Дәурен Қуат. Таяу Шығыс. Иә, Таяу Шығыс...
Сәуірдің 3-і күні болатын әйдік сайлауға үміткерлер тіркеліп бітті. Қазақ тілінде қамшы салдырмай сөйлейтін Уәлихан Қайсарды мемлекеттік тіл сынағынан сүріндірген лингвистикалық комиссия сенатор Ғани Қасымовтың талабын оң бағалап оны алдағы аламанға арқадан қағып шығарып салды. Естуімізше, «Кең байтақ жерім бар» атты шығарма жазып, Қасым Аманжоловтың өлеңін қасқайып тұрып оқыған генерал-депутат «Еңбек пен талап» туралы әңгіме қозғап Мырзатай Жолдасбековты елжіретіп жіберген көрінеді.
«Үміткердің сөздері қарапайым. Дегенмен әдеби тілдің өлшемін үнемі сақтай бермейтіндігі байқалды. Бірақ еңбектің, талаптың не екенін ашып, жақсы әңгімелеп берді. Осылардың барлығын ескере келе, үміткер Ғ.Қасымов мемлекеттік тілді меңгерген деген шешімге келдік»,- деді М.Жолдасбеков (дерек көзі - Қазақпарат).
Сәуірдің 3-і күні болатын әйдік сайлауға үміткерлер тіркеліп бітті. Қазақ тілінде қамшы салдырмай сөйлейтін Уәлихан Қайсарды мемлекеттік тіл сынағынан сүріндірген лингвистикалық комиссия сенатор Ғани Қасымовтың талабын оң бағалап оны алдағы аламанға арқадан қағып шығарып салды. Естуімізше, «Кең байтақ жерім бар» атты шығарма жазып, Қасым Аманжоловтың өлеңін қасқайып тұрып оқыған генерал-депутат «Еңбек пен талап» туралы әңгіме қозғап Мырзатай Жолдасбековты елжіретіп жіберген көрінеді.
«Үміткердің сөздері қарапайым. Дегенмен әдеби тілдің өлшемін үнемі сақтай бермейтіндігі байқалды. Бірақ еңбектің, талаптың не екенін ашып, жақсы әңгімелеп берді. Осылардың барлығын ескере келе, үміткер Ғ.Қасымов мемлекеттік тілді меңгерген деген шешімге келдік»,- деді М.Жолдасбеков (дерек көзі - Қазақпарат).
Мырзатай ағамыздың мырза көңілінен шыққан Ғани Есенгелдіұлының қазақ тілінде ескен желдей есілетінін осы уақытқа дейін ешкім естіп те, көріп те үлгермеген сияқты, әйтеуір біз білетін мұртты кісі стақан сындырып, ән айтып қана жүр. Бірақ, қазақстандық демократияға әбден сыяды. Қысқасы, үміткерлер бар, ел бар, әкімшілік ресурстар бар бір адамның - Нұрсұлтан Әбішұлының әдепкі жеңісін қамтамасыз етуге білек сыбана кірісіп кеткеніміз анық. 1989 жылдан бері билік басында келе жатқан еліміздің тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, Бас қолбасшы кезектен тыс сайлау өткізудің нәтижесінде «бастаған ісін аяқтауға» тағы да мүмкіндік алды. Ал Таяу Шығыс - Солтүстік Африка елдерінде халықтық толқулар қаулаған өрттей өршіп барады. Әріқарайғы әңгімемізді осы бағытта жалғастырып көрейік.
Тунистен жайылған «түнек»
Зин әл-Әбидин Бен Әли Тунис билігін елдің бұрынғы мәңгілік президенті Хабиб Бургибадан аманат етіп алып еді. Хабиб жарықтық қалжыраған шағында (дәрігерлер оған кезінде осындай диагноз қойды: яғни, денсаулығы жарамайды, ел басқара алмайды деп) 1987 жылы Бен Әлиді премьер-министр етіп тағайындайды. 1989 жылы Бен Әли көпшілік дауыспен ел басшылығына сайланады. Содан кейін таққа таскенедей жабысқан ол 2002 жылы терроризммен күресті желеу етіп Конституцияға өзгеріс енгізеді де президент жасына шектеу қоятын бапты қағып тастап, тағы да екі рет сайланудың мүмкіндігіне қол жеткізеді. Алайда, жасы 74-тен асқан Зин әл-Әбидин Бен Әли 24 жыл бойы жеке дара билеп төстеген жұртының ішіндегі жанартауды дұрыс бағалай алмай елден кетуге мәжбүр болды. Соңғы деректердің дегеніне сенсек, ол Сауди Араб мемлекетінде бой тасалап жүр. Зайыбы Ләйлә 45 млн евро тұратын алтын қорын ала қашқан екен, онысын біліп қойған көтеріліс басшылары Бен Әлидің Швейцариядағы жасырын шотын табан астында таптырып жауып тастапты.
