмай, неше жылғы бейнетіміздің зейнетін алып отырсақ дейміз.

Тәлімбек Айсабекұлы, зейнеткер:

- Қанша уақыттан бері пенсиямызды ала алмай жүрміз. Бұрын баламнан алып жүр едім, ол балама да тимек сияқты. Қатынасымыз үзіліп қалды. Телефонмен сөйлесе алмай қалдық. Қолымызға ақша тимегелі 1 жылдан асып барады.

Мен Алматы облысының Сарқан ауданының Көкөзек ауылында тұрамын. Жасым 76-да. Қазақстан азаматтығына құжаттарымды тапсырып қойдым.

Ыбырай Әметқанұлы, зейнеткер:

- Бұл жолы келген зейнеткерлердің алды 80-ге, арты 56 жастағы қария кісілер. Бұл жерге біз бейбіт келіп, бейбіт кетуді мақсат етіп келген едік. Қазір бізді қабылдағаныңыз былай тұрсын, мынадай қағаз іліп кетті. Жаңа қабылдаймыз деген еді. Енді келіп қабылдамаймыз деп отыр. Қазір өздеріңіз білесіздер, Рамазан айы. Мұндағы зейнеткер кісілердің көбі ораза ұстаған. Неше сағаттан бері күннің астында отырып, осылардың қабылдауын күтті. Жауапкершілік деген болса, бізге шықпай ма?! Біздің бір жапырақ хатымызды қабылдап алмай ма?! Егер тіпті қабылдамайтын болса, неге жаңа, түске дейін айтпайды? Неге мына қария кісілерді күттіріп қойды? Біз осымен төртінші рет келіп отырмыз. Үнсіз қарсылық көрсетіп отыр. Бізге сағат 15:00-де келіңіздер деді. Біз күттік қой, осында, тікемізден тік тұрып. Анау хабарландыруларына «қауіпсіздік үшін» деп жазыпты. Осындағы қария кісілер консулдыққа қандай қауіп төндірмек? Қытай консулдығы арандатушылық жасап отыр.

Түйін. ҚР Сыртқы істер министрлінің назарына!

Құрметті Қайрат Құдайбергенұлы!

Еліміздегі Қытай Елшілігінің 30 шақты қарияны дәл осылай қорлауы - мемлекеттілігімізге сын.

Қариялардың бір жапырақ қағазын қабылдап алуды қиындатып, күннің астына қақтаған Консулдық жауап беруі тиіс!

Егер де осы ақсақалдардың бірі қапелімде ажал құшса, оған бір жапырақ қағазды қабылдап алуға ерінген (яки, қорыққан) Елшілік кінәлі болмай ма?

Қазақстан мен Қытай арасындағы мәселені шеше алмай отырған СІМ-нің де айыбы жоқ емес.

Зейнетақы мәселесі - халықаралық заң нормалармен реттелуі тиіс. Оны реттеуге әлі күнге Қытай тарапы да, Қазақстан жағы да құлықты емес сияқты. Ендеше, мына сабылған жұртқа не істемек керек? Сіздер айтыңыздар!

Қытай консулдығының бейбіт келген бір топ зейнеткерді шыжыған күннің ыстығында ұзын-ырғасы төрт сағат күттіріп қойып, ақырында олардан (зейнеткер қариялардан) төнетін «қауіпке» бола, ешқандай құжат қабылдамайтынын айтуы – жұртты ашықтан-ашық арандату емес пе?

Жоғарыдағы жайтты ескере келе, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Алматыдағы Қытайдың Бас консулдығының бұл әрекетіне қатысты мемлекетаралық шарттар негізінде тиісті шара қолданады деп сенеміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1852