Бен Әли әулеті мұнайлы Тунис елін білгенінше билеп төстеді. Конституция да, қабылданатын заңдар да, экономикалық реформалар да, шетелдік ірі компаниялармен келіссөздер де кешегі күнге дейін тек бір ғана отбасының, Бен Әлидің белінен тамған ұрпақтың мүддесіне ғана қызмет етті деп жазады беделді Батыс басылымдары.
2007 жылдары күніне 96700 баррел мұнай өндіре алған Тунис қаржы дағдарысын аса сезіне қойған жоқ деп бағаланатын. Алайда, халық игілігіне жарамаған «қара алтынның безгегі» Бен Әлиді елден безуге мәжбүр етті. Кіші Буштың «Таяу Шығыс» жоспарына енген елдің бірі осы Тунис болатын.Обалы кәне, экс-перзидент Буш: «Бен Әли саяси реформалар жасауға тәуекел ете алса, АҚШ пен үлкен сегіздік елдері Туниске қаржылай жәрдемдеседі»,- деген еді. Сол кезде «Тунис декларациясын» қабылдаған Таяу Шығыстағы араб мемлекеттері «әр елдің өзіне тән демократиясы бар» деп шалқалаған-ды (бұл сөз сіз бен бізге де әбден таныс болса керек). Шалқалаудың ақыры міне, шатқаяқтаумен тынды.
Тунис Республикасы оңтүстік-батысында Алжирмен, оңтүстік-шығысында Ливиямен шекараласады. Аталған екі елді де қазір Тунистен жайылған «түнек» басып алды.
Ал енді Алжирде не болып жатыр?
Алжир президенті Әбдел Әзиз Бутефлика ақпанның 3-күні елде саяси реформалар жасайтыны туралы мәлім етті. Аттап басқан қадамы мен аузындағы сөзі бағулы саяси партия өкілдеріне теле-радиолардан еркін сөйлеуге ерік беремін деп «еміренген» Әбдел Әзиз Бутефлика 1992 жылдан бергі төтенше жағдай жүйесін жұмсартуға да келісті. Төтенше жағдайдағы Алжирде қарапайым тұрғындардың еркі мен қақы шектеліп құқыққорғау органдарының қызметіне ерекше құзырет беріліп келеді. 1999 жылы әскерилердің көмегімен билік басына жеткен Әбдел Әзиз Бутефлика 2008 жылы Конституцияға өзгеріс енгізуге пәрмен етті. 2008 жылы Конституцияға енген өзгерістер мен толықтырулар Бутефлика билігіне шектеу қойылмайтындығын заңдастырған болатын.
Алжир президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет. Ел президенті 5 жылда бір рет сайланады. Президент Жоғары Қауіпсіздік Комитетінің басшысы қызметін қатар атқара береді.
Алжир мұнай қоры бойынша дүние жүзінде 14-і орында және сыртқа газ экспорттайды. Темір, фосфат, уран, қорғасын және цинк өндіреді. Алайда, Алжирдегі әлеуметтік ахуал, күнкөріс деңгейі төмен. Халықтың 30 пайызы жұмыссыз.
Алжирдің Сыртқы істер министрі Мұрат Меделси кеше Испанияның El Pais газетіне берген сұхбатында Египет пен Тунистегі оқиға бізде бола қоймайды депті. Мұрат Меделсидің сөзіне қарағанда, Алжирде сөз бостандығы бар, азаматтардың жүріп-тұруына, ойын еркін білдіруіне барлық мүмкіндік жасалған көрінеді. Алайда, Алжирдегі бас алаңға ағылып келіп жатқан шерушілерді полиция көзден жас ағызатын газбен атқылап, сойыл жұмсап қайтарып салып тұр. Францияның отары болған Алжирде азамат соғысы жылдары 200 мыңға жуық адам қаза тауыпты. Елде ресми тіл араб тілі болғанымен Алжирдің саяси элитасы әм бай-бағландары әлі француз тілінде сөйлейді. Биліктің мақұлдауымен тарайтын мәліметтерге сүйенсек, Алжир халқының 90 пайызы французша біледі екен (бізде орыстілінде сөйлейтіндердің пайыздық көрсеткіші қанша еді, есіңізге түсіріп көріңіз). Бақылаушылар алжирліктердің толқуын авторитарлық билікке қарсылық пен кедейліктің шегіне бұдан әрі шыдаудың мүмкін еместігімен байланыстырады.
Ұлы Ливия «ұлардай» шулауда
Ливия Республикасы ресми түрде Социалистік Халықтық Ұлы Ливия Араб Жамахириясы деп аталады! Сол Ұлы Ливия елі бүгінде «ұлардай» шулауда. 1969 жылы Ыдырыс патшаны тақтан тайдырған «Ерікті социалист жасөрен офицерлер» қозғалысының тұсында Ливия Ливия Араб Республикасы (ЛАР) еді, 1971 жылы төңкерісші әскерилердің басшысы Мұхаммед Қаддафи Ливиядан Ұлы Ливия Араб Жамахириясын «жасап» шығарды!
Ливиядағы толқулардың ошағы болып тұрған Бенгази қаласынан кешелі бері бір-біріне сәйкеспейтін әртүрлі ақпарат тарауда. Бір хабарда, оппозиционерлер әскерилердің қарауындағы аса маңызды «қамалдарды» алып болғанға ұқсайды. Ендігі бір хабарларда, әскерилер мен полиция жасағы ереуілшілерді еңсере басып, Қаддафи билігінің мызғымастығын қамтамасыз етіп тұрғанға ұқсайды. Ливияның денсаулықсақтау саласы берген мәліметтерге сілтеме жасай отырып, халықаралық Human Rights Watch ұйымы 300-ге жуық адамның қаза тапқаны жайында жайсыз хабардың дерегін және шығарып қойды. Бұның бәрі кешелі бергі хабарлар. Хабарлардың нақтыланбай жатуының басты себебі - Қаддафи билігі шетелжурналистерін оқиғалар ортасына жібермей жатса керек. Тек Катардың «әл-Жазира» арнасы ғана билік әскерилер мен полицияны ғана емес, шетелдік жалдамалы күштерді де ереуілшілерге қарсы пайдалануда деген мәлімет тарата алды. Ел аумағында ғаламтор желісі мүлде істен шыққан. Байланыс үзілген. Батыс мемелкеттерінің тарапынан әзірше Ливиядағы ахуалға қатысты ел президентіне тоқтам айтып, келеге шақырған ешкім жоқ. Әрине, АҚШ президенті де, Батыс та Ливиядағы толқуларды езіп-жаншуға жол бермеу керектігін ескертетіні сөзсіз. Египеттің экс-президенті Хосни Мүбәрәкка дер кезінде «ақыл» айтып, билікті қантөгіссіз тастап шығудың жолын ұсынғаны сияқты Барак Обама Қаддафиге де қадари қалінше қолқа салып көрері анық. Өйткені Ливияны 42 жылдан бері меншігіндегі мемлекетке айналдырған Қаддафи «қадым заманнан» қалған басқару әдісінен енді бас тартуы керек шығар...
Ливия Республикасының да экономикасына екпін беріп тұрған шаруашылық - мұнай мен газ. Сондықтан да «Қара алтын» мен көгілдір отынның аумалы төкпелі дүниедегі айнымалы бағасы Ливияның бас ауруы. Ал халықтың «бас ауруы» - тиымсыз кеткен Қаддафи билігі. Тунистің түңілігін желпілдеткен ұрандар мұнда да жаңғыруда: «Қаддафи биліктен кетсін!» «Коррупцияға бұдан былай төзе алмаймыз!»
Бахрейннің де басынан бағы тайып барады
Манама қаласындағы Перл алаңына жиналған билікке наразы топты ақпанның 17-сі күні мұздай қаруланған полиция жасағы қарсы алғанын естіп жатырмыз. «Ақырып теңдік сұрап» келген шерушілер үш адамынан айрылып та үлгерді. Reuters агенттігі 50 адамның жарақат алып, тағы бірнеше жанкештінің оққа ұшқанын хабарлады. Әскерилер жарылғыш заттарды қолданып бастаған да сияқты. Биік дуалдардан үңірейген мылтық ұңғыларын көргендер де бар.
Үлкен үш арал және ұсақ бірнеше аралдарды мекен қылып өмір сүріп жатқан Бахрейн жұртын «арал тұрғындары» деп атасақ қателеспейміз. Ал «Арал тұрғындарының» мемлекеті әлемдегі оффшорлық аймақтардың бірі екенін біздің қазақ осы күні жақсы біледі. Сыртқа сұраусыз кеткен 126 млрд доллардың ұшығы сол Бахрейнге барып байланып жатса, оған сірә да, таң қалмаспыз. Бахрейндегі «бассыздық» қазір Астана мен Алматыдағы «ақ жағалыларды» ах ұрғызып, сан соқтырып, сары уайымға салып тұрғаны сөзсіз (Мәсімовтың мына қаулысымен танысып шықсаңыз, бәрін түсінесіз: «Постановление Правительства Республики Казахстан от 31 декабря 2008 года № 1318 «Об утверждении перечня государств с льготным налогообложением». Осы қаулыдағы тізімде Бахрейн Корольдігі де бар) Сөйткен Бахрейндегі толқудың толқын атуына сүниттер мен шииттер арасындағы кикілжің себеп деседі біз шолып көрген баспасөз беттеріндегі жазулар. Ел билігі мен «жылы жұмсақ» Бахрейн Корольдігінің әміршісі Хамад бен Иса Әл Халифаның айналасындағы сүниттердің игілігінде көрінеді. Адайда, бұндай біржақты байламмен Катардағы Brookings Institution сараптама орталығының директоры Салман Шейх мырза келісе алмайды. «Ереуілге шыққан шиитердің қатарында сүниттер де бар», - дейді ол.
Бахрейн экономикасының тірегі де мұнай мен газ. Сосын, әрине ұрлықы ақшалардың ұрасы - оффшорлық банк жүйесі. Елде жұмыссыздар саны 15 пайыздан артық.
Бахрейн Араб халифатының, Португалияның, Иранның, Ұлыбританияның отары болып келген ел. 1971 жылдың 14 тамызында ғана өз тәуелсіздігін жария етті.
Тунис төңкерісінің Бахрейндегі жалғасына АҚШ қатты алаңдаулы. Өйткені, Хамад бен Иса Әл Халифа шерушілерді аямай езіп жаншудан тайынар емес.
Йемен... басталды күрес жүйемен
Иә, Йемен халқы ел билігіне 30 жылдан астам уақыт шегінде иелік етіп келе жатқан президент Әли Абдулла Салих салған «сара жолмен», Салих билігіндегі жүйемен күреске шықты. Ел астанасы Санеге 20 мыңнан артық адам жиналып «Коррупцияға жол жоқ!» «Диктаторлыққа жол жоқ!» «Салих, кет!» - деп ұрандатып тұр. Әли Абдулла Салихтың жақтаушылары да қарап қалмай оларға қарсы «Конституция мен демократияны тәрк етуге қарсымыз!» деген айшықты жазуларды көтеріп алыпты. Ал Салих болса, «Мен Йемен халқымен біргемін. Мен ешқайда кетпеймін. Өзімнен кейін балам Ахметті тақ мұрагері етіп қалдырмаймын. Маған елімнің мүддесі қымбат»,- деді ел парламентінің алдында сөйлеген сөзінде. Бірақ, Йемен жұрты Салихтың сөзіне сенуден қалған. Себебі, халықты әбден мезі еткен ол 2005 жылы Президент сайлауына қатыспаймын деп алып, 2006 жылы әлгі уәдесінен айнып шыға келген еді.
Йемен халқы кедей тұрады. Екі қолға бір күрек іздеген жігіттер отбасын асырау қамымен көрші мұнайлы елдерге барып қара жұмыс істейді. 1990 жылдары Ирактың Кувейтке жасаған зобалаңына қарсы әскери көмек көрсетпеген Салихтың салқындығы үшін Сауди Араб мемлекеті 1,5 млннан астам Йемен гастарбайтерін еліне қайтарған-ды. Халқы Салихтың сондағы бейтараптылығына да наразы.
«Перғауын» кетті. Хош келдің, «Перғауын!»
МАГАТЭ ұйымының бұрынғы басшысы Мохамед әл-Барадей Египет еліне оралып жатыр. Әл-Барадейдің қайтып оралуына мысырлықтар мәз. Миллиондар толқуы оны құшақ жайып қарсы алуда. Отыз жылдай шет елде тұрған Мохамед әл-Барадей «Мен қазір Египетті бұдан әлдеқайда демократиялық әрі мөлдір режимге бастап апарар тұлға болғым келеді, - деп мәлімдеді өткен айда «Форин полиси» журналы тілшісіне. - Егер мұның сәті түссе, онда мен өзімді бақытты адаммын деп сезінер едім. Себебі біз, араб әлеміндегі қоғамдар, демократияға жетуге тиіспіз» (дерек көзі azattyq.org сайты).
Бұл Әл-Барадейдің Египетке аттанар алдындағы сөзі болғанымен бүгінгі тәуекел етіп бел байлаған жолының бастауын толық аңғартса керек. Жасы сексеннен асса да сексен миллионға жуық халқы бар Египетті есепсіз жылдар бойы басқарған Хосни Мүбәрактың соңына қалдыра алмай кеткен бір ісі, «Азаттық» радиосының тілімен айтқанда, - демократиялық әрі мөлдір режим еді.
Басы бар аяғы жоқ реформалардың атасы атанып, иіні қанбаған идеалардың бөстекі иесі болып, коррупцияны еркіне жіберіп, мемелекеттің ырыздығын текке төгіп шашқан бұрынғы «Перғауын» осылайша кейінгі «Перғауынның» мөлдір жүйе жасауына жол беріп тайып тұрғанға ұқсайды. Алайда, бұрынғы «Перғауын» - Хосни Мүбәрәк елден 70 млрд долларды жымқырып кетіпті деген қауесет бар. Сонда ол, Египет еліне тартылған инвестицияның бәрін жанқалтасына құя берген бе? Әлде, мемлекеттің таза табысын халқымен бөліспей қарақан басының қамына «қамсау» етіп отырған ба? Мүбәрәктің тұсында өздерін шексіз бақытты санаған, араб елдерінің ішінде бәрінен өздерін жоғары қойған, асқақ идеяларға алғаусыз сенген египеттіктер тағы да мәз. «Перғауынды» жеңгендеріне, елден қуып шыққандарына. Алайда, текке рәсуа болған жылдардың, ауыр, азапты күндердің орнын қалай толтыруға болады? Египеттіктер ғана емес, біз де осы сауалдарға ептеп назар аударуға тиіспіз. Сондықтан да бастапқы әңгімемізге қайта соғайық.
Сонымен, Ғани Қасымов...
Ғани Қасымов, Мэлс Елеусізов, Амантай қажы Асылбек, Жақсыбай Бәзілбаев... бәрекелде! Үміткерлер. Бұл үміткерлерді өзгелерінен үкілеп шоқтап дара айтуымыздың себебі бар. Себебі, әйтеуір есімдері елге азды көпті таныс. Таныс бейнелер. Әйтседе осының бірде бірі кәсіби саясаткер емес. Қасымов десе жұрт қасынып күле бастайды. Елеусізов саясаттан гөрі табиғатқа табан елі жақын адам. Бұрынғы коммунист-атеист Амантай Асылбековтың қажыға сапарынан бұрын тал дарақтардың басына жиі өрмелеп тұратын тірлігін жұрт жақсы біледі. Қазіргі жас балалардың сүйікті бір киносы бар - «Человек паук» деген. Біздің аттаншыл атамыз да құдды өрмекші адам: Алматыдағы ағаштардың басында өрмек тоқиды да жүреді.
Бәзілбаев... Бәзілбаевқа бәрібір, сайлау болса болды. Кешіріңіз, біздің кісіміз анау мынау сайлауды менсінбейді екен ғой, айтпақшы. Оған президент сайлауы керек. Былайғы күндері бірқарыс көлеңкесін қайда батырыпжіберетіні белгісіз. Президент сайлауы десе жарқылдап Жарасбай шыға келеді.
Енді... о, Құданың құдіреті, көне түркі әдебиетінің майталман маманы Мырзатай Жолдасбеков басқарған лингвстикалық комиссияның алдында қалт-құлт етіп «шалдар» жүр. Бірлі жарымы Мемлекеттік тілден емтихан тапсырып шықты. Шалдар (жарайды «еріктілер») күнұзаққа істейтін тірлік жоқ, қол бос осындай бір сәті түскенде ел басқарып тастайық деп шешкен болар, ал әйелдердікі не жыртылыс?.. Бірі - көріпкел. Бірі - экстрасенс. Бірі - баяғыда Астананың символы болып тұрған «Бәйтеректі» тұрғызып тастапты! Түсінбедік. Бұл не өзі? Тәуелсіз Қазастаннның Президентін сайлау науқаны құс келіп құс қайтқанда делебесі қозып, арқасы ұстайтындардың шоуы ма? Болса болар, өйткені сайлауымыз сәуірдің 3-і күні өтеді емес пе? Бәсе, Қойқаптан өріп шыға келгендей...бұның бәрі қайдан қаптап кетті десек, сайлауымыз құс келер шақтың мезгіліне тура кеп қапты ғой.
«Еріктілер» мен «көріктілер» ... рас, олардың Президенттік сайлауға үміткер ретінде тіркелуге, бәсекеге түсуге Конституциялық құқы бар. Бірақ, бізде Конституциялық құқы бар өзге де азаматтардың дені қылмыскер. Сайлауға түсе алмайды. Елге келе алмайды.
«Еріктілер» мен «көріктілер» ... рас, олардың Президенттік сайлауға үміткер ретінде тіркелуге, бәсекеге түсуге Конституциялық құқы бар. Бірақ, бұл біздегі саяси мәдениеттің, саяси өренің жеткен бигінің бейшара көрінісінен басқа түкте емес.
«Еріктілер» мен «көріктілер» ... рас, олардың Президенттік сайлауға үміткер ретінде тіркелуге, бәсекеге түсуге Конституциялық құқы бар. Бірақ, бұл біздегі саяси шарасыздықтың саяси шизофренияға шалдыққан ұсқыны. Басқа түкте емес.
«Қазақстанда биліктің ыңғайына қарай жасалған демокартаия қалыптасқан» дейді батыстық сарапшылар. Шүбәсіз мойындаймыз. Биліктің ыңғайына қарай қалыптасқан демократиямен біз қайда бара жатырмыз?..
Тунистен жайылған «түнектің» ішінде дал ұрып отырған ел басшылары да заманында билік басына төңкеріс жолымен жетіп барлық мүмкіндікті өз ыңғайларына келтіріп баққан еді. Олардың қай-қайсысы да өзіне дейінгі былық-шылықтың бетін қайтаруға жұмылған тұлғалар ретінде танылды. Халыққа жайлы тұрмыс, жарқын болашақ сыйлауға ұмтылды. Ақжал толқын атқан дүниеде діттеген мақсаттарына жетудің қиындығымен беттесе отырып күресті, қателесті. Әуелде дұрыс деп тапқан жолдары оларды қиындығы қылша шатқалдай тереңдіктер мен күрделілікке бастап кетті. «Уақыт үлкен - көл, Заман соққан - жел» екен (Абай).
1970-1980 жылдардағы төңкеріс лидерлері болған қаддафилер билігіндегі елдерді бүгінгі халдеріне қарап табалаудан аулақпыз. Бірақ, өзіміздегі кедейшілікпен, байлық пен билікті бауырына басқан ат төбеліндей аз ғана топтың астамшылығымен, ұшы-қиыры белгісіз реформалармен, күннен күнге өршіген қымбатшылықпен, үйіп төгілген уәделермен,т.б. салыстыруға қақылымыз.
Ел билігіне тоқсаныншы жылдардың басындағы «демократия самалымен» иек артқан Нұрсұлтан Назарбаевтың төңкеріс атауылдан тітіренетіні әркез байқалады. Міне, Алатаудың алкеудесін тел емген ағайынымыз - қырғыз жұртында екі рет төңкеріс болып тастады. Ақаев биліктен қуылғанда Назарбаевтың қатты толқығанын, ашуланғанын мемлекеттік телеарналардың өзінен көрдік. Себебі, төңкеріс деген жұқпалы дерт сияқты, айналасына тез тарайды. Тунистегі төңкеріске де кейбір саясаткерлер «эпидемия» деген диагноз қойыпты. Алайда, әлгі «эпидемия» Біріккен Араб әмірліктері мен Сауди Араб сияқты бай елдердің маңына да жуымасы белгілі. Өйткені аталған елдерде ұзақ жылдар бойы белгілі бір адамдар билік құрып қана отырған жоқ, ұзақ жылдардан жер байлығының ырыздығына кенелген бақытты араб жұрты өмір сүріп келеді.
Ал, қазына байлығы көлденең көк аттыға бұйырып, тілі мен тірлігі түзелмей тұрған Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы жайттар жаба салар жай оқиғалардың есебінде емес. Иә, Таяу Шығыс... таяу шығыс. Абай болайық.
«Абай-ақпарат»
P.S. Бүгін Елбасымыздың Қытайға ресми сапары басталды. Тунис «түнегі» кешелі бері Қытайдың 13 қаласын шарпып үлгерді...